ҚАСЫММЕН — ЖЕТПIС ЖЫЛ, БIР КYН!

ҚАСЫММЕН — ЖЕТПIС ЖЫЛ, БIР КYН!

ҚАСЫММЕН — ЖЕТПIС ЖЫЛ, БIР КYН!
ашық дереккөзі
250

Иә, ардақты Асыл апа Қаһарман Қасым Қайсеновпен осынша уақыт бiрге өмiр сүрген екен

«Бүгiнгi күн–

Ең жарық күн– Ғажап күн!

Күллi әлемге

Ерлiгiмдi таныттым:

Қасым батыр – Батырлардың Батыры–

Қаһарманы Халықтың!..» деп жырлаған ол туралы кезiнде ақын Иран-ғайып. Қасым ата – Батыр. Ол – соғыста ерлiк жасап, көзсiз батырлығымен көзге түскенi үшiн ғана емес, сондай-ақ, қазақтың рухы мықты азаматы, тұлғасы болғаны үшiн де қадiрлi!.. Қасым атамен көзi тiрiсiнде бiрнеше рет сөйлескiм келген. Сөйлессем деп үйiне де бiр рет барғам. Атамыз кiшкене сырқаттаңқырап жатыр екен, сұхбаттасудың ретi келмедi. Есесiне, ол екеумiз түрлi суреттердi тамашаладық. Ескерткiшке берiлген сан түрлi қару-жарақтардың құпиясын ашты. Сыр ақтарып, сұхбаттаспасам да, батырды жақыннан бiр көрiп, әңгiмесiн естiп қайттым. Түр-тұлғасы ерекше жаратылған адамның болмыс-бiтiмiне сүйсiндiм…

Мiне, өмiрден озғанына бiрнеше ай өткен соң, атамыздың шаңырағынан тағы бiр рет дәм тату, несiбеме бұйырыпты. Асыл апамның қолынан шәй iше отырып, батыр ата туралы көп нәрсенi естiдiм, көп нәрсеге қанықтым.

– Асыл апа, сiздi Қасым атаға он алты жаста тұрмысқа шықты деп естiп едiк. Әрi екеуiңiздiң үйленгендерiңiз де жаңа жылмен пара-пар келiптi. Қасым ата қаңтардың 1-күнi, яғни сiздер үйленген күнi өмiрден озды..

– Алғаш екеумiз үйленген кезде бiз техникумда оқитынбыз. Жаңа жылда демалыс беретiн. Сол демалысты туралап, 1-күнi үйге келдiм, 2-сi күнi Қасым үйден алып кеттi ғой. Қаңтардың 1-күнi атаңның жамбасы жерге тидi. Тұп-тура жетпiс жыл, бiр күн бiрге өмiр сүрiппiз. Оның арасында алты жыл соғыс болды. Соғыстан екi жыл бұрын, 1939 жылы Қасым өзiнiң мiндеттi армиясына кеткен. Содан ары қарай, соғысқа алып кетiптi.

– Ол кезде он алты жастасыз…

– Тұрмысқа шыққанымда он алты-ақ жаста едiм. Әке-шешем де бiразға дейiн көнбей, қиналып жүрдi. Әрi үйдiң үлкенi едiм. Әкем жалғыз болған соң, дүниеге келген тұңғышы менi ұлша киiндiрiп, ұлша тәрбиеледi. Қазақ қызық қой. Ырым қылғаны ғой. Оның үстiне өзiм де кемпiр-шалдың қолында өстiм. Ата-әжем менi ер бала құсатып, қой терiсiнен шалбар тiгiп берiп, белiмнен ала жiппен байлап, жалпитып, аттың үстiне мiнгiзiп жiберетiн. Төрт-бес жасымнан бастап-ақ аттың үстiнде өстiм. «Бiреудiң ұлына жалынамыз ба, ұлдың iстегенiн сен де iстейсiң» деп шешем қой бақтыратын, малға шығаратын. Сөйтiп өстiк қой.

– Атамызбен аттың үстiнде жүрiп таныстыңыз ба?

– Жоқ. Ол кiшкене кезiм ғой. Ауылдағы жетi жылдық мектептi бiтiрген соң, Өскемендегi техникумға келiп оқуға түстiм. Саяси ашық техникум деп аталатын. Ол техникумда ылғи қазақ жастары оқыды. Бiзге 130 сомнан стипендия беретiн. Тегiн жатақхана берiлетiн. Сонда оқып жүрiп таныстым ғой. Қасымның Сақыпзада деген қарындасымен 4-класттан бiрге жүрдiм. Қасым да әлгi техникумда оқыды. Ол менен екi курс жоғары оқыды да, бiз төменгi курста болдық. Сөйтiп жүрiп, 1937 жылдың 2-қаңтарында үйлендiк қой.

– Екi жылдан соң, Қасым ата армиясына кеттi. Сiз елде қалдыңыз…

– Оны мiндеттi армиясына алып кеттi. Армиясын аяқтап, елге қайтамын деп жүргенiнде соғыс басталып кеттi. Өзi кейiн «бiздi сол жерде дайындады, өйттi, бүйттi» деп, соғыста көрген қиындықтарын жиi айтып отыратын. Ол жақта не болды, не iстедi, оның көбiн бiле бермеймiн. Тек айтқандарынан естiгенiм болмаса.. Ал, елге 1945 жылдың 1-қаңтарында келдi ғой.

– Елге ол кiсiнi Жұмағали Саин алып келiптi дейдi.

– Иә, Саин алып келдi ғой. Партизан деген мiндеттi армияда жүрген нәрсе емес. Жасырынып, әр үйде тығылып жүрiп, соғысты. Бiрде бiреудiң пешiне тығылып, бiрде ағаштың арасында жасырынып жүрген адам сол жерге үйренiп қалған ғой. Ол жақтың адамдары өздерi iшкiш көрiнедi. Сол жақтан iшудi үйренiп келдi. Елге келген соң, ақылы бар адам ғой, iшкендi тыйды.

– Ата соғысқа кеткенде, сiз нешеде едiңiз?

– Он сегiзде болдым ғой. Қасымның әке-шешесiмен бiрге тұрдық. Мен тұрмысқа шыққанда Қасымнан басқа сегiз баласы бар екен. Атаң үйдiң екiншiсi. Елдiң бәрi «ағасынан бұрын үйлендi» деп күлетiн. Ата-енем бiр жақсы, қарапайым адамдар едi. Ренжiмейтiн. Енем байғұс таңның атысы, күннiң батысы тамақ iстегеннен қолы тимеушi едi. Өте жайлы адамдар болды. Ол кiсiлердiң қолында тұрып, мектепте мұғалiм болып жұмыс iстедiм.

– Қалаға қалай келдiңiз?

– Жетi жылдық мектеп жабылып қалды. Тек қана бастауыш кластар қалған соң, жұмыссыз қалдым. Ол кезде Сақыпзада қалада тұратын. Оның да күйеуiн соғысқа алып кеткен. «Менiң қасыма кел. Екеумiз бiрге жылаймыз» дейдi ғой баяғы. Сөйтiп жүрiп, ата-енемiзбен бiрге, бәрiмiз үдерiп, қалаға көшiп келдiк. Бiреудiң пәтерiнде бәрiмiз бiрге тұрдық. Қалаға келген соң, жұмыссыз отыра алмайсың ғой, облыстық газетке әдеби қызметкер болып, жұмысқа орналастым. Журналистiгiм сол кезден басталды. Ол газетте қайынсiңлiм корректор болып, iстеп жүр екен. Көсiлiп жазбасақ та, ептеп-ептеп хабар-ошар даярлай бастадым. Дәл сол жылдары Ертiс ГЭС-i құрылып жатқан. Редакцияда iстеген соң, сол ГЭС-те болып жатқан жаңалықтармен елдi таныстыру үшiн, екi ортада шапқылап жүремiз. «Алдыңғы қатарлы белсендiлерi бар ма, не iстеп жатыр екен, бiлiңдер» деп бастықтарымыз да тапсырма берiп отыратын.

– Қасым ата қалай жазушылыққа келдi? Әлде бұрыннан қалам-қағазға жуықтығы бар ма едi?

– Кiм бiлсiн? Ептеп-ептеп жазатын. Бiрақ, бiрден жазды деп айта алмаймын.

– Ол кiсi неге әскери адам болмады екен?

– Армиядан келгеннен кейiн мамандығы жоқ, жұмысқа орналаса алмай, көп жүрдi. Өзi де: «Әй, менiң мамандығым кiсi өлтiру ғой деймiн. Ешкiм жұмысқа алмайды» дейтiн. Өзiнен де бар. Жұмыс сұрап барған жерiмен, «сендер әскерге неге бармадыңдар?» деп ұрысып келетiн. Өйткен адамды кiм жұмысқа алсын?! Сөйтiп жүрiп, партия мектебiнде екi жылдық журналистика бөлiмiн бiтiрдi. Содан кейiн ғана, ептеп-ептеп жаза бастады.

– Соғыста жүргенде атадан хат жиi келетiн бе едi?

– Лап етiп соғыс басталды да, олар сол жерде қалып қойды ғой. Немiстер Донға дейiн кiрiп кеттi. Бұл өзi партизан болған соң, оның тұрақты адресi болушы ма едi. 1944 жылға дейiн хабарсыз кеттi де, сол жылы бiр хат келдi ғой. Сол хатты алғаннан кейiн, «е-е, тiрi екен ғой» дестiк.

– Сiз қалаға көшiп кеткеннен кейiн, қайда хат жазуды бiлмеген шығар?

– Жо-ға, ауылда да елдер бар ғой. 1944 жылдың аяғында бiр хат келдi дедiм ғой, содан бiр жыл өткен соң, 1945 жылы өзi елге оралды. Өзi келгенде де, оны алып келген Жұмағали Саин ғой.

– Ол кiсi бармағанда ата елге келмейтiн бе екен?

– Ол кiсi бармағанда, Қасымды қайтадан жау тылына жiберейiн деп жатыр екен. Не болмаса, штабқа орналастырамыз дептi. Ол бiраз уақыт ол жақта да еңбек еттi. Сосын, Жұмағали штабқа барып жүрiп, Қасымды босаттырып алыпты. Елге алып келген соң, ең бiрiншi Жұмағалидың үйiнде кездестiк қой.

– Ата сiздi көргенде «аяқ киiмiң өзiңдiкi ме?» деп сұраған екен. Ол рас па?

– (Апам риясыз күлiп алды.) Оны қайдан естiп алдыңдар?! Елдiң бәрi жаңа жылды қарсы алып жатқан кез. Жаңа жыл болғанда да той-думан жасамайсың ғой. 1-күнi демалдық. 2-күнi таңертеңгiлiк редакцияға келдiм. Келсем Ләзиза апай бар екен. Ләзиза апай – Әбу Сәрсенбаевтың жолдасы болатын. Өзi бiр керемет, аңқылдаған, ғажайып кiсi едi. Бәрiмiздi адамгершiлiкке, адалдыққа баулып жүретiн, өзi бiр салдырлаған қазақтың жақсы әйелi едi. Ол кiсi туралы жазса, бiр роамнның кейiпкерi болатындай кiсi. Екеумiзден басқа ешкiм жоқ. Сөйтiп отыр едiк, бiр уақытта редактордың алдындағы қабылдау бөлмесiнiң телефоны шырылдап қоя бердi. Шырылдағаннан кейiн Ләзиза апай көтердi. Телефон тұтқасын алды да: «Асыл дейсiң бе?» деп арғы жақтағымен сөйлесiп жатыр. «Маған ешкiм звандамайтын едi ғой. Елден бiреу келдi ме?» деп мен отырмын. Сөйтiп ойлап отырғанымда Ләзиза апай: «Асыл, сенi Жұмағали шақырады» дедi. «Ол кiсi менi неғылады, танысым емес қой» деп едiм, «Әй, күйеуiңнен бiр хабар алып келген шығар. Сөйлессеңшi»,– дедi Ләзиза апай. Тұтқаны алып едiм: «Сiз келiп кетiңiзшi?» деп үйiнiң адресiн айтты. Ләзиза апайға айтып едiм, «Бар, Қасымның бiр хабарын алып келген шығар» дедi. «Хабарын алып келсе, телефонмен айта салмай ма?» деп қоям. Ләзиза апай, «бар да, бар» деп болмай қойды. Iздеп жүрiп, Жұмағалидың да үйiн тауып алдым. Кiрерiмдi де, кiрмесiмдi де бiлмей, бiраз сыртта тұрып қалдым. «Қой, тәуекел» деп iшке беттедiм. Есiгiн қағып, кiре берiп едiм, Қасым да сол кезде кiрiп, пальтосын iлiп жатыр екен. Жұмағали орындықта отыр екен, менi көрдi де орнынан тұрып, пальтомды алып, iлiп жатыр. Өзi бiр-ақ бөлме. Үш пе, төрт пе баласы бар. Қасымды көрiп, шошып кеттiм. Не айтарымызды бiлмей, қатып қалғанбыз. Аяғымнан су өтiп, еденге iзi қалған екен. Аяғымда жаман пимам бар болатын. Қасым пимама бiртүрлi қарап: «Пимаң өзiңдiкi ме?» дегенi. Бiрiншi әңгiмесi. «Иә» деп күлдiм. Жұмағали да: «Басқа айтарың жоқ па?» деп күлiп жатыр.

– Соғыстағы көрген қиындықтар туралы жиi айтушы ма едi?

– Айта беретiн. Сол жақтағы жолдастары туралы көп әңгiмелейтiн. «Саша деген досым болды. Бiр врач болды, солар сөйттi, бүйттi» деп айта беретiн. «Осының бәрiн айтқанша, қағазға түсiре берсеңшi» дейтiнмiн. Ол кезде майданнан келгендердiң жазғандарын академияға алады. Соған ақша төлейдi. Соны естiп, бiрдеңелерiн жаза бастады. Мен машинаға бастырып, дайындаймын. Бiраз материалдар дайындап, академияға тапсырып, 1800 сомдай ақша алдық. Содан кейiн, «Мынау ақша болады екен» деп, өзi шындап кiрiсе бастады. Сол кездерi «Қазақ елi» деген журнал шығатын. Арабша. Латынша кiтаптарды арабшаға аударады да, соны Қытайдағы қазақтарға жiбередi. Оның редакторы Жұмағали Саин болатын. Қасым арабша бiледi екен. Қасымды бiрiншi рет жұмысқа алған Жұмағали. Бiзге ол кiсi туған ағадай болды. Ол кiсiнiң қарызын өтегенiмiз де жоқ. Өзi де көп тұрмады. Екi ме, үш пе, қабырғасын алдырып, қисайып жүретiн кiсi едi.

– Қасым атаның мiнезi қандай едi? Жиi ашуланатын ба едi?

– Ол тек қыдырғанды жақсы көретiн. Партизан болып жүргенiнде, ары-берi шапқылап, орман кезiп үйренiп кеткен адм үйде отырушы ма едi. Үйге тоқтасын деп, «жазу жазсаңшы» деймiн ғой.

– Қыдырып кеткенiне сiз ренжiмейтiн бе едiңiз?

– Неменесiне ренжимiн. Ол жоқта да өмiр сүрдiк қой. «Аман-есен келсе болды, көрсек болды» деп жүретiнбiз. Сөйтiп жеткен азаматыңа ренжисiң бе? Қыдырғанда жаман нәрсе жасап жүрген жоқ қой. Бiр жерлерде жолдастарына барып, қалжыңдасып, сырласып қайтады.

– Қасым ата туралы аңыз да, ақиқат та көп. Қаламгерлердiң жазған естелiктерiнен де жиi оқыдық. Сондай әңгiмелердiң бiрi – Қасым атаның газик машинамен авария болғандығы туралы жиi айтады.

– Талғарда Қасымның iнiсi бар. Оның ар жағында Октябрскiде де бiр iнiсi бар. Балаларды салып алып, соларға барып, қымыз iшiп жүретiн. Жаман газик машинасы болатын. Үлкен ұлы Мұратты салып алып, «қымыз iшемiз» деп бара жатқанда, жаңбыр жауған, жол тайғақ, қия жерде машина тайып кетiп, құлайды. Өздерi көп жараланбапты. Қасымды ылғи да құдай сақтап жүретiн. Сонда ғой, Сырбайдың: «Батыр адамға отыз метрден құлаған түк емес қой»,– деп айтып жүргенi.

– Қаламгерлердiң көбiмен араласқан шығарсыздар. Ол кiсiлер үйге жиi келетiн бе едi?

– Ол кездегi азаматтар бiр-бiрiне қамқоршы, бiр-бiрiне жылы қараушы едi. Олардың бiр-бiрiмен бөлiсе алмай жатқан шен-шекпенi болмайтын. Бөлiсе алмай жатқан байлықтары тағы жоқ. Бар тапқан-таянғандарын ортаға салатын. Өте тату-тәттi болды ғой жiгiттер. Ғафу Қайырбековпен, Бердiбек Соқпақбаевпен, Өтебай Қанахинмен жиi араластық. Үйге де жиi келетiн. Өтебай менi «жалғыз апайым» дейтiн. Кемел Тоқаевтың үйi бiздiң көшенiң бойында.

– Пәтерде көп жүрдiңiздер ме, жоқ, әлде соғысқа қатысқан деп жеңiлдiк жасап, бiрден пәтер бердi ме?

– Бiз кез келген жерде тұрдық. Пәтер жоқ. Жұмағалидың дәлiзiнде де тұрдық. Жұмағали байғұс анаған-мынаған айтып жүрiп, қыздардың жатақханасынан бiр бөлме босаттырып бердi.

– Ата-енеңiз бәрiңiз бiрге жүрсiздер..

Ендi бәрiмiз бiргемiз ғой. Тамақ iшкенде мен сыймай, жарты денем есiктiң ар жағына шығып тұратын. Босағада отырам, менен кейiн енем отырады. Қонақ келгенде, жуынатын бөлменiң бiр бұрышына төсек салып жатқан кезiмiз де болды.

– Ең алғаш қай жылы пәтерге қол жеткiздiңiздер?

– Қасымды Жеңiл өнеркәсiп министрлiгiне Жұмағали жұмысқа орналастырды. Министрi – Ниязбеков деген кiсi екен. Сонда референт болып орналасты. Октябрь мен Коммунистiк көшесiнiң қиылысында министрлiкке қарасты бiр үй салынып жатыр екен. «Сол үйден пәтер беремiз» деп, Қасымды тiзiмге жазып қойыпты. Сөйтiп жүргенде, Ниязбековтың орынбасары бiр еврей кiсi екен. Қасым сол кiсiмен шатасып, ұрысып қалыпты. Содан кейiн, мұны жұмыстан да шығарып, тiзiмнен де алып тастады ғой. Бiтпеген үйдiң бiр бөлмесiне кiрiп алғанбыз. Кiрiп алғаннан кейiн, бiздi шығарды да тастады. Далада қалдық. Онда мен «Соц. Қазақстанда» жұмыс iстеймiн. Редакторымыз — Қасым Шәрiпов. Ол кiсiге кiрiп, мұңымды айтып, жылап алдым. «Сенiң күйеуiң қызық. Өзi үй ала алмай жүрiп, министрдiң орынбасарымен ұрысып несi бар. Өзiң ойлашы, екеумiз ұрыссақ, қайсымыз жеңемiз. Сол сияқты ғой. Күйеуiңдi маған жiбершi»,–дедi. Ол кезде ол кiсi ЦК-нiң мүшесi. Ол кiсi министрлiкке телефон шалып жүрiп, үйiмiздi қайтартып бердi.

– Бауыржан Момышұлымен, Рақымжан Қошқарбаевпен жиi араластыңыздар ма?

– Қошқарбаевпен жиi араласып жүрдi. Момышұлымен таныс-бiлiстiгi болмаса, жиi қатынасқан жоқпыз.

– Атамда батыр атағы болмады ма?

Жоқ. Халық қаһарманы атағын бертiн бердi ғой. Шен-шекпiн iздеген жоқ. Не iстесе де, Отан үшiн iстеген шығар. Еңбегiн бұлдай ма, не керек?! Мен тiптi айтқызбайтын едiм. «Елдiң бәрi де сондай ерлiк жасады. Оның бәрiн айтып не керек» дейтiнмiн.

– Бiрде үйге келгенiмде, атамның «неге келдiң, мен кiсi өлтiрген адаммын» деп айтқаны есiмде… Ол кiсi осы сөздi жиi айтатын. Неге?

– Иә, көп айтатын. Келгендердiң бәрiне айтатын. Ойлайды ғой. Болған оқиғалар есiне түсетiндiктен айтатын шығар. Өзi қалжыңбастау кiсi. Айта салатын. Жиi қалжыңдасатын. Қалжыңдасуға менiң уақытым да болған жоқ. Оның үстiне, бiр күн де бос отырғам жоқ. Жұмыс iстедiм ғой. Төрт бала бар.

– Атам туралы естелiк жаздыңыз ба?

– Ертеректе жазу керек едi. Онда бала-шаға, қызмет болды. Талай жыл баспада редактор болып iстедiм. Одан басқа үйден қонақ үзiлмейдi. Жазып отыру үшiн уақыт керек қой.

– Қасым ата Украинаға жиi баратын ба едi?

– Жиi баратын. Достары да мұнда жиi келетiн. Украиндiктер жақсы қарсы алатын. Олар да қазақ сияқты қонақжай халық. Олар менi көрiп: «Қазақтың қыздары жабайы шығар деп ойлаушы едiк. Сөйтсек, мүлдем басқа екен ғой» дейтiн. Мен де оларға: «Мен қазақтың ең жаманымын. Нағыз қазақтың қызын көрмей жүр екенсiңдер» деймiн.

– Қасым ата ерке болған сияқты…

– Ерке болғанда еркелiктi тартып алды ғой, ол кiсi.

– Үкiметтiң атама берген үйi осы ғана ма?

– Жоқ, бұдан да бұрын үкiметтiң үйiнде тұрдық. Абай көшесiнiң бойындағы төрт бөлмелi үйдi де Үкiмет берген. Үкiмет жақсы қарады ғой. Қасымның еңбегi ақталды. Қасым өмiрден алатынын алып, беретiнiн берiп, кеткен кiсi. Бақытты адам. Аңқылдақ едi, мiнезiне Құдай берген шығар. Үкiметке ешбiр өкпемiз де жоқ. Адам қылған да, үй берген де, көмектескен де үкiмет. Кеңес үкiметiндей үкiмет болған жоқ. Соғысқа қатысқан адамдарды алақанына салды ғой. Оны көрмегендер бiлмес. Бiрақ, Кеңес үкiметiндей үкiмет болады деп ойламаймын. Неге? Ұлт мәселесiн шешкен –Кеңес үкiметi. Барлық ұлттың балаларын оқытып, бөлмей, бiлiм берген де сол үкiмет. Бiрдей қызмет iстедiк, бiрдей жағдай жасады. Бiреулер: «Сталиннiң тұсында елдi қырған» деп айтып жатады. Оның бәрi бос сөз. Сталин ешкiмдi қырған жоқ. Қазақ бiрiн-бiрi өзi түрткiлеп, өздерi айдатты. Мен жақсы бiлем. Менiң Құрманбай деген немере ағайым болды. Жүзiк,бiлезiк жасайтын кiсi болатын. Сосын бiздiң ауылда Көшербай деген кiсi бар едi. Атқа мiнiп, ел басқарып жүретiн адамдар. Ол кезде сауаты бар адамды «қаратаяқ» дейтiн. Екеуi бiр-бiрiмен өштесiп жүретiн. «Бақталас» дейтiн ел. Менiң немере ағам тура сөйлейтiн кiсi едi. Әрi көп оқитын. Бiр күнi басқосып отырғанда, «бiз де қайыршы боламыз. Маркс те қайыршы болған»,– деп айтып қалады. Сол күнi түнде келiп алып кеттi. Сол айтқан бiр ауыз сөзi үшiн. Органда iстейтiндер шала сауатты адамдар едi ғой. Әлгi кiсiнi ұрып-соғып, «сенiмен сыбайлас кiсiлер бар ма?» дегенде, «Көшербай» деп жауап берiптi. Түнде Көшербайға келедi. Көшербайдың Оспан деген iнiсi болатын. Екеуiнiң де фамилиясы Келдiғұлов. Екеуi көршi отырады. Түнде келсе, Көшербай үйде жоқ. «Мынау кiмнiң үйi?» деп сұрайды ғой, Оспанның үйiн көрсетiп. Сонда: «Көшербайдың iнiсi Оспанның үйi» деп айтпай ма?! Сөйтiп, жазықсыз Оспанды алып кетедi. Фамилиясы бiр болғаны үшiн. Соны Сталин: «Көшербай болмаса, Оспанды алып кет» деп айтқан жоқ қой. Осындай асыра сiлтеулер көп болды. Соның бәрiн алады да, Сталинге жабады. Сталиндей адам болмайды. Өзi үшiн өмiр сүрмеген. Ол қайтыс болғанда, комиссия құрылып, акт жасағанда, оның жинақ кiтапшасында 19 сом ақшасы бар екен. Одан басқа төсек-орны, екi-үш кителi, шинелi бар екен дейдi. 30 жыл ел басқарған кiсi. Бұл деректi мәлiметтерде жазылды. Көрдiң бе, сондай кiсiнi неге қаралайды? Қазiр бiреудi бастық қойшы, бiрiншi үй салады. Онан кейiн, ұлына мұражай салады. Анадай кiсiлердi неге сөйтуiмiз керек?! Соған күйiнем. Қазiр маған атаңсыз өмiрдiң мәнi де, сәнi де кеттi. Кей-кейде балаларға көрсетпей жылап та қоям. Ұрсып қойып, отыратын күндердi аңсаймын. Шалым-ай, жатқан жерiң жайлы болсын!!!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары