ҚАУIПСIЗДIК ҚЫЗМЕТIНIҢ ҚҰПИЯЛАРЫ

ҚАУIПСIЗДIК ҚЫЗМЕТIНIҢ ҚҰПИЯЛАРЫ

ҚАУIПСIЗДIК ҚЫЗМЕТIНIҢ ҚҰПИЯЛАРЫ
ашық дереккөзі
257

Жақында АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) ондаған жылдар бойы көздiң қарашығындай аса құпия сақтаған көптеген аса маңызды құжаттардан «құпиялылық» белгiсiн сыпырып тастауы әлемдiк БАҚ-тар, арнайы мамандар мен зерттеушi-сарапшылардың ерекше қызығушылығын оятқан. Онша-мұнша емес, жалпы ұзын саны — 12 мың құжат!

Бiрсыпыра шет елдердiң басшыларына қарсы астыртын ұйымдастырылған қастандықтар, белгiлi журналистер мен қоғам қайраткерлерiнiң басқан iзiн аңду, бейбiт азаматтарға қарсы ақыл-естi ауытқытатын, тыйым салынған дәрi-дәрмектердi пайдалану, басқа да көптеген жайттарды талай жыл тұмшалап келген қалың шымылдық түрiлiп, тұман сейiлдi. Бiр айта кетерi, аталмыш құжаттардың барлығы дерлiк 60-жылдардың басы және орта шенiне қатысты, АҚШ-тың халықаралық және iшкi саясатына сәуле түсiретiн құжаттар. Осыған дейiн тәуелсiз, бейтарап сарапшылар айтып келгендей, ОБР (ЦРУ) 60-жылдары Фидель Кастроны талай рет у берiп өлтiрмек болған, бiрақ бұл жоспарлары сәтсiздiкке ұшыраған. Ал 1961 жылы Конго республикасының премьер-министрi Патрис Лумумбаның атып өлтiрiлуi де осынау құдыреттi құпия қызметтiң ұйымдастыруымен жүзеге асырылыпты. Президент Джонсон мен Никсонның тұсында, заң жүзiнде қатаң тыйым салынғанына қарамастан, 300 мың американдық азаматтарды астыртын аңдуға жол берiлген көрiнедi, тiптi, «АҚШ-тағы соғысқа қарсы ұйымдарды қаржыландыруда» деген айыппен атақты «Битлз» тобының әншiсi Джон Леннон да осындай аңду мен iз кесуден құтыла алмаған. Әрине, мұның бәрi бұрын да ылғи айтылып, жазылып жүрген жайттар болғанмен, АҚШ-тың барлау басқармасы мұны алғаш рет ресми түрде мойындап отыр.

ЦРУ-дiң өкiлi Джордж Миттлдың айтуынша, агенттiк басшысы Майкл Хайден «барлау басқармасының қоғам алдындағы ашықтығын» дәлелдеу үшiн осынау құпия құжаттарды жарыққа шығаруға рұқсат еткен.

Бiрақ, 40-45 жыл бұрынғы шаң басқан ескi құжаттардың жарыққа шығарылуы қоғамның, әсiресе, атышулы құпия қызметтер iс-әрекеттерiнiң ашықтығын дәлелдей қоятынына күмән келтiрушiлер де сансыз. Сондықтан да бiрсыпыра американдық сарапшылар: «Арнайы қызметтердiң қызметiн жақсарту үшiн 2001 жылғы 11 қыркүйектегi террорлық әрекеттер мен ОБР-дiң құпия түрмелерi туралы құжаттарды жариялау керек. Бiз үшiн Фидель Кастроны улап өлтiруге тырысқандары емес, осы жағдайлар аса маңызды», – деп мәлiмдеуде.

Бiр бұл ғана емес, iргемiздегi Ресейдiң Федеральдi Қауiпсiздiк қызметi де (ФСБ) құпия әрекеттерiн өз отандарында ғана емес, посткеңестiк елдерде, тiптi, Батыс мемлекеттерiнде де жандандыра түсуде. Кейбiреулер мұның астарынан бұрынғы құпия қызметтiң полковнигi Владимир Путиннiң ықпалы мен iс-әрекетiн танып жүр. Әсiресе, Лондонда КГБ-нiң бұрынғы полковнигi А.Литвиненконың полониймен уландырып өлтiрiлуi әлгi күдiктi одан әрмен үстемелей түскен.

Маусым айының соңғы күндерiнде Қазақстанның Ұлттық қауiпсiздiк комитетi де Астанада «Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудегi ғылыми зерттеулердiң актуальдi бағыттары мен осы заманғы проблемалары» атты ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырғаны мәлiм. Осылайша олар елiмiздiң бiлiктi, жетекшi ғалымдары мен зерттеушiлерiн өз жұмыстарына белсендi түрде тартпақ, тығыз қарым-қатынас орнатпақшы.

Жоғарыда айтылып отырған оқиғалар мен жайттардың астарында қандай да бiр тiкелей байланыс бар ма? Соңғы уақытта бүкiл әлемде барлау және құпия қызметтердiң өз жұмысын жандандыра түсуiнiң себебi нелiктен?

2004 жылы Қазақстан қауiпсiздiк комитетi жанынан арнаулы ғылыми-зерттеу институты құрылып, өз жұмысын бастағанын елiмiзде бiреу бiлiп, бiреу бiле қоймас. Аталмыш институт қарсы барлау, террорға қарсы әрекеттер, елдiк әлеуметтiк-саяси тұрақтылығы мен экономикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, саяси және дiни экстремизмге, есiрткi саудасы, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң басты бағыттарын белгiлеу, талдаумен шұғылданатын аса беделдi құрылым.

Дегенмен, қауiпсiздiк комитетiндегiлер бұдан былай өз жұмыстарына бейбiт ғалымдарды да тартуға бел байлап отыр. Қазақстан Ұлттық қауiпсiздiк комитетi төрағасының бiрiншi орынбасары Владимир Божко мырзаның пiкiрiнше: «Қазақстан ғылымының мүмкiндiгi аса зор. Бiзде аттары әлемге әйгiлi ғалымдар жетерлiк, олар қоғам дамуының проблемаларын жалпы жүйелiк түрде – экономика, саясат, әлеуметтiк даму, экологиялық түйткiлдермен астастыра қарастыруға қабiлеттi. Осынау проблемалардың әрбiрiн қарастырғанда бiз барша мемлекеттiк құрылымдармен тiзе түйiстiре отырып жұмыс жүргiзер тұстар жетерлiк».

Әлбетте, Ұлттық, мемлекеттiк қауiпсiздiктi непғұрлым берiк қамтамасыз ету үшiн осыншама мүмкiндiктердi тиiмдi пайдаланбаудың өзi жөнсiздiк, жiгерсiздiк болар едi. Орталық Азия аймағындағы жалпы iшкi тұрақтылықты қамтамасыз ету, сонымен қатар, осындағы әрбiр мемлекет пен одан тысқары жерлердегi қауiпсiздiк жағдайын жүйелi түрде сараптап отыру, қауiптердi алдын ала болжау үшiн арнайы қызметтердiң жинақтаған және талдаудан өткiзетiн оперативтi ақпараттары жеткiлiксiз, қалыптасқан жағдайды тұтас қамту үшiн мұндай жұмысқа саясаттанушылар, психологтар, әлеуметтанушылар, тарихшылар тағы басқалардың көмегi қажет болатыны сөзсiз.

Владимир Божко ғалымдарды қауiпсiздiк комитетiне көмектесуге шақыру арқылы ұлттық қауiпсiздiктi бекем қамтамасыз ететiнiне сенiмдi. Бiрақ, атышулы КГБ-ның өзi КСРО-ның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ете алмай қалған, әлемдегi ең алып державаның қысқа уақытта ыдырап кетуiне жол берген. Мұның объективтi себептерi де болғанға ұқсайды. В.Божконың айтуына қарағанда, КГБ ең әуелi мемлекеттiң, содан кейiн қоғамның, ең соңында ғана жеке адамның мүдделерiн қорғаған. «Ал бiз қазiр Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң әдiстерiн түбегейлi қайта қарадық, – дейдi ол. – Бiз ең әуелi жеке адамның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қажеттiлiгiн басты орынға қоямыз, сосын қоғамның қауiпсiздiгi, ең соңында барып мемлекет қауiпсiздiгi сөз етiледi».

Әрине, Ұлттық қауiпсiздiк мәселесiне қатысты қалыптасып отырған мұндай көзқарас көп нәрсенi түбегейлi өзгертуi ықтимал. Бұрынғы КСРО-да КГБ-ның қызметiн компартия тiкелей бақылап, қауiпсiздiк қызметкерлерi Орталық Комитеттiң нұсқауымен әрекет ететiн болса, Қазақстанда бұл «Ұлттық қауiпсiздiк комитетi туралы», «Ұлттық қауiпсiздiк туралы» т.б. Заңдармен нақты реттелiп отыр. Сөйте тұра өмiрдiң, әлемде қалыптасқан нақты жағдайлардың қысқа уақытта күрт өзгерiске ұшырап жатуы Қазақстан қауiпсiздiк қызметiнiң iс-әрекеттерiне де тың өзгерiстер әкелетiнi күмән туғыза қоймайды.

Осы ретте американдық саясаттанушы А.Коэннiң 1997 жылы маусым айында АҚШ-тың саясаткерлерi мен дипломаттарына: «…Кеңес Одағы ыдыраған соң Кавказ бен Орталық Азияның ресейлiк ықпал аймағы болмай қалғанын ұғыну қажет… Посткеңестiк Ресейде әскери күштi ашықтан-ашық қолдану арқылы империяны қайтадан қалпына келтiру үшiн қажеттi соғыс ресурстары және қоғамның ерiк-жiгерi де жоқ. Құрама Штаттар Еуразияда бұрын-соңды болмаған деңгейде әрекет ету еркiндiгiне ие болып отыр», – дегенi ойға оралады. Ал арада өткен он жылда Ресей Федерациясы да мейлiнше күшейiп, Орталық Азияда өз мүдделерiн белсендi түрде жүргiзуге және қорғауға мүмкiндiк алып отыр.

Мұның бәрi Қазақстанның Ұлттық, мемлекеттiк қауiпсiздiгiне жаңа көзқарас қалыптастыруды қажетсiнедi. Ұлттық қауiпсiздiк комитетi жаңа заман талапттарына сай әрекет етуде ме? Елiмiздегi қауiпсiздiк, арнайы қызмет адамдарының iс-әрекеттерi әрқашан заң аясынан, белгiленген ережелерден ауытқымай ма? Арнаулы қызметтердiң күнделiктi жүзеге асырып жатқан iргелi iс-жұмыстары жөнiнде қоғам, адамдар қаншалықты хабардар?!

Комитет жүргiзген аса iрi құпия операциялар жөнiне келетiн болсақ, әнебiр жылы Рахат Әлиев Ұлттық қауiпсiздiк төрағасы орынбасарының орынтағына отырғаннан кейiн, елiмiздiң арнаулы қызметтерi Қазақстан тарихында бұрын-соңды жүзеге асырылмаған операцияны жоспарлап, iске асырды. Алыс Африкадағы артта қалған мемлекеттердiң бiрiне заңсыз сатылып кеткен әскери-транспорттық ұшақты елiмiзге қайтарды. Аталмыш ұшақ елiмiздiң азаматтық авиациясына қаншалықты қажет болғанын кiм бiлген, әйтеуiр сол операцияның нәтижесiн ақпарат құралдары, әсiресе, кейбiр телеарналар арқылы насихаттау кең жолға қойылғаны рас. Қазiр сол ұшақ қайда екен, а?!

Сонау бiр жылдары елiмiзде «Сахарный центрдың» құрылуына және жұмысын өрiстетуiне Ұлттық қауiпсiздiк комитетi қызметкерлерiнiң ықпалы мен септiгi бар» деген қауесеттiң қаулағаны мәлiм. Қалай болғанда да, аталмыш орталыққа қарасты сауда нүктелерiнде жинақталған қаржыны әрбiр кеш сайын беттерiне нықап (маска) киiп, автомат асынған азаматтардың жабық машиналармен әкетiп жүргендiгi көпшiлiкке мәлiм-тұғын.

Сол қауесет шындық па едi? Құпия қызмет адамдарының елiмiздегi бизнеске ықпалы қандай? Олар қанша құрылымдарға иелiк етуде? Осындай және бұдан басқа да сансыз сауалдарға әзiрше нақты жауап берiлген жоқ. Бiрақ бұндай күдiктердi елемей құтылуға да болмайды, қоғам ертелi-кеш бұл сұрақтарды нақты және ашық түрде қоятыны сөзсiз.

Әлгi «Сахарный центрдың» жұмысына келетiн болсақ, бiраздан берi Қазақстанда қорапшасының сыртында «қант» деген де емес тiптi, «сахар» да емес, «Захар» деген түсiнiксiз жазуы бар қанттар көптеп сатылып жүр. Аталмыш орталық шығаратын осындай қант қазiр телеарналарда, сонымен қатар, көшелерде де жарнамаланып жүр. «Захар» дегеннiң не сәнi екенiн кiм бiлсiн?! Бәлкiм, бiреудiң досы, арғы атасы, құдасы, қайын атасының аты ма екен? Әйтеуiр түсiнiксiз. Әлгi қорапшаның сыртындағы сурет, дәлiрегi, шимай-шатпақ сызбалар «Известия» газетiнiң суретшiсi Андрей Бильжоның қаламынан туған. Ал оның Қазақстан қантына қандай қатысы болуы мүмкiн екендiгi мүлдем түсiнiксiз. Ондай ортанқол суретшiлер өз елiмiзде де жетiп жатыр емес пе?!

Оппозицияның бiрсыпыра беделдi, елге танымал өкiлдерiнiң құпия өлiмдерiне де ҰҚК-нiң лауазымды қызметкерлерiнiң тiкелей қатысы барлығы туралы лақаптың басылмай тұрғанына да бiршама уақыт болды. Расымен бұл солай ма, жоқ, жалған айыптаулар ма? Қоғам, қалың көпшiлiк бұған да қанағаттанарлық жауап ала алмай отыр. Тiптi, құдiреттi комитеттiң бұрынғы төрағасы Н.Дүтбаевтың беймезгiл әрi шұғыл түрде қызметтен кетiрiлуi адамдардың көңiлiндегi күдiктi бұрынғыдан да бетер өршiте түскенi даусыз.

Тағы бiр таңданарлығы, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiндегi бiрсыпыра азаматтардың өздерiне сенiп тапсырылған мемлекеттiк аса маңызды жұмыстарды, жауапты тапсырмаларды да жүрдiм-бардым атқаратыны. Сондықтан көптеген жауапты iстердiң соңы орынсыз күдiкке ұласып жататынына жұртшылықтың етi үйренiп алған сыңайлы. Мәселен, биылғы жылы ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң (ҰБТ) сұрақ-жауаптарын аса құпия сақтауға, жемқорлық пен ұйымдасқан қылмыстардың жолын кесуге талаптанып, аталмыш мемлекеттiк құпияны қатаң қадағалау қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерiне сенiп тапсырылған болатын. Амал нешiк, Үкiметтiң үмiтi желге ұшты. Мейлiнше насихатталған, жұртты алдын-ала жаппай ескертiп, үрейлерiн алған шара еш нәтижесiз аяқталып, көп ұзамай-ақ ҰБТ-ның сұрақ-жауаптары астыртын жымқырушылардың қолына тарап кеткен. Осылайша мемлекет атына тағы бiр қара күйе жағылды. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң қазiргi заман талабына сай жұмыс атқара алатынына күмән келтiрушiлер қоғамда бұрынғыдан да көбейе түстi. Ал Ұлттық қауiпсiздiк – мемлекет баяндылығының басты кепiлi екенiне еш күмән болмауы керек. Уақыт талабы сондай.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары