Әлихан БӘЙМЕНОВ, «Ақ жол» партиясының төрағасы: БIЗДIҢ ҰРАНЫМЫЗ — ТЕҢДIК, ЕҢБЕК, ИМАНДЫЛЫҚ

Әлихан БӘЙМЕНОВ, «Ақ жол» партиясының төрағасы: БIЗДIҢ ҰРАНЫМЫЗ — ТЕҢДIК, ЕҢБЕК, ИМАНДЫЛЫҚ

Әлихан БӘЙМЕНОВ, «Ақ жол» партиясының төрағасы: БIЗДIҢ ҰРАНЫМЫЗ — ТЕҢДIК, ЕҢБЕК, ИМАНДЫЛЫҚ
ашық дереккөзі
405

Елдегi саяси өзгерiстер мен алда болатын Мәжiлiс сайлауына орай «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәменовке көкейде жүрген көп сауалды қойан едiк. Назарларыңыза сол сұхбатты ұсынбақпыз.

ПАРЛАМЕНТТIҢ САЯСИ САЛМАҒЫНЫҢ ТӨМЕНДЕУI – САЙЛАУДЫҢ ӘДIЛ ӨТПЕУIНIҢ САЛДАРЫ

— Әлихан Мұхамедияұлы, елiмiзде жақында ғана Конституцияға енгiзiлген өзгерiстердi сiз көп жағдайда қолдап пiкiр бiлдiрдiңiз. Дегенмен, осы өзгерiстердiң көкейге қонымдысы не, әттеген-айы бар ма?

— Жалпы айтқанда, оң бағыттағы өзгерiс дер едiм. Конституцияға енгiзiлген өзгерiстердi бағалағанда, «осы бiр-екi жылдың iшiнде кiм ұтады?» деген көзқарас тұрғысынан емес, 15-20 жылда қандай әсер бередi дегендi көбiрек ойлауымыз керек? Өйткенi, бұл – жеке тұлғаларды қалыптастыратын жүйе. Келер тұлғаларды қалай қалыптастырамыз. Есiңiзде болса, 1998 жылғы Конституцияға енгiзiлген өзгерiстер iшiндегi ең үлкен жетiстiк Мәжiлiске партиялық тiзiм бойынша он орынның берiлуi едi. Соның арқасында Қазақстанда соңғы 7-8 жылда партия деген ұғым қалыптаса бастады. Яғни, қоғам өзiнiң саяси өмiрiнде жаңа бiр деңгейге көтерiлдi. Демек, мәселе қоғамның өзгеруiнде.

Бұл жолғы оң өзгерiс ретiнде мен Мәжiлiс сайлауының 100% пропорционалды жүйеге көшкендiгiн айтар едiм. Себебi, Абай айтқандай «озығы да, тозығы да бар» дәстүрдiң iшiнде, өкiнiшке қарай, жұмысқа алғанда да, бiреуге қандай да бiр көмек көрсеткенде де бiзде рулық фактор басты рөлде болып келдi. Ал, бүгiнгiдей өркениеттi қоғамда туысқандық белгiмiзге қарап емес, азаматтық бiлiктiлiгiмiзге қарап серiктес iздеуiмiз керек. Жалпы, заң үстем етпейтiн қоғамда рулық фактор үстем болады. Заң үстем ететiн қоғамда адам өзiнiң пiкiрлестерi мен армандастарына сенiп жұмыс жасай бастайды. Сондықтан, пропорционалды жүйе қазақ үшiн маңызды. Партияға дауыс бергенде олардың iшiндегi ең ұлығын таңдап алуға мүмкiндiк зор. Ал, жеке округпен дауыс бергенде, ескiлiктiң сарқыншағының әсерi көп болады.

Екiншiден, мәслихаттарды – жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары деп тану қажет. Бұған дейiн Қазақстан «Өзiн-өзi басқару туралы» Заң қабылдай алмай келдi ғой. Өзiн-өзi басқару – азаматтық тәрбиенiң ең басты қажеттi элементi. Мәслихат ауылда да, қалада да болуы керек. Үшiншi, адамды тұтқындау мәселесiне келгенде прокуратураның емес, тек соттың шешiм қабылдауы. Прокуратура — Кеңес Одағынан қалған ескi элементтiң бiрi. Ал, тұтқындау деген адам тағдыры емес пе?! Адам тағдырын шешетiн лауазым иесi ешкiмге бағынышты болмай, тек заң мен өз арына ғана тәуелдi болуы керек. Сондай-ақ, Адам тағдырын шешу тұрғысынан Есеп комитетi, Жоғары Кеңес, Орталық сайлау комиссиясын қалыптастырудағы Парламенттiң рөлiн күшейтудi айтар едiм. Бұрын Жоғары сот кеңесiне төрағаны палаталар төрағалары өздерi ұсынатын болса, ендi үмiткердi палаталар талқысына салатын болды. Оның мүмкiндiгiне менiң өзiмнiң көзiм жеттi. Бiз аз уақыттың iшiнде «Ақиқат» тобын құрып үлгердiк. Соттың бiлiктiлiк коллегиясы құрамын қалыптастырғанда бұрын ешқашан талқыланбайтын, жай төраға айтып, сол ұсыныстар өтiп кететiн. Осы жолы төрағалар — Кемелсейiт пен Жалыбиндi, «Ақиқат» тобы Сабильянов пен Шаекиндi ұсындық. Балама дауысқа салып көргенде бiз ұсынған адамдар көп дауыс жинады. Бұл бұқаралық көпшiлiктiң алдында талқылаудың нәтижесi. Ендi ОСК, Есеп комитетi, Жоғары сот кеңесiне баратындар осы сияқты талқылаудан өтетiн болады.

Ал, болашағы бұлыңғыр өзгерiстерге келсек, бұл — Мәжiлiске Ассамблея арқылы 9 депутат сайлау. Оның сәттi де, сәтсiз эксперимент болып шығуы мүмкiн. Әрине, ол қысқа мерзiмде өзiнiң оң нәтижесiн бередi. Бiрақ, осының нәтижесiнде ұзақ мерзiмде кiшi халық өкiлдерi партияларға кiру ынтасынан айрылып қалмай ма? Мәжiлiске басқа жолмен баруға болмай ма? Бүкiл 15 миллион халықтың бiр дауысы бар, Ассамблея мүшелерiнiң делегаттарының екi дауысы бола ма? Демек, бұл құқықтық жағынан да дұрыс емес.

— Бұл елдегi ұлт өкiлдерiнiң арасын жақындатқанның орнына алшақтата түсетiн сияқты?

— Басқа ұлт өкiлдерiнiң партияларға ену ынтасы жоғалса солай болуы да мүмкiн. Яғни, саяси селсоқтыққа әкелiп соқтырады.

— Парламент тарады, кезектен тыс сайлау өткiзгелi жатырмыз. Осы сайлаудың мерзiмiнiң тым асығыс, қысқа мерзiм iшiнде өткiзiлiп жатқанынан да саясат iздеушiлер бар. Жалпы, жаз қаншалықты ыстық болғанымен, саясатта өлi маусым екендiгiне дау жоқ. Ендеше, сарша тамызда сайлау өткiзуiмiздiң қаншалықты керi ықпалы болуы мүмкiн?

— Мәжiлiстiң таратылғанын депутат ретiнде дұрыс деп есептеймiн. Бүкiл билiк институттары жаңа Коституция бойынша өмiр сүре бастайды, тек Мәжiлiс пен Сенат қана бұрынғы жүйеде қалып қояр едi. Мысалы, жаңа Конституция бойынша заңдар жеке-жеке палаталарда қаралады. Ал, бiз оны бiрлескен отырыста талқылап жүрдiк. Конституциялық өзгерiстерге Мәжiлiстi сәйкес келтiру үшiн таратқан дұрыс. Ал, сайлауды оқу орындары бос, сайлау комиссияларында ең көп пайдаланатын мұғалiмдер мен дәрiгерлер демалыстағы саяси өлара кезеңге тағайындауы – бұл Ақорданың идеологтары мен саяси технологтарының ойлап тапқаны.

— Үшiншi сайланым депутаттары көптеген ұлттық мәселелерге келгенде көз жұма қарап, аяғын тартып қалғаны рас. Жалпы, жыл өткен сайын Парламенттiң саяси салмағы азайып барады деген пiкiр жиi естiледi. Сiз өз әрiптестерiңiз туралы қандай пiкiрдесiз?

— Жеке адами тұрғыдан алғанда, Мәжiлiс депутаттарына қандай да бiр сын айтудан аулақпын. Саяси тұрғыдан алғанда, өткен сайлаудың қалай өткенi Мәжiлiстiң әрбiр мәселенi талқылағанынан көрiнiп тұрды. Егер, олар өз тағдырын халық қана шешедi деп ойлайтын болса, мәселен, «Шаңырақ» мәселесiне бейжай қарай алмас едi. Тiптi, Мәжiлiсте осы мәселеге кейбiр қабырғасы қайысып жүргендерiнiң өзi осы мәселе бойынша комиссия құрдық деп халықты алдаған.

— Комиссия құрылмаған ба?

— Ешқандай комиссия жұмыс iстеген жоқ. Алайда, бiр-екi депутат халықты жаңыстырылған. Сондай-ақ, өздерi әкiмдi шақыртып алып, әкiм келе жатқан кезде кетiп қалған. Сол секiлдi Оңтүстiк Қазақстанда СПИД-ке байланысты мәселенi көтермеу керек деген депутаттар болды. Атыраудағы Теңiз мәселесiн де жылы жауып қоюға шақырғандар да жоқ емес. Мен Мәжiлiстегi көп адамдарды бұрыннан бiлемiн. Олардың бiлiктiлiк деңгейi де, бiлiм деңгейi де мен үшiн мәлiм. Сондықтан, олардың көбiсi мен күткен деңгейде жұмыс iстедi. Бiр топ бар, мәселенi таңертеңгi жарты сағатта көтередi де, не заң ұсынбайды, не өзгерiс енгiзбейдi кетедi де қалады. Екiншi, топ: құр бiр мәселенi көтерiп пiкiр айтқан болады, дауыс бергенде басқаша дауыс бередi. Араларында күн тәртiбiндегi мәселенi оқымайтындары да болды. Әңгiмелескенде бiр нәрсенi айтып отырады да, дауыс бергенде жалт бередi. Кейбiреулерi журналистердiң жұмыс iстеген сәтiн ұрымтал пайдалана бiлдi. Журналистер Мәжiлiс отырысын түсiрген кезде басқаша сөйлеп, кеткен соң басқаша сайрайтындары да табылды.

Парламенттiң басым көпшiлiгi «Нұр Отаннан». Бұл депутаттардың басым көпшiлiгi Үкiмет мүшелерiн көпе-көрiнеу сынайды. Ал, егер шын мәнiсiнде Үкiмет мүшесiнiң жұмысына көңiлдерi толмаса, партиялық фракцияны жинап, сыналып отырған шенеунiктi қызметiнен неге алып тастамасқа? Оған бара алмайды.

— Сiз соңғы шақырылым құрамында өзге депутаттармен салыстырғанда аз отырдыңыз. Бар-жоғы 9 ай. Көңiлге алып, көкейiңiзге түйген iстерiңiзден бiтiре алғандарыңыз бар ма?

— Мен «Ақ жол» партиясының VI съезiнiң шешiмiнiң негiзiнде Парламентке келдiм. Сол съезде «Қазақстанның бәсекелестiкке қабiлетi туралы» шешiмi қабылданып, соны өзiме ұстаным ретiнде алуым менiң жұмысымды оңайлатты. Себебi, «Ақ жол» партиясы Қазақстан тарихында бiрiншi рет бәсекелестiкке қабiлеттiлiк дегендi талқылады. Сол бойынша, мен барған бойда, «Еңбек кодексiне» көптеген өзгерiстер енгiзуге ықпал жасадым. «Ақ жол» партиясының 25-тен астам ұсынысы ендi. Оның iшiнде басты атап өтетiндерi: бiрiншi рет бiздiң тарихымызда, «Ақ жолдың» ұсынысымен мұғалiмдер, дәрiгерлер, ғылым және мәдениет қызметкерлерiне «Азаматтық қызметкер» деген мәртебе берiлдi. Бұл бiздiң үлкен жеңiсiмiз. Аталған заңды 3-4 жыл бұрын әзiрлегенбiз. Екiншi, ең төменгi жалақының сағаттық мөлшерi белгiленетiн болды. Үшiншi, салалық кәсiподақ пен жұмыс берушiнiң арасындағы келiсiмшарт бүкiл шетелдiк компаниялар үшiн мiндеттi болып табылатын болды. Төртiншiден, бiр кәсiпорындағы бiр мамандық бойынша жоғары және төменгi жалақының арақашықтығын белгiледiк. Мұның, әсiресе, Қазақстанда қызмет iстейтiн шетелдiк компаниялардағы жергiлiктi еңбеккерлерге оң әсерi болады деп ойлаймыз. Ұжымдық келiсiмшарт мiндеттi түрде бекiтедi деп енгiздiк. Бесiншiден, ауыр жағдайда жұмыс жасайтын жұмыскерлердiң салалық және кәсiптiк коэфициенттерiн салалық келiсiм шартта бекiтедi деп енгiздiк. Сондай-ақ, жаңа өзгерiс бойынша жұмыс ұжымдарына кедергi жасаған лауазым иесi Қылмыстық кодекс бойынша жазаға тартылатын болады.

