БIР АУДАНДА ХАМЗА АТЫНДА YШ МЕКТЕП

БIР АУДАНДА ХАМЗА АТЫНДА YШ МЕКТЕП

БIР АУДАНДА ХАМЗА АТЫНДА YШ МЕКТЕП
ашық дереккөзі
306

«Балам деген жұрты болмаса, жұртым дейтiн бала қайдан болсын» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, бiз бүгiнгi таңда жастарымызды отансүйгiштiк, ұлттық рухта тәрбиелеп алып жүрмiз бе деген сауал жалғыз менi ғана емес, өзгелердi де ойландырса керек. Мұны айтып отырған себебiм, бiз ұлттық идеологияны дамытпайынша ешуақытта ұлттық тәрбие дамымайтынын ұмытпауымыз керек. Ал, ұлттық идеология, ұлттық тәрбие қайдан бастау алуы тиiс?

Шыр етiп дүние есiгiн ашқаннан-ақ, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында ұлттық идеологиямен тәрбиеленген бала бұл қасиеттi бойына дарытып қана қоймай, кезi келгенде өз Отаны үшiн басын бәйгеге тiгуден тайынбайтыны анық. Бұл – бiрiншiден.

Екiншiден, Қазақстанда тұрып жатқан әрбiр өзге ұлт өкiлi осы жерде туып-өсiп, осында еңбек етiп жатқан соң жергiлiктi ұлттың тiлiн, дiнiн, әдеп-ғұрпын, мәдениетiн осылай бiлуi тиiс. Бiзде әлi күнге ажырамай келе жатқан жат әдет бар. Ол – Ресей әртiстерi келсе орыстар, өзбек өнерпаздары келсе өзбек ағайындар өре түрегелiп, тайлы-тұяғы қалмай шұбырады. Соларға құрмет көрсетiп, төбелерiне көтередi. Мен оларға барма демеймiн, бiрақ өзiмiздiң қазақстандық өнер иелерiне неге сондай көзқараста болмайды. Мұнда тұрған ешқандай ұлтқа бөлушiлiк жоқ, дегенмен өзiңдi сыйламай тұрып, өзгеге өзегiн бұрған ағайындарға ептеп қарның ашады екен.

Аудан бойынша 105 мектеп бар десек, соның 48-i таза өзбек тiлiнде, 26 аралас мектептiң 20-дан астамында өзбек ұлтының өкiлдерi оқыса және 4 таза орыс мектебi бар екен. Сонда 33 қазақ мектебi қалады.

Бiздегi қазақ мектептерiнiң саны қашан көбейедi осы? 500-600 орындық мектептерде қысылып-қымтырылып 1200-1300 оқушыдан оқып жатқан қазақ мектептерiнiң жайы неге өзгелердi алаңдатпайды?

Ендi сiздерге мына бiр деректi айтайын. Осы 70-ке жуық өзбек мектебiн тек қана өзбек ұлтының кадрлары басқарып келе жатқаны бәрiмiзге аян. Дәл осылай болсын деген Заңның жоғы бесенеден белгiлi. Әрi бұл үрдiс қашаннан берi қалыптасып келе жатқаны тағы белгiсiз. Ең әрiсi, директордың орынбасарын жергiлiктi ұлттың өкiлiнен қою да ойға келмегенi ме? Бұл – бұл ма, 70-ке жуық өзбек мектебiнiң атауларына дейiн өзбек халқының ғұламалары мен ақын-жазушылары иемденiп алғаны бiздегi ұлттық идеологияның қаншалықты дәрежеде екенiн айқындап бере алады. Рас, Қонаев, Сәтпаев, Жамбыл атындағы өзбек мектептерi бар, есесiне бiр ауданда Хамза атындағы 3 мектеп барын көпшiлiк бiле ме? Аудандық бiлiм бөлiмiн басқаруға Әбдiғаппар Мырзалиев ағамыз келгенде осындай-осындай мәселелердi шешуге мұрындық болады ғой, әсiресе ұлттық кадрлар iрiктеуде оң өзгерiстерге бет бұрар деп ойлағанбыз. Қайдан, бұл ағамыз да алдыңғы меңгерушiлер салып кеткен «сара жолдан» шыға алмай, көрсе де көрмегенсiп, бiлсе де бiлмегенсiп, жүрiп жатқан жайы бар. Әйтпесе, қайсыбiр өзбек мектебiн басқарып отырған мектеп директорының алды 20, соңы 5-7 жылдан берi өз орындықтарында мiз бақпай берiк отыр. Сонда деймiз-ау, соларды алмастырарлықтай бiлiктi басшыларды даярлай алмағанымыз ба?

«Бiлiм беру реформасы табысының басты өлшемi – тиiстi бiлiм мен бiлiк алған елiмiздiң кез келген азаматы әлемнiң кез келген елiнде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерiлу болып табылады» деп Президентiмiз Н.Назарбаев айтқандай, Қазақстан жастарының басты мақсаты сапалы бiлiм алу мен ұлттық идеологиямен сусындау. Сонда ғана Қазақстанды әлемге танытатын да, өркендететiн де солар болады.

Ердәулет ТҰРАПБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары