ОҢТҮСТIКТЕ МАИ БАСШЫСЫ ТҰТҚЫНДАЛДЫ

ОҢТҮСТIКТЕ МАИ БАСШЫСЫ ТҰТҚЫНДАЛДЫ

ОҢТҮСТIКТЕ МАИ БАСШЫСЫ ТҰТҚЫНДАЛДЫ
ашық дереккөзі
287

Оңтүстiк Қазақстан облысында шендi-шекпендiлердiң, погоны барлардың әртүрлi қылмыс жасап тұтқындалуы жиi орын алуда. Әсiресе әдiлеттiң арашасы, қара қылды қақ жарар деген судьялардың соңғы жылдары бiрнешеуi пара алу үстiнде тұтқындалды.

Облыстық iшкi iстер департаментiнде лауазымды қызмет атқарған полковник Шалаевтың есiрткiмен тұтқындалып, ұзақ мерзiмге сотталғаны да ел есiнде.

Ендi оңтүстiкте погонды шенеунiктiң тағы бiрi қызметтiк өкiлеттiлiгiн терiс пайдаланғаны үшiн қамауға алынды. 29 маусым күнi Облыстық iшкi iстер департаментi жол полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигi Мейрамбек Шакенов ҚР ҚК 307 бабының «қызметтiк өкiлеттiлiгiн терiс пайдалану» және 177 бабының «алаяқтық» фактiлерiне сәйкес тұтқындалып, тергеу алдында жауап беруде.

Жол полициясы бастығын ұстауға Iшкi iстер министрлiгiнiң өзiндiк қауiпсiздiк департаментi мен ОҚО iшкi iстер департаментiнiң өзiндiк қауiпсiздiк басқармасының мамандары қатысқан. Подполковник М.Шакенов аталмыш департамент ғимаратында ұсталып, одан осы қылмыстық iске байланысты аумақтық заттар алынған.

М.Шакенов бұрын Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында жол полициясы басқармасында басшылық қызметте көрiнедi.

Дегенмен Шакенов оңтүстiкте бiршама жақсы тiрлiктердiң бастамашысы болып, тәртiп мәселесiмен айналысқан екен. «Жаңылыспайтын жақ, сүрiнбейтiн тұяқ жоқ» деген. Подполковник базбiреулердiң құрған тұзағына түсiп, осындай жағдайға тап болуы да мүмкiн. Оңтүстiкте ойланып жүрмесең, ойда жоқта орға түсiп кететiнiң рас.

Шәкеновтiң тағдыры не болады? Бұл жағын тергеушiлер, содан соң сот айтады. Әлiптiң ақырын бағайық.

Балтабек ТҮЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары