ЖАТ ПИFЫЛДЫЛАР ЖАҚСЫЛЫҚ ОЙЛАМАЙДЫ

ЖАТ ПИFЫЛДЫЛАР ЖАҚСЫЛЫҚ ОЙЛАМАЙДЫ

ЖАТ ПИFЫЛДЫЛАР ЖАҚСЫЛЫҚ ОЙЛАМАЙДЫ
ашық дереккөзі
268

Өз кезiнде дiнге қатысты заңымыздың шикiлi-пiсiлi күйде қабылдануы қазақ топырағында өнiп-өспеген, бұрын-соңды естiп-бiлмеген неше түрлi Ислам атын жамылған ағымдар мен топтардың, әлемнiң әр бұрышынан әртүрлi дiндердiң ағылып келуiне жол ашты. Соның “жемiсiн” бүгiнгi күнi көрiп отырмыз. Ұлтымыздың тұтастығына, сол арқылы тәуелсiз елдiң бiрлiгi мен ынтымағына елеулi қауiп төндiрiп отырғаны бүгiнгi күннiң шындығы. Елiмiздiң бiрқатар аймақтарында ағымдар мен секталар қылаң берiп, өз қызметтерiн жандандыру үстiнде. Мұнысы кiтаптар мен кiтапшаларын көше жағалап, үй аралап таратуынан, өздерiне қандастарымызды неше түрлi айла-әрекетпен («тегiн компьютер мен ағылшын тiлiн үйретемiз», «мұқтаждарға көмектесемiз, жұмыс та тауып беремiз»деп және жазда түрлi демалыс лагерлерiн ашып, балаларды соған шақырып өз дiндерiне баулуынан) тартуынан, тiптi кешегi Рамазан айында аузын бекiткен мұсылмандарды мейрамханаларда түс кезiнде көл-көсiр дастархан жайып, мерекелерге шақыруынан айқын көрiндi. Сондай аймақтарда асыл дiнiмiздi насихаттап, керiтартпа ағымдар мен секталардың жат ниет-пиғылдарын әшкерелеп, халықтың көзiн аша түсу мақсатымен Бас мүфти бастаған Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының бiр топ қызметкерлерi жоғары оқу орындарында студенттер мен оқытушылардың қатысуымен ғылыми-практикалық конференциялар өткiзудi дәстүрге айналдырды. Мұның себебi, миссионерлер әсiресе, студент-жастар арасында өз қызметтерiн жандандыруда. Оның алғашқылары Оңтүстiк Қазақстан облысының Түркiстан, Кентау, Шардара және Шымкент қалаларында өттi. Өйткенi, Кентау мен Түркiстанда хизбутшылар, ал Шымкентте уаһабилер қызметi жанданған. Соңғы екi конференция күнi кеше ғана Тараз бен Павлодарда жалғасты. Ендi осылар жайлы әңгiмелейiк.

Тараз қаласындағы “Жастар” сарайында Дiни басқарма мен М.Х.Дулати атындағы мемлекеттiк университеттiң ұйымдастыруымен “Ислам – имандылық пен гуманизм дiнi” атты, ал Павлодар қаласындағы Мәдениет сарайында “Бүгiнгi Қазақстан және Ислам дiнi” атты ғылыми-практикалық конференциялар өттi. Оны Таразда университет ректоры, академик Ә.Бектұрғанов, Павлодарда облыс әкiмiнiң орынбасары Р.М.Жұмабекова кiрiспе сөз сөйлеп ашты. Жамбылда облыс әкiмiнiң орынбасары Қ.Ақсақалов осы келелi басқосуға сәттiлiк тiледi. Мұнан соң Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi елiмiздегi дiни ахуал жайлы баяндама жасап, конференцияға қатысушыларға жан-жақты мағлұмат бердi. Елiмiзде Ислам дiнiнiң рөлi артып, мән-маңызы күшейе түсуде. Бұған мешiттер саны мен оның жамағаттарының көбейе түсуi нақты дәлел. Аталмыш ғылыми-практикалық конференциялардың Жамбыл мен Павлодар облыстарында өткiзiлуiне алғашқысында салафилiктi бетке ұстаған уаһабилiк ағымның, Павлодарда хизбутшылар мен Екiбастұзда уаһабилiк ағымның бой көрсетуi себеп болды.

Жасырып-жабары жоқ кешегi дiндi “апиын” санаған қоғамның терiс пiкiрi мен көзқарасы қалыптасқан отандастарымыздың Ислам жайлы түсiнiгi де, мағлұматы да шамалылығынан жалған ағымдар мен секталардың алдап, арбауына оңай түсiп жатқаны шынбайға батады. Шынайы сопылық туралы Алматы қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи атындағы мешiттiң Бас имамы Д.Рысбай тереңiнен сыр тартып, жан-жақты ашып көрсеттi. Шынайы сопылық – жан тазалығына жету жолындағы тақуалықты ұстанады. Әйтсе де, бұл қиын да күрделi жол. Оны ұстап, үдесiнен шығуға ердiң ерiнiң ғана шыдамы мен ерiк-жiгерi жетсе керек. Сондықтан да, сынағы ауыр оны жете түсiне алмаушылық “жiбектi түте бiлмеген, жүн етедi” демекшi, не соқыр сенiмнiң құлына айналады немесе оның қадiр-қасиетiн түсiредi. Шынайы мұсылмандықты ұстанған әрбiр бауырымыздың қасиеттi Құран Кәрiм мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетiн сақтап, бес уақыт намазын қаза жiбермей, құлшылық ғибадатын өз мәз-һабымыз аясында жүргiзгенiне не жетсiн?! Расында да, әр мұсылман үшiн ең абзалы да осы емес пе?!

Салафилiктi бетке ұстаған уаһабилердiң зияндығын Дiни басқарманың уағыз және оқу-ағарту бөлiмiнiң меңгерушiсi Ә.Дәуренбеков бүге-шiгесiне дейiн талдап бердi. Оның тәуелсiз елiмiздiң бүгiнi мен ертеңiне тигiзер зияны шаш етектен. Нақтылап айтқанда 70 жыл бодандықтың салдарынан өз дiнi мен тарихынан қол үзiп қалған мұсылман қауымының бiрлiгiн бұзып, арасына алауыздық туғызу үшiн өздерiн шынайы дiндар салафиттердiң жолын жаңғыртушы ретiнде көрсетуге жанын салуда. Қай-қайдағы қисынсыз дәлелдермен жастарды адастырып, Ханафи мәзһабын сан ғасыр бойы ұстанып келген ата-бабаларымыздың жолын мансұқтап, надандыққа шығаруда. Шын мәнiнде олардың ұстанғаны салафилердiң жолы емес. Салафиттердiң Ислам тарихында алар орны орасан зор. “Салаф” – араб сөзi. Қазақша – “алдыңғы өткендер”, “бұрынғылар” деген мағына бередi. Қасиеттi Құранның бiрнеше аяттарында да дәл осы мағынада келедi. Ислам ғұламаларының берген пiкiрлерi бойынша мұсылмандардың алдыңғы үш буыны – “салафилер” деп аталды. Олар – Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көрiп, иман келтiрген сахабалар, табиғиндер (сахабаларды көргендер) және табаға табиғиндер (сахабалардың көзiн көрген кiсiлердi көргендер). Бұл үш буын өздерiнiң даналықтарымен Ислам дiнiнiң әлемге кең тарап, өркендеуiне, халықтардың бұл сенiмге лек-лек болып кiруiне зор үлес қосқан Ислам тарихында тақуа, бiлiмдi, озық ойлылық жағынан осы үш буынға тең келерлiк адам да, заман да болмаған. Бұл ағым Исламдағы төрт мәзһабтың бiр де бiрiн мойындамайды. Оларды адасқан, күпiр деп әлемге жар салды. Дiнiмiзбен бiрге жасасқан ұлттық салт-сана мен әдет-ғұрыпты терiске шығарды. Олар мәзһабтарды қаншама мойындамаймыз, ұстанбаймыз дегенiмен уағыздарына Ханбал мәзһабының жетекшiсi Имам Ахмед ибн Ханбалдың, Ибн Таймийдiң, Мұхаммед әл-Қаийм Жаузияның кiтаптарын пайдаланады. Шариғат шарттарын орындамағандарды мұсылман емес деп бiледi. Сонымен қатар, олардың пiкiрiнше дүниеәуи мәдениет, өнер (музыка, театр, көркем сурет және т.б.) шариғатқа қайшы амал. Мұндай кәсiппен шұғылдану да кешiрiлмейтiн күнә саналады. Тiптi олардың ұстанымынша тәспi тартуға да, мешiтке садақа беруге де болмайды. Пайғамбарлар мен әулиелердiң зираттарын зиярат етуге де үзiлдi-кесiлдi қарсы.

Баршаға белгiлi Ислам халықты ынтымаққа, Алла жолында бiр болуға шақырады. Заман өте келе, мұсылмандардың ауызбiршiлiгi кейбiр мемлекеттерге жақпады. Олар мұсылмандардың ынтымағынан қауiптенiп, қорқа бастады да, арасына iрiткi салып, бiр-бiрiне қырғи-қабақ етудiң сан айла-әрекетiн ойластырды. Соның нәтижесiнде Ислам жаулары мұсылман елдерi арасына өз адамдарын жiберiп, оқытып, солар арқылы дiнiмiзге iрiткi салатын небiр ағымдар мен топтарды шығарды. Уаһабилiк пен хизбут та осылай дүниеге келген.

Конференцияларда бұлар жайлы жан-жақты баяндалды. Тыңдаушылардың денi жастар едi. Дiнiмiз жайлы жан-жақты мағлұмат алып, елiмiздегi бой көрсете бастаған жат ағымдар мен секталардың шын болмысын бет пердесiз тани бастағанына қуаныштарын жасыра алған жоқ. Шынайы Исламды тек бiлiммен тану қажеттiгiн уақыт талап етуде. Бүгiнгi елiмiздiң тәуелсiздiгiн баянды ете түсуде оның негiзiн қалап отырған қазақ халқының бiрлiгi мен ынтымағын сақтау үшiн мұның мән-маңызы аса зор. Тiптi, ауадай қажет.

Оңғар қажы ӨМIРБЕК

Серіктес жаңалықтары