РЕСЕЙГЕ ЖЫЛЫНА 800 МЫҢ МИГРАНТ КЕРЕК

РЕСЕЙГЕ ЖЫЛЫНА 800 МЫҢ МИГРАНТ КЕРЕК

РЕСЕЙГЕ ЖЫЛЫНА 800 МЫҢ МИГРАНТ КЕРЕК
ашық дереккөзі
270

Кейiнгi кезде көршi Ресейдiң демографиялық мәселеге айрықша көңiл бөлiп жатқаны белгiлi. Бұған дәлел – жақында Ұлттық жобалар кеңесi Ресейдiң 2025 жылға арналған демографиялық саясатына талдау жасады. Вице-премьер Дмитрий Медведевтiң айтуына қарағанда, демографиялық саясатқа байланысты арнайы 30 беттiк құжат дайындалып жатқан көрiнедi. Оның басым бөлiгi көрсеткiшiн төмендетiп, туу көрсеткiшiн өсiруге бағытталған. «Мұндай маңызы зор концепциялық құжатты қабылдау өмiр талабы», – дейдi ол.

Өйткенi, Ресейде бұрын жылына 1-1,5 миллион адам өмiрден озса, қазiр жылына 2 миллион адам көз жұмады екен. Сондай-ақ, бiрiншi вице-министр демографиялық ахуалға серпiлiс тудыратын жобаны атап өттi. Оның сөзiне сенсек, Ресейде 2015 жылы халық саны 136 млн. адамға дейiн, ал 2025 жылы 125 млн. халыққа дейiн азаяды. Аталмыш концепцияда демографиялық саясаттың iлгерiлеу баспалдақтары да қарастырылған. Бiрiншi баспалдақ – 2007-2010 жылдар аралығы. Бұл жобаның басты мақсаты – тұрғындардың өлiм көрсеткiшiн төмендетiп, тұрғындардың санын 140 млн. адамға жеткiзiп, бiр қалыпта ұстау. Бүгiнгi күнi Ресей халқының санын көбейтуде мигранттардың үлесi басым болып отыр. Медведевтiң айтуынша, 2016 жылға дейiн Ресей жыл сайын шет елден 160-170 мың мигрантты тартуы керек. Ал 2025 жылдан кейiн әр жылғы мигранттар ағымы 300 мыңға өсуi тиiс. Егер мемлекет iшiнде өлiм азайып, туу көрсеткiшi бiршама шарықтай берсе, бұл санды азайтар едiк, ал жағдай керiсiнше орын алса, мигранттарды тартудың басқа жолын қарастырған жөн, – дейдi Медведев.

«НГ» газетiнiң тiлшiсiне берген сұхбатында Медведев мигранттарды алдымен қай елдерден әкелу керек деген мәселеге жауап бере келе, ол әуелi ТМД және Балтық жағалауы елдерiнен мигранттар керек дейдi. Өйткенi, олар бiздiң елде өмiр сүруге ерте бейiмделе алады. Әрине, бұл еңбек iстеуге қабiлеттi орта жас буындарына қатысты екендiгiн ұмытпаңыз. Ал жобаны қаржыландыруға келгенде Медведев: «2025 жылға дейiн болжам жасау қиынның қиыны. Дегенмен, құжатқа қарасақ, 2015 жылға дейiн балалы отбасыларға мемлекеттiк қолдау 0,4 пайызға артса, денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығын 3,5-тен 6 пайызға өседi» деген болжамын да ұсынды. Ол сол сияқты билiктiң жәрдемақы жүйесiне қан жүгiрте бастағанын тiлге тиек еттi. Бұл тұрғыда екiншi және үшiншi баланы туғанда берiлетiн ана капиталының енгенi ұтымды тәжiрибе екендiгiн баса айтады.

Шыны керек, Ресей мемлекетi орыс тiлiнiң қолдану аясының кеңеюi мен туу көрсеткiшiнiң өсуiне барынша күш салып келедi. Оның үстiне бүгiнде Ресейдiң қол астынан өз еркiмен шығып кеткен мемлекеттер де ана тiлiне бет бұрып, жергiлiктi тұрғындарына кәдiмгiдей жағдай жасап-ақ жатыр. Содан ба екен, өлiм көрсеткiшiнiң басым болғанына қарамастан, Ресей әлi де мигранттарға иек артып келедi. Айталық, Экономикалық және қаржылық зерттеу орталығының есебiне қарасақ, жақын арада Ресейге лек-легiмен ағылған 800 мың мигрант ауадай қажет екен. Алайда, бұл мәселенi аяқ астынан шеше салу оңайға түспес. Тiптi, мүмкiн емес жағдай десе де болады. Өйткенi, ТМД елдерiндегi орыс және орыстiлдiлердiң кететiнi баяғыда-ақ кетiп, қалғаны осы жерге тастай батып, судай сiңiп алған. Ал Украина мен Қазақстаннан мигранттарды күтудiң қажетi жоқ, олар келмейдi де. Одан қала бердi бұрынырақта Қазақстанның солтүстiк аймағындағы елдiмекендерден келiп жататын ағым да кенеттен тоқтап қалды. «Сонда бiз кiмге сенiм артамыз?» дейдi билiктегiлер. Бұның бiр ғана жауабы бар. Ол – Кавказ жағалауы халқын еншiлеу. Екiншi толқын – Тәжiкстан. Одан кейiн Өзбекстан, бәлкiм Түркiменстан болар. Себебi, аты аталған елдерде әлеуметтiк жағдайдың төмен екендiгiн, жұмыс орнының жоқтығын ескерсек, Ресейге ағылған көшке тосқауыл болмасы анық. Тағы бiр өкiнiштiсi, өзбек мигранттары әуелi бiзден бұрын Қазақстанға жол тартады. «Бiз алатын ұпайды Қазақстан иемденсе, сонда 800 мың мигрантты қайдан әкелмекпiз?!» деп күйiнедi тағы бiрде вице-премьер.

Қысқасы, Ресей басшылары бұл жағдайды басқа қырынан қарастырып, айналып келгенде қытай миграциясын тарту керек дегенге тоқтайды. Бiрақ таяқтың екi ұшы болатыны секiлдi, қоғам бұл халықты ТМД, Балтық жағалауы елдерi тұрғындарындай жақын тарта қоймайды. Оның үстiне «Қытай Ресейден көш iлгерi өркениеттi қоғамды басынан өткерiп отырған мемлекет. Сол себептен ары кетсе 5-7 жылдан кейiн бiз оларға керек болмай да қаламыз» дейдi ол.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары