ЕСТЕН КЕТПЕС БIР СҰХБАТ

ЕСТЕН КЕТПЕС БIР СҰХБАТ

ЕСТЕН КЕТПЕС БIР СҰХБАТ
ашық дереккөзі
267

Ғұлама ғалым Ақжан Машанидiң қоңыр үнi әлi күнге құлағымда тұрғандай

Сондағы ғұлама ғалым Ақжан Машанидiң қоңыр үнi әлi күнге құлағымда тұрғандай.

Бiз, ҚазҰТУ-дың ұжымы 1991 жылы ғұлама ғалым Ақжан Машанидiң 85 жылдық мерейтойына тарту ретiнде деректi телефильм түсiрмекшi болған едiк.

Фильм сценариiн жазар алдында ағадан бұрында ести жүрiп қаныққан көптеген деректердi пысықтау мақсатымен арнайы әңгiме-сұхбат жүргiзген болатынмын. Үш сағатқа созылған сұхбатты сәл қысқартып қағазға түсiрдiм. Бұдан кейiнгi жазуды әз-ағаның бақилық болуға бiрнеше айлар қалғанда жазған екенмiн. Ол туралы сәл кейiн.

Шәмшиддин ӘБДIРАМАН

Ш.Ә.: Аға, кездесiп, субхаттасып жүргенiмiз бұл бiр емес қой. Бiрақ әңгiме тақырыбы әр түрде алуан-алуан, көбiне сiздiң жазып, нүкте қойған дүниеңiз жәйлi және солардан туындайтын ойтолғақтар, пiкiр алысу тәрiздi – былайша айтсақ әңгiме арқауы үзiк-үзiк болып жататын. Ендi солардың бастауына апаратындай әңгiме-дүкен құрсам деушi едiм. Бүгiн сiзге қояр бiрнеше сауалым бар.

Сiздiң есiмiңiзге телiнетiн атақ-аброй әперген адами әрекетiңiздiң себеп-салдарын сұрайтын болсам, қалай түсiндiрер едiңiз.

Әл-М.: Алдымен мен сiзге айтар әңгiмемдi туған жерiм Қарқаралыдан бастайын. Бiр кезде Қарқаралы — қазақ даласының мәдени орталығы болған жер. Бұл жерде медреселер, орысша мектептер болды, Қарқаралының жанында, елу шақырым жерде Қоянды жәрмеңкесi ашылды. Сол Қояндыға Сiбiрдiң, бiр жағы iшкi Ресейдiң, мына жағынан Қытайдың саудагерлерi болсын, байлары болсын, өнерпаздары болсын жылына бiр келiп бас қосатын жерi болды. Былайша айтқанда ол Қазақ даласындағы көрнектi жерi болды… Бiр сөзбен айтқанда, сол Қарқаралының қала болып, алғашқы қазақ зиялыларының қалыптасуына тiкелей ықпал еттi. Мысалы: «Алашорда» басшыларының бәрi сол Қарқаралыдан шығуы осыны дәлелдейдi. Әлихан Бөкейханов, Әлiмхан Ермеков, Жақып Ақбаевтар сол жердiң тумалары ғой. Ахмет Байтұрсын алғашқы мұғалiмдiк iсiн Ақтеректе бастады, Мiржақып Дулатов сынды «Алаш» көсемдерiнiң Қарқаралыға соқпай кетпегенi жоқ. Сол кезде бiздiң әкемiздiң сауатты болуы да менiң бiлiмге ұмтылысыма себепсiнiң тигiздi. Ә, дегенде маған алғашқы хат танытқан да өз әкем едi. Кейiн менi Құранды үйрену үшiн ауыл молдаларына бердi. Осы кезде Кеңес үкiметi келдi. Ол кезде 8-9 жаста едiм. Бұл 1918-1919 жылдар болатын. Сол кез де Қарқаралыға қызылдар келiп, ақтар қашқан аласапыран кез болды. Сол кезеңде 4 сыныптық ауылдық мектептi бiтiрiп, 1922 жылы Қарқаралыдан ашылған педтехникумға 1924 жылы оқуға түстiм. Оны 1929 жылы бiтiрдiм.

Айтайын дегенiм, азамат соғысы жүрiп жатқан кезде Ә.Ермековтың осы техникумды құруы нағыз азаматтық iсi едi. Сол кезде оқытушылар жалақының не екенiн бiлмейтiн. Еңбектерi үшiн көбiне айына 1 бұт бидай берiлетiн. Келесi үлкен қиындық педтехникумды оқытушылармен қамту болған-ды.

