812
Жәмиға ОРМАНОВА: ЖАСТАР ҮЛКЕН ТҰЛҒАЛАРДЫ ҰМЫТПАСА ДЕЙМIЗ
Жәмиға ОРМАНОВА: ЖАСТАР ҮЛКЕН ТҰЛҒАЛАРДЫ ҰМЫТПАСА ДЕЙМIЗ
Биыл лирик-ақын, қазақтың кемеңгер тұлғаларының бiрi — Ғали Ормановтың 100 жылдығы. Артынан өлмейтұғын сөз бен iз қалдырған Ғали Орманов көп жылдар бойы Жамбылдың әдеби хатшыларының бiрi болған. Поэзияға үлес қосумен қатар, Жамбыл өлеңдерiнiң баспадан шығуына да өзiндiк сеп тигiзген. Бүгiнде үлкен ақынның жалғыз қызы Алматыда тұрады. Әрине, ақынның мерейтойы қарсаңында ол туралы естелiк мақалалар мен шығармалар жазып жатқан зиялы қауым өкiлдерi де баршылық. Дегенмен, Ғали Ормановтың отбасы мүшелерiнен де пiкiр алып, сұхбат жүргiзу мақсатында бiз Жәмиға Орманованы әңгiмеге тартқан едiк.
– Әкем өмiрiнiң соңына қарай қатты ауырды, сондықтан 70 жылдығы атаусыз қалды. Ол кiсi дүние салғаннан кейiн Сайын Мұратбековтiң арқасында оның 85 жылдығын туған жерi – Қапалда өткiздiк. Ол кезде Кеңес Одағы әлi де құламаған едi. Алтыбақан, бәйге сияқты жарыстар өткiзiп, үлкен қазақы той жасадық. 95 жылдығын немере балам Айдардың арқасында Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткiздiк. Ендi, мiне, 100 жылдығы да келiп қалды. Бiз алдында үшеу едiк. Анам бiрнеше бала тапқан, бiрақ олар ерте қайтыс болып кеттi. Сөйтiп, ағаммен iнiм үшеуiмiз қалдық. Кейiн келе ағам да, iнiм де қайтыс болды. Қазiр менiң көмекшiм – Айдар ғана. – Бiз Ғали Ормановты үлкен ақын ретiнде танимыз, ал әке ретiнде ол кiсi қандай едi? – Ол өте балажан едi. Бiздi өте жақсы көретiн, өмiрбойы бiрде-бiр ұрыс не сөз естiген жоқпыз. Көбiне бiздiң тәрбиемiзбен анамыз айналысты. 1938-1945 жылға дейiн бiздiң әкемiз Жамбылдың әдеби хатшысы болып қызмет iстедi ғой. Жұмысы қарбалас. Ылғи сол кiсiмен жүретiн. Соғыс кезiнде де бiзге көңiл аударатындай уақыты болмады. Дегенмен, көп нақыл айтып жүретiн: «Кiтаптарды көп оқыңдар. Кiтап оқыған бала жаман болмайды» – деп. Соғыс кезiнде бiр баспаның бас редакторы болып қызмет еттi. Әйтеуiр, ылғи қарбалас жұмыс iстеп жүрдi. Бiз орыс мектебiнде оқыдық. Ол кезде Алматыда екi-ақ қазақ мектебi бар. № 12 қыздар мектеп-интернаты және № 18 ұлдар мектеп-интернаты. Сол кездерi қазақ интеллигенциясының қолы ендi ғана бiр жақсылыққа жетiп, көбi балаларын орыс мектебiне бере бастаған едi. Кейiн Тау-кен институтына оқуға түстiм. Ол кездерi техникалық оқу ордаларында қазақ тiлiнде сабақ берiлмейтiн едi. Бiрақ әкем менiң таңдауыма риза болды. Себебi техникалық бiлiм алған қазақ қыздары ол кезде жоқтың қасы. – Ал, әкеңiздiң Жамбылмен өткен жылдары жайлы не айта аласыз? – Негiзiнен Жамбылдың жанында көптеген талантты әдеби хатшылары жүрген екен. Кейбiр мақалаларда Әбдiлда Тәжiбаев, Тайыр Жароков, Қалмахан Әбдiқадыров, т.б. болған деп жазылады. Бiрақ, менiң айтарым, Жамбылға хатшы болып ең ұзақ қызмет еткен менiң әкем. Жоғарыда айтқанымдай, ол кiсi 1938 жылдың тамыз айынан бастап, Жамбыл өмiрiнiң соңғы күндерiне дейiн хатшы қызметiн атқарды. Жамбыл Алматыға келгенде, мiндеттi түрде бiздiң үйге түсетiн едi. – Жамбылды сiз де көрдiңiз бе? – Иә, көрдiм. Бала болсам да, есiмде қалды. Ол кiсi үшiн қонақүйлер дайын тұратын, бiрақ ол бiздiң үйге түскендi ұнататын. Әсiресе анамның тамақ дайындауын өте қатты жақсы көрдi. Менiң анамның аты – Айтбала. Ол кiсi: «Ой, Айтбаланың тамағы керемет!» – деп мақтап отыратын. Жамбыл бiзге өте үлкен болып көрiнетiн ол тұста. 90-нан асқан шағы ғой. Тым шөгiп қалғандай едi. Жанында ылғи жүргiзушiсi Нағашбай мен Жамбылдың баласы Тезекбай жүредi. Жамбылды қолтықтап, жүруге көмектеседi. Анамның айтуынша, ол кiсi өте парасатты, данышпан болған. Жасы 90-нан асса да, елдегi жағдайды жақсы бiлiп жүрген. 1946 жылы Жамбылдың 100 жылдығына арналған қалың том кiтап шықты. Онда Жамбылдың өлеңдерi мен түсiнiктемелер берiлген. Яғни, Жамбылдың аузынан жазып алған Тәжiбаев, Жароковпен менiң әкемнiң де еңбектерi бар. Үш томдық кiтап болатын. Дастандар мен айтыстар ел аузынан жиналып, 1946 жылы бiрiншi рет жарияланды. Оны да бiрiншi рет баспаға шығаруға септескен Ғали Орманов едi. Менiң әкемнiң Жамбылдың еңбектерiн жариялауға қосқан үлесi өте зор. – Әкеңiз кiшкентайынан көп қиыншылық көрген ғой, жетiм өскен… – Жетiм болғанда, әкесi революциядан бұрын қайтыс болған, шешесi жоқ. Сондықтан үлкен ағасының қолында өсiптi. Ауылдың маңайында, жайлауда мал бағып жүрген. Кейде өзiне ақша табу үшiн мергендерге бүркiттiң балапандарын аңдып, алып берiп те жүрген. Бiр күнi мал бағып жүрiп: «Қашанғы осылай жүрем» – деп өкiнедi. Он жасында ғой шамасы, Талдықорғанда интернат үй барын естiп, малды қалдырып, қашып кетедi. Өлеңiнде бар ғой: «Жарбиған жаман тон-тұмақ, Жабысып кеттi үстiмде. Жанайын деген бiр шырақ Жалтылдап кеттi iшiмде» – деген. Талдықорғанға барған соң, жетiм балалардың үйiне қабылданады. Сонда оқып шығып, кейiн Алматыға жол тартады. 1927 жылы тұңғыш рет өлеңдерi жарияланды. Талдықорғанда менiң анамның туыс сiңлiсi бар едi. Сол сiңлiсiнiң әкесi жақсы адам едi, әкеме бiр сары тай берiптi. Сол сары тайменен бiр кiсiге iлесiп, малды Алматыдан Талдықорғанға қарай айдап келе жатқан тұста, тағдырының өзгеруiне ықпал еткен бiр кiсiмен жолығады. Алматы мен Сарыөзектiң арасында Арқарлы деген жер бар. Сонда бiр сайда үлкен ғұлама Iлияс Жансүгiровпен кездеседi. Бұл Iлияс Жансүгiровтiң Алматыдан қайтып келе жатқан кезi екен. Ол да атқа мiнiп келе жатқан. Сонда әкем жүгiрiп барып, амандасып, жөн-жосық сұрап, өлеңдерiн Iлияс Жансүгiровке оқып бередi, сонда ол кiсi: «Сен жақсы ақын болады екенсiң, Алматыға оқуға түс» – деп кеңес берiптi. Осылайша Iлияс Жансүгiровтiң жолдауыменен Алматыға оқуға келдi. 1929 жылы әкем үйлендi. Сол тұста Iлияс Жансүгiров бiрiншi әйелiмен, бала-шағасымен екi бөлмелi жер үйде тұрады екен. Әкем үйленiп келгенде, Жансүгiровтiң бiрiншi әйелi Фәтима бiр бөлменi соларға бөлiп берiптi. Кейiн Iлияс Жансүгiров репрессияға ұшырағаннан кейiн әкем туралы газеттерде көп жазды. Анамның iнiсi Сейтқұл аға ол кезде типографияда жұмыс iстейтiн. Бiр күнi ол үйге жүгiрiп келдi: «Ойбуй, газетке мақала шықты, Ғалидi – Iлиястiң күшiгi деп атапты, ендi сенi алып кетедi» – дедi. Әкем сол күндi көп күтiп жүрдi. Бiрақ әкемдi алып кеткен жоқ. Керiсiнше, оны Жамбылдың хатшысы етiп қойды. – Кеңес Одағы тұсында цензура, қысым болғанын бiлемiз. Әкеңiздiң шығармашылығына мұндай әрекеттер де әсер еттi ме? – Цензура болды. Ол тұста өлеңдердi шығару да оңай болмайтын. Бiрақ менiң әкем – лирик ақын едi. Ол кездегi ақындар көп өлеңдердi тапсырыспен жазатын. Орталық комитеттен нұсқау келедi: «Осындай-осындай өлең керек» – дегендей… Орталық комитеттiң хатшысы бiздiң үйге телефон шалып: «Ғали, Жамбылдан осындай өлең керек. Барып, Жамбылға айтыңыз» – дейдi. Ертесiне сондай өлең шығатын едi. Әрине цензура барда, олар өлеңдi қалай болса солай жаза алмайтын едi. Сонан соң әкем КПСС-тiң мүшесi болатын. Қиын жағдайды, репрессияны да өз көзiмен көрген. – Әкеңiздiң арманы бар ма едi? – Армансыз адам болмайды. Кiм бiлсiн, басқа да армандары болған шығар, бiрақ оның бiр арманы – шығармаларын бiрнеше том етiп шығару едi. Көзi тiрiсiнде өлеңдерiн том-том етiп шығара алмады. Ол үшiн байланыс керек-тiн. 70 жылдығына да шығара алмады, өйткенi ауырып жатты. Әкем қайтыс болғаннан кейiн шығармаларының төрт томдығын өзiм шығардым. Әкем аудармамен де көп айналысты. Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Есенин, т.б. орыс классиктерiнiң шығармаларының аудармасын жасады. Ең үлкен аудармасы – Толстойдың «Анна Каренинасы». Қазақстанда Толстойдың үлкен шығармаларын менiң әкемнен басқа ешкiм аударған жоқ. Гоголь, Шолоховтан да аударды. Шетелдiк классиктер Шиллер, Гете, Гейне, т.б. шығармаларын аударды. – Қазiр Ғали Ормановтың тарихын немере балалары, үрiм-бұтағы жақсы бiле ме, өздерiн ұлы кiсiнiң тұяғы ретiнде сезiне ме? Аталарының өлеңдерiн жаттап өсiп келе ме? – Бiз өзiмiз көп емеспiз. Ағамнан жалғыз қызы бар, оның жалғыз баласы бар. Бәрi де орыс мектебiнде оқиды. Әрине, немерелерiмiз атасын мақтан тұтады. Менiң ағам да кiшкене өлең жазатын. Ал, iнiме әкемнен ақындық дарыны толықтай қонған сияқты едi. Бiз де кезiнде орыс мектебiнде оқыдық. – Өкiнiшке қарай, қазiр қазақтың ұлы тұлғаларының ұрпағы орыстанып кеткен. Бiз кемеңгер азаматтарымызды қазақы тұлға ретiнде сүйiп, құрметтеймiз. Ал, нелiктен кереметтей кемеңгерлердiң балалары орыстанып кетiп жатады… – Ол кездерi қазақ мектептерi болмады. Қазiр қазақ халқына, қазақ тiлiне деген көзқарас басқаша ғой. Ал, ол кезде жағдай мүлде басқа едi. Кеңестер Одағы тұсында орыстар «үлкен аға» деп саналатын, ал қазақтарды «кiшi iнi» дейтiн. Солай өстiк қой. Ол кездерi қазақ та орыс жағына тартатын едi. Қазiргi балаларымыз заманына қарай басқа көзқараста өсiп жатыр ғой. – Сiздiң ойыңызша, Ғали Ормановтың 100 жылдығы өз деңгейiнде еленiп жатыр ма? – Әрбiр адам өз уақытына қарай өмiр сүредi ғой. Әкем тiрi кезiнде өте сыйлы адам едi. Қонаев та оны қатты сыйлап жүрген. Партия басшылары да жақсы сыйлайтын. Сол кездегi ең сыйлы ордендердi де кеудесiне тақты. Ақындардың арасында Ленин орденi, Халықтар достығы орденiн алғандар аз. Өзi жақсы лирик ақын едi. Соңғы кездерi кiтап шығару қиындап кеттi. Әлгi төрт томдығынан кейiн кiтабы шыққан жоқ. Менiң ойымша, қазақтардың тарихы үшiн дүниеден озған кемеңгер адамдарды жастар терең бiлiп-оқуы керек. 95 жылдығында Айдардың арқасында көп жас ақындар, мектеп оқушылары әкемiздiң өлеңдерiн жаттап, мәнерлеп оқып, концерттерде өнер көрсеткен едi. Қазiр газеттерде көп естелiктер жарияланып жүр ғой. Менiңше, ғұламалар туралы кейбiр нәрселер шындықпен жанаспайтын сияқты. Қажетi шамалы естелiктер де бар. Өткен адамдарды кемсiтудiң керегi жоқ. Олардың барлығы да қазақтардың қазақ болып қалуы үшiн көп үлес қосып кеттi. Ендi оларды кемсiтпейiк. – Ал, Ғали ағаның туған жерi – Талдықорғанда бiрде-бiр ескерткiшi жоқ көрiнедi… – Иә, ескерткiшi жоқ. Еркеғали Рахмадиевтiң баласы жасаған әкемiздiң бюстi ғана бар. Ол Қапалдағы Ғали Орманов атындағы мектепте орналасқан. Өткен жылы Жансүгiров атындағы университеттiң кiтапханасына Ғали Ормановтың атын бердi. Кiтапханасы – жеке ғимарат. Оның сыртында үлкен әрiптермен – «Ғали Орманов атындағы кiтапхана» деп жазылған. Бұл да өзiндiк ескерткiш қой! Астанада бiр мектепке әкемiздiң атын бердi. Айтпақшы, Пушкиннiң «Ескерткiш» өлеңiн қазақшаға ең жақсы аударған да – менiң әкем. Замандастары «қазақ тiлiн ең жақсы бiлетiн бiздiң Ғали» деп жиi айтатын. Бiрде архивтерiн ақтарғанда, «Абай ағаның өкпесi» деген мақаласын таптым. Онда ол қазақ сөздерiн бұрмалаған тұстарды өкiнiшпен айтып, қазақ тiлiн қорғаштайды. Осындай өкiнiшiн жазып, «Казправда» газетiне мақаласын жолдаған едi. «Қазақтың көптеген жер-су атаулары орысша транскрипциямен бұрмаланып жазылады, ал қазақ атаулары мүлдем басқаша» деп, көптеген мысалдар келтiрiп, жақсы мақала жазыпты. Бiрақ оны жарияламады. Онда көп нәрсенi қамтыған едi. – Көзi тiрiсiнде ол кiсi кiтаптар көп жинаған сияқты… – Иә, көп жинады. Әсiресе өлеңдер көп оқитын. Өзi өлеңдердi түнде жазатын. Бала кезiмнен есiмде қалғаны, таңертеңгiсiн ерте тұрып, қора жақтағы бiр тасқа барып отырады. Дем алады. Алматының жақсарып жатқанын да ұнататын. «Алматы» қонақүйi салынып жатқанда, бiз сол арада тұратын едiк. Қалай қонақүйдiң көтерiлiп жатқанын қадағалап отыратын. Қонақүйде үш бөлмелi люкс болды, соны бiр аптаға алып, сонда жаттық. Бұған ол өте қатты қуанды. Тауларды қатты жақсы көретiн. Өзi де: «Мен қайтыс болғанда, тау көрiнетiндей ашық жерге қойыңдар» – дейтiн. Әкемiздi солай жерледiк. Көп ауырды. Төсек тартып жатқан кезiнде, анам ауруханаға түстi. Сонда маған: «Бiр өлең жаздым» – деп айтты. Бiрақ оның көп өлеңдерiн бiрiншi боп анам тыңдайтын. «Папа, оқып берiңiз» – дегенде, ол: «Мен кеткеннен кейiн өздерiң тауып аларсыңдар» – дедi. Қайтыс болар алдында бiр түс көрдi: «Мен көпке ұзамаспын» – дедi. Қайтыс болғаннан кейiн барлық кiтаптары мен архивына кiрiстiк. Сол архивынан әлгi өлеңiн тауып алдық. Ол соңғы өлеңi жайлы екен. Сәбит Мұқанов қайтыс болғанда, әкем үйге жылап келдi. Бiрге жүрген адамдар едi. «Қош, Сәбит» деген өлеңiн жазды. Талай кемеңгерлердiң арасында жүрдiк қой. «Тамақ пiсiрудi бiзге үйреткен Мұхтар Әуезов» – дейтiн анам. Бiз қойды соямыз ғой, сосын iшек-қарнын лақтырамыз. Мұхтар Әуезов: «Малдың ең тәттiсi – iшек-қарын ғой. Соны аршып, қуырдақ жасау керек» – деп бiрiншi рет қуырдақ жасатты. Содан кейiн бәрi солай тамақ жасайтын болды. Тайыр Жароковпен екеуi бас қосқанда, жұртшылық екеуiн айтыстыратын едi. Домбыраны қолға алып, керемет айтысатын. Әйтеуiр, сондай небiр күндер өтiптi ғой. Ендiгi арманымыз – кезiнде осында өмiр сүрген, халқымыз үшiн еңбек еткен азаматтарды жастар ұмытпаса деймiз.Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА