КАСПИЙ ҚҰБЫРЫ ТАЛАЙЛАРДЫҢ ТАМАҒЫНА ТАС БАЙЛАП ОТЫР
КАСПИЙ ҚҰБЫРЫ ТАЛАЙЛАРДЫҢ ТАМАҒЫНА ТАС БАЙЛАП ОТЫР
Қазақтар мен түркiмендердiң табиғи газын еуропалық нарыққа шығаруға орыстар мен ирандықтар үзiлдi-кесiлдi қарсы. Ал саяси тұрғыда ғана емес, экономикалық тұрғыда да тиiмдiлiктi көздейтiн АҚШ пен Батыс "каспийлiк құбырдың" жүзеге асырылуына мүдделi. Дохадаға басқосудан газ өндiрушi және тасымалдаушы мемлекеттердiң өкiлдерi не ұтты? Қазақстан икемге көнбейтiн Иран мен өзiмшiл Кремльдiң ығына жығыла ма, жоқ әлде ұлттық құндылықтарға жүгiне ме?
Орыстардың украиндар мен беларусьтерге жасаған "энергоқорлық қысымынан" кейiн Еуропа мен Ресей арасындағы серiктестiк сенiмге сызат түстi. "Энергетикалық қауiпсiздiк" мәселесiн күн тәртiбiне шығарған батыстықтар мұнай мен газды тасымалдаудың қосымша жолдарын iздестiрiп әлек. Ал табиғи байлықтары мол елдер ынтымақтастықтың жаңаша жолдарын табуға мүдделi. Осы орайда, Катар астанасы Дохада бас қосқан 16 елдiң өкiлдерi халықаралық деңгейдегi газ ұйымын құруға талпынған. Алайда, "аққу – көкке, шортан – көлге" тартқан пiкiр қайшылықтары мұнда да кездестi. Орыстар келесi халықаралық форумды Мәскеуде өткiзуге ұсыныс бiлдiрсе, Доха газ тақырыбына арналған форумдар мен конференцияларды өз елiнде ұйымдастыруға мүдделi. Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының осыдан екi ай бұрын газ өндiрушi елдердiң (Ресей, Иран, Катар мен Венесуэла) "құпия келiсiмi" туралы таратқан ақпараттары, анығында, әлемдiк деңгейдегi "газ ұйымын" құру жайлы деректер жалған боп шықты. Негiзi бұл бастаманы былтыр жыл басында Ресей көтерген болатын. Бiрақ аталған ұсыныс әзiрге тек сөз жүзiнде қалып келедi. Ал Катар әлемдiк нарықтағы газ бағасын бақылауда ұстауды қалайды. Өйткенi, Иран мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың ушығуы салдарынан Катардың газ саласына қатысты жасалған кейбiр жобаларына қауiп төндi. Оның үстiне, Дохаға жақын жерде (Парсы шығанағы) орналасқан америкалық базаға ирандықтар шабуыл жасайтын болса, катарлықтарға ешкiмнiң араша түсе алмасы белгiлi. Әрi газ инфрақұрылымын жаңартуға жұмсаған миллиардтаған доллары далаға кетпес үшiн Доха "ExxonMobil" сияқты америкалық iрi компанияларды инвестиция салуға көндiруi тиiс. Катардағы мемлекеттiк мұнай компаниясындағы директорлар кеңесiнiң төрағасы Абдулла әл-Әтия келесi жылдан бастап Еуропалық Одаққа мүше елдерге тасымалданатын табиғи газдың бағасы өсiрiлетiнiн ресми түрде мәлiмдедi. Демек, әлемдiк нарықтағы "көгiлдiр отын" бағасы қымбаттайды. Инвестиция демекшi, газ саласын дамытуға қаржыны керек ететiн тек Парсы шығанағындағы елдер ғана емес. Еуропа мен Ресей де, Қазақстан, Түркiменстан, Өзбекстан сияқты орталықазиялық елдер де. Шетелдiктердiң қаржылай қолдауынан ЕО-ға күнi кеше ғана мүше болған Румыния да үмiттi. Қара теңiз жағалауындағы Констанцу портын аймақтағы мұнай және газ тасымалдайтын транзиттiк күретамырға айналдыруды көздейтiн румындықтарға әзiрге көмек қолын созған ешкiм жоқ. Инвесторлардың несиесiнен Поти мен Батуми порттарында табиғи газ өңделетiн қазiргi заманға сай зауыттар салуға ұсыныс бiлдiрген Грузияның да дәмесi бар.
Катардағы басқосуда кейiнгi жылдары кәрi құрлықтың "жарғақ құлағын жастыққа тигiзбей" жүрген басты мәселелердiң бiрi – энергоқорды тасымалдаудағы тұрақтылық пен кепiлдiк мәселесi де сөз болды. Энергетикалық байлыққа белшеден кенелiп отырған Парсы шығанағы саяси тұрақсыздық орнаған аймақ болып саналады. АҚШ-тың ядролық бағдарламасын ауыздықтау мақсатында Иранға шүйлiгуi энергетикалық қорларды тасымалдауға керi әсерiн тигiзуi мүмкiн. Табиғи газды Каспий түбi арқылы батыстық нарыққа шығару туралы бастама да Иранның кесiрiнен жүзеге аспай қалуы әбден мүмкiн. Ал Ирактың солтүстiгiндегi тәуелсiз мемлекет құруды қалайтын күрдтер орталықазиялық аймақтағы газды Жерорта теңiзi арқылы Еуропаға жеткiзудi жоспарлап отырған Түркияға залалын тигiзуi ғажап емес. Оған әлi күнге соғыс өртi сөнбеген Ирак пен қаншама жылдан берi тұрақтылық орнату арман болған Ауғанстанды қосыңыз. Газ өндiрушiлердiң бiртұтастығына келсек, табиғи газды тасымалдаушы мемлекеттер форумына Әзiрбайжан мүше емес. Қазақстан, Түркiменстан, Өзбекстан мен Ресей форум құрамында болғанмен ешқандай мiндеттеменi қабылдамаған. Сондықтан газды өндiру, сату мен тасымалдауда өздерiне пайдалы жолдарды қарастыруға және тиiмдi шешiмдер қабылдауға құқылы. Оның үстiне, форумға қатысушы мемлекеттердiң барлығы бiрдей антиамерикалық бағытты ұстанбауы әрi ұлттық саяси мүдделерiнiң сан алуандығы Ресей, Иран сияқты басқа да Америкаға тiсiн қайрайтын елдердiң бiржақты шешiм қабылдауларына кедергi болды. Есесiне, Батыс пен АҚШ-ты өздерiнiң ұлттық мүдделерiмен санастыруды қалайтын және әлемдiк саяси сахнадағы жетекшi рөлдi иемденудi көздейтiн Ресей мен Иран Орталық Азия аймағына жүргiзiп отырған ықпалы арқылы дұшпандарын "шөмiштен қысуды" мақсат еткен. Оған дәлел, Каспий теңiзiнiң мәртебелiк құқығының әлi күнге анықталмауы. Өткен аптада Түркiменстанның Ашхабад қаласында Каспий теңiзiнiң мәртебесiн анықтау жөнiндегi жұмыс тобының кезектi отырысы болып өттi. Кеңестiк дәуiр кезiнде "жалпыодақтық" деп саналған Каспий КСРО ыдырағаннан кейiн теңiз жағалауындағы бес мемлекеттiң пайда табу көзiне айналды. Түркiмендер жерiнде бас қосқан Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркменстан, Иран мен Ресейдiң Сыртқы iстер министрлерi он жылдан астам уақыттан берi шешiмiн таппай келе жатқан проблема – Каспий теңiзiнiң құқықтық мәртебесiн анықтау мәселесiн шешуге талпынған. Тараптар арасындағы пiкiр қайшылықтары мен келiспеушiлiктердi жоюға ұсыныс бiлдiрiп, бастама көтерген Әзiрбайжан теңiздiң құқықтық мәртебесiн айқындауға қатысты Конвенция жобасы әзiр аяқталмағанын айтты. Алғашқыда қазақтар мен орыстар 5 тарапқа қойылатын нақты талаптар мен құқықтардың аражiгiн ажырататын ұсыныстарды қағазға түсiрiп, әрiптестердiң қолдарына ұстатқан болатын. Өкiнiшке қарай, "күл төбенiң басында күнде жиын" өткiзуге дағдыланып алғандар "мәртебе" мәселесiне келгенде бiрiнiң ұсынысын бiрi терiске шығарудан немесе тек келiссөздер үстелiн пiкiрсайыс алаңына айналдырудан арыға аса алмай жүр. Проблеманы шешу мерзiмiнiң 10 жылға созылуы да осы себептен. Қазiргi таңда Қазақстан, Әзiрбайжан мен Ресей Каспий теңiзiне байланысты "мүдделермен санасу және әдiлдiк" қағидасына сүйене отырып, өзара келiсiмге қол қойды. Келiсiмнiң шарты: теңiздiң түбiн ғана бөлiске салып, суын ортақ пайдалануға беру. Алайда, өзгелер бұл ұсынысты қабылдауға құлықсыз. Өйткенi, егер теңiз түбi бөлiске түсер болса, Иранға тиетiнi – шамамен 0,9 млрд. тонна көмiрсутегi шикiзаты (оның iшiнде мұнай да, газ да болуы мүмкiн). Түркiменстанға – 1,5 млрд. тонна, Әзiрбайжанға – 4 млрд. тонна, Ресейге – 2 млрд. тонна шикiзат. Ең көп "асайтын" – Қазақстан (4,5 млрд. тонна). Демек, Иран бәрiнен де көп зиян шекпек. Мұнай мен газға аса бай кен орындары Қазақстан мен Түркiменстан жағына тиесiлi болғандықтан, "мәртебе" мәселесiн шешуде осы аталған екi тарап бәрiнен де мүдделi болуы тиiс. Есесiне, "майлы жiлiктiң" басынан қағылу қаупi төнген Тегеран орыстардың теңiздiң түбiн ғана бөлiске салу туралы барлық бастамасына қарсылық танытудан танбай келедi. Айтпақшы, халықаралық сарапшылар қауымы әлемдiк саяси сахнадағы беделi онсыз да мәз емес Иранға соққы беру үшiн Вашингтон Кремльдi қолдауы мүмкiн екендiгiн айтады.
Негiзi Каспий жағалауына кiретiн посткеңестiк елдердiң өкiлдерi теңiз бен оның табиғи байлықтарын бөлiске салу проблемасын шешкенде теңiздiң құықықтық мәртебесi де өздiгiнен анықталатыны сөзсiз. Әрине, 5 мемлекеттiң де мүддесi ескерiле отырып. Қазақтар мен орыстардың ұсынысын құптаған Вашингтон орталықазиялық аймақты өзiнiң ұлттық мүдделерi үшiн пайдалануға тырысады. Еуропалық Одаққа мүше елдер де Қазақстан мен Түркiменстанның табиғи газын Әзiрбайжанға жеткiзiп, одан ары Түркиядағы Жерорта теңiзi арқылы Батыс және Шығыс Еуропа нарығына жеткiзуге мүмкiндiк беретiн жаңа құбыр құрылысын салу туралы бастаманы жүзеге асыруға шындап кiрiскен сыңайлы. Егер Каспий мәртебесi неғұрлым тезiрек анықталса, барлық мүдделi тараптармен келiссөздер жүргiзу де соғұрлым тез басталмақ. Алайда, Иран мен Түркiменстанның ресейлiк шартқа көнуден үзiлдi-кесiлдi бас тартуы жағдайды ушықтырып отыр. Ашхабад жағы марқұм Түркiменбашының кезiнде-ақ Хазар мен Сердар мұнай кен орындарына қатысты жер дауының кесiрiнен теңiздiң түбiн бөлiске салу идеясына қарсы болған едi. Аталған кен орындары теңiздiң нақ ортасында орналасқан. Сондықтан түркiмендер де, әзiрбайжандар да Хазар мен Сердарды тек өздерiне тиесiлi деп санайды. Ал Иранға келсек, КСРО ыдырағаннан кейiн теңiз өзара тең 5 бөлiкке бөлiнуi керек деген сенiмде. Мұндай жағдайда мұнай мен газға бай аумақтың басым бөлiгi Тегеранның қанжығасында кетедi. Әрине, ирандықтардың ұсынысына Астана, Баку мен Ашхабадтың көнбесi анық. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, Иранның 5 бөлiкке бөлу туралы ұсынысы әлемдiк тәжiрибеде өте қауiптi. Бiрнеше айдан берi Иранды икемге көндiре алмай келе жатқан АҚШ Тегеран өз дегенiне жеткен күннiң өзiнде жер дауына қатысты қисынсыз талаптардан, көршiлес жатқан мемлекеттер мен Американы бопсалаудан бас тартпайды, тiптi, ядролық бағдарламаға қатысты жұмыстарын күшейте түседi деген сенiмде. Сонымен қатар егер Батыс пен АҚШ Халықаралық атом энергиясы жөнiндегi агенттiк арқылы ядролық бағдарлама мәселесiне қатысты Иранға қойылатын талаптарды күшейтер болса, Каспий теңiзiнiң ерекше мәртебесiне ие Тегеран Каспийдегi табиғи байлыққа қатысты кез келген бастамаларды "бесiгiнде тұншықтырып", Еуропалық Одақтың орталықазиялық энергоқорды батыстық нарыққа шығару жайлы жоспарының күлiн көкке ұшыруы әбден мүмкiн. Бұл онсыз да талай жылдан берi шешiмiн таппай келе жатқан бiраз мәселенi одан әрi ушықтыра түседi.
Иранды әсiресе, Қазақстан мен Түркiменстан газын Әзiрбайжан арқылы Еуропаға жөнелтуге мүмкiндiк беретiн құбыр қатты алаңдатады. Каспий түбiне салуды жоспарлап отырған бұл құбыр iске қосылса, Тегеран барлық пайдадан қағылмақ. Яғни, барлық энергетикалық ағын ирандықтардың жерiн айналып өтiп, Каспийдегi АҚШ пен Батыстың ықпалы артпақ. Сондықтан аймақтағы аса қауiптi сейсмикалық ахуал мен Каспийдегi аса үлкен экологиялық апатты сылтауратқан ирандықтар теңiз түбi арқылы өтетiн қандай да бiр құбырдың салынуына жол бермейтiнiн ашық айтты. Бұл қарсылыққа мүдделi тараптардың қалай жауап берерi әзiрге белгiсiз. Бiрақ егер көршiлес елдер Тегеранның ескертуiн ескерусiз қалдыруға талпынса, Иран өзiнiң аса қуатты әскери күшiн жұмылдырудан тайынбасы хақ. Айтпақшы, теңiздiң түбiн бөлiске салуда Қазақстан, Түркiменстан мен Ресей бiр бағытты ұстанса, қазақтар мен түркiмендердiң энергоқорын Жерорта теңiзi арқылы батыстық нарыққа шығару туралы бастамаға келгенде орыстардың пiкiрi ирандықтармен бiр арнаға тоғысады. Яғни, әлемдiк саясатқа өзiнiң және орталықазиялық аймақтың энергоқоры арқылы ықпал етудi мақсат ететiн Кремль "майлы жiлiктiң" басынан ажырағысы жоқ. Тегеран мен Мәскеу Каспий арқылы өтетiн құбырды салу үшiн теңiз жағалауындағы 5 мемлекетпен де келiссөздер жүргiзу керек деп есептейдi. Энергоқорды өз территориясы арқылы Батыс Еуропаға шығаруға Баку бiрден қуана келiстi. Мұндай ұсынысқа Астана да қырын қарамайды. Жуырда ғана төрт телеарнаның тiлшiлерiмен әңгiме өткiзген ҚР Президентi Назарбаев мұнай мен газ саласында Қазақстан үшiн қандай жоба тиiмдi болса, соны қолдайтынын мәлiмдеген. Алайда, "теңiздiң мемлекеттерге тиесiлi құқықтық мәртебесi анықталмайынша, газ құбырын тарту туралы мәселе де жүзеге асырылмайды. Өкiнiшке қарай, оған мүдделi тараптардың барлығы бiрдей құлшынып отырған жоқ. Бүгiн – Астанада, кеше – Ашхабадта, ертең – Мәскеу не Тегеран, не болмаса Бакуде… Ресми өкiлдер кездесетiн жерлердi өзгерту, сағаттарына қарағыштап қойып, келiссөздер жүргiзгенсу, үлкен iс бiтiргенсiп отырып, көздерiнiң қиығымен халықаралық саясаттағы ахуалдың ауанын бағумен ғана шектелiп келедi. Оның үстiне, Иранның әлемдiк нарыққа сататын мұнайы мен газын Каспий арқылы емес, Парсы шығанағы арқылы тасымалдайтынын ескерсек, Еуроодақтың бастамасы жуық арада iске қосыла қояры күмәндi. Десе де, көптеген саясаткерлер мен сарапшылар әп дегеннен-ақ "жаназасын" шығарып қойған "каспийлiк құбырдың" күтпеген жерден iске асырылуы әбден мүмкiн. Осыдан он жылдай уақыт бұрын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры жайлы сөз қозғалғанда кейбiреулер мұрттарынан күлген. Ресей тiптi, бұл жобаға қатысуды жөн санамады. Есесiне, кезiнде бұл жобаға экономикалық мүддеден гөрi "саяси жарнама" ретiнде қарағандар қазiр мол пайдадан қағылғанына өкiнiп отыр. Өйткенi, қазақ мұнайы Грузия мен Түркия аумағы арқылы Жерорта теңiзiндегi порттарға жүйелi түрде жеткiзiлiп келедi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