“СЫҢСЫП ҰШҚАН СЫҢАР АҚҚУ” — СӘБИТТIҢ ЖАҢА КIТАБЫ

“СЫҢСЫП ҰШҚАН СЫҢАР АҚҚУ” — СӘБИТТIҢ ЖАҢА КIТАБЫ

“СЫҢСЫП ҰШҚАН СЫҢАР АҚҚУ” — СӘБИТТIҢ ЖАҢА КIТАБЫ
ашық дереккөзі
529

Белгiлi жазушы, Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтың лауреаты, Ресей педагогикалық және әлеуметтiк академиясының академигi, профессор Сәбит Аймұханұлы Досановтың екi кiтаптан тұратын бiр томдық еңбегi («Арда» баспасы) оқырман қолына тигенiне көп бола қойған жоқ. Солай бола тұра бұл еңбек жөнiнде қазiрдiң өзiнде бiрнеше баспасөз пiкiр бiлдiрiп үлгердi. Ал бiз бұл жағынан дәстүрлi жолды қайталамай, «теңiздiң дәмi тамшыдан» дегендi алға ұстай отырып, бiрiншi кiтаптың («Сыңсып ұшқан сыңар аққу») беташар сөзiн (“Ескiден жеткен естi аңыз”) назарға ұсынуды жөн көрдiк.

Бақ пен тақтан басы айналған бiр патша әбден шектен кетiптi. Елдiң бар байлығын балалары мен туған-туысқандарына бөлiп берiп, халықты әбден күйзелткенiмен қоймай, өзi де байлыққа тоймай өлермендiкпен өршелене билiк жүргiзiптi. Сарай төңiрегiндегi әлеңкедей жалаңдаған өңкей жағымпаз: "Әлемде сiздей әмiршi жоқ, сiз мәңгiлiк патшасыз" деп есерсоқ билеушiнi онан сайын есiртiптi. Өз елiнiң азаматтарын қор, жателдiктердi зор санаған ол халықтың басына әңгiр таяқ ойнатыпты. Жателдiктерге нұрланып, өз жұртына сұрланып сөйлейтiн екiжүздi әмiршiнiң зорлығы мен қорлығына төзе алмаған жастар көтерiлiс жасап, мейманасы тасқан, көзiн шел басқан патшаны тақтан тайдырыпты.

Көтерiлiсшiлер көсемi таққа отырған жаңа патша — жас жiгiт Ақалмас елдiң ақылман ағасы Абызға келiп, бата сұрапты. Абыз бата бермес бұрын Ақалмасқа бiрер сауал берiптi:

— Адамдарды түтiстiретiн не? — деп сұрапты Абыз.

— Сөз,— дептi Ақалмас.

— Бiтiстiретiн не?

— Сөз.

— Дұрыс айтасың,— дептi Абыз, — адамның тiлi бас жарады, бас деймiн-ау, тас жарады. Ағат айтылған сөз — атылған оқ. Ақылды сөз — адам жанын жылытатын шуақ. Ақылды адам байқап сөйлейдi, ақымақ адам шайқап сөйлейдi. Семсер шешпес түйiндi сөз шешедi. Сөз сәйгүлiктен де қымбат. Құдай тектес құдiреттiң бiрi аспандағы күн емес пе? Оның қуаты адамзатты жылытып жүр емес пе? Сол күн сәулесi түспейтiн адам жанының қатпары қалың қалтарыстарына сөздiң сәулесi түседi. Сөздi билесең әлемдi билейсiң, тек ақылды сөз айта бiл. Сөздi билесең елдi де билейсiң.

— Менiң қолымда бiр құс бар. Сол құс тiрi ме, өлi ме? Ендi осыған жауап бершi,— дептi Абыз.

Бұл сауалдың жауабы қиын едi. Ақалмас ойланып қалыпты. Тiрi десе Абыз саусақтарын қысып, құсты өлтiре салуы мүмкiн, өлi десе алақанын жазып, құсты ұшырып жiбермей ме? Соны аз ғана сәтте ақыл таразысына тартып үлгерген Ақалмас:

— Уа, ақылман ата, бәрi өз қолыңызда,— дептi.

Ақалмастың сөз құдiретiн бiлгенiне риза болған Абыз оған бата берiптi:

Қиындық келсе елiңе,

Күресе бiл, жасыма.

Халқыңды ойла сәт сайын,

Әмiршiмiн деп тасыма.

Сөзбенен серпi дауылды,

Ақылмен тоқтат жауыңды.

Сенбесе халқың сөзiңе

Үймелер шыбын көзiңе.

Ақылды сөз тапқанша,

Қалғыма, ерiм, көз iлме.

Көрiн әркез биiктеп,

Дұшпаның өлсiн күйiктен!

Осы аңыз Конфуцийдiң "Дана сабағындағы" бiр естi сөздi ойыма оралтты: "Цзыгун спросил о том, в чем состоит управление государством. Учитель ответил:

— Это когда достаточно еды, достаточно оружия и есть доверие народа.

— А что из названного можно первым исключить в случае необходимости? — спросил Цзыгун.

— Можно исключить оружие.

— А что из остающегося можно первым исключить в случае необходимости? — снова спросил Цзыгун.

— Можно исключить еду.

Смерти издревле никто не может избежать,

Когда ж народ не верит, то не устоять".

Конфуциймен иықтасып ұлы ойшыл Ф.М.Достоевский де тұр көз алдымда:"Әлемдi құтқаратын — сұлулық" дедi ол. Философ пен жазушы ойларын қуаттай отырып, мен айтар едiм: "Әлемдi құтқаратын— сөз" деп. Жеке тұлғаны ғана емес, тұтас мемлекеттердi де бiтiстiретiн де, түтiстiретiн де сөз.

Иә, әлемдi билейтiн — сөз, сөздi билейтiн — ақын!

Серіктес жаңалықтары