«ҚАЗАҚСТАН» ҰЛТТЫҚ ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ НАЗАРЫНА!

«ҚАЗАҚСТАН» ҰЛТТЫҚ ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ НАЗАРЫНА!

«ҚАЗАҚСТАН» ҰЛТТЫҚ ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ НАЗАРЫНА!
ашық дереккөзі
310

«КӨҢIЛАШАР» БАҒДАРЛАМАСЫ МЕН «АЙТЫС» ЖАЙЫНДА

Күн сайын ертеңгi сағат 7-ден бастап берiлiп жүрген «Көңiлашар» бағдарламасы көпшiлiк көңiлiнен шығып жүр ме? Бұл телеарна бiреулерге ұнайтын да шығар, ал менiң өз басыма көрген сайын «қор болған қазақтың қайран бай тiлi-ай» деп ой түбiне бататыным бар. Неге десеңiз хабардың аты қазақша. Орысша емес. Ендеше бұл хабар неге таза қазақ тiлiнде жүргiзiлмейдi? Неге? Мәселе орыс қызының отырғандығында ма? Бiле бiлген адамға сол орыс қызы қазақ тiлiн жақсы меңгерiп шыққандығы үшiн ғана хабарға шақырылған болар. Солай деп есептесек, ол да орыс тiлiнде емес, бастан-аяқ қазақша сөйлеуi керек қой.

Өзiңiз ойлап көрiңiзшi?! Орыстың қандай да бiр хабары жүргiзiлiп жатар болса, бұған қазақ тiлiн араластырар ма едi? Жоқ! Олай болса көптен берi қазақтың ұлтжанды азаматтарының «қазақ тiлiнде хабар тарататын бiр телеарна керек» деп айтудай айтып, бұған қол жеткiзе алмай келе жатқанымызда «Көңiлашар» сияқты бiр хабардың өзiн таза қазақ тiлiнде жүргiзе алмауымыз көңiлге кiрбең салмай тұрушы ма едi?

«Көңiлашардағы» теледидардың бас жағында жылт-жылт етiп (менi көрдiң бе, менi көрдiң бе?) деп жүгiрiп тұратын тек орыс тiлiнде ғана берiлетiн ауа райы жайындағы жүгiртпе жазу жыныма тиiп бiттi. «Мiне, қазақтар, сендерге керек болса, көрiңдер, көрiңдер де ләззат алыңдар» деп бiздердi (қазақты деп түсiнiңiз) мазақтап тұрғандай болады. Осы жүгiртпе жазуды елу де елу қағидасына салып, мемлекеттiк тiлде де беруге болады емес пе? Бiрақ бiздiң бұл ұсынысымызды құлақтарына iлiп жатқан «Қазақстан» ұлттық телеарнасының басшыларын көре алмадым.

«Көңiлашардың» тағы бiр үлкен кемшiлiгi – жүргiзушi бiр хабарды қазақша айтып келiп: «ендi осы хабар жайында түсiрiлген бейнекөрiнiстi тамашалаңыздар» дейдi. Мәс-саған, безгелдек демекшi, бұл бейнекөрiнiс жыныңды онан әрмен қоздыра түседi. Себебi осы бейнекөрiнiс орысша болып шығады. Бұл ендi қазақша хабар көрiп отырған көрермендердi көпе-көрнеу сыйламаушылық деп түсiнемiз.

Мемлекеттiк тiлiмiздi жақсы бiлетiн орыстың бiр қызын ортаға алып, қазақтың екi жiгiтiнiң жүргiзiп жүрген «Көңiлашар» бағдарламасы көңiлiмiздi ашпайды, қайта көңiлiмiздi құлазыта түседi.

Айтыс жайында айтарым: Әр жексенбi сайын берiлiп жүрген «Айтыс» көпшiлiк көңiлiнен шығып жүргендiгiне күмән келтiре алмаймын. Әйтсе де дауыс беру (қалта телефоны және үй телефоны) көрермендерге таблода көрсетiлiп тұратындықтан, әдiл шешiм жасалмай ма деген ойдамын. Себебi айтыс жаңадан басталысымен-ақ таблода әркiм өз ақынына (жерлестерiне) жапатармағай дауыс берiп жатқанын iштей сезуге болады. Өйткенi ақындар әлi де өз тақырыбына дендеп ене қойған жоқ қой. Сонда да болса дауыс берушiлер саны толастар емес, бiреуiне көбiрек, ал екiншiсiне азырақ дегендей. Менiңше, өздерi көрiп, тыңдап отырған залдағы көрермендердiң жинаған дауыстары әдiл бағаланатын сияқты.

Мысал келтiрейiк: 3 маусымдағы атыраулық ақын Сағадат пен семейлiк жас бала Нұржанның айтысында залдағы көрермендер Нұржанға 115-тей дауысты қарсыласынан артық бердi. Есесiне Сағадат Нұржанға қарағанда 500-дей дауысты телефонмен артық жинады. Сонда қалай болғаны? Бұл жерде әлгiнде айтқан сөзiмнiң растығына көз жететiндей. Сондықтан менiң мынадай ұсынысым бар. Таблоны көрсетпей тұра тұрып, оны айтыстың аяқталуына 5-10 минут қалғанда ғана қосқан дұрыс болар. Мiне, сонда таблодағы берген дауысқа қарап: «анау озып барады, мына жерлесiмiздi дауыс берiп алға шығарайық» деген сияқты ой болмас едi.

Шәймерген ӘЛДИБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары