ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫ – ДОМБЫРАДА

ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫ – ДОМБЫРАДА

ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫ –  ДОМБЫРАДА
ашық дереккөзі
882

"Қазақконцерттiң" кең залында "қазақ ұлтының шежiрешiсi, терең тарихының куәгерi киелi аспап домбыраға арналған, "Домбыра" журналының жарық көруiне байланысты, керемет кеш өттi. Журналдың идеясы мен жобасын жасаған ғалым Жасарал Еңсепов.

"Домбыра" журналы ұлттық музыка өнерiн, әдебиетi мен тарихын, философиясы мен психологиясын, педагогикасын насихаттаумен қатар олардың рухани астары осы бiр киелi аспап үнiмен байланысты екенiн халыққа жеткiзудi көздейдi.Сондай-ақ домбыра, қобыз, шертер, сынды аспаптар туралы және де күй аңыздары мен шежiрелерiн, музыканы орындау ерекшелiгi жайлы өнегелi сөздердi талқыға салады.Домбыра үйренем деушiлердiң тiлегiне орай "Домбыра үйрену әлiппесi" жүргiзiледi.Тағы бiр ерекшелiк – жазылған материалдарға лайық күйлердi СД дискiге жазып тыңдау да қамтылған. "Домбыра" журналы қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде жарық көредi. Негiзгi тақырыптық бағыты: фольклор-музыка, мәдениет-өнер, әдебиет-тарих, философия-психология, саласындағы материалдарды жариялау. Журналдың жарық көруiне демеушiлiк көрсеткен Атамекен транс-сервис компаниясының директоры Ускенов Қанат мырза. Ақылдастар алқасының құрамында елiмiзге белгiлi ғалымдар Сейт Қасқабасов, Ақселеу Сейдiмбеков, Өмiрзақ Озғанбаев, Қаршыға Ахмадияров, Айтқали Жайымов, Сержан Шәкiратов, әншi Бекболат Тiлеухан, композитор Базарбай Жұманиязов, актер Құдайберген Сұлтанбаев, ақындар Нұрлан Оразалин, Фариза Оңғарсынова сынды тұлғалар бар. "Домбыра" – бүкiлхалықтық журнал.Өйткенi домбыра дыбысы сан құбылып құлпырып, адам бойын билеп қызықтырады.Үйренуге қабiлетi жоғары адам, өнердi игеруге бейiм келедi.Атам қазақтың тәрбие мен өнердiң басты құралына домбыраны айналдыруы тегiн емес. Домбыра өнерi хан мен сұлтанның қаһарын тоқтатқан.Батырға күш, ақынға шабыт бiтiрген.Бiлiксiзге бiлiк, көрiксiзге көрiк берiп рухсыздың рухын оятқан аспап. Домбыра өнерiнiң ой тәуелсiздiгiне де ықпалы зор "…Ақыл ойы басқа ұлтқа тәуелдi болған халық, сайып келгенде, ынжық, дәрменсiз, өресiз болып, бiреудiң ақылымен жүретiн адам сияқты келедi" деп Амангелдi Айталы ағамыз ой түйiндейдi.Демек дамудың даңғыл жолына түскен қазақ ұлты, құлдық психологиядан арылуы керек.Ал ол ойдың тұщымды болуына ықпал ететiн бiрден-бiр құрал – домбыра. Домбыра – қазақтың жаны, түп тамыры, ұлттық психология көзi, ұлттық ағартушылықтың бастауы,ұлттық тәрбиенiң дiңгегi. Домбыра өнерi мыңдаған жылдар бойы осынау қазақ ұлтының ұйытқысы, дамытушысы қызметiнен еш төмендемей, керiсiнше үдеп дамып келедi.Домбыраның одан әрi мәртебесiн арттыру–бүгiнгi ұрпақтың мiндетi болмақ.
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА  

Серіктес жаңалықтары