ПӘТЕР БАҒАСЫ ТАҒЫ КЫМБАТТАДЫ
ПӘТЕР БАҒАСЫ ТАҒЫ КЫМБАТТАДЫ
Пәтер бағасы тағы қымбаттады. Британдық консалтингтiк агенттiк әлемдегi ең қымбат қалалардың жыл сайынғы көрсеткiшiн жариялады. Тiзiмге алты құрлықтың 143 қаласы енгiзiлiп, ереже бойынша тұрғын үйдiң бағасы, жалға берiлуi басты назарға алыныпты.
Ең қымбат қалалар Мәскеу, одан кейiн Лондон, Сеул, Токио, Гонконг қалалары тiзiмнiң басынан орын алса, былтырғы есепте 52-орында тұрған Алматы, биыл Барселона (31), Лос-Анжелес (42), Берлин (45), Прага (49) сынды қалаларды басып озып, 30-орынға табан тiрептi.
Әсем қаланың әдемi пәтерлерiнiң бағасы "арзандады" деген сыбыстың дыбысы естiлмей қалды. Керiсiнше пәтер бағасы 1,6 пайызға қымбаттап, бiр шаршы метрдiң құны 3668,6 долларға жеттi. Жетiсу ауданындағы үш бөлмелi пәтердiң бiр шаршы метрiнiң бағасы 2497 доллардан 3547 долларға көтерiлдi. Осылайша пәтер бағасы шарықтап, кейбiр тұрғындар жертөледе көйлегiнiң жеңiн "тiстелеп" қалып жатыр. Жертөле демекшi, жақында ғана бiр ақпарат көзiнен "Астананың көп қабатты үйлерiнiң жертөлесiнде жас нәрестесiмен жаңа отау құрған жастардың өмiр сүрiп жатқанын" естiдiк. Бiр қызығы, жұртшылық үшiн бұл жайт үйреншiктi әңгiме секiлдi. Жастарға көмек қолын созуды ешкiм игi iс ретiнде қабылдамапты. Жертөленiң жерi сыз, масасы мол. Жасқа толмаған сәбиге суық тигенiмен қатар, масадан жұғатын аурудың зардабын қосыңыз. Өмiрге ұрпақ әкелетiн ана мен отбасының тұтқасы — әкенiң денсаулығының мықтылығына кiм кепiлдiк бередi?
Алматыдағы бағасы қымбат үйлер орналасқан аудандардың бiрi – "Мамыр" мөлтекауданы. Жаңадан бой көтерген мөлтекауданның бүгiнгi жағдайы шашыңның түгi жетпес пәтер бағасына тоқтау салса екен дейсiң. Аспан түстес көп қабатты үйлердiң көпшiлiк бiлмейтiн жайсыздықтарын жаңа қоныстарын жатсыңған тұрғындардың iс-әрекеттерiнен бiлуге болады. "Мамырдағы" тоғыз қабатты үйлердiң құрылысы дұрыс жүргiзiлмеген. Жарды жарып түскен жарықтар бөлменiң көбiнде бар. Әсiресе, лифтi жүретiн жолдағы жарық сызықтар көрген адамға қорқынышын тудырады. Бұл туралы дабыл қаққан ақпарат құралдарына жауап айтар ешкiм жоқ. "Мамырдың" тұрғыны Айжанның айтуынша :"Үйдi сатып аларда, "үш жыл бойы жөндеу жасамаңыздар" дедi. Жасамадық. Бiрақ үш жыл өтер — өтпестен жарықтар пайда бола бастады. Неге? деп сұрағанымызда үй берушiлер бiзге ештеңе деген жоқ " дейдi, үйiнiң көрген жанға үрейлi болып көрiнетiнiне күйiнген тұрғындар.
Елiмiздiң аты түрлi жобалар мен өзгелер игермеген игiлiктi iстермен әлемнiң кейбiр салиқалы саясаткерлерiнiң ықыласын тудырып келедi. Бiрақ еңбегiнiң жемiсiн берер жастарына қалқан бола алмаған, өзгенiң ұлына ойыншығын тегiн бергендерден қандай үмiт күтуге болады. Несие сынды көпшiлiктiң көзайымына айналған жобаларды жұмысқа жаңа орналасқан жастардың тұрмысына бейiмдеуiмiз керек. Бұл тұрғыдан "Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасы" жастарға жайлы ұсыныс жасамайды деп жұмыстарын жоққа шығаруға да болмас. Сонда да нақты iс халықтың көкейiнен шығар емес. Дегенмен мардымсыз салынған "Мамыр" арқылы көп қабатты көп үйлерге топырақ шашуға болмас. "Мамырдай" сымбатымен көз тартқан үйлердiң қаншасы, қанша уақыттан кейiн сыр берер екен. Мемлекет қаржыны "Мамыр" сынды үйлердiң мардымсыз тұрғызылуы үшiн төлемейтiнiн бiздiң кейбiр үй тұрғызушыларымыз әлi де түсiнер емес.
Алматы – сейсмикалық қаупi көп қала. Сондықтан көп қабатты үйлерде сiлкiнiстен сақтайтын тiреуiш болуы керек. Мамандардың айтуынша қазiр ол мүмкiн емес. Себебi сол тiреуiштердiң орнында дәрiхана, азық-түлiк дүкендерi, ол аздай кафе, барлар жұмыс жасап жатыр. "Жаман айтпай жақсы жоқ", егер тосын оқиға бола қалған жағдайда, қызметкерлерiмен қоса қарапайым халықтың зиян шегетiнiмен ешкiмнiң iсi жоқ.
Қорыта келгенде, пәтер бағасы сапамен санасып, тұрғындар қалтасы көтеретiн деңгейге жетсе екен.
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА