САЛҚАР САЯСАТ ӨРIСIНДЕ

САЛҚАР САЯСАТ ӨРIСIНДЕ

САЛҚАР САЯСАТ ӨРIСIНДЕ
ашық дереккөзі
323

Тәуелсiз Қазақстан дипломатиясына — 15 жыл

Биылғы жылы тәуелсiздiк жылнамасының тағы бiр белестi сәтi – отандық дипломатияға он бес жыл толып отыр. Тәубесiнен торығуы үстем болған тоқсаныншы жылдардың басында бiздiң жас мемлекетiмiз дүниежүзiнiң iргелi елдерiмен терезесi тең қарым-қатынастар орнатады деп ойлаудың өзi қиын-тұғын. Бүгiнде елiмiз әлемдiк қоғамдастықтың белсендi де белдi мүшесiне айналған. Шын мәнiнде, бұл – қазақ халқының тарихи жетiстiгi десек, артық айтқандық болмас.

Бұл мерзiмде дипломатиялық құралдар арқылы әлемнiң ықпалды күштерi арасындағы теңдiктi сақтай отырып, ұлттық стратегиялық мүдделерiмiздi қамтамасыз етуге қол жеткiзiлдi. Сыртқы саясат саласындағы көпбағыттылық — Қазақстанның геосаяси орналасуынан туындаған табиғи таңдауы, өмiрлiк қажеттiгi болатын. Бұл таңдаудың оң болғанын уақыт көрсеттi. Жаңа әлемдегi жаңа Қазақстан жас та болса, жасампаз дипломатиясына арқа сүйеуiне әбден болатындығына көңiл толады.

Арада өткен жылдарда өз дипломаттарымыздың бiрнеше буыны қалыптасты. Үздiксiз оқу мен еңбектi ұштастыра жүрiп, кәсiби өсу мен шыңдалу мектебiнен өткен мамандарымыз халықаралық талаптарға сай тәжiрибе жинақтады. Елдi танытушы басты тұлға — ең алдымен дипломаттар, ел аманатын арқалаған елшiлер болатыны о бастан мәлiм. Әрине, бiз өз тiзгiнiмiздi қолға алып, тәуелсiз мемлекет құрудың тар жол тайғақ кешуiне түскен шақта маман-кадрлар тапшылығы алдан шыққан көп түйткiлдiң бiрi едi. Әсiресе Сыртқы iстер министрлiгiн түбегейлi жаңадан құрып, шет мемлекеттерде дипломатиялық өкiлдiктер ашу мiндетi тұрды. Алғашқы жылдары министрлiктi Ақмарал Арыстанбекова, Төлеутай Сүлейменов, қазiргi Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев сынды белгiлi, беделдi азаматтар басқарып, мекеменiң қалыптасып қанат жаюына зор еңбек сiңiрдi. Алғашқы елшiлер болып Мырзатай Жолдасбеков, Ибрагим Аманғалиев, Сәлiм Құрманғожин, Сағынбек Тұрсынов және басқа да қоғам, мәдениет қайраткерлерi тағайындалды. Бұл азаматтардың басқару iсiндегi мол тәжiрибесi мен отаншыл қасиеттерi елiмiздiң дербес дипломатиялық корпусының дүниеге келiп нығаюына сөзсiз игi ықпалын тигiздi.

Егемендiктiң елең-алаң шағында елiмiздiң алдында саяси әдiстер арқылы әлемнiң iрi державаларының Қазақстанда және осы аймақта бiр-бiрiмен тайталассыз, қайшылықсыз болуын қамтамасыз ету мiндетi тұрды. Ол үшiн iшкi тұрақтылық пен келiсiмдi көздiң қарашығындай сақтап, сыртқы әлемге елдiң оң келбетiн таныту, iште қолайлы инвестициялық жағдай қалыптастыру қажет едi. Елбасы дәйектеген "алдымен экономика, сосын саясат" қағидасы басшылыққа алынды. Ықпалды әлемдiк күштермен тұрақты және жүйелi ынтымақтастық орнатуға Қазақстан басшысының халықаралық деңгейдегi беделi, алысты көздеген алымды қимылымен тәнтi етiп, ауқымды бастамаларын батыл iске асыруының айқын әсерi болды. Сыртқы саясат Қазақстанның экономикалық қуаты мен саяси мүмкiндiктерiне жауап бере алатындай арнаға бағытталды. Әсiресе, Қазақстанның халықаралық қауiпсiздiкке қосқан зор үлесi — Президент Н.Назарбаевтың “Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы” тарихи шешiмiнен бастау алып, әлем бойынша төртiншi орында болған ядролық қарудан өз еркiмен бас тартуы, Азия құрылығында ғана емес, жалпы дүниежүзiндегi қауiпсiздiктiң нығаюына зор ықпал еткен тарихи қадам болды. Ядролық жарылыстар салдарынан бiр жарым миллионға жуық адамы зардап шеккен халқымыз өзiнiң тарихи талап-тiлегiн осылай бiлдiрдi. Ал, өткен жылы Семейде Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылуы — ядролық қарусыздану iсiндегi тағы бiр маңызды қадам деп әдiл бағаланды.

Бұдан он бес жыл бұрын Ұлттар Ұйымының биiк мiнберiнен Азиядағы өзара iс-қимыл және сенiм шаралары жөнiндегi кеңестi шақыру туралы Елбасы аузынан қазақстандық бастама жарияланып, одан бергi уақытта Кеңеске мүше мемлекет басшыларының екi бiрдей саммитi Алматыда өткiзiлдi. Ымыраға, ынтымаққа шақырған бәтуалы сөздер күллi әлемге қазақ жерiнен тарап жатты.

Бiздiң жас мемлекетiмiз сондай-ақ, Еуразия кеңiстiгiндегi ең iргелi құрылым — үш миллиардтан астам халықты қамтыған Шанхай ынтымақтастық ұйымының белсендi мүшесiне айналды. Бұл ұйым қауiпсiздiк саласында, атап айтқанда терроризм, дiни экстремизм, заңсыз есiрткi тасымалына қарсы аймақтағы мемлекеттердiң тiзе қосып әрекет етуiн нақты қолға алып отыр. Ұйымдағы Бас хатшы лауазымын қазiргi уақытта қазақстан өкiлi атқарып отырғаны — елге мәртебе.

Он бес жылды артқа тастаған тәуелсiз Қазақстан дипломатиясының iрi табыстары мен жетiстiктерi мемлекетiмiздiң тұңғыш Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың есiмiмен ажырағысыз байланысты. Қазақстан лидерi бұрынғы Одақ кезiнде-ақ, қабiлеттi басшы, әлем назарына iлiнген сарабдал саясаткер ретiнде танылды. Қазiргi заманның ең талантты реформаторлары қатарынан ойып орын алған Елбасы тарихи қысқа мерзiм iшiнде жаңа мемлекет орнатты. Әлемдiк тәжiрибенi зерттеп шебер қолданса да, ол ең алдымен, өз жолын таңдап алды. Нәтижесiнде, қазiргi уақытта "Қазақстан жолы" деген атауға ие болған өзiндiк бағытпен жүрдi. Сын сағаттарда оның сенiмдi серiгi бола бiлген азаматтардың қатарында дипломатиялық саланы он жылдан астам орнымен басқарған, бүгiнде елiмiздегi екiншi адам — Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметiн айрықша атап өткенiмiз жөн. Халықаралық тәжiрибеде, әсiресе тәуелсiз мемлекет орнатудың қиын-қыстау кезеңiнде елдiң сыртқы саяси органын бұлайша ұзақ уақыт басқару сирек кездесетiн оқиғалар қатарынан. Жан-жақты бiлiктiлiгi арқасында ол қазақ дипломатиясының бiрбеткей Батыспен бәтуаласып, шытырман Шығыспен шығыса бiлуiне айтарлықтай еңбек сiңiрдi.

Ең алдымен таяу көршiлерiмiз — БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнiң тұрақты мүшелерi — Ресеймен одақтастық, Қытаймен тату көршiлiк, сондай-ақ Орталық азиялық елдерiмен достық және ынтымақтастық байланыстар орнату басты назарға алынды. Қазақстан адуынды Американың стратегиялық әрiптесi атанып, екпiнi зор Еуропалық Одақпен тиiмдi байланыстар түзуге қол жеткiздi.

Елiмiздiң құрлықтағы 14 мың шақырым шекарасы заңды түрде және түбегейлi бекiтiлгенiн айрықша атап өту қажет. Бұл аса маңызды табыс маңайдағы көршi елдермен жаңа бейне мен сападағы байланыстар жүргiзуге жол ашты.

Астана мен Мәскеудiң өзара тату достығы бүкiл ТМД аумағындағы түсiнiстiк пен ықпалдастықтың түп қазығына айналғандай. Осының соңғы бiр көрiнiсi таяуда Санкт-Петербургте өткен экономикалық саммит барысында анық сезiлiп тұрды.

Бiздiң жанымызда мыңдаған жылдық тарихы бар, өте бай мәдениетi мен дүниетанымы мызғымастай қалыптасқан, берiк мемлекеттiк идеологияға сүйенген Қытай мемлекетiнiң қарқынды дамып келе жатқанына бүкiл әлем көз тiгедi. Қытайдың екпiндi экономикалық дамуы әлемдiк күштер арасалмағына түбегейлi өзгерiстер әкелуде. Сондықтан бұл мемлекетпен достық әрi терезесi тең қатынастарды дамытудың Қазақстан үшiн маңызын, тiптi саясаттан алыс адамға да ұғынудың қиындығы жоқ.

Төңiрегiмiздегi елдер Қазақстанды байыпты iшкi саясатынан айнымай, күрделi кезеңдерде бейбiтшiлiк пен тұрақтылықты сақтай бiлген ел деп құрметтейдi. Олай болса, мұсылман әлемiмен байланыс болашағы назардан тыс қалмақ емес. Қазiргi кезде елiмiзден қажылыққа барушылардың қатары жыл сайын көбейiп отырғанына мұсылман әлемiнiң iшi жылитыны рас. Бiрнеше өркениет тоғысында орналасқан Қазақстан қазiргi дүниенiң негiзгi мәселелерi бойынша ықпалды саясатшылар мен дiн жетекшiлерiнiң еркiн пiкiр алмасуына жағдай жасап отыр. Бұл орайда, әсiресе дiндердiң гуманистiк қағидатын фанатизм мен төзбеушiлiктен ажыратып алуға әрекет жасалғаны жөн. Сол сияқты аймақтық және дүниежүзiлiк деңгейдегi көп жақты құрылымдардың қызметiне белсендi қатысудың тиiмдiлiгiне түбегейлi көз жеттi.

Көп уақыттан берi айтылып келе жатқан елiмiздiң Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына 2009 жылы төрағалық етуге ұсыныс бiлдiруiн осы ұйымға мүше елдердiң көпшiлiгi бiрауыздан қолдап келедi. Әлi түпкiлiктi шешiмiн таба қоймаған бұл жайт халықаралық қауымдастықта айтарлықтай серпiлiс туғызып, соңғы уақытардағы саяси орталардағы талқылаулардың тақырыбына айналған сыңайы бар.

Бiздiң елiмiз бейбiтшiлiк пен тұрақтылықты қорғау, келiсiм мен үндестiктi қолдау, еркiн және демократиялық қоғам орнатуға барлық күш-жiгерiн жұмсау ниетi мен тәжiрибесiн ЕҚЫҰ мемлекеттерiмен бөлiсуiне әбден болады деп санаймыз. Тәуелсiздiк тұсындағы ұлы жетiстiктерiмiздiң бiрi — қазақ тiлiнiң мемлекетiк мәртебе алуы десек, бiлуiмiзше, дипломатия саласында бұл бағытта көңiлге қонарлықтай дәстүр қалыптасқан.

Бiз бүгiнiмiзге салауат айтып, өткендi әрдайым еске алып отыратын тәубешiл халық болғандықтан, бұрынғы хандар мен би-батырларды, кешегi Алаш қайраткерлерiн елi үшiн еңiреп туған ерлер деп еске аламыз. Қазiргi саяси лексикада ойлау қабiлетiнiң кеңдiгi мен iс-әрекетiнiң ауқымы жалпыұлттық, тұтас мемлекеттiк деңгейге ұласқан тұлғаларды "мемлекетшiл" деп атаймыз. Бiздiң заманымызда мемлекетшiлдiктiң жарқын үлгiсiн Президент Назарбаевтың өмiр жолы мен iс-қимылынан нақты көрiнетiн болса, егемендiктi есейту жылдары оның жанындағы үзеңгiлес сенiмдi серiктерi бола бiлген азаматтардың адал қызметiн де жұртшылық жоғары бағалайды. Әлемнiң өркениеттi елдерiнiң тобына қосылуға айнығысыз бет түзеген қазақ елiнiң өсiп-өркендеуiне ұлттық пен елдiк тұрғыдан ойлай бiлетiн ордалы азаматтардың сiңiрген еңбегi, шын мәнiнде, қандай құрметке болса да лайық.

Бiз бұл шағын мақалада сыртқы саясатқа түбегейлi талдау жасауды көздеген жоқпыз. Өзiндiк сыры мол, жан-жақты бiлiм, үлкен парасат пен биiк талғамды талап ететiн айрықша қызметтiң 15 жылдық белестi шағында елi үшiн еңбектенiп жүрген азаматтардың атына бiрауыз лебiз бiлдiруден туған ой едi бұл.

Әуезхан ҚЫРБАСОВ,

Төтенше және өкiлеттi елшi

Серіктес жаңалықтары