ҚЫРАУБАЕВАНЫҢ МЕКТЕБI

ҚЫРАУБАЕВАНЫҢ МЕКТЕБI

ҚЫРАУБАЕВАНЫҢ МЕКТЕБI
ашық дереккөзі

Алма апай бiзге «Ежелгi дәуiр әдебиетiнен» сабақ бердi. Алғашқы дәрiстен-ақ апайымыздың ойлы жанары мен қоңыр үнi бәрiмiзге ерекше әсер еткен… Қорқыт жырларын, «Рабғузи қиссаларын» оқыған кездерi, Тоныкөктi, Күлтегiндi суреттеген сәттерi әлi күнге жадымызда. «Бұлайша бiр ақынның жазғанын екiншi бiр ақынның қайталап өзiнше баяндауы шығыста көп тараған. Бұл Нәзира дәстүрi деп аталады» деп әңгiмесiн бастайтын Алма апайдың дәрiс беру стилi де ерекше едi. Курстағы отыз баланы екi топқа бөлiп, әдебиеттен жарыс ұйымдастыратын. Өлеңнiң алғашқы шумағын жартымыз айтсақ, екiншi бiр шумағын келесi топ жалғастыратын. Кейде кейбiр шумақтардан қате кетiп жатса да, жымиып қана, түзету енгiзетiн апайдың нұрлы бейнесi әлi күнге көз алдымызда. Жеңiске жеткен топ жеңiлгенiне масаттана қарап жатқанда, апай жеңiлген топтың да еңсесiн түсiрмеуге тырысушы едi. Сондықтан болар, бiздiң курс Алма апайды ерекше жақсы көрдi, сондықтан болар, бiздiң курстың Алма апайды жадынан шығармайтыны…

Өмiрiнiң жартысын шәкiрт тәрбиелеумен өткiзген, одан қала бердi ғалымдық жолы тағы бар, табанды, қайсар апайымыз Алма Қыраубаеваның уақытының көбi шәкiрттерiнiң арасында өтiптi. Мектеп ашып, күнi-түнi сол мектептiң қамымен шенеунiктердiң табалдырығын тоздырып жүрiп уақытын өткiзген Алма апайдың өз денсаулығын ойлауға да шамасы келмептi. Қазақ әдебиетiнiң тарихын зерттеу оңай шаруа емес. Оның үстiне, ол ежелгi дәуiр әдебиетi болса… Белгiлi ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкiшев Алма Қыраубаева төңiрегiнде: «70 жылдардың бас кезiнде Бейсенбай Кенжебаев ұстазымыз уақытша 6-7 айға шығармашылық қызметке ауысып, кафедра билiгiн маған тапсырғанда университетке ауысқаныма 2-3 жыл ғана болған, көп сутденттердi тани бермеймiн. Алманы көрiп жүрсем де, оны кафедраға қызметке қалдыра қою менiң қолымнан келмейтiн шаруа едi. Бейсекең қауырт жүмыс үстiнде болғанына қарамастан менi, Алманы ертiп алып, iскерлiгiмен, алымдығымен, ғұламалығымен танылуы бiздiң Қазақ университетiне ректор болып келгеннен кейiн жарқырай көрiнген Өмiрбек Арысланұлы Жолдасбековке алып барды. Сөзге сараңдау Бейсекеңнiң Алманы ректорға таныстыруы керемет болды. Қол қоюға хұқым жоқ деп қиқаңдаған маған сол жерде өтiнiшке қол қойғызып, оны растап Алманы университетке ассистент етiп алып қалды. Бұл қыздың Бейсекең жiк-жапар болатындай не өнерi бар екен деп бақылап жүрдiм. Бiрiншiден, жасқа ұқсамас ұстамдылығы, екiншiден, ой пiкiрiн дәлелдей нығыздап айтатыны, үшiншiден, қазақ хандығына дейiнгi әдебиет нұсқаларын емiн-еркiн түсiнiп, зерделi талдау жасайтыны қайран қалдырды. Көп ұзамай кандидаттық диссертациясын қорғап, ел-жұрт көзiне түстi, Бейсекеңнiң тарихи мектебiнiң iргесiн бекiткен аз ғана ғалымдардың бiрiне айналды» деп жазыпты. Алма апай тiрi болғанда биылғы жылы 60-қа толар едi. Сұм ажал апайды өмiрден ерте алып кеттi. Ғалымның артында мол мұрасы, ғылыми кiтаптары, өзi тәрбиелеп өсiрген шәкiрттерi қалды. «Ғалымның өзi өлсе де, хаты өлмейдi» деген осы шығар. Бүгiнде Қыраубаеваның мектебiнен шықтым дейтiн шәкiрттердi республиканың түкпiр-түкпiрiнен кездестiруге болады. Және олар Қыраубаеваның мектебiнен шыққанын мақтан тұтады. Гүлнәзия ӘДУОВА:
«АЛМА ТАБАНДЫ, ҚАЙСАР БОЛАТЫН»
 

Алма апаймен студенттiк шақтарын бiрге өткiзген, өле-өлгенше қатар жүрген, сыйлас құрбысы Гүлнәзия Әдуовадан апайымыз туралы тағы бiр рет естелiк айтуын өтiнген едiк.

– Алма мектептi бiтiре салысымен, оқуға келiптi. Мен болсам, мектептi он алты жасымда бiтiрген соң, екi жыл ауылда мектепте мұғалiм боп жұмыс iстедiм. Ол кезде екi жылдық стаж керек болатын. Оқуға түскеннен кейiн, Алма, Үмiт үшеумiз бiрге пәтер жалдап тұрдық. Содан араласа бастадық. Соңғы күнге дейiн бiрге болдық қой. – Алғашқы танысқаныңыз есiңiзде ме? Алма апайды қай жерде көрдiңiз? – Оқуға қабылданғанымызды есту үшiн, университетке барғам. Алма, Үмiт үшеумiз қатар тұрып қалыппыз. Бiр-бiрiмiзбен танысып, сөйлесiп кеттiк. Үшеумiз де жоғары балл жинаған екенбiз. Жоғары балл алғандарға стипендия төлейтiн. Стипендия алғандарға жатақхана берiлмейдi. Содан кейiн, үшеумiз бiрыңғайлана бастадық. Орыс кемпiрдiң үйiнде тұрдық. Үшеумiздiң жұбымыз жазылмай, университетке барамыз, бiрге келемiз. Әуелден университетке келген кездiң өзiнде-ақ, Алманың әдебиетке құмарлығын бiлетiнбiз. Өйткенi, ол мектепте жүрген кездiң өзiнде өлең жазып, көркем дүниеге әуес болып келген екен. Алғашқы курстан бастап, әңгiмелерi жарыққа шыға бастады. Кейiнiрек, ғылым жолына кеттi. Бейсенбай ағамыздың көзiне түстi де, ол кiсi Алманы ғылымға қарай жетелей бастады. – Алма апай кiтапханаға жиi баратын шығар… – Ой, уақытының көбi кiтапханада өтетiн. Үшеумiз бiрге жүрiп, бiрге тұрамыз. Тамақты да бiрге iшемiз. Ол деген кiтапханада қозғалмай отырады. Ол екi ортада Үмiт екеумiз бiр кiрiп, бiр шығып жүремiз. Арасында Үмiт: «Осы, сен орындыққа жабысып қалған жоқсың ба?» деп күлетiн. Табанды едi ғой. Бiр нәрсенi бастаса, соны бiтiргенше, тапжылмай отыратын. Ол кезде Жастар театры университеттiң жанында. Алма кiтапханадан шыққанша, Үмiт екеумiз киноға бiр кiрiп шығамыз. Алма ауылдан келгенде-ақ, шығыстың қиссаларының бiразын жатқа бiлетiн. Әкесi Мүтәлiп те ақын кiсi болған ғой. Қиссаларын жатқа айтатын деп әкесiнен естiгендерiн жатқа айтып жүретiн. Содан кейiн, әрi қарай тереңдете бердi. Әкесi Алманы екi iнiсiмен отырғызып қойып, өлең айтқызып, жарыстырады екен. Екi жолын әкесi шығарса, қалған екi жолын бұлар жалғастырады. «Кiм бұрын осыған ұйқас табады?» деп жарыстырады екен. Осындай тәрбиенi көрiп өскен балалар ғой. Алманың өзi де:«Менiң ақындыққа, әдебиетке жақын болғаным тiкелей әкемнiң тәрбиесi» деп айтып отыратын. Кейiн, 3-курстан бастап, Ленинград, Мәскеудiң кiтапханаларына барып, бiраз нәрселердi тауып, iзденiп, ғалымдық жолға түсе бастады. – Құрбы болған соң, сырын да сiзге айтатын шығар.. – Сырласқанда, Алма өте тұйық жан едi ғой. Көбiне, бiрыңғай өзiнiң зерттеулерiмен жүретiн. Таңертеңнен кешке дейiн бiрге жүрген соң, әзiлдесiп болса да, сырласатынбыз. 5-курсқа дейiн ешкiмге жоламай, оқуымен жүрдi де, соңғы курсты бiтiретiн жылы Тiлепалдымен табысып, соған тұрмысқа шықты. Тiлепалды Жамбылдың немересi болатын. Тағдыр ғой. Ол да ақындығы бар, арқасы бар жiгiт едi. Соның бiразына төзiп жүрiп, жиырма жылдай бiрге тұрды. Жолдасына жағдай жасаймын деп, уақытының көбiн өткiзiп алды. Кейiнiрек, Жамбылдың немересi үйсiз қалмасын деп, пәтерiн де қалдырып кеттi. Қиналды. Оның арасында Жандосов елдiмекенiнен мектеп ашты. Докторлығын қорғап, елу жасын тойлап, ендi көтерiлдi ме деген шағында үзiлiп кеттi ғой… – Алма апай қатты қиналып жүрсе де, Жандосов ауылынан мектеп ашыпты. Мектептi ашуына түрткi болған не нәрсе? – «Ежелгi дәуiр әдебиетiнен» Қазақ Ұлттық университетiнде сабақ берiп жүрдi де, бiр күнi «Осы пәндi балалар жастайынан санасына сiңiру керек» деп шешiп, оқулық дайындай бастады. Менiң жолдасым Ризабек Мемлекеттiк баспа iсi комитетiнiң бас редакторы болған. Ризабек көмектесiп, бiраз кiтабын жарыққа шығартты. Сол пәндi мектепке енгiздiрдi. 80-жылдардың аяғында ғой, ұмытпасам. Мектепке оқулық жазғаннан кейiн, мектептiң сабақтарына кiрiп, семинарларға қатыса бастады. Өзiнiң әдiс-тәсiлдерiн үйретiп жүрiп, мектепке деген құлшынысы пайда бола бастады. Сөйтiп жүрiп, әдебиеттiң тарихын мектептен бастап оқыту керек деген шешiм шығарды да, өзi бағдарлама жасап, өзi Жарғысын жазып, мектептi ашты ғой. Өзi де: «Орыстiлдi балаларға қарағанда, қазақтың балалары жуас, өзiнiң ойын толық жеткiзе алмайды, жасық боп келедi. Олардың тәрбиесiне жақсылап бiр қарау керек сияқты» дегендi жиi айтатын. Осыны өзiне мақсат-мiндет қып алды ғой. – Ол мектепке ешкiм қаржылай көмектеспедi ме? – Ой, қаржыдан қатты қиналды ғой. Ешкiмнен көмек болған жоқ. Алматының бiраз шенеунiктерiнiң есiгiн тоздырып, әбден шаршады. «Мектеп ашу дегендi қолдамайды. Ешкiм түсiнбейдi»,–деп шаршап келетiн. Қаланың шет жағында бiр бөлмелi үйi болды. Ол үйде өзi тұрған да жоқ. Мектеп ашамын деп, сол үйдi кепiлдiкке қойды ғой. – Алма апайдың мектебi Астанаға кетпей жатып-ақ жабылып қалды ма? – Мектеп бар-жоғы үш-ақ жыл тұрды ғой. Қаржы-қаражат болмады. Мектептi ұстап тұру үшiн, мұғалiмдерге жалақы беру керек. Оның от жағуы керек, үй сыпырушысы болуы керек емес пе? Ал, оның бәрiне ақша керек. Бәрi де жап-жақсы басталып едi. Өзiнiң денсаулығы да онша болмай кеттi. Операция жасалғаннан кейiн, тiптi қиналып кеттi ғой. Алма өзi: «Кiшкентайымнан үйдiң тұңғышы болған соң, еркек бала сияқты тәрбиеленiп өстiм. Ауыр жұмыстарға салып, ер балалар iстейтiн тiрлiктi жасадым, кейiн, оқуға келгеннен кейiн ғалымдық жолға түстiм. Үй шаруасын кейiн-кейiн үйрене бастадым ғой. Қыз балаға керегi үй шаруасын бiлу екен ғой» деп күлiп отыратын. Әзiл үшiн айтады да, әйтпесе, Алманың қолынан барлығы келетiн. Iс тiгу де, тамақ та жасау да қолынан келедi. Ән де айтатын. Алғаш студент боп, оқуға түскен кезде Алма аккардеонда ойнайтын. Тұрмысқа шыққаннан кейiн, Ұлар деген ұлын тоғыз жылдан кейiн көтердi. «Түсiме Жамбыл атам кiрiп, қолыма домбыра бердi. Содан кейiн, осы Ұлар пайда болды»,– деп айтып отыратын. «Атам қолыма домбыра ұстатты ғой–деп, домбыраны да үйренiп алды. Өзiнiң шешесi де Алманы тоғыз жылдан кейiн көтерген екен. Алма да сол анасы секiлдi тоғыз жылдан кейiн көтердi. Үш баласын әп-әдемi қып, өсiрiп, ендi қызығын көретiн кезде, өмiрден өттi де кеттi. Үш баланы ғана емес, бүкiл қазақ баласын тәрбиеледi ғой. – Алма апай отырыстарда әндi жиi орындайтын ба едi? Ол кiсi неге сахнаға шықпады екен? – Атасының әндерiн ауылдағы келiндерiнен үйренiп алып, көпшiлiкке таратып жүрдi ғой. Әнеу күнi, жиында: «Алманың түскен таспаларын таба алмадық» деп жатыр. «Қазақстан» телеарнасында Алма жүргiзген бағдарламалар, Алма айтқан әндер сақтаулы болуы керек едi. Ол сол телеарнада бiрнеше рет бағдарлама ұйымдастырған. Ол бағдарламаларға бiз де түскенбiз. Жамбылдың көп әндерiн Алма алып келген. «Тамашаға» да екi-үш рет шығып, ән айтты. 1987 жылы бiздiң ауылға бардық. Әжем 86-ға келiп, қайтыс болған. Сол кiсiнiң жылына ас беруге бардық. Алдында Алманы теледидардан көрiп жүрген. Содан түнiмен ән салғызды ғой. Таң атқанша айтқызатын. Алма жай әндер ғана емес, қиссаларды жатқа айтады. Ауылдың шалдары кезек-кезек қонаққа шақырып, бәрi соңынан ерiп жүредi. Сөйтiп, бiздiң ауылда екi-үш күн концерт қойып кеткенi бар. Отбасында демеп, сүйеп отырмаған соң, тағы қиын ғой. Соған қарамастан, табандылығының, қайсарлығының арқасында, бiраз дүниелер жазып кеттi. Естелiк кiтабымда да жаздым ғой. Ол кездерi машинаны қазiргiдей қыз балалар көп жүргiзбейтiн. Алма сонау Жандосовтан қатынайтын болған соң, автобустан-автобус күтiп қиналып кеттiм дедi де, «қайтсем де, машина жүргiземiн» деп оқуға барып жүрдi. Елуге таяп қалған кезi. «Шiлденiң күнiнде жиырма сағат машина айдап жүрдiм. Үйретушi орыс жiгiт таң қалып: «Адамдардың бәрi екi-үш рет айдайды да, ақшаларын төлеп, құжаттарын алып кетедi» деп айтты. Жоқ, мен қайтсем де жүргiзуiм керек және қиын жолдармен жүргiзуiм керек деп, табандап тұрып алдым»,– дейдi. Алма iшiмдiк дегендi де ұрттамай кеттi. «Мен бiрдеңенi бастасам, соның түбiне жетпей қоймаймын. Сондықтан, осыдан қорқамын» деп күлетiн. Астанаға кетпей тұрып-ақ, ауырып жүретiн. Астанаға барғанда дәрiгерлер дұрыс диагноз қоймаған ғой. Содан кейiн асқынып кеттi. Түркiстанның 1500 жылдығына барамын деп дайындалып жүрген кезi едi. Содан қатты құлап, ауруханаға жатып қалды. Көрген қиындықтары да әсер еткен шығар. Көзi қызарып кеткенше, түнiмен отыратын едi ғой, кiтапқа үңiлiп, оқып-жазып… Ол да бiр ауру ғой. Қиналғанына қарамай, өмiрi өтiп бара жатқандай, бiр нәрсенi сезгендей, көп нәрсенi үлгерiп кету үшiн жанталасқан сықылды көрiнедi маған қазiр. – Сiздер ше, Алма апай сияқты ғылымға бармадыңыздар ма? – Зейнеткерлiкке шыққанға дейiн, «Мектеп» баспасында редактор болып жұмыс атқардым. Үмiт аса талантты едi ғой. Ол 5-курста аяқ астынан ауырып, қайтыс боп кеттi. Әңгiмелерi газет-журналдарға шығып жүретiн. Артында екi кiтабы қалды. Ал, Алма Астанада қалды. Февральдiң қақаған суығы. 3-күнi тойға бардық та, ертесiне қайта қайттық қой. Алматыға келiп түскен күнi, түстен кейiн хабар келдi. Сосын қайтадан пойызға мiнiп, аттандым ғой. 7-күнi жерледiк. Той өтiп жатқан күнi арасында, антрактiнiң кезiнде Алманы көрсетейiн деп, қонақтардың бiрiн алып келдiм. «Басымды көтерiп жiбершi» дедi. Денесiн қозғалта алмайды. Сонда құшақтап, басын көтергенiмде, Құдай-ай, құр сүйегi ғана қалыпты. Содан кеттi ғой. Амал не, өлiмге дауа бар ма?! Кеше жиында шәкiрттерi шыр-пыры шығып, ұстаздарын еске алып жатты. Сол шәкiрттерге қарап, Алманың өмiрiнiң бостан-бос өтпегенiн түсiндiм. Шәрбану БЕЙСЕНОВА:
«ҮЛКЕН ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ ЖАН ЕДI»
 

– Алма замандасым туралы ойлаған сәтте тiлiме әрдайым осы сөз оралады. Иә, ол үлкен құрметке лайық жан едi. Алмамен мен Қазақ Ұлттық университетiнде төрт-бес жыл қатар оқыдым. Бiр жатақханада тұрдық. Оқуға түскен күннен бастап-ақ, ол өзiнiң iзденiмпаз талабымен, мiнезiнiң орнықты сабырлылығымен құрбыларының арасында бiрден көзге түстi. Әсiресе, табанда тауып айтатын ұтқыр сөзiмен де ерекшеленiп, отырған жерде өзiнiң ой-өрiсiнiң биiк деңгейiн де танытып қоятын.

Алма студент кезiнде әңгiме жазушы едi. Оның «Балдақты қыз» деген бiр әңгiмесi менiң әлi есiмде. Оның жеке архивiнде бәлкiм жарық көрмеген әңгiмелерi әлi де болуы мүмкiн. Оның бiр басында бiрнеше өнер тоғысқандай едi. Ол аккардеонмен тамылжыта ән айтатын. Сабаққа алғырлығы өз алдына. Жоғары курстарға келгенде ол ғылымға бейiмдiлiгiн танытты. Соны дер кезiнде байқаған ғұлама ғалым, ұстаз Бейсенбай Кенжебаев өзiнiң кафедрасына Алманы аспирантураға алып қалды. Сол кiсiнiң жетекшiлiгiмен ғылымға шындап ден қойды. Бұл 70-жылдар едi. Ол кезде аспирантураға орын аз бөлiнетiн, аспирантураға түсу кiм-кiмге де қол жетпес армандай көрiнетiн. Бiрақ Алманың маңдайына Бейсекеңдей нағыз ғалымның шәкiртi болу бақыты жазылған екен. Ұстазының сол үмiтiн Алма ақтаған бiрегей шәкiрт болды. Дер кезiнде қорғады. Ұстазының ғылымдағы жолын ары қарай жалғастырды. Университеттi бiтiргеннен кейiн әрқайсысымыз қызмет ауанымен әр салада жүрдiк. Үйлi-жайлы болдық. Сосын әрқайсысымыз тұрмыстың ағымымен кете берiппiз. Бiр қалада тұрсақ та, жиi кездесе алмағанымызға қатты өкiнемiн. Бiршама жылдан кейiн Алмамен қайта қауышқан кезiмiзде оның қалыптасқан ғалым, бiлiктi ұстаз атанып, кемерiне келген шағы едi. Арада соншама жыл өтпегендей, күнi кеше ғана көрiскен достардай араласып кеттiк. Бiрде «Қазақфильм» ықшам ауданынан қала әкiмiнiң өзiне арнап берген үлкен үйiнде бiраз достарының басын қосты. Алтын асықтай үш перзентiн көрсетiп: «Бар байлығым осылар» деп марқайып отырғаны әлi күнге көз алдымда. Бұл Алманың ана бақытын көңiлi шалқи сезiнген сәтi болар. Сол отырыста Алма Жәкеңнiң «Угай-айынан» бастап, көптеген әндердi домбырамен айтып, бiздi бiр сусындатып едi. Қазақтың да, қырғыздың да әндерiн орындады. Қырғыз әнiнiң iшiнде, әсiресе, «Бегiмайдың жырын» қалай құйқылжытып айтқаны қазiр де құлағымда тұрғандай. 1997 жылы Алма өзiнiң 50 жылдығын Алматыда, Ғалымдар үйiнде атап өттi. Оны еске алып отырған себебiм, сол кеште музыкалық фон ретiнде кештiң басынан аяғына дейiн Алманың өз орындауындағы әндер баяу ырғақпен, шалқып естiлiп тұрды. Өз кешiн өзi әнмен ажарлады. Алманың әкесi – Мүтәлiп ақын болған адам. Бiз ол кiсiнi көре алмадық. Ал, сол елу жылдық тойында мен Алманың анасын алғаш көрдiм. Алманың анасы да «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейдi» дегендей, өте бипаз, ақылына көркi сай, келiстi жан екен. Ұлағатты орта көрген тәрбиелi екенi өзiн ұстауынан анық байқалады. Сол тойда Алма анасымен қосылып, керемет бiр би билеп едi. Бүкiл зал сiлтiдей тынып, екеуiне қарап отырды. Сондай жарасты, табиғи би болды. Алма жүзi алаулап, ашық-жарқын, ағылып-төгiлiп қуанып билеп едi. Менiңше, бұл да Алманың ең бiр бақытты сәттерi едi. Анасы бар қыздың бақыты шат-шадыман түрiнен көрiнгендей едi. Сол жылы күзде Елордасы Астанаға көш басталды. Осыдан кейiн мен Алманы Астанадан кездестiрдiм. Әуелi телефонмен сөйлестiк. Ол Түркiстан қаласының 1500 жылдық тойына бара жатқанын айтып, сосын кездесетiн болып келiскенбiз. Арада бiрер ай өтер өтпестен «Алма науқас екен» деген хабар естiдiм. Барсам, төсек тартып жатыр екен. Бiрақ қажырлы адам ғой, ауруының салмақты екенiн сездiрмеуге тырысып, ашық жарқын әңгiмелесiп отырды. «Бұған дейiн жарық көрген еңбектерiмнiң бәрiнiң басын қосып, тұтастай көрнектi бiр кiтап шығарсам» деген тiлегiн айтты. Сол жолы қолжазбаларын өз қолынан алып кеттiм. Мен сонда Алманың ақырғы аманатын арқалап бара жатқанымды ол кезде бiлгенiм жоқ. Арада көп уақыт өтпей ақ, бiз одан айрылып қалдық. Аманат жүгiнiң ауырлығын мен сонда барып сездiм. Алманың сол кiтабы жарық көргенше, iшкен асым бойға батпағандай күйде жүрдiм. Сол жылы Астанадағы «Елорда» баспасынан Алманың кiтабы жарық көргенше, көңiлiм бiр тыншымады. Кiтабы көлемдi болып шықты. Бiрақ оны өзi көре алмай кеттi. Қолжазбасын өз қолыммен алғаннан соң кiтаптың алғашқы сүйiншi данасын өз қолыммен апарып балаларына табыс еттiм. Алма өзiнiң қысқа ғұмырында жарық жұлдыздай жанып өттi. Оның жарқын бейнесi оны бiлетiндердiң жүрегiнде ұзақ сақталары сөзсiз. Ал менiң көз алдымда өзiм куә болған Алманың сол екi бақытты сәтi қашанда жарқырап тұрады.

Гүлзина Бектасова