Сонымен қатар, бiз сол съезде Қазақстанның дамуын шектеп тұрған фактордың бiрi ретiнде – Қазақстандағы байланыс қызметiнiң қымбаттығын атап айтқанбыз. Бiз қазiрдiң өзiнде ұялы байланыс, интернет жағынан кенже қалып отырған елдiң бiрiмiз. Өйткенi, оның бағасы өте жоғары. Мектеп бiтiргенге дейiн интернетпен жұмыс жасап көрмеген балалар әсiресе, ауылда жеткiлiктi. Оларға қалайша ХХI ғасырда бәсекелестiкке қабiлеттi маман бол деп талап қоя аламыз. Осыған байланысты «Қазақтелекомға» осы тарифтер жөнiнде мәселе көтерiп, сауал жолдаған едiм. Сәл де болса баға арзандады. Ауыл мектептерi мен бюджеттiк саладағы мектептерге интернеттi тегiн қосып беруге уәде бердi. Еуропада роумингтiң өзiн 25-49 цент деп шектеу қойып қояды. Бiз роумингсiз елдiң өз iшiнде сөйлескенiмiз қымбатқа түседi. Қытайда жүрiп, Алматыға қоңырау шалған, Алматыда отырып Алматыдағы адамға қоңырау шалғаннан арзан. Бұл ақпарат заманында бiзге тұсау болып отырған мәселе.

Бiз Үкiметтiң назарын бiрнеше қағидалы мәселеге аудардық. Үкiмет ақыры келiсе бастады. Бұл әрбiр кәсiпорын үшiн, жөн-жосықсыз берiлген салық жеңiлдiктерiн жою. Өйткенi, ол әдетте шенеунiктердiң тамыр-танысына ғана берiледi. Екiншi, салықты азайту. Корпоративтiк салықты 18%-ға дейiн, қосымша құн салығын 12%-ға дейiн азайту керек. Үшiншiден, Кенесары, Алашорда туралы хат жазып, Орынбордағы Алашорданың алғашқы съезi болған уақыты, жалпы, Үкiметте Алаш тағылымдары жайында шаралар ұйымдастырайық деген ұсыныс енгiздiм. Бұның кейбiреуi мемлекеттiң бағдарламасына енетiн болды. Әрi «Шаңырақ» пен «Бақай» мәселесiн Конституциялық кеңеске дейiн жеткiзу мүмкiндiгiне ие болдым. «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңды қағидалы түрде өзгерттiк. Себебi, Үкiмет нағыз жемқорлыққа бастайтын заң жобасын алып келген екен. «Мемлекеттiк рәмiздер туралы» Заң талқыланған кезде, Үкiметтiң жобасында мемлекеттiк рәмiздер басылған киiм-кешек шығару үшiн де лицензия керек деген талап қойған екен. Оны алып тастадық. Өйткенi, Қазақстан — мемлекеттiк рәмiздерiн өте аз пайдаланатын мемлекеттiң бiрi. Түркияда бұқаралық жиналыстың бәрiн де олардың туы қаптап тұрады. Бiздiң 1х2 метр туымыз 4 мың теңге тұрады. Өйткенi, лицензияны 8-ақ кәсiпорынға берген.

— Парламенттiң өкiлеттiгi жаңа Конституция бойынша кеңейiп жатыр ғой. Бұған дейiн Парламенттiң өкiлеттiгi жайында әңгiмелер көп айтылды. Әсiресе, Үкiмет Парламенттi менсiнбейдi деген пiкiрден аяқ алып жүргiсiз. Сiздiң Үкiметке жолдаған сауалдарыңыз iшiнде жауапсыз қалғаны болды ма?

— «Мен қандай компанияларға жеңiлдiк берiледi. Және осы жеңiлдiгi арқылы олар Қазақстан экономикасына қандай үлес қосып жатыр» деген сауалға жауап ала алмадым. Ең сорақысы — Қаржы министрлiгi Бас прокуррордың қолынан сенiм хат алып алып, «Бұл тiзiм депутаттарға берiлмейтiн мемлекеттiк құпия» деп жазыпты. Ол жеңiлдiк бүкiл халықтың есебiнен жасалып жатыр, былайшы айтқанда бiр байға халықтың қалтасынан қағып қосымша ақша берiп жатырмыз. Бұны билiк «халықтан құпия» дейдi. Сондай-ақ, анау жоғалып кеткен журналист Оралғайша туралы жолдаған сауалыма да мардымды жауап болмады. Сосын мұғалiмдер мен дәрiгерлерге мәртебе беруге байланысты биылғы демалысына 25 миллиард бөлейiк деген ұсынысым қолдау таппады.

«АҚ ЖОЛ» «НҰР ОТАННАН» КЕЙIНГI ОРЫНҒА ТАБАН ТIРЕЙДI

— Сiз бұдан үш жыл бұрын өткен Мәжiлiс сайлауында «Сайлау әдiл өтпедi» деп сайлауға байкот жарияладыңыз. Бiраз уақыт Парламент креслосын да бос қойдыңыз. Тек бiр жылдан кейiн ғана депутат атандыңыз. Ал, бұл жолғы сайлаудың әдiл өтетiнiне көзiңiз жете ме?

— Әрдайым үмiт пен күдiк қатар жүредi ғой. «Үмiтсiз шайтан» деген халықтың баласымыз. Сондықтан, үмiт жоқ емес. Қанша дегенмен елбасы да, әкiм-қаралар да балалары туралы ойланады деп сенемiн.

— Әкiмшiлiк ресурстар iске қосылмайды деп ойлайсыз ғой?

— Әкiмшiлiк ресурссыз сайлау өтедi дей алмаймын. 100% таза өтедi деген үмiтте емеспiн. Сол пайдалану деңгейiн азайтса дұрыс болар едi.

— Сiздiң болжамыңызша, алдағы Парламенттiң құрамы қандай болмақ? Ел арасындағы пiкiрге қарағанда, бұрынғы Парламенттiң 80%-ы қайта сайланады деген болжам бар. «Нұр Отан» 95%-ға дейiн дауыс алуы мүмкiн деген пiкiрлер бар. Бұл шындыққа қаншалықты жанасымды. Сондай-ақ, жалпы партиялардың Мәжiлiстен орын алу ретi мен мүмкiндiгi қалай болмақ?

— Егер, сайлау әдiл өтсе, қазiргi болжам бойынша, «Нұр Отан» 40%-дай, «Ақ жол» 25-30%, Социал-демократиялық партия 12%-дық дауысқа ие болуы мүмкiн. Қалған партиялардың 7%-дық межеден өтуi неғайбыл.

— Коммунистер партиясы қазiрден бастап сайлауға байкот жариялап жатыр. Бұл қадамды қаншалықты құптайсыз?

— Коммунистiк идеологияның Ресейден басқа посткеңестiк елдерде дауысқа ие болмайтынының негiзi бар. Өйткенi, бiздiң қазақ үшiн коммунистiк идеология көп ағымның бiрi ғана емес, сонымен қатар, тоталитарлық, империялық жүйенiң басшысы. Сондықтан жыл өткен сайын Коммунистердiң саны азая бередi деп ойлаймын. 1992 жылы Дүниежүзi қазақтарының I құрылтайын өткiзгенде Дәлелхан Жаналтай ақсақал Жезқазғанның бiр залында тұрып, «80 жылға жуық уақыт бойы қасиеттi Құран Кәрiмiмiздi аяққа тапта деп, тiлiмiз бен дiнiмiздi құртудың аз-ақ алдында қалған коммунистiк режимнiң күйрегенiне ризамын» деп жылап жiбердi. Демек, Коммунистер партиясы өздерiн қолдаушылардың азайып бара жатқанын түсiнгеннен кейiн осындай қадамға барып отырған болар.

— Сiздер қазiргi «Нағыз Ақ жолдың» тең төрағаларымен жұмылған жұдырықтай бiрге болғанда, қарқындарыңыз жақсы болды. Халық қатты қолдады. Қазiр дәл осының алдындағыдай бағаға ие боламыз деп ойлайсыз ба?

— Ондай бағаға жету үшiн жұмыс жасауымыз керек. Қазiргi әлеуметтiк зерттеулер бойынша, бiз «Нұр Отаннан» кейiн II орында тұрмыз.

— Кейбiреулер Социал-деморкатиялық партияны екiншi орынға қояды…

— Бiздiң алғанымыз үш тәуелсiз зерттеудiң нәтижесi. Және олардың бiзге еш қатысы жоқ. Олардың сайлауға дейiнгi сараптамасы бойынша, «Нұр Отан» 25%, «Ақ жол» — 8-10%, Социал-демократтар 2-4%-дық межеде тұрған. Қалғандары 1%-дың о жақ, бұ жағында. Менiң ойымша, халықтың бiрте-бiрте көзi жете бастады. Ол азаматтардың партияның атын да ойыншық еткенi ендi бiлiндi. Менiң анам айтатын «Болған жiгiт болдым демес, болдым десе болғаны емес» деп. Адам өзiне «шынайымын, нағызбын» деп атау бермейдi ғой. Олар жала жабуды мақсат етiп алды. Бұл тәсiл — халықты терiс қарататын тәсiл. Мен құрған партиямнан кеткен емеспiн, олар ақшаға қызығып кетiп қалды. Ал, айдарды маған таққысы келедi…

— Бүгiнде «Әдiлет» партиясы атанған Қазақстан демократиялық партиясы (ДПК) 2004 жылғы Мәжiлiс сайлауы кезiнде Қазақстанның демократиялық таңдауы (ДВК) партиясына қарсы құрған билiктiң балама партиясы болатын. Неге «Әдiлет» партиясымен бiр блокқа бiрiктiңiздер? Демек, оппозициялық бағыттан ауытқыдыңыздар ма?

— «Ақ жолдың» кезектен тыс съезiнде Мақсұт Нәрiкбаев: «Жұрт менiң президенттiң досы екенiмдi бiледi. Сөйте тұра, оппозициялық немесе баламалық партияға неге келдi десiп жатқандар да бар. Менiң бұл достық парызым. Ел iшiндегi жағдайды ашық әрi «достың жылата айтатыны» секiлдi батыл айту үшiн осындай саяси ұйымға ендiм» дедi. «Әдiлеттiң» әлеуетi Қазақстанның 4-5 облысында жаман емес. Оның бiз зерттеп бiлдiк. Құрамында бiлiктi заңгерлер, экономистер бар. Басқасын айта бермей-ақ қояйын, экономикада Қазақстанның жетекшi экономисi Арыстан Есентүгелов осы партия құрамында екен.

Оппозиция дегендi де дұрыс түсiну керек. Адам бойындағы кемшiлiктi мәдениеттi түрде жеткiзгеннiң орнына, үнемi сынай бергеннен де түсер пайда аз. Оның соңы жанжалға айналмақ. Сондықтан бiз қоғамдағы кемшiлiктердi мәдениеттi түрде айта отырып, мәдениеттi түрде тәрбиелеудi жөн санап отырмыз.

— Кезектен тыс съездерiңiздi өткiздiңiздер. 114 адамды ұсынбақ ниеттесiздер. Сайлауалды бағдарламаларыңызда неге басты назар аудардыңыздар?

— Бiз әлеуметтiк теңсiздiктi қоғамдағы ең басты тежеушi күш деп шештiк. Сондықтан, бiздiң ұранымыз «Теңдiк-Еңбек-Имандылық» деген үш құндылыққа негiзделген. Теңдiк – дегенiмiз тең мүмкiндiк туғызу. Егер, саясатта, ғылымда, бiлiмде, барлық шығармашылықта тең мүмкiндiк болса, әрбiр саланың сұңқарлары, тұлпарлары өзi шығады. Солар сол салада жетекшi рөл атқаратын болады. Егер, тамыр-танысына, басқа да бармақ басты, көз қыстымен алға шықса, олар уақытша ғана iлгерi болады. Екiншi – еңбек. Еңбек құндылық болмай, еңбек пен бiлiктiлiк арқылы кез-келген шыңды бағындырам деген сенiм қазақстандықтардың жүрегiнде орнықпай бiздiң ел дамымайды. Жалпы, «Нұр Отан» партиясынан, басқа партиялардан бiздiң айырмашылығымыз популистiк жолға түспеймiз. «Мұнайдан түскен ақшаны бөлiп, жалақыны көбейтем» деп айту оңай. Бiрақ, сол мұнайды өндiрiп жатқан, басқа да еңбеккерлер туралы неге айтпайды? Сондықтан, еңбек құндылығы болу керек деп есептеймiз. Қазiр алпауыттар да, кейбiр шенеунiктерде өз еңбегiмен жасамаған кәсiпорындарды иелерiнен тартып алып жатыр. Оған жол бермеуiмiз керек. Үшiншi – имандылық. Жалпы, рухани сала бiздiң басты назарымыздағы мәселенiң бiрi. Өйткенi, қоғамдағы жалпы құндылықтарды қалыптастыратын сала.

— Бiзде әр сайлау сайын ұлт мәселесi жеке тақырып болып көтерiледi. Жеке ұран аясында жүрiледi. Жақында Мұхтар Шаханов ағамыз «Халық рухы» деген партия құруға талаптанғаны бар. Бiрақ, оны құрып үлгермейтiн секiлдi. Неге осы әр сайлау сайын ұлт тақырыбын үшiншi күштер көтеруi керек. Ол неге белгiлi бiр партияның аясында ұран болмайды?

— «Ақ жол» партиясы ұлт мүддесiн үнемi назарда ұстап келедi. Бiрақ, оны қазақ мүддесi деп айғайлатпай-ақ, айтып келемiз. Бiзде бiр алшақтық бар. Көзi ашық азаматтардың бiразының көкiргеi оянбаған. Көкiрегi ояу азаматтардың бiразының көзi ашылмаған. Көзi ашық, көкiрегi ояудың қалтасы жұқа. Осы мәселелер бiздiң саяси жүйенiң дамуына керi әсерiн тигiзiп келедi.

Өз басым «Халық рухы» партиясының съезiне бардым. Құттықтап сөз сөйлеп, бiздiң көп мәселе бойынша ұқсастық бар екенiн айттым. Тiл және дiл мәселесiнде бiрлесiп жұмыс iстеуге дайын екенiмiздi айттым. М. Шаханов ағамызбен кейбiр мәселелер бойынша ойымыз бiр жерден шығады. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезiнде мен Мәскеуде болдым. Сонда бiз де толқып, Мәскеудегi аспиранттар қол жинадық. Көшеге шықпақ болып едiк, қауiпсiздiк комитетiндегi қазақ жiгiттерi ескерттi: «бiз бiлiп отырмыз, тек сендердi құртып жiбередi» деген соң. М. Шахановтың шығармашылық кешiне бардық. Сонда Ербол деген Ақтөбенiң жiгiтi бәрiмiздiң атымыздан хатымызды тапсырды. Сол кезде ол кiсiмен танысқан едiк.

Ал, бүгiн ол партияның съезiне де көмектестiк. Мүмкiн әрi қарай ынтымақтастық туралы келiсiмшарт та жасармыз.

— Қазақ радиосынан «Қателестiм» деген әнiңiздi естiп жүрмiз. Соған қарағанда, тек ақындық қана емес, композиторлық та талантыңыз бар секiлдi. Дегенмен, бұл әннiң аты неге «Қателестiм». Саясатта қателескенiңiздi мойындау ма?

— Бұл ән 1985 жылы жазылған. Сөзi Жүрсiн Ермандыкi. Аты – «Шәй орамал» болатын. Оны кiм «Қателестiм» деп берiп жiбергенiн бiлмеймiн. Мәскеуде ақындықпен де шұғылданып жүрген кезде, елдi сағынғанда туған ән ғой. Оны сол кезде Гүлмайдан Сүндетова орындаған. Кейiн Қазақ радиосы «Қателестiм» деп беретiн болыпты. Бiрақ, нота бiлмеймiн, музыкалық бiлiмiмi жоқ. Кәсiпқой композитор емеспiн. Дегенмен, халық арасында орындалып жүрген бiр-екi әнiм бар.

— Рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары