ӘЙЕЛ ПIР МЕ, КҮҢ БЕ?

ӘЙЕЛ ПIР МЕ, КҮҢ БЕ?

ӘЙЕЛ ПIР МЕ, КҮҢ БЕ?
ашық дереккөзі
278

Қырық қатпарлы гендерлiк саясаттың кiлтипандары

Жаздың апшы қуырған ыстығы ма, әлде қоғамымыздың даму соқпағының жолында кездескен бiр белес пе, әйтеуiр, Қазақстанда гендерлiк мәселе тағы бас көтере бастады. «Тағы» дейтiнiмiз, тәуелсiздiк алғаннан кейiн тоқсаныншы жылдардың басында әйел белсендiгiн ту қып көтерген ұрандар көптеп айтылып, әйел құқығын қорғайтын ұйымдар көптеп құрылғаны белгiлi. Тiптi, сол жылдары Қазақстанның Феминистер лигасы (?! – Г.О.) құрылған. Одан кейiнгi экономикалық қиыншылықтар, елдегi саяси өзгерiстердiң салдарынан болуы керек, олардың үнi бәсеңдеп қалған едi. Ендi, мiне, экономика тұрақталып, саяси бағытымыз айқындалып, Қазақстан дамыған 50 елдiң қатарына кiремiн деп жанталасып жатқан сәтте олар қайтадан бас көтердi. Неге?

Гендерлiк мәселе – шындап келгенде, батыстық демократия құндылықтарының бiрi. Және оның ең аяулы, ең қымбат құндылықтарының бiрi. Парламентiнiң елу пайызы әйелдерден тұратын Швецияны олар бiзге әрдайым өнеге қылады. Ал қазақ әйелiнiң әлiмсақтан бергi өзiндiк миссиясы бар емес пе? Ел билеген бәйбiшелердiң, еркекшора болып, атқа мiнiп, найза ұстаған қыздардың болғанын төл тарихымыздан бiлемiз, бiрақ қазiргi «ғаламдық» құндылықтарға салсақ, бұл – аз. Әйел үйiнiң емес, Үкiмет пен Парламенттiң төрiнде отыруы керек.

Гендерлiк мәселенiң ушыққалы тұрғаны сондай, қазiр бұл мәселе жөнiнде терiс пiкiр бiлдiрудiң өзi қауiптi. Сонда да болса, өз ойымыздың бiр ұшығын шығарып көрелiк.

Гендерлiк мәселелермен айналысатын үкiметтiк емес ұйымдарға халықаралық қорлардан арнайы қаржы, гранттар бөлiнедi. Ол ұйымдар қаржы бөлушiге «Бiз Қазақстан әйелдерiнiң қоғамдық-саяси белсендiлiгiн арттырып жатырмыз» деп құшақ-құшақ ақпар-есеп бередi. Ал, шын мәнiнде, қазақ әйелi бала-шағасын асырау үшiн базарға шыққанда да, одан кейiн табыс табудың көзiн ашып, бiлiмiн жетiлдiрiп, кәсiпкерге айналғанда да, қоғамдық мәселелер жөнiнде өз ойын ашық бiлдiрiп, қоғам адамына айналғанда да – ол ұйымдардың ақыл-кеңесiне жүгiнiп жатқаны шамалы-ау.

Десе де, Қазақстандағы саясат, бизнесте жүрген әйелдердiң есебiн алып, кiмнiң қайда, не iстеп жүргенiн есептеп отырған ұйымдар бар. Ең лауазымдысы – Президенттiң жанындағы отбасы және әйел iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия. Бұл комиссия бiздiң қоғамда әйел азаматтардың мемлекеттiң iшкi саясаты, қоғамдық өзгерiстерден, экономикалық өрлеуден тыс қалмауын қадағалайды. 2005-2010 жылдарға бағытталған арнайы бағдарлама осы мәселелердi қамтиды. Кейбiр дерек көздерiне қарағанда, Президент бекiтетiн Сенаттағы жетi орынның белгiлi бiр пайызы тек әйелдерге арналған. Осылайша, Қазақстан Президентi гендерлiк мәселеде таразының екi басын тең ұстап тұрады-мыс.

Ал Өзбекстанда саяси партиялар туралы заңда партиялардан берiлетiн тiзiмнiң 30 пайызы әйелдерден құралуы керек. Тәжiкстанда бiр палатаны гендерлiк мәселенi ескере отырып, президент жасақтайды.

Гендерлiк мәселемен айналысатын ұйымдардың мәлiметiне жүгiнсек, әлемде бес қана (!) мемлекетте әйелдерге дауыс беру құқығын берiлмеген.

Қазiргi таңда Қырғызстан «феминистiк» ұйымдар тарапынан «таяқ жеп» жүр. Өйткенi, елдегi iшкi дүрбелеңнен кейiн билiкке келген жаңа үкiмет пен парламент құрамында әйел заты жоқтың қасы екен. Ендi қырғыз билiгi бұл мәселенiң тiгiсiн жатқызбақ боп жанталасып жатыр. Тiптi, өте белсендi қырғыз әйелдерiн президент жарлығымен лауазымды билiкке тағайындау мәселесi де талқыланып қойған.

Тереңдеп ойласақ, бiзде гендерлiк саясат болған. Ол тiптi, мектеп партасынан бастап оқытыла бастаған. Кеңестiк идеология әйелдiң орны қазан-ошақ, бала-шағаның қасында емес, ұжымда, ұйымдастыру жұмыстарында, зауыттарда, т.с.с. қоғамдық жерлерде екенiн насихаттаумен болды. Бала сүйiп, ана болған әйелдi емес, комбайншы болып, күнi-түнi түзде жүретiн әйелдi жырға қостық. Жас ана баласының бұғанасы қатпай жатып, оны арнайы бала бақшаға берiп, жұмысқа шығуға асықты. Өйткенi, қоғамның талабы солай болатын. Шын мәнiнде, өзiмiз тәуелсiз ел болғаннан кейiн жас анаға үш жылға дейiн бала бағып үйде отыруға рұқсат беретiн заңның қабылдануы – осы саладағы үлкен жаңалық, сенсация едi. Осыдан бiр ұрпақ бұрынғы «коммунист-әйелдерде» ондай мүмкiндiк болған жоқ.

Ендеше, гендерлiк мәселеде Батыстың бiздi емес, бiздiң Батысты үйрететiн тәжiрибемiз бар. Батыстың ерлерi әйелге дауыс беру құқығын беру үшiн митинг жасап, ұрандатып жүргенде, қазақ әйелi киiз үйдiң iшiнде отырып-ақ, араздасқан екi елдi бiрiктiретiн шешiм айтқан, ауыл арасын бүлдiрген тентектi тыятын кесiм айтқан. Мiне, демократия, мiне, сөз бостандығы!

Қоғам әйелдiң әсiре белсендi болғанынан пайда да көредi, зиян да шегедi. Iргелi ел боламын деген халықтың мақсаты – осының зиянының аздау болуына қам жеу. Өйткенi, әйел комбайншы, тракторшы, депутат немесе ұжым жетекшiсi болып жүргенде, қазақы салттан мақұрым, санасы мәңгүрт, ана тiлiн бiлмейтiн ұрпақ өстi. Ендi сол жастарға ата-анасын сыйлауды бiлмейдi деген кiнә тағамыз.

Шеше мейiрiмiн сезiнбеген балаға әке құрметтеудi кiм үйретедi?

Әрине, ХХI ғасырдың әйелiн қазан-ошаққа байлап қоя алмайсың. Оның заманы өткен. Қазiргiнiң әйелi мiндетi түрде көзi ашық, жоғары бiлiмдi, белгiлi бiр кәсiптiң иесi болуы керек. Таланты, талабы болса, билiкке араласып, қоғамда жетекшi тұлға болсын. Бiрақ от басы, ошақ қасынан – бала-бақша, мектеп, одан кейiн университетке дейiн, бiр сөзбен айтқанда, мемлекеттiк идеология жүргiзетiн бағыт, қажет етсеңiз, мемлекеттiк саясат әйелдiң әйел екенiн, оның мойнындағы үлкен мiндет бала сүйiп, отбасы тыныштығын, бiрлiгiн сақтап, қоғамның жақсы азаматтарын тәрбиелеу екенiн оның есiне салып отыру. Жақсы ұрпақ тәрбилеу – парламентте қоғамдық әдiлетсiздiктер туралы жар салып, көшеде ұрандатудан әлдеқайда маңызды болуы керек!

Менiңше, кеңес өкiметi әйелдi жарылқаған жоқ, керiсiнше оның мойнындағы Құдай берген, Табиғат сыйлаған ауыр мiндеттердiң санын көбейтiп, оның үстiне қоғамдық жүк артты. Пiр еткен жоқ, күң еттi! Таңнан қара кешке дейiн қоғамдық жұмыстардан шаршап-шалдыққан әйел үйiне келе сала, бала-шаға, отбасы күйбеңдерiне бел шеше араласады. Сонда әйелдiң жаны темiр ме, әлде тәнi темiр ме?

Адам ата заманынан берi еркектiң миссиясы өзгерген емес. Ал әйелдiң миссиясы әр дәуiр, әр кезеңде құбылып келедi. Еркек түзде жүрiп, тамақ табуға бейiм тұрса, әйелдiң орны отбасы бiрлiгi мен берекесiн сақтау екендiгiне қарсы дау айтушылар түсiнбейтiн бiр гәп бар. Ерi мен әйелi бiрдей «жауға шапқанда» артта қалған бала-шағаның амандығын кiм ойлайды?

Гендерлiк мәселенi қозғау «сән» бе деген де ой келедi. Себебi, экономикалық-саяси реформалардың неше атасын басынан өткерген, әр түрлi формацияларынан өткен қоғам ақыр аяғы шешуiн таппаған түйткiл iздеп бас қатыратын сияқты.

«Әйел құқығы», «бала құқығы» деген ұғымдардың болуы заңды. Егер әңгiме әйелдердiң зәбiр көруi, ерiксiз талауға немесе саудаға түсуi туралы болса, сөз жоқ, олар заңмен қорғалуы керек.

Гендерлiк мәселе туралы айтқанда, 2015 жылы Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткiзу мiндетi еске түседi. Бұл да әйел мойнына артылған жүк емес пе? Осы орайда, Қазақстан үкiметi тарапынан жүктi әйелдерге тегiн медициналық көмек көрсету, темiр, йод препараттарын тегiн беру, перзенттi болғанда 1 реттiк жөргекақы мен сәби 1 жасқа толғанша ай сайын жәрдемақы беру, көпбалалы аналарға берiлетiн жәрдемақыны көбейту сияқты шаралар жасалуы құптарлық. Осы бағыттағы мемлекеттiк қамқорлықты әлi де еселей түсуi керек.

Өйткенi, әйел құқығы – ана құқығы.

Әлеуметтiк мәселелер толғандыратын мамандардың құлағына «алтын сырға»: 1999-2004 жылдары 19 мың бала асыранды болса, оның 5 мыңын шетелдiктер асырап алған. Жетiмдердi әлеуметтiк өмiрге бейiмдеу, оларды қоғамнан сырт қалдырмау мiне, бас қатырып ойланатын мәселе.

Шындығында, гендерлiк мәселе – екiжүздi ұстара секiлдi қылпып тұрған мәселе. Абайлап ұстамасаң, жазым етуi мүмкiн. Егер кеңестiк дәуiрдi еске түсiрсек, гендерлiк мәселенiң нағыз «дәуренi жүрiп тұрған» кезең сол емес пе едi? Одан не болды? Қасаң батыстық ұғымға шығыстық кеңпейiл түсiнiгiмiз сыймай, арандап қалмасақ болғаны.

Ал қоғамдық белсендiлiкке келсек, қазақстандық әйелдер гендерлiк мәселеде ешкiмнен қағажу көрiп жүрген жоқ. Газетiмiздiң келесi санында осы тақырыпты жалғастыратын боламыз.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары