АЛМАТЫДА 200-ДЕН АСТАМ ДIНИ БIРЛЕСТIК БАР ОНЫҢ 144-I ПРОТЕСТАНТТЫҚ БАҒЫТТА...

АЛМАТЫДА 200-ДЕН АСТАМ ДIНИ БIРЛЕСТIК БАР ОНЫҢ 144-I ПРОТЕСТАНТТЫҚ БАҒЫТТА...

АЛМАТЫДА 200-ДЕН АСТАМ ДIНИ БIРЛЕСТIК БАР  ОНЫҢ 144-I ПРОТЕСТАНТТЫҚ БАҒЫТТА...
ашық дереккөзі
164

Көпшiлiк азшылықтың күйiн кештi. Қазақстан – мұсылман мемлекетi. Оны қайдан бiлдiк дейсiз ғой? Америка президентi Джордж Буштың өзi бiздiң елiмiз бен Президентiмiздi өткен Құрбан Айт мерекесiмен құттықтап, жылы лебiзiн бiлдiргендей болды. Тәубәмызға келдiк: елiмiз қаншалықты «көпұлтты әрi көпдiндi» деген бос сөздiң жетегiнде кетсе де, Қазақстан – бiрұлтты унитарлы мемлекет. Ұлты – қазақ, дiнi – ислам. Бiрақ сол «көпдiндiлiктiң жүгiн көтерген PR кампанияның» кесiрiнен елiмiз қолдан көп шiркеулi, көп храмды, көп синагогалы елге айналып барады. Жоқ, әрине, әркiм өз дiнiн ұстансын. Әрбiр ұлт өкiлiне мұндай бостандықты Ата Заңымыз берiп отыр. Бiрақ елiмiзде бiр пайызға да жетпейтiн протестанттардың шiркеулерi Қазақстандағы 70 пайыз мұсылманның мешiттерiнен де асып бара жатқанда, евангелизацияның ойдағыдай жүзеге асып жатқанын түсiнесiң. Себебi протестанттық шiркеулерге сол 70 пайыз мұсылманның өкiлдерi барып жүрген жоқ па?

ЕСТIМЕГЕН ЕЛДЕ КӨП: ҚАЗАҚСТАНДА СЕКТА КӨП…

Бұл өзi баспасөзде талай айтылған мәселе. Евангелистердiң Қазақстан арқылы бүкiл Орталық Азия мемлекеттерiн протестантизмге иландырып, христиан елiне айналдыру жоспарының әшкереленгенi ел есiнде. Тiптен, осыдан бiраз жыл бұрын Қазақстан мен Орталық Азия аумағында 1000-нан аса протестанттық шiркеулер салынатыны да мәлiм болды. Орталық Азияны қайдам, Өзбекстан мен Түркiменстан, Тәжiкстан сияқты исламға бекем елдерде протестанттық шiркеулердiң көптеп салынуы мүмкiн емес. Олардың қазiргi басты жауы – кейбiр экстремистiк ұйымдар ғана. Ал, былайғы өмiрде олар ата-баба дiнi – исламды барынша шынайы ұстанып отыр. Есесiне Қазақстан мен Қырғызстан – протестанттық миссионерлердiң «оңай жемтiгiне» айналғалы қашан?! Сондықтан евангелистердiң «1000 шiркеуi» басқа-басқа емес, Қазақстанда көптеп бой көтерiп жатыр. 2004 жылғы көрсеткiшке сенсек, елiмiзде сол уақыт аралығында 1017 протестанттық бiрлестiктер тiркелiптi. Ал, бүгiнгi таңда Алматының бiр өзiнде жалпы саны 200-ден астам дiни бiрлестiк тiркелсе, оның 41-i ғана мешiт, қалған 144-i – протестанттық шiркеулер екен. Алматы облысында 23 мешiт тiркелсе, 70 пайыз мұсылманнан қалысқысы жоқ протестанттық бiрлестiктер саны да – 23. Ал, Қазақстан бойынша қаншама облыс пен ауыл-аймақтар бар?! Сонымен, «евангелистердiң 1000 шiркеуiнiң» 177-сi – бiр ғана Алматы мен Алматы облысында тiркелген! Қалған 800 шiркеудiң өзге де облыстарымыздан бiртiндеп бой көтерiп жатқаны айдан анық. Жалпы, Қазақстан бойынша протестанттық шiркеулер елiмiзде 21 пайызды құрайтын Орыс православие шiркеуiнiң өкiлдiктерiнен де көп. Қазiргi жағдай мынандай: Қазақстанда православие дiнiн 21 пайыз орыс халқы ұстанады да, елдiң 1 пайызы ғана протестант дiнiне иланады, бiрақ нелiктен 1 пайызға жетер-жетпес сенiм өкiлдерi православие дiнiнен де басым болуы керек?!

Бiрақ амал қанша, барша Қазақстанды евангелизациялау жоспары ойдағыдай жүзеге асып жатыр. Қазiрше бұл процесте мұсылмандар «қорғаныстың» амал-әрекеттерiмен қамданып отыр. Ал, дiни экспансияның шабуылы қатал: 90-шы жылдардың басында келген шетелдiк миссионерлердiң айла-амалдарымен қазiргi миссионерлердiң амал-әрекеттерiн салыстыруға келмейдi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында олар халқымыздың тұрмыстық қиыншылығын пайдаланып, адамдарды өз сенiмдерiне қаржылық көмек көрсету арқылы тартып жатты. Балаларға киiм-кешек, ата-аналарға тиын-тебен мен дiни кiтаптар үлестiрiп, уағыз жүргiздi. Қазiргi миссионерлер халықтың әл-ауқатының өскенiн бiледi. Сондықтан олар қазiргi заманның талабына сай дiни-экспансиялық әрекеттер жасап келедi. Бiрiншiден, бүгiнде олардың көзi жоғары элита мен орта тапқа түсiп отыр. Қазiр байқасаңыз, Алматыдағы протестанттық шiркеулердiң денi – элиталық аудандандарда орналасқан. Әл-Фараби даңғылы, Төле би көшесi, Наурызбай көшесi сияқты орталық көшелердiң қиылысында әйтеуiр бiр протестанттық шiркеу табылады. Бiр қызығы, бұл шiркеулердiң көбiсi – дәстүрлi англосаксондық протестант дiнiне жатпайды. Секталық шiркеулер жетiп артылады: Иегова куәгерлерi, мормондар шiркеуi, тағысын тағылары… Мәселен, «Ритц-Паластың» артында екi қабатты үлкен шiркеу бар. Шiркеудiң ресми атауы – «Церковь Иисуса Христа святых последних дней». Ал, бұл сенiм өкiлдерi өздерiн мормондар деп атайды. Ресейде мормондар «тоталитарлық секта» ретiнде танылған. Ресейлiк психолог Юрий Кондратьевтiң «Тоталитарлық секталарға» қатысты баяндамасында жазылғандай, мормондар көпқұдайлыққа сенедi, оның үстiне «Құдайдың әу бастан адам болғанына, тiптен, адамның да Құдай деңгейiне жететiнiне» үмiт артады екен. Яғни, Қазақстандағы православие дiнiнiң ұстанымдары түгiлi өзге де протестанттық ағымдарға кереғар секта Алматының қақ төрiнде «Ритц-Паластың» тура жанында ұяшығын ашып, дiни уағыз жүргiзiп отыр. Бұл шiркеу өкiлдерiнен сұхбат алуға бел байлап едiк, қасына да жуытпады. Есесiне шiркеуге Америкадан миссионерлер жиi келiп тұратын сияқты. Мәселен, таяуда Америкадан Мэтсон және Миллер деген жас миссионер балалар келдi. Ресми мақсаты – ағылшын тiлiн үйрету. «Астыртын мақсаты» – тiл арқылы адамды мормондық сенiмге иландыру сияқты. Өздерi өте сақ. Сiрә, қылмысы немесе қандай да бiр сыры бар адамдар ғана осылайша сақтық сақтап жүретiн шығар…

Екiншiден, қазiргi миссионерлер қазақтың жоғары оқу орындарына барып, кiтап тарату ары тұрсын, «өз дiни сенiмдерiн қазаққа жарасатындай етiп» кандидаттық жазып, ғылыми тұрғыдан дәлелдеулер жүргiзiп келедi. Мәселен, кришнаиттердiң iшiнде қазақ жазушыларына дейiн бар. Олар кришнаиттердiң орысша кiтаптарын қазақшаға аударып, ел iшiнде таратып жүргелi қашан?! Ал, мүйiзi қарағайдай кейбiр профессорларымыз тиын-тебенге қызығып, кейбiр евангелистiк ағым өкiлдерiнiң «қазақтың дiнi – несторияндық христиандық» деген ұранын ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге септескенi ел есiнде. Мұндағы бар мәселе – кiмнiң қай дiндi ұстанатынында емес. Мұндағы бар қауiп – кейбiр миссионерлердiң қазақ ұлтына өзге дiндердi таңып, онсыз да бөлiнiп-жарылып отырған қазақ қоғамының арасына iрiткi салып, протестантизмдi ғылыми тұрғыдан қазақтың «егiз сыңарындай» дәлдеп, дәлелдеп беру. Иншаллаһ, белгiлi дiнтанушылар Мұртаза Бұлұтай, Жабал Шойынбеттiң арқасында мұндай арампиғылды миссионерлердiң әрекеттерi әшкереленген едi.

МИССИОНЕРЛIК ЭКСПАНСИЯ ӨРШIП ТҰР, БIРАҚ «МИССИОНЕРЛIК ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ» ЖЕКЕ ЗАҢ ЖОҚ

Мұндайда «Естiмеген елде көп» деушi ме едi?! Бiздiң таңдай қағып отырғанымыз: Қазақстанда миссионерлiк қызмет барынша алға қойылған, ал бiрақ бұл мәселенi қадағалайтын Дiндер туралы Заңда кiшкентай ғана бап бар. Дiндер туралы Заң 1992 жылы қабылданғаннан берi қаншама заман өттi? Таяуда Алматыда Iшкi саясат басқармасының бастамасымен дiни тақырыпқа арналған дөңгелек үстөл ұйымдастырылған едi. Онда елiмiздiң бiрқатар дiн өкiлдерi мен дiнтанушылары «Миссионерлiк қызмет» туралы арнайы заң қабылдау қажеттiгiн екшеп айтты. Сiрә, бұл заңда тек қана миссионерлердiң құқықтары емес, ел алдындағы мiндет-парыздары да қамтылып, олардың айла-әрекеттерiн әшкерелеу iсi де қарастырылуы керек сынды. Миссионерлердiң қулығы демекшi, заң бойынша миссионерлер елге келiсiмен тiркеуден өтiп, миссионерлiк қызмет етуi керек. Ал, елiмiзге келiп жатқан миссионерлердiң кейбiрi Қазақстанға турист ретiнде келiп немесе кейбiр ұйымдар мен серiктестiктердiң шақыруымен уағыз жүргiзiп, миссионер ретiнде тiркелмейдi екен. Таяуда Береке ауылына барғанымызда, Қарасай аудандық Iшкi саясат бөлiмiнiң дiн iстерiмен шұғылданатын Бас маманы Рысгүл Шәкенқызы мұндай фактiлердiң барын да ашып айтқан едi. Сөйтсе, жылда кришнаиттердiң бас қосуына келiп тұратын кейбiр миссионерлер елiмiзге туристiк визамен жол тартады екен. Қазақ жерiне табаны тисе де, миссионер ретiнде емес, турист ретiнде уағыз жүргiзетiн көрiнедi.

Тағы бiр айта кетерлiк жәйт, кезiнде Қазақстанда көптеген ағым-секталар ешбiр тексерусiз тiркелiп кеткен. Бiрақ елiмiзде соңғы кездерi мұндай олқылықтарға жол бергiзбеу үшiн тiркеу орындарында теолог мамандардың болуын да қарастырып жатқандай. Өткен жылы Әдiлет министрлiгi жанынан дiн iстерi жөнiндегi комитет құрылды. Аталған комитеттiң құрылуы да – заман талабынан туындап отырған мәселе. «Көш жүре түзеледi» демекшi, дiни комитет те өз жұмысын болашақта ойдағыдай атқарады деген үмiттемiз.

Көкейге қонбайтын тағы бiр жәйт, Қазақстанда небары 15 миллион халық тұрады. Ал, елiмiз 40-50 миллион халқы бар кейбiр Еуропа елдерiнен де көпдiндiлiгi бойынша асып кеткен. Бұлай ары қарай да жалғаса берсе, Қазақстанда әрбiр ұлт өкiлiне бiр дiннен келмесiне кiм кепiл?! Дiн де «көпұлтты» аталып жүрген қоғамның басын бiрiктiретiн фактор. Мәселен, күнi кеше Шелек пен Теңiзде, Маловодное ауылдарында орын алған оқиғалар да Қазақстанның байырғы ұлты мен әрқилы диаспора өкiлдерiнiң ұлттық тұрғыдан әрi дiни тұрғыдан басының бiрiкпегенiн аңғартпай ма? Қарап отырсақ, қазақ пен ұйғырдың, түрiк пен чешендердiң басын қосатын бiр дiн – Ислам. Бiрақ желеулетiп «көпдiндiлiктi» алға тарта бергендiктен, қазақ пен аталған диаспора өкiлдерi де түрлi дiнге бөлiнiп отыр. Сондықтан Қазақстан қоғамын бiр ұлт пен дiннiң аясында топтастырудың уақыты келдi. Қайталаудан жалықпаймыз, әлемдегi кез келген мемлекеттiң негiзi – бiр ұлт, бiр тiл және бiр дiн.

ТҮЙIН. Таяуда алматылық сарапшылар халық арасында елдегi дiни ахуалға қатысты арнайы зерттеу жүргiзiптi. Сонымен, қала тұрғындарының денi миссионерлiкпен айналысатын азаматтардың қызметiне оң көзқараспен қарамайды екен. Алматылықтардың 45,9 пайызы миссионерлерге түбегейлi қарсы болса, 36,8 пайызы: «иә, олардың қызметiн шектеу керек» деп жауап берген. Қарап отырсақ, қарапайым адамдардың өзi де миссионерлердiң үй-үйдi, көше-көшенi аралап, кiтап таратып, уағыз жүргiзу әрекетiнен әбден шаршап-қажыған сияқты. Үйiңiзде де, көше-алаңдарда да тыныштық жоқ: қарапайым тұрғындардың мазасын алып, уағыз жүргiзетiн миссионерлер әбден елдiң титығына жеткен сыңайлы. Сондықтан дiни уағыздағы мұндай тұстар да заңмен қадағалануы керек сынды.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары