УАҚЫТША ТIРЛIК

УАҚЫТША ТIРЛIК

УАҚЫТША ТIРЛIК
ашық дереккөзі
301

Таңдай КЕНЕЕВ

Көзi тұздай, мiнезi қыздай, тiлi бiздей Таңдай ағамыз тек Техуниверситеттiң бiлдей оқытушысы ғана емес, таңдайы тақылдаған сатираның сарбазы да. Сенбесеңiз мына әңгiменi оқып көрiңiз. Айналайын Үкiмет, сен келедi екен дегенде кемпiрiмiз екеуiмiздiң есiнеген аузымыздан есiмiз шығып, есеңгiреп қалдық. Капитализм келгелi әйтеуiр өлмей, өзiңдi көрмей, сары уайымға салынып әбден сағындық. Кеңес кезiнде келiп-кетiп, дастарханымыздан дәм татып жүретiн едiң, жұмыс басты болып кеттiң бе, әлде бiздi менсiнбеуге жеттiң бе? Жиi өзгеретiн түрiңдi түнде телебейнеден ғана көрiп, тiрi екен деп мәз боламыз. Әрине жол алыс, бiздiң ауыл ауданның бiр түкпiрiнде. Бiз барлығын түсiнемiз. Заман тыныш емес. Далаға шығуға қорқамыз. Адамды о дүниеге аттандыру, шыбынды өлтiрумен бiрдей болды ғой. Ауданымызда әзiрге адам өлтiру жоқ. Тонап, ұрып кету, зорлап кету болып тұрады. Ел болған соң онсыз бола ма? Тоқырау кезiнде осы аудандағы еңкейгенше еңбек еткен, мал бағып үлкен-үлкен атақтарға жеткенi белгiлi, белдi адам екенiмiздi ескердi ме қайдам, өзiңдi бастықтар баяғыдай бiздiң үйге түсiретiн болып шешiптi. Ана заманда, өзiңнен жасыратын не бар, қойларымыз қысыр қалмай, дуэттен, ешкiмiз тау таста жүрiп, триодан тауып жоспар бермедiк пе?! Отардағы саулықтарымыздың жартысы қағаз бойынша қошқарлар, кебенектерiмнiң жартысы текелер болып жазылатын да, төлдеген кезде туғандарын тумағандарына телiп, жоспарды асырып орындайтынбыз. Санақ кезiнде саны жоқ төл шопандардың арасында бiрiнде жетпегенi екiншiсiне есепсiз өтiп, көшiп жүретiн. Өз малымыздың төлiн үкiметке өткiзiп өкiнiп отыратынбыз. Заман жақсы, ел тыныш сияқты едi. Қазiр отар да жоқ, жоспар да жоқ. Жекеменшiк желiмдей жабысып жерге де, малға да ие. Қазiр елдi әкiм басқарады. Бұрын райком дегенде тiк тұрып, тiземiз дiрiлдейтiн едi. Қазiр… «Әкiм келедi екен» десең. «Ә, кiм дейсiң» дегендей елең ететiн ел таппайсың. Бiрақ жергiлiктi әкiм мына заманда iстеймiн дегенiн, тiрi жанмен ақылдаспай iске асыра беретiн көрiнедi. Кеңес Үкiметi күйрегенде бiрге құлаған үйiмнiң бiр қабырғасын қайтып тұрғызып, төбесiн жауып, iшiнде евро жөндеуден өткiзiп жарқыратып қойды. Қазiр дәретхана үйдiң iшiнде. Жуынатын монша да iшiнде. «Жакуз» деген аппақ астау орнатты. Мұның бәрiн әзiр пайдалануға болмайды, өйткенi әзiрге ауылда су жоқ. Әкiмнiң үйiнен бiздiң үйге дейiн уақытша резеңке құбыр тартатын болды. Өздерiң келгенше бiтiп қалар деп отырмыз. Әкiматтың есебiнен жаңа жиһаз әкелдi. Өмiр бойы кемпiрiмiз екеуiмiз жат адамдай бөлек жататын едiк, ендi қартайғанда бiр кең төсекке басымыз бiрiгiп ұйықтайтын болдық. Бас кезiнде үркiп, үйрене алмай кемпiрiм ұйықтады-ау дегенде түсiп, ескi әдетiммен еденге жатайын десем «Әй, атасы тым болмаса уақытша болса да қартайғанда қойныңа алып жатсаңшы» дегендi шығарды. Бiр түрлi тiл алмай түсiп кетуге, ұялады екенсiң. Қазiр екi орындық төсекке үйренiп те қалдық. Әкiмге рахмет. Оның аржағында бабай сияқты бақылап тұрған айналайын Үкiмет саған да рахмет. Ауламызға тас төселiп, жасанды гүл отырғызылды. Жаман жигули көлiгiм бар едi күрделi жөндетiп, сырлап-сипап жүргiзiп қойды. Өзiме мiну қайда, қызығын бала көрер. Кеше жаңа гараж тұрғызып әкiм өзiнiң қайнысының «мерседесiн» кiргiзiп кеттi. Есiгiне қасқырдай иттi байлады. «Еңбек ерi» алтын жұлдызымды кiшi бала оқуға түсерде сатып жiберiп едi, қайдан тауып әкелгендерiн, кеше әкiм келiп омырауыма түспейтiндей етiп «мөмент» деген желiммен мөр басқандай желiмдеп, жапсырып кеттi. Әкiматтан бiздiң үйге дейiн тас жол төселдi. Екi жағына қытайдың жасанды шыршаларын отырғызды. Әр шыршаның түбiнде бiр-бiр оқушы. Олар әзiрге оқымайды. Себебi тоқырау кезiнен жөндеу көрмеген мектебiмiздi жөнге келтiрiп жатыр. Мұғалiмдер өзiңдi алып жүретiн кешендердi көше жағынан сырлап, алдын сыпырып әлек. Әкiм өзiнiң тұрған үйiн балалар бақшасына, баласының үйiн кiтапханаға басы бүтiн сыйлапты деп естiдiк. Өзi сыртта үш қабатты, жердiң астында тағы бiр қабаты бар саяжайына көшiптi. Бiреулердiң айтуынша осының барлығы уақытша дейдi. Үкiмет жарқыным, ең қызығы неге екенiн қайдам, қаладағы үйлер солай салынатын екен деп, үйiмiздiң сыртынан, әкiмдiкiндей, кiсi бойындай дуал жасап қоршады. Көршiлерiмiздiң айтуынша: «өзiң келгенше бiздi бiреу атып, тонап, кетпесiн» деп қоршап жатыр дейдi. Ол да шын шығар, өйткенi үйiмiздiң iшi жаңа дүниеге толды. Қарағым-ау, қазiр не жоқ. Кемпiрiмiз екеуiмiз бiр жетiсiп қалдық. Қақпаларымыздың сыртына домофон деген бiр түймедей түтiктi орнатты. О, жасаған, оның бiр көзi сыртта, екiншi көзi үйдiң iшiнде болады екен. Сыртта кiм келгенiн көрсетiп тұрады. Кеше қызық болды. Кешкiсiн кемпiр: – Әй, шал! Сыртта бiреу келiп тұр, – дедi. Үйдегi көзге қарасам аузы ырбиған бiреудiң қызара бөрткен бетi экранға сыймай тұр. – Мынау Безеу ғой, – дедiм. – Балаңды танымай тұрмысың? Безеу бiздiң тұңғышымыз едi. Өзiнде ет десең ет, бет десең бет бар едi. Ұқсайды да. – Әй, шал! Бұл Безеу емес, әкiм, – дедi кемпiр. – Кеше келiп кетемiн. Нұсқаулар беремiн деген. Берсе пайдаланып ала берейiк те. Нұсқаулардың қаншасын аламыз, шал. Шет елдiкi болса көбiрек алайық, өзiмiзден артылып жатса көршi Қожалақ шалға сатасың. – Ненi? – дедiм. – Нұсқауларды. – Әй, алжыған неме, сенiң нұсқауың кiмге керек? Оны қайтiп сатасың? – Әкiм әкелгесiн бәрiне керек те, артық болмас. – Әй, алжыған әпендi нқсқау деген, ақыл. Шет тiлiнде инстрүкция дейдi. – Түсiнбедiм. – Қай қай уақытта не iстеу керек, ненi айту керек деген кеңес, есiңде ме? Баяғы Кеңес кезiнде Канада деген елден фермерлер келiп, бастықтардан қорыққанымнан нұсқау бойынша сенi осы үйдегi күтушiм деп едiм ғой. Жалақым 80 сом десем, бастықтардан қорыққанымнан бiр күнгiсi дедiм. Бүкiл жайлауды оларша фазендi-мазендi дей ме, өзiмнiң жерiм деп бөскенiмдi. Бiр қу канадалық «Хоббиiңiз қандай?» демесi бар ма. Түсiнбедiм. Олай ойландым, былай ойландым. Үлкен деймiн бе, кiшi деймiн бе, ақ дейiн бе, қара дейiн бе, қысқа дейiн бе, ұзын дейiн бе, ұялғанымнан сасқалақтап «бар ғой» дедiм. Ана антұрған «қандай» дедi. Не дерiмдi бiлмедiм. «Бiз азияттықтармыз ғой. Түрiктердiкiндей» дедiм. «Не понимай?» дедi басын шайқап анау. Сол сияқты ақыл-кеңестi нұсқау дейдi. Ертең Үкiмет келгенде тоңсаң «терледiм» деп омырауыңды ашып, аш болсаң «тойдым» деп кекiрiп, тоғыңды басып отыруың керек. Әкiмнiң көзiнше артық ештеңе айтпайсың. Мына жасалып жатқан жақсылық, мына дүниенi ертең Үкiмет кеткен соң қайта алып кетедi. Әкiм ақымақ емес. Бар есiктi аш, әкiм болса әкiм болар аузын ырбитпай, – дедiм. Кемпiр сыртқа шығып ауланы ашса, ыңырсып домофонды иiскеп тұрған өзiмiздiң жалғыз сиыр. Экранға симай тұрған әкiм емес сиырдың аузы мен ернi екен. Домофонға жақын келсең сау бетiңнiң сиқын келтiрiп, көзiңдi жыртитып көрсететiн қасиетi бар екен. Айналып кетейiн Үкiмет айда болса да, қайда болса да Құдай бар екен. Өзiңе сiңген қызметiмiз көп едi, қартайғанда қызық көрмей өтемiз бе деп түңiлетiн едiм, жақсылық бiр күнде келдi. Әкiмшiлiк еңбек ерiне жасаған құрметiмiз деп, қасымызға бiр күтушi, бiр медбике әкелiп, қоса жатқызып, қосақтап қойды. Екеуi де жас. Қазiр бiздiң үйдегi кемпiр соларға тамақ iстеп жатыр. «Қарындары ашып қалмасын бiреудiң балалары ғой» дейдi. Үкiмет! Сенiң ер жетiп, бiз сияқты, бiр кезде елге еңбегi сiңген, бүгiн сiңiрлерiне iлiнiп, селкiлдеп отырған еңбек озаттарына көмектесуге жарағандарыңа қуанып осы хатты жазып отырмын! Кемпiрiм де, келмес күндерiн еске түсiрiп кемсеңдеп қасымда отыр, саған дұғайы сәлем жолдайды. Өмiрi ұзақ, абыройлы болсын дейдi. Ә, ұмытып бара жатыр екенмiн. Бүгiн әкiм келiп кемпiр екеуiмiздi өзiнiң партиясына қабылдап, партбилетiмiздi салтанатты түрде тапсыратын болды. Сырттан қызылды-жасылды киiнген, қолдарында ұрандары, ту ұстаған оқушылар жаңа Әнұранды айтып, Уралап жүр. Шамасы шеруге дайындалып жүрген сияқты. Садағаң болайын, Үкiмет! Осы хатты жазып отырған басты себеп: бiрiншiден өзiңе рахмет. Екiншiден, халыққа көңiл бөле бастадың. Бәлен жыл тек қана өз қарының қамын ойлап, ұйқылы-ояу жүрген әкiмiмiз оянды. Үшiншiден, әзiр келмей-ақ қойсаң. Себебi Безеу балам банкiден несие алайын деп жүр едi. Кiшкене жерiмiз бар, сұлы себемiн дейдi. Бала-шағасын асырау керек қой. Сол сорлыға бүгiн банк несие бермей қойыпты. Ащы шектей созғылап жүргенiне, мiне, бақандай үш жыл болды. Бiтпейтiн бiр тексерiс. Бәрi бiрдеңе дәмететiн көрiнедi. Ендi не қал ды дейсiң ғой? Бүгiн барса: «Өмiрiңе қауып төндiрген, трактәрiстiк қызметiңе нұқсан келтiрген, әкеңнен қалған абыройыңды айрандай төгейiн деген, жеке тұлғалардың көзiн құртатын қара ниетпен несие алғалы жүрген жоқсың ба?» деп, әлi талай тексеретiн болыпты. Тексерсе тексерсiн. Бiз Безеудi бiр адамдай бiлемiз. Iшiне арыстан кiрiп кетпесе тiрi тышқан өлтiретiн жан емес. Сенбесең тоғыз ай,тоғыз күн көтерiп, тоғыз сағат толғатқан шешесiнен сұрасын. Сондықтан Безеу «Ауыл жылына» арналған несиенi алғанша «Әне келемiн, мiне келемiн» деп үйдей уәдеңдi үйiп төгiп, уақытты сағызша соза түссең дұрыс болар едi, айналып кетейiн, Үкiмет!
Сәлемнен Еңбек ерi – Шаруа БЕЙНЕТҰЛЫ  

Серіктес жаңалықтары