МЕЙРАМ ЖАНАЙДАРҰЛЫ
МЕЙРАМ ЖАНАЙДАРҰЛЫ
Ұлт ретiнде бiз тәуелсiздiк алған кезеңге дейiн жазуы мен әдебиетi, қолөнерi мен мәдениетi тек Кеңес заманында, Қазан төңкерiсiнен кейiн қалыптасқан, соның арқасында көздерi ашылып, қатарға кiргендер тобына телiнiп, бұрын ауызға алып, тiлге тиек етерлiктей ештеңесi жоқ, жартылай жабайы, тексiз тұрпайы, өркениетке өгей, тарихы татымсыз, мәдениеттен мақұрым ел қатарында аталып келдiк. "Адамзат тарихында тұңғыш рет атқа мiнудi меңгерген, сондықтан шалбарды ойлап тауып, бүкiл дүние жүзi халықтарының бұтын жапқан көшпендiлер" (П.Савицкий) ұрпақтары екендiгiмiздi басқалар түгiл, өзiмiз де ұмыта бастаған жағдайға жеттiк. Саясат соққысынан мың құладық, мың түрегелдiк. Бойымызда қан, кеудемiзде жан болғаны болмаса, тегiмiздi түгендеп, асылдарымызды айқындай алмадық. Оған тек тәуелсiз ел болғандығымыз ғана тiкелей жол ашып отыр…
Алайда бұл кезеңнiң де өз проблемалары жетерлiк. "Технократтық даму ұлттық атаулының бәрiн кемiрiп, жалмап, обып құртып барады. Iшiңнен шыққан балаңа "бiз осындай болып едiк" деп нандыра алмайсың. Ал, өзiндiк қасиеттен айрылған ел өледi. Ұлтты өлтiрмейтiн оның төлтума мәдениетi ғана. Сондықтан, азапты өмiрдi тәңiрiнiң сыбағасына балай жүрiп, өткеннiң асылдары болашақ ұрпақтың жан-жүрегiн жылытуы үшiн қол жалғап жiберуiмiз қажет-ақ", — дейдi белгiлi ғалым Тарақты Ақселеу (Күй шежiре, Алматы, 1992 ж.).
Т.Ақселеу қазақ зиялыларының алдында тұрған қазiргi мақсатты айтып отыр. Мұндай арман, мұндай ой жолында бойларындағы қарым-қабiлетiн сарқа жұмсаған қажырлы тұлғалар қазақ арасында бұрын да аз болмаған. ХIХ-ХХ ғасырлар тоғысында өмiр сүрген, кезiнде есiмi Омбы, Орынбор, Түркiстан үштағанының ортасындағы байтақ аймаққа кеңiнен тараған Ұлытау өңiрiнiң қазағы Мейрам Жанайдарұлы осындай озық ойлы азаматтардың бiрегейi болды десек, ақиқаттан алшақтай қоймаймыз. Оның өз заманында туған халқының материалдық мәдениетiн, төлтума қолөнер үлгiлерiн дүниенiң төрт бұрышына насихаттау жолында атқарған жұмысы және осы туралы сол кездегi құжаттар мен баспасөзде, кейiнгi зерттеушi ғалымдардың еңбектерiнде көрiнiс тапқан нақты деректер Мейрам бабамыздың еңбегiн бүгiнгi биiгiмiзден осылай бағалауға негiз боларлықтай.
Мейрам Жанайдарұлы 1844 жылы бұрынғы Ақмола дуанына қараған Әлке-Байдалы болысында туып, 1921 жылы Атбасар оязының Терiсаққан болысында (атауы өзгергенi болмаса, барлығы бiр жер — Қ.А.) қайтыс болған. Кәдiмгi 1837-1847 жылдар аралығында Кенесары ханның бас батырларының бiрi болған Орынбайдың Жанайдарының бел баласы. Осы Жанайдар Ақмола дуанының аға сұлтаны Қоңырқұлжаның ауылын шапқанда оны ажалдан қалай алып қаламын деп, "Ақ жол" атты қазақы ем-дом жасататыны көрнектi жазушы I.Есенберлиннiң "Қаһар" романында жан-жақты баяндалған. Сол оқиға негiзiнде ел есiнде сақталған мынандай өлең де бар:
"Жанайдар артық туды жатырынан,
Оқ тидi Жанайдардың балтырынан.
Бiр айла өлмес жанға бола ма деп,
Аттайтын қатын iздедi ата ұлынан.
Аттайтын бiр де қатын табылмады,
Төрелер тұңiлiп тұр қатынынан!".
Жанайдар сияқты тектiнiң тұяғы Мейрамның аты халық жадында оның байлығы, соған сай сән-салтанаты немесе атқарған лауазымды қызметтерi арқасында қалған жоқ. Мұсылманша терең, орысша сол заман шеңберiнде бiр кiсiдей сауатты Мейрам халқымыздың өнер үлгiлерiн жинақтау мен насихаттаудағы қыруар қызметiмен алыс-жақынға түгел танылды, тiптi қазақ мәдениетiнiң озық жәдiгерлерiн империя аумағынан асырып, шетел көрмелерiне шығарған тұңғыш қазақтардың бiрегейi болды.
Мейрамның сол замандағы өнер зерттеушiлердiң көзiне түсуi, баспасөз деректерiне қарағанда, 1868 жылы ақ патша Александр II-шiнiң мұрагерi, ұлы князь Владимирдың Қазақ жерiне сапарына орайлас келедi. Осы оқиғаға байланысты Омбы қаласында қазақ тұрмысын көрсететiн керемет көрме ұйымдастырылады. Байтақ өлкеден император ағзамның құзырына толығынан көшкен халықтың төлтума қолөнерiнен, кәсiп-қарекетiнен, үрдiс-дәстүрiнен көрiнiс беретiн қыруар асыл жәдiгерлер жиналып, Ертiс бойына iшкi-сыртқы жасауы жарасқан ауылдар қондырылып, үлкен салтанат өтедi. Ат шабыс, балуан күресi, жамбы ату, көкпар, қыз қуу, ақындар айтысы секiлдi шаралар өткiзiледi.
Осы жиында Атбасар оязындағы Ұлытау өңiрiнен келген Мейрам Жанайдарұлының терезелi он екi қанат киiз үйi айрықша бағаланып, ол жайында "Современная летопись" журналында этнограф В.Воиновтың көлемдi мақаласы жарияланады (Народный киргизский праздник по случаю прибытия в Сибирь Великого князя Владимира Александровича, №24, 1868).
1876 жылы Санкт-Петербургте Шығыс мәдениетiн және тiлдерiн зерттеушiлердiң (ориенталистердiң) халықаралық 3 конгресi өткiзiлген. Осы жиынға дайындық барысында қазақ даласынан жаңа мұрағаттар жинастырылғаны, елiмiздiң Орталық архивiнде сақталып тұрған, сол жылдың ақпан айының 9-ы күнi конгрестiң ұйымдастыру комитетiнiң төрағасы К.А.Лазарев қол қойған (369 қор, I тiзiм, 6934 iс) Көкшетау, Сарысу және Ақмола ояздарының бастықтарына және белгiлi қазақтарына жолданған үндеу мазмұнынан белгiлi.
Осы құжатқа Мейрам Жанайдаровтың, Бимендi Ерденовтың (Ерден Сандыбайұлының баласы — Қ.А.) және Атасу өңiрiнiң қазағы Жарылғапбердiнiң есiмдерi аталып, бұл адамдарға қазақ халқының салт-дәстүрiн, төлтума мәдениетiн көрсететiн қолданбалы өнер туындыларының небiр озық үлгiлерi сақталынып келе жатқандығы және осындай бұйымдарды олардан алып, конгресс аясында өтетiн көрмеге жеткiзу тапсырылған. Қатынас-тапсырма аяқсыз қалмағандығына осы жиында Мейрам Жанайдаровтың жасау-жабдығы, сән-салтанатты айрықша әсем киiз үйiнiң тiгiлгендiгi дәлел (Ә.Марғұлан, Қазақтың ұлттық қолданбалы өнерi. Алматы, 1986 ж.). Бұл киiз үй қазiрде Ресейдiң Мемлекеттiк Эрмитажында сақтаулы.
Қағазға түскен деректерде сол конгресте Мейрам Жанайдаровтың көптеген бұйымдары, оның iшiнде асыл маталардан зер салып, бағалы аңдардың терiлерiмен көмкерiп, ұлттық ою-өрнектерге малындырып, түймелерiне дейiн алтын-күмiстен соқтырған, үлкен талғаммен қас шеберлерге тiктiрген киiмдердi ғалымдарды да, көрменi қызықтаушыларды да тамсандырғаны, таңдандырғаны айтылады. Әсiресе, олардың iшiнен құлын терiсiнен тiгiлген жарғақ iшiк, көлемдi күмiс түймелерi көз тартатын, терiден тiгiлген жеңiл шапандар, сәндi тақиялар ер адам киiмдерiнiң озық үлгiлерi ретiнде айрықша назар аударатындығы атап көрсетiлген.
Мейрам Жанайдарұлы осы жолы көрмеге жiберген дүние-мүлiктер арасында бұлармен бiрге алтынмен апталып, күмiспен қапталып, маржан, ғауһар, лағыл сияқты асыл тастардың түр-түрiмен өрнектелiп, бармағынан бал тамған шебердiң қолынан шыққан жас келiншектiң сәукелесi, алтын доғалы iнжу-маржан ұзын бойына тiзбектеле өрiлген әйел белбеуi секiлдi заттар болған. Көрмеге қойылған көптеген көлiк әбзелдерiнiң iшiнен Мейрамның алтынмен әшекейленген ер-тұрманы көшпелiлер сән-салтанатының ғажайып белгiсi деп бағаланған. Адам таңырқағандай бұйымдар iшiнде сабы құстың басы бейнесiнде сүйек пен мүйiздi араластырып, асыл металдармен өрнектелiп жасалынған саба пiспегi мен осындай ожаулар жайлы да сипаттамалар берiлген (Известия Русского географического общества, ХХII том, 32-303 б.). Бiле бiлсек, бұл Мейрамның өз байлығын емес, ұлтымыздың мәдениетi мен өнерiн алысқа танытуы едi.
1891 жылы (желтоқсан) Романовтар әулетiнiң тақ мұрагерi Николай Александрович (1894-1917 жылдарда Ресей императоры болатын Николай II) қазақ даласында болып, осы сапардың құрметiне Омбыда үлкен салтанат өтедi. Бұл тойдың шараларына Мейрам Жанайдарұлы белсене қатысып, далалық мәдениет үлгiлерiн әр қырынан көрсеткен. Мерекеге байланысты "Дала уалаятының газетiнде" 1892 жылдың 1-7 сандарында берiлген мақала-репортаждарда Мейрамның есiмi бiрнеше рет аталып, оның тiккен үйi, ондағы жасау-жиһаз, қару-жарақ, киiм-кешек түрлерiн талғампаз сарапшылардың қалай бағалағаны және жарысқа қосқан аттарының қазақ даласынан жиналған жүйрiктердi шаң қаптырып кеткендiгi жайлы айтылады.
Патша мұрагерiнiң осы сапары жайлы "Путешествия государя императора Николая II-го на Восток" атты кiтап, ол таққа отырғаннан кейiн, 1897 жылы Санкт-Петербургте басылып шықты. Бұл еңбекте де Мейрам Жанайдарұлының сол көрмеге әкелген асыл бұйымдары, жүйрiк аттары т.б. негiзiнде қазақ тұрмысының сән-салтанат ерекшелiктерi жайлы орыстың өнер зерттеушiлерi мен этнограф ғалымдары айрықша қызығушылық бiлдiрiп, ықылас-таңданыспен баяндайды.
Романовтар әулетiнiң таққа отырғанына 300 жыл толуы 1913 жылы Омбы қаласында атап өтiлiп, осы мерекеге байланысты өткiзiлген көрмеге Мейрамның сәнiне салтанаты жарасқан киiз үйi тағы да тiгiледi. Оның сол түсiрiлген "Атбасар оязындағы Мейрамның киiз үйi" деген жазуы бар суретi Қазақстанның Орталық Мемлекеттiк мұражайында сақтаулы.
Қолда бар осы мәлiметтердi тәптiштеп баяндап отырған себебiмiз — Мейрам Жанайдарұлының байлығын дәрiптеу емес, оның ұлтымыздың төл мәдениетiн насихаттауға қосқан ересен еңбегiн бүгiнгi және келешек ұрпаққа нақты мысалдар негiзiнде таныстыру. Мейрам — қазақ халқының қолданбалы өнерiнiң бiрегей жанашыры, насихатшысы болып қана қойған жоқ, оның дамып өркендеуiне саналы ғұмырында бойындағы бүкiл қабiлет-қарымын, талғам-танымын, қаржы-қаражатын сарқа жұмсаған азамат десек, ешбiр қателеспеймiз. Мейрамның киiз үйi құрылысына, жасау-жиһазына, ат-көлiк әбзелiне, әшекей бұйымдарға, киiм сәнiне ерекше мән-маңыз берiп, маңайына оларды жасайтын бармағынан бал тамған, ағаш пен темiрден түйiн түйетiн ел iшiндегi айтулы шеберлердi топтастырып, олардың кәсiби деңгейлерiн барынша дамытуға күш салған, сол үшiн ешқандай шығыннан тартынбай, өзiне бiткен байлықты мақсатты түрде жұмсаған адам екендiгiне ауыздан ауызға көмескiленбей көшiп келе жатқан ел арасындағы әңгiмелер де, қағазға түскен тарихи деректер де шүбәсiз сендiредi.
Әкесi Жанайдар батырдың бес қаруын айтпағанның өзiнде, Мейрам ежелгi қазақ сарбаздарының неше түрлi қару-жарақтарын жинастырып,оларды жаңартып, қастерлеп, қадағалап ұстап, баға жетпес ата мұрасы үлгiлерiн балаларына асыл аманат қылып қалдырған. Бүгiнгi мұражайлардан шам алып iздесек табылмайтын ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетiмiздiң талай асыл нұсқалары оның үйiнiң төрiнде тұрған. Сондықтан, Мейрам үйi таза халықтық мұражайы едi десек, мұнымыз — жаңсақ пiкiр, әсерлеп айтқандық емес, ақиқаттан туындаған түбегейлi тұжырым.
Салыстырмалы түрде қарағанда, орыс көпесi Е.М.Третьяков өз ұлтының суретшiлерiнiң туындыларын әлемге дәрiптеп, аты онысымен тарихта қалса, қазақ байы Мейрам Жанайдарұлының бұл саладағы көп қырлы қызметi ұлтымыздың мәдениетi мен өнерi үшiн көпестiң еңбегiнен бiр мысқал кем емес.
Сондай-ақ, Мейрам — аңшылық, саятшылық өнердiң ұлттық түрлерiне орасан зор мән берiп, қазiрде тұқымы құрып кетудiң аз-ақ алдында тұрған құмай тазы, арлан алыпсоқ иттер мен қыран құстарды баптап ұстап, маңайындағы елге озық өнеге көрсеткен адам. Оның қазақ жылқысын асылдандыруға сiңiрген еңбегi ұшан-теңiз. Мейрамның ағылшын, түрiкпен жылқыларымен қазақы тұқымды будандастыру нәтижесiнде арғымақтың суыққа төзiмдi, тұяғы берiк, тұғырлы тұқымын өсiрiп шығарғандығын, ол жүйрiктердiң небiр үлкен бәйгелердiң басын бермегендiгiн 1892 жылы "Дала уалаяты газетiнде" жарияланған мақаладан (№ 1-7) байқауға болады. Онда Омбыға келген тақ мұрагерi Николай Александровичтiң өз қолынан он шақырым қашықтықта өткiзiлген ат жарысында қосқан атының бiрiншi болып келгенi үшiн Мейрам Жанайдаровтың бас бәйгеге алтын баулы сағат алғандығы жазылған.
Жергiлiктi жылқы тұқымын асылдандыру саласындағы еңбектерi үшiн Мейрам Жанайдарұлы Батыс Сiбiр генерал-губернаторының заттай наградаларымен сегiз рет марапатталған. Олардың iшiнде екi оқалы шапан, алты сағат, алтын жүзiк сияқты бағалы заттар болған. Төрт рет мақтау дипломын алған. Бұл жайлы мәлiмет беретiн құжат елiмiздiң Орталық архивiнде сақтаулы тұр.
Мейрам осыншама еңбектi не үшiн iстеген? Малды қайда шашарын бiлмеген бе? Әлде, атақ-дәреже қуғандық, даңғаза даңғойлық па? Мәлiметтер оның бұндай алдамшы пендешiлiктен ада, алдына қойған мақсаты айқын, өз заманының бiлiктi, көзi ашық, көкiрегi ояу сауатты, мәдениеттi азаматы болғандығын көрсетедi. Ол, бiрiншiден, отар қамытын киiп, тағдырдың тәлкегiне түскен елiнiң болашағын ойлаған. Империяның темiр шеңгелiнен ендiгi жерде босанудың қиын екендiгiн болжап, қайсiбiр ұлттық астамшылық пиғылдағы шенеунiктер айтатындай қазақ халқының жабайы, мәдениеттен мақұрым ел еместiгiне әлем жұртшылығының көзiн жеткiзуге күш салған, сол мақсатқа жетудiң жолдарын, оңтайлы тәсiлдерiн iздестiрген. Нақты iстер арқылы қазақтың да әлемдiк өркениет тарихында өзiне тиесiлi орны бар ел екендiгiн ұғындыру, көрсету, дәлелдеу оның саналы ғұмырының мәнiне айналған. Мейрам бабамыздың өле-өлгенше ұлтымыздың материалдық мәдениет үлгiлерiн барынша насихаттап, мүмкiндiгi келгенше басқаларға таныстырып өтуi — оның осындай баянды бағыт-бағдар ұстағандығының, алдына мағыналы мақсат қойғандығының кемел көрiнiсi, нақты нәтижесi.
Баяндалып отырған деректер Мейрам Жанайдарұлының өнегелi өмiрiнде атқарған шаруаларының бiр ғана бөлiгi. Орысша сауатты Мейрам жастау шағында Атбасар оязы бастығының көмекшiсi болған, кейiнiрек ұзақ уақыт бойы Терiсаққан болысын басқарған. Жiгiт ағасы жасында Мекке-Мәдинеге мiнәжат етiп, Мейрам қажы атанып, ресми қызметтерiн тоқтатқаны мәлiм. Оның бойына бiткен басты қасиеттерiнiң бiрi — ақындық. Бұл саладағы Мейрамнан қалған мұралар, атап айтқанда ақынның "Үш дос" дастаны мен Мүслима қызбен айтысы ел аузынан 1930 жылдарда С.Талжанов пен Ғ.Орманов жазып алған басқа да өлеңдерiмен бiрге Ұлттық Ғылым академиясының Орталық кiтапханасының қолжазба қорында сақтаулы.
Әлем әдебиетiнiң iнжу-маржаны саналатын "Мың бiр түндi" өлең етiп өрген дастаны — Мейрам қажының көркемдiгi және мән-маңызы жағынан ең шоқтығы биiк шығармасы. 1895 жылы "Дала уалаятының" тоғыз санында қатар жарияланған (№41-50) дастан газет өмiр сүрген кезеңде оның бетiнен орын алған ең көлемдi еңбек, көзi ашық қазақ қауымын елең еткiзген iргелi мәдени құбылыс болды.
Ұлттық мәдениеттiң, өнер-өркениеттiң жаңғыруы жолында Мейрам Жанайдарұлы бастамашы болған жұмыстар аз емес. Соның бiрi — ол кiсiнiң қазақ шежiресiне этнос тарихының iргетасы, басты дерек көзi ретiнде қарап, оны жинастыруды ұйымдастыруы. Ол 1912 жылы "Айқап" журналының бiрiншi санында жарияланған мақаласында қазақ елiнiң тарихын бiлу үшiн шежiрелердi ғылыми тұрғыдан сараптап, бiр жүйеге келтiрiп, кiтап етiп бастыру керектiгiн айтып, аса маңызды мәселе көтерген.
Көзi ашық, көкiрегi ояу, көреген азамат Мейрам өз ұрпақтарына мұсылманша оқумен қатар орысша бiлiм беруге де айрықша көңiл бөлген. Ол заманның қайда апара жатқандығын жан-жүрегiмен сезiнiп, зердемен таразылап, "ақ бiлектiң күшi, ақ найзаның ұшы" ендiгi жерде ел тағдырына шешушi ықпал етпейтiндiгiн, отаршылық бұғауын тек қана тұңғиық бiлiмдi, тиянақты iлiм мен ғылымды игергендер ғана жеңiлдете алатындығын терең түсiндi. Оның осылайша тәрбиеленген балалары Рахымбек пен Омарбектер орыспен орысша, қазақпен қазақы сөйлесе алатын сауатты, көргендi болыстар атанды.
Ортаншы ұлы Сейiлбек Жанайдаров ғасыр басында қазақ қоғамының саяси-әлеуметтiк iстерiне белсене араласқан зиялылардың қатарынан орын алды. Ол — 1913 жылы Санкт-Петербург университетiнiң заң факультетiн бiтiрген. "Алашорда" қозғалысының көрнектi қайраткерлерiнiң бiрi. 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында өткен жалпы съезiнде Ұлт кеңесiне мүше болып сайланғандығы жайлы хаттама ҚР Президентi архивiнде сақтаулы тұр.
Сейiлбек оқуда жүрген кезiнiң өзiнде қазақ елiндегi әрбiр жағымды жаңалыққа елеңдеп, оны сөзбен де, iспен де қолдап, ұлтжандылық үлгiсiн танытып отырған. "Қазақ" газетi алғаш жарық көргенде сонау Петербургтен астына бiрiншi болып қол қойып, Мұстафа Шоқай сияқты әрiптестерiмен бiрлесiп, редакцияға жолдаған хатында: "Бiз, Петербургте тұрған алты-жетi қазақ баласы, әрқайсымыз әр жақтан, әр рудан екенбiз. Бiрақ түп қанымыз бiр болғансын ойымыз да, мақсатымыз да бiр болып, бiреуiмiздiң қуаныш, қайғымыз бәрiмiздiкiндей көрiнiп, қолдарымыз азырақ жұмыстан босағандай болса, көрiсiп, сөйлеспесек көңiлiмiз орнына қонбайды… "Қазақты" бiр жағадан бас шығарып, бiр ауыздан сөз шығарып, жаста болса бастай көрiп, халық ортасына "қарақшы" қылып, әркiм шын көңiлiмен батасын берiп, халiнше не көмегi болса да тигiзiп тұрса — бiздiң мұңды жұртымыздың мұңдасып, бiрiнiң хал-жайын бiрi бiлiп тұруына да "Қазақтың" жәрдемi аз жетпес едi деп ойлаймыз", — деп ("Қазақ" газетi, №5, 1913 ж.) сыр шертуiнен де туған елiнiң тағдырына алаңдаған азаматтардың шынайы көңiлi мен жүрекжарды толғаныстарын сезiнгендей боламыз.
Ендi әңгiме желiсiнен сәл ауытқып, сол кездегi қазақ зиялыларының ара қатынастарынан құнды мағлұмат беретiн Мұстафа Шоқай мен Сейiлбек Жанайдаровтың өмiрлерiне тiкелей қатысты, олардың ағайын-туыстарына әбден белгiлi ғасыр басында болған бiр оқиғаның жай-жапсарын баяндай кеткенiмiз жөн. Төңкерiске дейiн Троицк қаласында Қазан университетiнiң заң факультетiн бiтiрген Жансұлтан Сейдалин деген зиялы азамат бiтiмшi (мировой) судья болып қызмет iстеген. Ырғыз-Қостанай жағының төрелерiнен шыққан. Ол кiсiнiң Мариям есiмдi 1912 жылдар шамасында орысша гимназия бiтiрген, "Айқап" журналында, "Тургайские областные ведомости" газетiнде өлеңдерi жарияланып, бүгiнгi қалада оқығандардай емес, ана тiлiнде де сайрап тұрған бiлiмдi, көрiктi қызы болады.
Мариям оқуын бiтiрген бойдан, Санкт-Петербургтен Мұстафа Шоқай мен Сейiлбек Жанайдаров елге демалысқа қайтып келе жатып, жолай Троицкiге қыз көруге соғады. Шамасы, ол заманда қатар жүрген жiгiттер осылайша қыз көруге бiрге бара берсе керек. Жансұлтанның үйiне қонаққа Бақтыгерей есiмдi қайнағасы келiп жатыр екен, студент жiгiттер осыған орай жиналған үлкендермен әңгiмелесiп, олармен дастархандас, дәмдес болады. Сейiлбек көп сөйлей қоймайды. Мұстафа болса, әңгiмеге жиi-жиi араласып отырады. Болашақ күйеу баланы қыздан гөрi ата-ананың, туған-туысқандардың таңдайтын кезi ғой, екi жiгiттi үлкендер Бақтыгерейге сынатыпты. Осы пiкiрдiң ықпалы болып, қыз жағы Сейiлбектi қолайлап кетiптi…
Марияммен отасқан Сейiлбектi патша үкiметi туған елiне жiбермей, оқуы бiткен соң, Витебск губерниясындағы шағын қала Ревельге заң қызметiне тағайындайды. Арада бiр жылдай уақыт өткенде Мариям баладан босана алмай, қайтыс болады. Асыл жар, аяулы арудың сүйегi империяның қиыр түкпiрiндегi Ревельде қалады…
Бұл әңгiменiң жап-жапсарын Астана қаласында тұрған белгiлi өлкетанушы Клара Әмiрқызы анамызға Мiржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апай 1995 жылы баяндап берген екен. Ол кiсi қазақтың тұңғыш ақын қызының бiрi Мария Сейдалинаның осындай аянышты тағдыры жайлы Сейiлбектiң ағасы Омарбек болыстың (белгiлi ғалым, профессор Сапарғали Омарбековтiң әкесi — Қ.А.) әйелi Гүлсайран Темiрғалиқызы Жантөрина апайдың аузынан естiптi.
Поэзия әлемiнде жарқыраған жұлдыздай қалықтар кезiнде бойына бiткен дарынын толық аша алмай ерте сөнген Мариям ақынның 1914 жылы "Айқапта" жарық көрген (№8) екi-үш қысқа өлеңiмен оқырмандарды таныстыра, табыстыра кеткеннiң ешбiр артықтығы болмас…
Тұр ендi, қазақ, ұйқыдан,
Ұықтайтын заман емес бұл заман.
Домбыра тартып, сауық құрған
Келмеске кеткен ол заман.
Болма жалқау, қазағым,
Жалқаулық елге пайдасыз.
Түсерсiң бiр күн тозаққа,
Надан болсаң айласыз.
Өкiнiшке қалып жүрме,
Алты алаш қазақ баласы.
Қаптап қала жерiңде
Айырылды елдiң арасы.
Өткен заман қайтар деп,
Көз жасыңды құр төкпе.
Атқан оғың жайпар деп,
Көз талдырма, құр күтпе!
Түн ұйқым бұзылады, түсiм қашып.
Кiрпiктерiң тiгiлген ине-оқтай,
Намысымды шу деп кетер басып.
Бұл не жылау,
Бұл не жастар?
Бұл не тарлық көкiректе.
Бұл не ашу,
Бұл не зарлар,
Бұл не жану жүректе?
Суға кеткен кемедей,
Күннен күнге су алып,
Үзiп алған гүлдердей,
Жапырақтары суалып.
Қанатын кескен лашындай.
Болдық қазақ бұл кезде.
Жетiм қалған баладай,
Телмiрерсiң әр кезде.
Өшер ме ұзын қара түн,
Түсер ме бiзге ашық күн.
Надандықтан құтылып,
Табар ма қазақ тура жөн.
Бауырым, қазақ елiм-ай,
Сыздай жүрек халыңа.
Төгемiн көзден жасымды,
Шыдамай ауыр зарыңа.
Қараңғыдан бiр дауыс
Шырқырайды "жұртым" деп.
Зарлап айтар екi ауыз,
Жылама, — дейдi — үмiт ет.
Соз қолыңды, өнер ал,
Заманға қарай амал ет.
Жем болмас нәсiлiң жаттарға,
Ашылар көзiң, табылар рет.
Алыста жүрiп, аяулы жарынан айырылып, қабырғасы қайысқан Сейiлбек Қазан төңкерiсi алдында елге оралып, Атбасарда қызметке орналасады. Оның осы кезден бастап қазақ зиялыларымен бiрге Алашорда қозғалысына белсене қатысқаны белгiлi. Кеңес үкiметi орнағаннан кейiн ол Қазақстан банкiсi мен қаржы-қаражат комиссариатында басшылық қызметтер атқара жүрiп, 1929 жылы өз ажалынан қайтыс болады.
Мейрам қажы төңiрегiне қатысты тағы бiр деректердi Омбы Мемлекеттiк архивiнен кездестiрдiк. Батыс Сiбiр генерал-губернаторы барон Таубе 1900 жылдың 4 маусымындағы бұйрығында Қызылкөл және Терiсаққан болыстарының арасындағы ұзаққа созылған жер дауын тыңғылықты шешкендер арасындағы құрметтi қазақ Мейрамның және оның баласы Терiсаққан болысының басқарушысы Рахымбек Мейрамұлының аттарын атап көрсетiп, оларды мақтау қағаздарымен марапаттапты. Бұл оқиға да Мейрам әулетiнiң әдiлеттiлiгi мен парасаттылығының бiр көрiнiсi.
Бiр аймақтың дiңгегi болған, бойына бiткен дарын-қабiлетiн, қажыр-қайратын туған жұртының құнды жәдiгерлерiн жинап, дүниеде қазақ деген кемел мәдениет пен керемет өнерге ие ел барлығын бүкiл әлемнiң жалпақ жәмиғатына танытуға аянбай жұмсаған Мейрам қажының осыншама өнегелi, iргелi шаруашылығы бай десе, болыс десе, батыр десе, би десе, басымызды ала қашып безетiн, сұлтан десе сезiктенетiн, қажы десе күдiктенетiн кешегi Кеңес заманында тоз-тозы шығып, ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кеттi. Оның еңбегiн бағалау былай тұрсын, ел Мейрамның есiмiн атауға қорыққан да кезеңдер болды.
Мейрам жинаған мол қазынадан қазақ жерiнде тамтық қалған жоқ. Ресейдiң үлкен музейлерiнiң қорларына кезiнде түскен бiрлi-жарым мұрағаттар ғана сақталынып қалғандығын жоғарыда атап өттiк. Терiсаққан бойында күйдiрген қызыл кiрпiштен Еуропа үлгiсiмен салдырған қажының үш үйiне, iшiнде қос қабаттылары да бар, кезiнде сәулет өнерiнiң тамаша туындылары ретiнде баға берiлген. Бүгiнде олар да жермен жексен, топырақ үйiндiсi болып кеткен. Терiсаққан бойы Державинскiдегi ракета сынау полигонының аумағына кiрген тұста (1950-1965) бұл үйлер түгiл, Мейрам қажының күмбездi үлкен бейiтiне дейiн аспаннан жауған алапат темiр нөсерден тегiс қираған.
Мейрамның өз жобасымен жасатқан киiз үйлерiнiң бiрi 1928 жылы оның баласы Омарбектен тәркiленiп алынып, асылдың қадiрiн бiлмейтiн шолақ белсендiлер оны әуелi Қарсақпайда түрме, кейiннен завод жұмысшыларына асхана ретiнде пайдаланғандарын көздерiмен көргендер бұл жайлы күнi кешеге дейiн әңгiмелеп келдi.
"Байлығымыз — ақылымыз, жолбасшымыз — көңiлiмiз, жолдасымыз — бiлiмiмiз, тiрегiмiз — төзiмiмiз, асылымыз — арымыз, сыншымыз — халқымыз" — деген артында терең пәлсафа қалдырған Ұлытау өңiрiнiң озық ойлы кемеңгер азаматы жайлы бұл әңгiмемiздiң мақсаты—өшкенiмiз жанып, өлгенiмiз тiрiлiп жатқан бүгiнгiдей заманда елiм деп еткен еңбектерi батыр бабалары Жанайдардан бастағанда бiр жарым ғасырдан берi жалғасып келе жатқан өнегелi, қабырғалы әулетпен бүгiнгi ұрпақты шама-шарқымыз жеткенше қолда бар мәлiметтер аясынан ауытқымай, қаз-қалпында таныстырып өту едi, қолдан келгенi осы. Олқы түсiп жатқан жерлерi алда мүмкiндiк болса, толықтырыла жатар. Мейрам Жанайдарұлының өз сөзiмен айтқанда, "сыншымыз — халқымыз" сау-саламат болсын…
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi