РАХАТ ОЛАЙ ДЕЙДI. АЛ МЕН...
РАХАТ ОЛАЙ ДЕЙДI. АЛ МЕН...
Елiмiздiң Конституциясына енгiзiлген соңғы өзгерiстерге берiлiп жатқан баға, тұжырымдар, жорамалдар мен топшылаулардың толқыны күн өткен сайын күшейе түсуде. Сан-саққа жүгiрту алда өрiстей беретiнi де бесенеден белгiлi. Әуелеп ұшқан құсты қанатынан тiстеген аузы дуалылар да, тiптi, әлiптi онша таяқ деп тани қоймайтындар да осынау қызу саяси науқан – сөз жарыстан тыс қала қоймас. Солай болуы заңды да.
Тәуелсiз Қазақстанның тағдыры, бүгiнi мен келешегi бей-жай қалдырмайтын әрбiр адам, қоғамның белсендi әрi елгезек мүшесi мұндайда өзiнiң азаматтық позициясын айқындап, жаңартушы топтарды өз соңына ерте бiлсе құба-құп. Жасырар несi бар, елiмiзде пiкiр-тұжырымы айқын, табанды, дүниетанымы, бiлiк-бiлiмi, ой-өрiсi кең, қауымның ай мүйiздi серкесiне айналуға қабiлеттi жандар қадау-қадау. Сондықтан осындайда жалпыны толғандырған күрделi мәселелерден сырт қалу, үйiшiлiк сыбыр-күбiрден әрi аспау азаматқа абыройсыздық. Бiрақ, жұртқа жеткiзер ойдың әдiл әрi айқын, айтар сөздiң ақылға сыйымды болғанына не жетсiн…
Осыдан оншақты күн бұрын «Жас қазақ» газетi «Қоғамның ойы» айдарымен Рахат Мамырбектiң «Үмiттер мен күдiктер» (№24,22 маусым, 2007 ж.) атты мақаласын жариялаған болатын. Алдағы Парламент сайлауы қарсаңында қоғамдық пiкiр туғызуға бағытталған, елдiң болашағы қалай өрбидi деген сауалға қадари-хал жауап iздеген айтарлықтай көлемдi жазба.
Рахат Мамырбектiң Еуропа мемлекеттерiндегi, әсiресе Германия мен Ұлыбританиядағы жағдайды, сол елдердiң: «тек партиялардан ғана тұратын парламент, сол парламент жасақтайтын үкiметке, осылайша халық мандатын, халық қолдауын алған мемлекеттiк саясатқа қол жеткiзу мақсатында ғана көшкен», – пропорционалды парламент пен парламенттiк жүйе туралы мағлұматы көп екенiне күмән жоқ. Дегенмен, бiр бетке жуық мақаласында осының бәрiн бiздiң өмiрiмiзбен сабақтастыра, томыртқалап қалам тербеген автор басты мәселенi назардан тыс қалдырғандай. Қазақстанда, жақсы ма, жаман ба, оған әмiр айтуды әдiл уақыттың еншiсiне қалдырайық, әзiрге президенттiк билiк күшiн жойған жоқ. Сондықтан автор ұсынып отырған жүйелер мен үлгiлер бiзден бөлектеу және олардағы жағдай бiздегiден мүлдем басқаша.
Автор: «Сондықтан, бiз құрметтi оқырман, өркениеттi елде өмiр сүрiп отырған жоқпыз», – деп күңiренiп алып, одан әрi: «Бiздiң өмiр сүрiп отырған «уақытымыз» белгiсiз. XVIII ғасырдағы қазақтың күнi бұдан көш iлгерi екен. Өзiн қанжармен жарып өлген Ботақан үшiн Абылай Арқадағы хан ордасын тастап, қиырдағы Түркiстанға жылыстап барды. Сол жақта аз әскермен өзбекпен соғысты, бармағын шайнап өлдi», – деп ой қорытады.
Бiрақ, елiмiздегi мемлекеттiк органдардың жұмысы жария еместiгiн, бюрократияның бұйда үзiп, бой бермей тұрғандығын айту үшiн мұндай тұжырым жасаудың, ең бастысы, қазақтың қасиеттi тарихына, бiздiңше, қиянат жасаудың қажетi қандай?!
Мәселен, жоғарыдағы үзiндiдегi XXVIII ғасырдағы қазақтың күнi көш iлгерi дегендi Рахат Мамырбек иллахи сенiммен, шын айтып отыр ма, әлде етқызу мен бе? Ол ғасырда болған қазақ тарихындағы ең сұрапыл апат – «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламада» миллиондаған бейкүнә қазақтар қатыгез жоңғар басқыншыларының қолынан, аштықтан, қақаған суықтан қырылған едi-ау. Сол кербақ дәуiрде «Қарындастан айрылған жаман екен, Екi көзден мөлтiлдеп жас келедi», – деп еңiреп, «Елiм-айлап» жылаған қайран қазақ Рахаттың айтқанына келiсе қояр ма екен. Оның үстiне сол ғасырда орыс патшасына бодандықтың жексұрын қамытын алаш жұрты амалсыз киген-тұғын.
Әуелi әлгi Ботақан қанжармен өзiн-өзi бекер жарды ма?! Автордың жазуына қарағанда, Ботақан қай-қайдағы бiреу, қазiр жиi айтылып жүрген суицидтiң құрбаны ғана сияқты. Ал егер олай болса Абылай неменеге «жылыстапты»? Оның үстiне «Абылай жылыстады» деген ауыр айыпты автор қандай дерек, тарихи құжаттарға сүйенiп айтып отыр?
Бiздiң бiлуiмiзше, ел iшiн ала тайдай бүлдiрiп, хан билiгiн жүре тыңдауға айналған Ботақан мен оның жолдасын Абылай қатаң жазалап, белуарына дейiн жерге тiрiлей көмдiредi және көп ұзамай райынан қайтып,сабасына түскен соң босатуға жарлық бередi. Ызалы, қайсар, «жерге тiрiлей көмiлгенiмше, өлгенiм абзал» деген намысқой Ботақан өзiне өзi аямай қанжар салып, сол арада көз жұмады.
Беу, шiркiн-ай, аузына келген сөздi көки беретiн бүгiнгi бiздердей емес, бұрынғының ерлерi қандай намысқой, бiр сөздi!
Одан әрi ереуiлдеп, қалың қол жинап келген елге Абылай хан қарсы тұрмай, бiр жерде мал-мүлкiн, бiр жерде ақ ордасын, ендi бiр тұста асулы қазанын қалдырып көшсе керек. Ойланар тұс, мiне, осы, бұның бәрiн Абылай амалсыздан, шарасыздықтан iстедi ме, жоқ әлде: «Бар жиған дәулетiм, берекелi несiбемнiң бәрi, қалың елiм-қазағым, сен үшiн!» деген нәзiк ишарат па? Абылай шын қорқып, сескендi ме, әлде туған халқына қарсы қару көтерiп, қан төккiсi келмеген кемеңгерлiгi ме?!
Ишараны түсiнген елдiң толқуы басылып, мәмiлеге келiп, мамыражай өмiр одан әрi жалғасады. Ақиқатпен астасқан аңыз, ел iшiндегi ауызекi әңгiме осылай өрбидi, ойға жетелейтiн тұжырыммен аяқталады. Онда Абылайдың ақ ордасын Арқада қалдырып, алыс Түркiстанға қашқаны туралы ләм-мим сөз болмайтын. Оның үстiне Рахат Мамырбек жазғандай, Абылай хан ордасын тепкiмен тастап, Түркiстанға амалсыздан кетпеген. Ол елiн, жерiн қорғауға аттанған және бұл сапарына ұзақ жылдар дайындалған. Абылай хан қайтыс боларынан екi жыл бұрын, 1779 жылы тамызда Орынбор губернаторы И.Рейнсдорпқа жазған хатында: «…Сiзбен жүздескiм келiп-ақ едi, бiрақ мына жағдайлар бөгет жасап тұр.
Менiң қол астыма Ұлы жүз бен Кiшi жүз де қарайды, оның iшiнде Ұлы жүз Ташкенияның Түркiстан қаласының маңына орналасқан. Сол аймақта менiң қарауымдағы қазақтармен соғысып, тынышын алып, қысым жасап жүрген қырғыздар да баршылық. Олар қарулы қолмен қазақ ауылдарын шауып, әйелдерi мен балаларын тартып әкетiп отырады. Сол халқым менен көмек сұрап, жалбарына жалынған соң, мен өз ұлдарым мен iнiлерiмдi қастарына кiсi қосып бұрын аттандырған едiм. Ендi, мiне, солардың соңынан өзiм де барайын деп отырмын», – деп ат басын алыс оңтүстiкке бұру себебiн түсiндiре келiп, одан әрi орыс губернаторына: «…Сiзге мына хабарды жеткiзейiн: Бұқара ханы менiмен құда болмаққа жиырма төрт түйеге кәде артып, оған сегiз арғымақ қосып кiсi жiберiптi. Хабаршылардың алды келiп жеттi, құдаларымды күтiп отырмын», – деп жазып, құдасын арқа тұтатын алаштың ежелгi әдетiмен орысты ықтырудан де кетәрi емес.
Япыр-ай, мынау хат «Ордасын тастап, жылыстап кеткен, өзбектермен соғысып, бармағын шайнап өлген» бейшараның күйiне мүлдем ұқсамай барады-ау. Сән-салтанаты асқақтап, таңғажайып боп кеттi ғой өзi!
1781 жылы мамырда Сiбiр шебi әскерлерiнiң қолбасшысы Огарев Ресей Сыртқы iстер мемлекеттiк алқасына құпия мәлiмхат жолдап, мынаны хабарлады: «Мiне, мамырдың 23 күнi оның ұлы (Абылайдың – ред.) Уәли сұлтан ел ағалары Күсәс батыр мен Тәуекел молла арқылы арнайы хабар жiберiптi.
Оның әкесi Абылай хан жорықта жүрген кезiнде, ауруға ұшырап, алпыс тоғыз жасында опат болыпты».
Бәсе, елi үшiн, халқының қамы үшiн арғымақ үстiнде күн кешiп, дұшпанмен армансыз айқасып өлген ерлер шейiт-дүр.
Бәсе, ел-жұрты, қазақ мемлекетiнiң баяндылығы үшiн алпыс тоғыз жасында да аттан түспеген Абылай қандай бақытты, теңдесi жоқ қаһарман!
Солтүстiк Қазақстандық ғалым, зерттеушi Зарқын Тайшыбайдың 2005 жылы жарық көрген «Абылай хан» кiтабындағы даусыз дәйектер осылай дейдi.
Рахат Мамырбек бұдан соң:
«Ешқандай жазадан, халық наласынан қорықпайтын жемқор бюрократияның құқайын күнделiктi құжат жасау кезiнде көрiп-ақ жүрсiз. Сондықтан бiздiң елде әлi мемлекет қалыптасқан жоқ деуге толық қақымыз бар. Қазақ этносы да әлi ұлт дәрежесiне көтерiлген жоқ… Ұлт (мемлекет) деп адам құқығы бюрократияның «қателiктерiнен» қорғалатын, азаматтардың саяси бостандықтары берiк орнаған, жоғары билiгi тағайындау емес, толығымен тiкелей немесе жанама сайлау арқылы қалыптасатын халықты айтады», – дейдi.
Қазақстанды зайырлы, шекаралары бөлшектенбейтiн, бiртұтас унитарлы мемлекет ретiнде әлемдiк қауымдастық мойындағалы он алтыншы жыл. БҰҰ-ның, ШОС-тың мүшесi, тiптi, таяу жылдарда ОБСЕ-ге төрағалық ету де ойда бар. Дүниежүзiлiк сауда ұйымы да бiздi толыққанды, Тәуелсiз мемлекет ретiнде мүшелiкке қабылдауға әзiр. Әлемнiң 200-дей мемлекетi Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекшi мемлекеттiң бiрi ретiнде мойындап отыр, ал бiздiң автор «мемлекет қалыптасқан жоқ!» деп айтады.
Осыдан бiр ғасырдай бұрын данышпан Абай қазақты бiрiктiру, ұлттық намысты ояту жолында аямай сын айтқаны рас, одан берi заман, қоғам өзгердi. Ендiгi сөзiмiз ұлтты бiрiктiруге, ортақ мүдде – мемлекетiмiздi нығайтуға арналса игi.
Бюрократияның болу-болмауы, тiптi, жанама немесе тiкелей сайлаулардың өту-өтпеуi ұлттың бар-жоқтығына таразы емес. Қытайдағы бюрократия бiзден де сорақы, сондықтан «қытайлар ұлт немесе мемлекет емес!» деушiлер мүлдем жаңылысады. Ал iргедегi Өзбекстанда да түрлi сайлаулардың әдiл өтетiнiне күмәнiмiз көптеу, бiрақ өзбек бауырлар өздерiн ұлт емес дегендердi iремей сойып, өкпе-бауырын тiрiлей суырар ма едi, кiм бiлсiн?!
Қазақ кең ғой, қазақта «көсемдер» көп қой. Дегенмен мәңгi есте сақтайтын бiр маңызды жайт бар, сайлаулар өтер. Сулар ағар. Өмiр өзгерер. Адамзат бүгiнгi демократиядан да әдiл, одан да адамдарға қолайлы қоғам құрар. Бiрақ қазақ ұлты, мемлекетi мәңгi тұрады ғой.
Өзгелердi бiлмеймiн, Р. Мамырбектiң аталған мақаласы туралы менiң жеке ойым осындай.
Жаңабек ШАҒАТАЙ