“БОЛАШАҚТЫҢ” ЕСIГI АЙҚАРА АШЫҚ БIРАҚ МЕЖЕЛI 3000-ҒА ЖЕТЕ АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ

“БОЛАШАҚТЫҢ” ЕСIГI АЙҚАРА АШЫҚ БIРАҚ МЕЖЕЛI 3000-ҒА ЖЕТЕ АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ

“БОЛАШАҚТЫҢ”  ЕСIГI АЙҚАРА АШЫҚ БIРАҚ МЕЖЕЛI 3000-ҒА ЖЕТЕ АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ
ашық дереккөзі
192

«Болашақ» мемлекеттiк бағдарламасы оқып-тоқуға ынталы жасқа жарқын болашақтың есiгiн айқара ашты. 1993 жылы қабылданған бағдарлама бойынша 2004 жылға дейiн 800 стипендия берiлген. Ал 2005 жылы шетелде бiлiм алуға берiлетiн жолдама саны 3000-ға дейiн көбейтiлдi. Осы жылы стипендия алуға үмiт артып, құжат тапсырғандардың саны 6698-ге жеткен. Бiрақ бiздiң қолымыздағы мәлiметтерге жүгiнсек, сол уақыттан берi жыл сайынғы стипендиаттардың саны 3000-ға жетпеген. Яғни, Үкiмет Президент жүктеген мiндеттердi толық орындамай отыр деген сөз.

Сөзiмiздiң дәлелi ретiнде, Халықаралық бағдарламалар орталығы таратқан ресми деректi келтiрсек: 2005 жылы мемлекеттiк комиссия 9 отырыс өткiзiп, нәтижесiнде тек 1756 стипендия тағайындаған. Ал 2006 жылы берiлген стипендиялар саны – 2646.

Стипендияның саны артуымен қатар, бiлiм қуған жастарды жiберетiн шет елдердiң де тiзiмi кеңейтiле түскен, қазақстандық жастар екi жылдан берi АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Австралия, Австрия, Венгрия, Дания, Испания, Италия, Канада, Қытай, Малайзия, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Польша, Сингапур, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция, Швейцария, Оңтүстiк Корея, Жапония елдерiнде бiлiм алып жүр.

Бағдарлама бойынша қазiр бакалавриат, магистратура, аспирантура, тiптi докторантура деңгейлерi үшiн бiлiм алуға құжат тапсыруға болады. Стипендияны 18 бен 35 жас аралығындағы талапкер осы дәрежелер үшiн сынақ тапсыру арқылы иелене алады. Бiрақ стипендия аясы кеңейгенiмен, мемлекеттiк бағдарлама бойынша бекiтiлген меже – 3000-ға – жете алмай отырғанымыз ненiң белгiсi? Бiзде шет елдiк оқу орнында бiлiм алғысы келетiн талапты, табанды жас аз ба? Әлде олардың бiлiм дәрежесi «Болашаққа» сай емес пе?

«Болашақтың» пайда болғанына он төрт жыл болса да, соңғы екi-үш жылға дейiн аталмыш бағдарлама туралы ақпаратты табу құстың сүтiн табумен бiрдей қиын едi. 2005 жылы Президент Жолдауында арнайы көңiл бөлiнгеннен кейiн бе, шет елде оқудың жай-жапсарын үйде отырып-ақ, интернеттегi www.edu-cip.kz сайтынан алуға болады. Биыл Алматы мен Астана қалаларында бiрiншi рет өткiзiлген «Болашақ» халықаралық жәрмеңкесi де көп ақпараттардың көзiн ашты.

«Болашаққа» құжат қабылдау биылғы жаз тағы басталды. Құжаттар 2 шiлдеден 31 қазанға дейiн қабылданады. Сынақ қабылдау уақыты 10 желтоқсанға дейiн. Халықаралық стандартқа сай бiлiм алып, Қазақстанды көркейтемiн дейтiн жасқа «Талабыңа нұр жаусын!» деймiз!

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары