“ЗЕРДЕ” БӘЙГЕ ЖАРИЯЛАЙДЫ

“ЗЕРДЕ” БӘЙГЕ ЖАРИЯЛАЙДЫ

“ЗЕРДЕ” БӘЙГЕ ЖАРИЯЛАЙДЫ
ашық дереккөзі
250

«Зерде» қоғамдық қоры Фридрих Эберт қорымен бiрлесе отырып, «Зерде» кiтапханасына енетiн II дүниежүзiлiк соғысқа дейiнгi ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси ахуалын суреттейтiн ғылыми-көпшiлiк публицистикалық шығармаға байқау жариялайтындығын мәлiмдедi.

«Зерде» қоғамдық қоры бұған дейiн дебiрнеше рухани жобаларды қаржыландырғаны белгiлi. Бұл жолғы жоба аштық, нәубет, репрессия жылдарына арналған қарапайым да, жатық тiлмен, деректердi сөйлете отырып жазылған, оқырманын тарта алатын публицистикалық шығармаға арналып отыр. Байқауға тарихшылар да, журналистер де, жазушылар да қатыса алады. Шығармалар 2007 жылдың 1-қыркүйегiне дейiн қабылданбақ. Байқаудың қорытындысы 15-қыркүйекте жарияланады. Байқауға қатысу үшiн ұйымдастыру комиссиясына шығарманың кемiнде 2-3 беттiк қысқаша мазмұнын және ұсыныстарын шығарманың толық мазмұнын тапсыру қажет.

Осы мәселеге орай, баспасөз-мәслихатын өткiзген ұйымдастыру комиссиясының мүшелерi «Зерде» қоғамдық қорының президентi Әлихан Бәйменов, Фридрих Эберт қорының Қазақстандағы өкiлi Эльвира Пак, жазушы Смағұл Елубай, ақын Исраил Сапарбайлар байқауға қойылатын талаптар жөнiнде ой қозғады.

Бұл ретте қазақтың қилы тағдыры тек Қазақстан аясымен шектелмейтiндiгiн де ескеру керек. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы нәубет Қазақстан аумағынан асып, Қытай, Моңғолиядағы қандастарымызды да шарпып жатты. Әсiресе, 1930-1945 жылдардағы Шың Шы Сайдың зұлымдық саясаты Шыңжаңдағы қандастарымызды ақтабан шұбырындыға айналдырды. Тибет асып, Гималай жоталарын жастанып, Кашмир, Үндiстанға жетiп жығылған 18 мың босқын халықтан айналасы 6 жылдың iшiнде 1,5 мың адам қалғанын бүгiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Бүгiн осы халықтың тiрi қалғандарының ұрпағы Түркия мен Еуропада тарап жүр. Бiз осы ретте ұйымдастырушыларға «шеттегi қазақтың қанқұйлы тарихы сiздердiң байқауларыңызға қатыса ала ма?» деген сауал қойдық. Бұған жауап берген Смағұл Елубай: «Шығыс-Түркiстандағы ұлт азаттық көтерiлiс бұл да қазақтың құрамдас тарихы. Бiз ондағы қазақтарды жалпы қазақ тарихынан бөлiп қарай алмаймыз. Сондықтан, байқау географиялық тұрғыдан шектелмейдi» деген жауап бердi.

«Зерде» қоғамдық қоры Қазақстанда тұңғыш рет «Зерде» кiтапханасына енетiн «Әлемдiк саяси ой антологиясын» қазақ тiлiнде құрастыру мақсатында әлем ойшылдары: Жан-Жак Руссоның «Қоғамдық келiсiм немесе саяси құқықтың негiзi», Шарль Луки Монтескьенiң «Заңдар рухы туралы», Джон Локктың «Басқару туралы екi трактат», Карл Раймунд Поппердiң «Ашық қоғам және оның жаулары» (1-2 томдарын) атты еңбектерiн аударып, жарыққа шығарған.

Қоғамдық қордың Фридрих Эберт қорымен бiрлесiп атқарған жобалары 2004 жылы «Жас демократия мектебiн» құрудан басталған.

Жобаның мақсаты елдегi азаматтардың азаматтық мәдени деңгейiн көтеру мен жастар арасында саяси ағарту жұмысын кеңiнен насихаттау. 2004 жылы Германияда «Жас демократия мектебiнiң» Қазақстан жастарына парламенттiк демократия негiзiн және Германия Федерализмiн таныстыруға арналған бiрiншi сессия өттi.

2005 жылы Астанада «Қазақстан Республикасы мен Герман Федеративтiк Респубикасындағы мемлекеттiк билiк пен азаматтық қоғамның қарым-қатынасы: ұқсастығы және ерекшелiгi» деген тақырыпта екiншi сессиясы өткен.

2006 жылы Германияда «Қазақстан қоғамы дамуының негiзi, орта тап: факторы, жағдайы, келешегi» деген тақырыпта үшiншi сессиясын өткiзген.

Е. ҚҰМАР

Серіктес жаңалықтары