8 ҚОРМЕН КЕЛIСIМ ЖАСАҒАН КIСI
8 ҚОРМЕН КЕЛIСIМ ЖАСАҒАН КIСI
Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы қорларының қызмет көрсете бастағанына биыл 10 жыл толып отыр. Бұл көп пе, аз ба? Бұған бiр сөзбен жауап бере қою оңай емес. Өмiрдiң өзi әлеуметтiк салада күнбе-күн түбегейлi өзгерiстер мен жаңарулар әкелiп, өркениет қоғамдық өмiрге үздiксiз жаңа талаптар қойып және сол талаптарға орай алуан түрлi шұғыл шешiмдердi алға тартып отырған кезде мұны аз уақыт деуге де бола қоймас. Ең бастысы, жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң қызметiне қоғамдық қызығушылық ешқашан әлсiреп көрген жоқ әрi таяу көршi мемлекеттердiң де үлкен қызығушылығын туғызуда. Мұның сыры неде?
Өткен жылдардың нәтижесi бойынша бұл жүйенiң өмiршеңдiгi туралы ашық мәлiмдеуге болатын сияқты. Қазiр жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң нәтижелерi қоғам үшiн қаншалықты маңызды, ол қарапайым адамдардың тұрмысына қандай елеулi өзгерiстер әкелдi және болашақта қалай дамиды деген сауалдар төңiрегiнде сындарлы, салиқалы әңгiме қозғауға да толық мүмкiндiк бередi. Оның үстiне, Қазақстан ТМД аумағында ғана емес, бүкiл Азия бойынша көп деңгейлi зейнетақы жүйесi қызмет көрсететiн, қалыптасқан бiрден-бiр мемлекет.
Әрине, озық үлгiнi орынды мақтан тұтуға да болатыны сөзсiз. Дегенмен, жинақтаушы зейнетақы қорында шұғыл оңтайландыруды қажетсiнетiн түйткiлдi жағдайлардың да қалыптастырып отырғанын ұмытпаған ләзiм. Бiр таңданарлығы, елiмiзде бекiтiлген заң бойынша «бiр салымшы – бiр қор» тәртiбiнiң белгiленгенiне қарамастан аталмыш ереже көбiне сақтала бермейтiн сыңайлы.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы мекемелерiн бақылау мен реттеу агенттiгi төрағасының орынбасары Елена Бахметова ханымның айтуынша, қазiргi таңда елiмiздегi 1 млн.174 мыңнан астам салымшылардың зейнетақымен қамтамасыз ету жөнiнде екi түрлi қорлармен келiсiм шарт жасасқаны анықталып отырған көрiнедi. Әңгiме мұнымен де бiте қоймайтын болса керек. 188 мың салымшы үш бiрдей зейнетақы қорымен мәмiле жасаса, ал 26 мың адам төрт-жетi қорлармен келiсiмшарт жасасқан. Ол ол ма, елiмiздегi бiр салымшы әлемдiк рекордшы деп танылуға да әбден лайық. Әлгi азамат бақандай сегiз жинақтаушы зейнетақы қорымен келiсiмшарт жасаған екен.
Әрине, ол азаматтың есiмiн Гиннесс кiтабына да енгiзуге болар едi. Бәлкiм, қазiр Қазақстанда жиi тiлге тиек етiлiп жүрген көп векторлы саясат дегеннiң нақты өмiрлiк көрiнiсi осы шығар. Дегенмен, осындай өрескел жағдай қалай қалыптасып отыр?
Зейнетақы реформаларының алғашқы кезеңiнде – 1998 жылы елiмiзде жұмыс iстейтiн адамдардың бәрi түгелдей дерлiк әп-сәтте Мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қорының (ГНПФ) салымшылары болып шыға келдi. Кейiнiрек нақты зейнетақы қорын таңдап алмаған еңбеккерлердiң жарнасы да аталмыш қорға тiркелдi. Осының бәрi және салымшылар туралы ақпарат үдерiсi күрт көбейген тұста шоттардың қайталануына ерiксiз әкелiп соққан. Бiр сөзбен түйiндегенде, 1998 жылдың басында мiндеттi зейнетақы жарнасын төлеген салымшылардың Мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қорында кем дегенде бiр шоты бар болды деген сөз.
Екiншiден, кезiнде әлгiндей қорды өз бетiмен таңдап алып, әрiптестiк жасаған жандар да болғаны шындық. Мұндай жағдайда олар өзара келiсiм шарт жасасып, жинақтаушы зейнетақы қоры әлгiндей азаматтарға жеке зейнетақы шотын (ИПС) ашқаны да дау туғызбаса керек. Алайда жұмыс орнын ауыстырған жағдайда жаңа ұжымның бухгалтерi зейнетақы жарнасын жалпы ұжымға қызмет көрсететiн қорға ауыстыруы ықтимал. Сөз жоқ, мұндайда азаматтың өз келiсiмi болуға тиiс, бiрақ көп жағдайда бұл шара ешқандай екi жақты келiсiмсiз-ақ жүзеге асырылып жүргенiн жасыруға болмайды. Осылайша әлгi азаматтың зейнетақы жарнасы мүлдем басқа бiр жинақтаушы қорға жинақтала бастайды. Жаңа қор әлгi адамға басқа жеке зейнетақы шотын (ИПС) ашады.
Кей ретте салымшылардың өзiнiң енжарлығынан да қосымша шоттардың ашылатыны жиi ұшырасады. Бұл – жекелеген салымшылардың өз қаржылық iстерi мен жағдайына немқұрайлы қарайтындықтарының нақты көрiнiсi. Әлгiндей салымшылар қорлардың агенттерi алдарына тартқан келiсiм шарттарға алды-артын ойланбастан қол қоя салады. Оның үстiне, салымшы өзiнiң фамилиясы, аты-жөнi, әкесiнiң аты өзгертiлген жағдайда мұны зейнетақы қорына дер уақытында хабарламайды да, соған байланысты шотының саны ұлғая бередi.
Заңда бiр мезгiлде екi немесе одан көп келiсiм шарттар жасалуына тыйым салынған. Яки, әлгi 1 млн.388 мың 753 салымшы заң ережелерiн бұзушылар болып табылатыны аян. Сондай-ақ, жарнаны бiр жинақтаушы зейнетақы қорына салып, ал жинақталған бөлiгiн өзге қорда сақтау да заң бұзушылық. Қарапайым тiлмен айтқанда, салымшы жаңа қормен келiсiм шарт жасасқанында бұрынғы жинақтаушы зейнетақы қорымен келiсiм шартын заң бойынша қайта бұзып, өзiнiң жинақтаған қаржысын жаңа қорға ауыстыруға мiндеттi. Оның үстiне, азаматтың жеке келiсiмiнсiз ешкiм оның сыртынан келiсiмшарт жасауға тиiс емес.
Осының бәрiне қарамастан, 2006 жылдың 1 шiлдесiне дейiн жұмыс iстеп келген қорлар қосымша шот ашылуының алдына тосқауыл қоя алмай келгенi аян. Қалыптасқан жағдайды жақсарту үшiн былтыр осы уақытта жинақтаушы зейнетақы жүйесi (НПС) оптимизациялау бағдарламасын жүзеге асыруға кiрiстi. Өзгертiлген жаңа ережелерге сай зейнетақы жарналары әуелi Мемлекеттiк зейнетақы төлеу орталығына жинақталып, одан әрi түрлi қорларға бөлiнедi. Мұның өзi салымшыға қорды өз еркiмен таңдауына және оны құпия сақтауына мүмкiндiк әперетiнi аян. Сонымен қатар, бұл қадам қорлардың арасындағы заңсыз бәсекелестiктiң тамырына балта шабатын ең тиiмдi амал.
Бiрақ жаңа жүйенiң де кемшiлiктерi бар екенi айқындалады. Жыл сайынғы мәлiмет беру басталғаны сол-ақ, көптеген салымшылар 2006 жылдың 1 шiлдесiнен бастап өздерiнiң зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шотына (ИПС) түсуiн тоқтатқанына алаңдаушылық бiлдiре бастаған. Мұнда ешқандай да құпия жоқ. Жарналар ең соңғы мерзiммен келiсiмшарт жасасқан қордың қоржынына құйылып, сақталуда.
Мәселен, жаңа ереженi өмiрге енгiзер тұста белгiлi бiр қор өзiнiң 273 мың салымшылары кейiнiрек басқа да қорлармен қосымша келiсiмшарт жасасқандықтарын анықтады. Ал Халық банкi зейнетақы қорымен кейiнiрек келiсiмшарт жасасқан 220 мың салымшылар бұрын өзге де қорлармен iстес болып келгенi анықталды. Сiрә, қорлар жеке зейнетақы шоттарын (ИПС) бiр iзге келтiргенше талай тер төгуi қажет болар.
Жаңа ереженiң табысты жұмыс iстеуi үшiн салымшылардың да белсендiлiгi қажет болып отырған сыңайлы. Бұдан былай әрбiр салымшы өзiнiң көңiлiнен шығатын бiрден-бiр жинақтаушы зейнетақы қорын таңдап алуға тиiстi.
Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