СЫЙЛЫҚТАН – СЫЙЛЫҚҚА!
СЫЙЛЫҚТАН – СЫЙЛЫҚҚА!
Тiлшi қауымды неге екенiн кiм бiлсiн, «жалаңаяқ журналист» деп атайды?! Әлде таңның атысы, күннiң батысы табан тоздырып, материал жинаумен уақыт өткiзетiндiктен солай атады ма екен, әлде тапқан бес-он теңгесiн қанағат тұтып, пәтерден-пәтерге көшiп жүретiн көшпендiлiгiне бола солай атады ма екен, әйтеуiр, «жалаңаяқ» аталып жүргенi рас. Кейде оларды «еңбегi еш, тұзы сор халық» деп те жатады. Мұның да жөнi бар. Ғұмырының жартысын журналистикаға арнаған, соның «отымен кiрiп, күлiмен шыққан» жандардың еңбегi кейде ескерусiз қалып жататыны да жасырын емес.
Қоғамдық пiкiр қалыптастырып, билiк пен халықтың арасында дәнекерлiк танытып жүрген тiлшi қауымды ұмытпай, жыл сайын төл мерекесiнде арнайы шақыртып алып, құттықтап жататын бiр адам бар. Ол – Алматы облысының әкiмi Серiк Әбiкенұлы Үмбетов. Әкiмнiң тiлшi қауымға ықылас танытып жүргенi Алматы облысынан басталған жоқ. Ұлтқа, ұлттық дүниелерге қай кезде оң қабақ танытып жүретiн әкiм өз жанашырлығын қаламгер қауымнан бiр сәтте аяған емес. Оған куә, облыстағы қаламгер қауым. Түн қатып жүрiп жазған дүниелерiн шығаруға бес-он теңге таппай, қиналып жүретiн қалам иелерiне арнайы стипендия тағайындап, жыл сайын кiтаптарын шығаруға қамқорлық танытып келе жатқан әкiмнiң бұл қамқорлығына облыс жұртшылығы да риза. Облыстық газеттерден бастап, аудандық газет-журналистердiң көбi дерлiк әкiмнiң қамқорлығынан құр алақан қалған емес. Әкiмнiң жұртшылықпен байланыс жасайтын тiлшi қауымның өтiнiш-пiкiрлерiне де құлақ асып, талап-тiлектерiн ескерiп жүргенiн байқайсыз. Сондықтан болар, облыста Әнуар Әлiмжанов, Марат Барманқұлов, Ұзақ Бағаев, Кәкiмжан Қазыбаев, Кемел Тоқаев, Балғабек Қыдырбекұлы, Сейдахмет Бердiқұлов, Сағат Әшiмбаев атындағы сыйлықтар тағайындалып, ол сыйлықтардың иегерлерi де анықталды. Олардың арасында: Мырзағали Нұрсейiтов («Жетiсу» газетiнiң меншiктi тiлшiсi), Виталий Пекельник («Огни Алатау» газетiнiң жауапты хатшысы), Жұмахмет Жайлаубаев («Жетiсу» телеарнасының редакторы), Дүйсен Мұхаметшаров («Ақсу өңiрi» газетiнiң бас редакторы), Нұрилә Бектемiрова (Көксу аудандық әкiмдiгiнiң бөлiм меңгерушiсi), Ораз Тiлекметов («Алатау нұры» газетiнiң редакторы), Асхат Өмiрбаев («Қаратал» газетiнiң тiлшiсi), Өтесiн Құбиев («Заман жаршысы» газетiнiң бас редакторы), Светлана Буратай («Талдықорған» газетi бас редакторының орынбасары), Нұрданбек Тоққожаев («Хантәңiрi» газетi бас редакторының орынбасары) бар.
Қазақстан Журналистер одағының басқармасы үздiк жұмыстар бойынша республика бойынша жұмыстар қаралып, төл мереке қарсаңында бiрқатар БАҚ қызметкерлерiне бiрнеше номинация бойынша сыйлықтарды табыс еттi.
Бiрнеше номинацияның құрамында, атап өтер болсақ, үздiк репортерлiк жұмыс, экономикалық шолу, саяси шолу, журналистiк зерттеу, iзденiс материалы, ғылыми-зерттеу жұмысы, телевизиялық жұмыс, фото жұмыс, медиа-жоба, оқу құралы бар. Бұл номинациялар бойынша, журналистиканың майын iшкен майталмандар жүлдеге ие болып отыр. Мәселен, «Iзденiс материалы» номинациясын тележурналистер Қымбат Досжан, Сергей Пономарев («Хабар» телеарнасы), «Ғылыми-зерттеу» номинациясы бойынша – Аяған Бүркiтбай («Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нiң бас директоры), «Телевизиялық жұмыс» – Сағатбек Қалиев («Қазақстан» ұлттық телеарнасының продюсерi), Торғын Оспанбаева («Астана» телеарнасының шығарушысы), «Реперторлiк жұмыс» – шолушы Әмiр Өмiрбековке («Қазақ радиосы»), Оразымбет Әлiмбек («АР.kz» газетi), Ғабдол-Ғазиз Есембаевқа («Нұр-Астана» газетiнiң тiлшiсi) берiлiп отыр.
Сондай-ақ, Қазақстан Журналистер одағының арнаулы дипломымен «Мұқағали» әдеби-публицистикалық журналының, «Гол!» спорттық басылымының, Қарасай аудандық «Заман жаршысы» газетiнiң шығармашылық ұжымдары, белгiлi тiлшiлер Бақтыбай Айнабеков, Иса Омарұлы («Замана» газетi), Мақсат Рсалин («Қазақ газеттерi» АҚ) марапатталыпты.
Журналистер одағы әзiрлеген сыйлықтың тағы бiр ерекшелiгi, баспасөзге және журналистерге көрсеткен қолдауы үшiн арнайы дипломдар әзiрлептi. Аталмыш дипломды Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовке, Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы , Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлiге, «Әдiл сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президентi Тамара Калееваға, «Эйр Астана» АҚ-тың жұртшылықпен байланыс жөнiндегi департаментiнiң директоры Зухра Сұлтановаға табыс еттi.
Биылғы жыл «Түркiстан» газетiнiң тiлшiлерi үшiн де ерекше жыл. «Түркiстанның» екi бiрдей азаматы мереке қарсаңында үздiктердiң санатына қосылыпты. Оның бiрi – Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегерi Жанабек Шағатай. «Президент және халық» газетiнiң ұйымдастыруымен өткiзiлген «Жылдың ең үздiк журналисi» атағына ие болған Жаңабек Шағатайдың жазушылық қыры бiр төбе де, журналистiк зерттеулерi бiр төбе. Кез келген тақырыпты жан-жақты зерттей отырып, фактiлердi сөйлету арқылы, цифрларды құбылта отырып жазып шығатын журналистiң жазу стилi де өзгеше. Сондықтан болар, бүгiнгi қолына қалам ұстаған әрбiр тiлшi Жаңабек ағаға елiктеп, журналист болғысы келетiндiгi. «Түркiстанның» тағы бiр үздiгi – Оңтүстiк Қазақстандағы меншiктi тiлшiмiз Балтабек Түйетаев. Облыстық әкiмшiлiк анықтаған «Аймақ-регион» номинациясы Балтабекке бұйырыпты. Облыстың жақсы жаңалығы болса жасырмай, қай кезде де қаламы жанынан табылатын қарымды журналистiң еңбегi еленiп отыр.
P.S.
Тасқа қашалып жазылған жазулар мың жылдар, тiптi миллион жылдар өтсе де, өшпейдi. Сондықтан да, табан тоздырып, билiк пен халықтың дәнекерi болып жүрген қарапайым тiлшiнiң «еңбегi еш, тұзы сор» болады дегенге сену қиын. Олардың тасқа басылып жазылған бүгiнгi асыл-маржандары, күнi ертең халықтың игiлiгiне айналатыны да сөзсiз.
Гүлзина Бектасова