“ҚАЗАҚФИЛЬМ” ҚАЙДА КӨШЕДI?
“ҚАЗАҚФИЛЬМ” ҚАЙДА КӨШЕДI?
Қазақстанда Мәжiлiске жаңа депутаттарды сайлау науқаны басталып, қоғамдық пiкiр жаңа үлгiде өткелi отырған осы аламан жарыста қай партиялардың жұлдызы жарқырап, оқ бойы озық келетiнiне бал ашып жатқан шақта көптен берi сыздап келген шиқандар да елеусiз жарылып үлгеруде.
«Қазақфильм» орналасқан жер сатылып, орнына бағасы қымбат элиталық үйлер салына ма, жоқ па деген сауалдың төтесiнен қойылғанына бiраз уақыт болған. Мәдени, рухани басты құндылықтарымыздың бiрi әрi бiрегейi, «Қазақфильм» орналасқан Алатаудың бөктерiндегi әдемi жер расында талайлардың көз құртына айналып, ауыздарының суы құрып жүрген. Бұл дау әсiресе биылғы жылдың ерте көктемiнде бұрынғыдан да әрмен өрiстеп, өрiсiн кеңейте түскен-дi. Тiптi, осы даудың төңiрегiнде киногерлердiң баспасөз-мәслихатын да өткiзгенi мәлiм.
Дәл сол баспасөз мәлiмдемесiнен кейiн бiрқатар киногерлерге сауал қойғанымызда көпшiлiгi киностудияның сатылатындығынан хабарсыз болып шыққан едi. Тек елдiң арасында елес сияқты кезiп жүрген дүние, «Қазақфильмнiң» Талғар жаққа көшетiндiгi ғана. Шын мәнiнде, Алатаудың бөктерiндегi әдемi жерге көп нәрсенi тұрғызуға болады. Көкпен таласқан ғимараттар күн өткен сайын көбейiп келе жатқаны тағы рас. Ал, ондай үйлердiң қаланың көркiн ашатын жерлерiне орналасса, құба-құп.. Сондықтан, құрылыс компанияларында жүргендер әдемi жер iздемегенде не iстесiн? Ондай әдемi жерлердiң бiрi «Қазақфильм» киностудиясына тиесiлi. 17 гектарға жуық жер бос жатқан сияқты көрiнсе, оны пайдаланбау тағы бекершiлiк. Сұрқы қашқан кино түсiрушi павильондардың әдемi жерде орналасқаны талайды түнде ұйқыдан, күндiз күлкiден айырғандай. Ел iшiнде «Қазақфильм» орналасқан жерлерге алпауыт «Базис-А» компаниясы талайдан көз сүзiп жүр деген қауесет тарағалы көп болған. Сiрә, қуатты, белгiсiз тiрегi мықты құрылыс компаниясының қалағаны болған сыңайлы. «70-80 жылдардың деңгейiнде қалып қойған» деп баға берiптi АҚШ экспорттары. Көзге ұрып тұрған дүниенi батысқа көрсетудiң қаншалықты қажетi болғанын бiлмеймiн, қарапайым қазақтың кез келгенi-ақ, киностудияның бүгiнгi хал-ахуалын анықтап бермей ме? Сондықтан, Голливуд та, Болливуд та бола алмай отырған «Қазақфильм» киностудиясын көшiруден басқа амал жоқ. Көшiру демекшi, осыдан бiрнеше ай бұрын, «Қазақфильм» акционерлiк қоғамының президентi Сергей Әзiмов мырза осы мәселеге орай сауал тастағанымызда: «– «Қазақфильм» сатылайын деп жатқан жоқ. Оны сатып алған да ешкiм жоқ. Әлгi қауесеттi таратып, баспасөз-конференциясын жасағандардың қандай мәлiметке сүйенiп өткiзгенiн бiлмеймiн?! Мүмкiн, олардың қолында деректер бар шығар. Бар бiлерiм, «Қазақфильмнiң» ешкiмге сатылмағандығы. Егер жаңа технологиямен жабдықталған киностудия жасап берiп, сонда көшiңдер десе, ойлануға болар едi. Ондай ешнәрсе жоқ, мен қалай киностудияның сатылуына жол беремiн. Әрi жаңа киностудияны салу оңай шаруа емес. Оған кем дегенде төрт-бес жыл қажет. Сондықтан, киностудияның аумағының сатылмағандығын және оны ешкiм сатып алайын деп жатпағандығын тағы да айтам. Ал, әлгiндей қауесеттi таратып жүргендердiң ондай мәлiметтi қайдан алғандығын өздерiнен сұрарсыңдар» деген болатын.
Ендi мiне, араға уақыт салып, Мәдениет және ақпарат министрi Ермұхамет Ертiсбаев айды аспанға бiр-ақ шығарды. Министр мырзаның айтуынша, келер айдан бастап, жаңа киностудияның құрылыс жұмыстары басталмақ көрiнедi. Жалпы, «Қазақфильм» киностудиясының жұмыстарының жүрмей, фильм түсiруде айтарлықтай табыстарға қол жеткiзбеуiнiң себебi де осында, яғни киностудияның көштен қалып қоюында. Егер «Қазақфильм» киностудиясы жаңа ғимаратқа орналасып, жаңа технологиямен жабдықталмаса, ол жерден сапалы фильм түсiру мүмкiн емес көрiнедi. Сапалы фильмдi түсiру үшiн, сапалы технология мен «сапалы» орын керек. Олардың ресейлiк кино өндiрiсiмен де, азиялық кино өндiрiстермен де бәсекеге қабiлеттi бола алмауының сыры да осында жатса керек.
«Кроме того, быстро растущие темпы застройки Алматы лишили «Қазақфильм» былых преимуществ расположения вдали от индустриального шума и других урбанистических помех, и уже сегодня коммунальные нужды города требуют отчуждения значительной части территории киностудии»,–деген министр әзiрге киностудияның қайда көшетiндiгiн дәл айта қойған жоқ. Есесiне, жаңа киностудияның құрылысына қандай қаржы жұмсалатындығы белгiлi болып отыр. Яғни, 300 миллион долларға жуық қаржы жұмсалатын болса, соның сексен пайызы, 17 гектардан түскен қаржыдан пайдаланылады. Ал қалған 20 пайызын инвесторлар құюы мүмкiн. Кино саласына қаржы бөлгiсi келетiн инвесторлар бола қойса?! Бүгiнгi күнге дейiн кино индустриясын дамытқысы келмеген кәсiпкерлер келешекте де бұл салаға бет бұра қоюы неғайбыл.
Киностудияның көшiрiлуiне қилы сылтауды желеу еткен министр мырза бар пәленi қаланың күрт өсуiнен, у-шуынан көретiн iспеттi. Несi бар, Алатаудың бөктерiнде жиi жаңбыр жауады, қыста қар қалың түседi десе, ол да – сылтау.
Үкiмет айтса, қалт айтпайды. «Қазақфильмнiң» көшетiнi рас болды. Бiрақ, қайда?! Көпшiлiк айтып жүрген қауесеттегiдей, Талғар жаққа ма? Егер шын мәнiнде, Голливудтағыдай кино өндiрiсiн жасағысы келсе, Талғардан аумақтай орын бергеннен не ұтамыз?! Егер шындап, киноөндiрiсiн жасағысы келсе, арнайы бiр қалашық неге салмасқа?! Әрi ол қалашықтың Алматының маңайында орналасуы маңызды емес. Сонымен, түрлi-түрлi телесериалдар, шоу бағдарламалар, теле және бейне туындылар дүниеге әкеледi деп сенiп отырған жаңа ғимарат қашан бiтедi?! Сонда бiздiң рухани дүниемiз болып саналатын киножәдiгерлер тағы да төрт-бес жылсыз дүниеге келу-келмеуi тағы белгiсiз. Көңiлiмiздi тұмшалаған түйткiл көп.
Әзiрге жер мәселесiне келер болсақ, жүз пайыз акциясын Үкiмет иемденетiн «Қазақфильм» акционерлiк қоғамына қатысты аумақты сату-сатпау мәселесiнiң түйiнi де, айналып келгенде Үкiметке қатысты нәрсе. Егер Үкiмет шешiм шығарып, «Қазақфильм» акционерлiк қоғамы тұрған аймақты сатамыз десе, ол да қолында, қаншама жыл қазақ киносының рухани қазығына айналған, қазақтың маңдай алды марқасқаларының табаны тиген мекен бүгiнгi бизнес ошағына айналып кететiнi жанымызды ауыртады. Ғимаратты жақсы технологиямен Алатаудың бөктерiнде тұрғанда да жабдықтауға болар едi. Үкiметтiң не ойлағанын кiм бiлсiн, тек белгiлiсi, «Қазақфильмнiң» «Көшпендiлерден» соң, өздерiнiң де көшi әлдеқайда бағыт алғаны. Бiрақ, қайда?!
Гүлзина БЕКТАСОВА