Ол кезде Қарқаралыға Ресейден жер аударылғандар көптеп жiберiлетiн-дi: бiрi патшаны мақтаушылар, бiрi Колчакты қолдайтындар… дегендей. Солардың арасында зиялылар көп болды. Ал, Ермеков осылардың басын өзi ұйымдастырған техникумда қосты. Олардың денi ғалымдар болатын. «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген, олар үшiн жер аударылу бақытсыздық болса, бiздер үшiн бұл жақсылықтың нышанына айналды ғой…

Былайша айтқанда бiр сыпыра ғалымдардан бiз дәрiс алдық. Солардың iшiнде ғалым Вячислав Павлович Колпыкин бар. Ол әдебиет зерттеушiсi, әрi философ болатын. Бiзге математикадан да сабақ бердi. Ол кiсiнiң «Пробуждение» деген еңбегi болды. Қәзiр шамалауымша ол еңбек профессордың докторлық зерттеуi болса керек. Сол кiтапты жиi талқылаушы едiк. Әңгiменiң негiзгi түйiнi бүгiнге дейiн жадымда сақталыпты.

«Пробуждение» – ояну ғой. Қандайда адам болмасын, мейлi қайыстай қатып қалған қатiгез адам болсын, оның жан дүниесiнде рақымшылдық болады. Бiрақ күнделiктi талас-тартыс салдарынан кейбiреулерде ол ұмытылып, жандүниенiң осындай рухани жағы жабылып қала бередi, бiрақ сол рахымшылдық, қайырымдылық бiр жағдайда оянуы мүмкiн де… Мұның философиялық мәнiн ол орыстың Пушкин, Лермонтов, Тургенев сияқты классиктерiнiң шығармаларынан мысал келтiрiп ашушы едi. Сондай бiр мысалды профессор Тургеневтың «Қожайын мен малай» әңгiмесiнен келтiргенi әлi есiмде.

Қызыл шұнақ аязды күнi мырза ат шанамен үйiне қайтып келе жатады. Үстiнде қасқыр iшiк, ал делбешi малайының киiмi жұқа. Бiр кезде суықтан әбден қалжыраған малай қолынан жан кеткендей делбеден айырылып қалады. Қожасы делбенi өзi алып, малайды тақымына басып, денесiн тонының етегiмен жабады. Бiр кезде, қожайынының жылуы мен тонның жылуынан малайдың денесiне жан бiткендей болады: «Мырзам, сiз шаршаған боларсыз, делбенi өзiме берiңiз»,- деп дыбыс бередi.Ол «Жоқ, сен жата бер үйге де келiп қалдық»,- деп қожасы малайын тыпыр еткiзбей, қозғалтпаған күйiнде, шананы албарға кiргiзiп, малайды өзiмен бiрге ас үйге ала кiредi. Малай үй жиһазының салтанатына, әсiресе өмiрi ернi тимеген, небiр дәмдi тағамдардың болатынына көзi жетiп, асқа тойып өзiн дүниеде ең бақытты күй кешкен жан екендiгiн сезiнедi…

Ал, қожасы болса жапан далада екеуден-екеуi келе жатып, бұрын адам санатына санамайтын малайының өлiм қалiн қәрiп, ары оянып рақымдық жасаған болысқандығына жаны рухани ләзатты сезгендей күй кешедi, өз iсiне ризалығын сезiнедi. Осылайша ұстазым бiр жағдайда адамның ары оянады деп жиi айтушы едi. Ол дiншiл едi…

Ш.Ә.: Бұл сiздiң орыс әдебиетiнен алғаш алған мағлұматыңыз ғой шамасы. Ал сол кездегi қазақ әдебиетiнен алған тағлиматыңыз да бар шығар…

Әл-М.: Сол кездегi маған қазақ жазушыларының шығармаларынан алғаш мағлұмат берген ұстазым Мәнан Тұрғанбаев деген кiсi едi…

Ол кiсi Уфадағы «Ғалия» медресесiн бiтiрiп келген екен. Мағжан Жұмабаев, Мiржақып Дулатов, Жүсiпбек Аймауытовтармен бiрге оқыған, әдебиеттi терең бiлетiн және Ахмет Байтұрсынның қазақ тiлi грамматикасын жазуға қатысып жүрген-дi. Ол қазақтың тарихы, әдебиетi жөнiнде көптеген мағлұматты өзiне етене таныс қәзiргi классиктер жәйлi әңгiме шертiп беретiн. Менiң есiмде Мәнан айтқан Мiржақыптың мына өлең жолдары бiрден жатталып қалып едi:

Мен бiткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Емеспiн жемiсi көп тамаша ағаш.

Қалғанша жарты жаңқам мен сенiкi,

Пайдалан, шаруаңа ал жараса алаш. – деген Мiржақыптың өлеңiн оқып тұрып: «Мiнекей, бiздiң Алаш азаматтары басын бәйгеге тiгiп жүргендiгiн ол: Мiржақыптың мына сөздерiн қайталайтын едi: «Бәрi жұртының қамына «Алаш» деп ұран етiлсе, Кiм бұрылмас қанына, Әдiлдiк деп айтамын парасатың барында»- деп халқың үшiн құрбан болсаң одан артық өтелген парыз өтпейтiндiгiн қадай айтатын отырып, Елдiкке, бiрлiкке шақырғанда Мiржақып сияқты жазушы күрескерлер шығармасын алдымызға тартатын-ды. Техникумда, әрине, басқа да ұстаздар болды, бiрақ осы екеуiнiң азаматтық қырлары көбiрек жадымда сақталып қалыпты.

Кейiн, Әлiмхан Ермеков Семейге қызметке ауысқанда орнына Сапақов Рахымбай деген «Ғалияны» тамамдаған ағай болды. Ол бiзге математикадан сабақ бердi.

Ш.Ә.: Аға, Рахымбай, Мәнан ұстаздарыңыздың тағдыры не болды?

Әл-М.: Рахымбай да, Мәнан та «халық жауы» болып ұсталып кеттi. Рахымбай оралмады, ал Мәнан «жазасын» өтеген соң Семейде тұрып өз ажалынан дүние салды.

Ш.Ә.: Техникумды қашан бiтiрдiңiз?

Әл-М.: 1929 жылы бiтiрдiм….Саған бiр қызық жағдайды айтайын. Оқуға түскен соң бiр жылдан соң бiздi мұғалiм етiп ауылға айдасын. Ауылда «Саужой» деген мектеп ашылыпты. Ересектердi оқытатын сауатсыздықты жоятын…

Ш.Ә.: Қай ауылда болдыңыз?

Әл-М.: Мен сияқты техникум оқушыларын өз аулына жiбердi. Бәрiн емес, жақсы оқитындарын жiбердi. Бiр қыс бойы ересектердi оқыттым. Бiздi сол кезде өткiзiлген бүкiл Одақтық санаққа да қатыстырды. Бiз екi ай ел араладық…

1929 жылы оқуды бiтiрдiм. Мұның алдында 1928 жылы үлкен байларды тәркiлеу басталған-ды. Мұғалiмдiкпен қоса тәркiлеудiң хатшысы, боласыңдар деп сол науқанға да жегiп отырды…

Ш.Ә.: Шолақ белсендiлермен бiрге де жүрген екенсiз ғой! Кiм бiледi белсендi болып кеткендер де болған шығар араларыңызда (әзiл).

Әл-М.: Кiм бiлiптi… Негiзiнен мен көбiнесе кеншарға ұйымдасқан ауылға бөлiнген шөп шабатын мәшиналарды қалай пайдалануға меңзейтiн нұсқаунаманы (инструкцияны) түсiндiрiп, таныстырып жүрдiм. Ал, оқуымды бiтiргенде менi Абралы ауданына жiбердi. Абралыға келе жатқан бетте Түндiк өзенiнiң бойында елсiз, бұрын шалқып жататын ауыл, өрiсi маңыраған малға сыймай, жатын өрiсi ендi медиен далаға айналыпты. Әр жерде жұртта қалған қадау-қадау қараша үйлердi көргенде көңiлiм құлазыды. Мына бетiмен бара берсе не болады деген сауалдар қамап алды. Көзiмнен жас шықты… Сол жерде намаз оқыдым. Әр қилы ой келдi. Зұлмат заманның ызғары соққандай денем түршiктi. Мәселен, бiзбен Абралыға көршi Шыңғыстаудағы Абайдың бел баласы Тұрағұл айдалып кеттi. Ә. Бөкейханов сияқты азаматтарды Мәскеуге әкеттi, жүрiс-тұрысын шектеп тастады…

Ш. А.: Аға, сөзiңiз аузыңызда. Әлгiнде Абай ұрпағын айттыңыз. Өзiңiз Абайды, Шәкәрiм қажы туралы естiгенiңiздi, бүгiнгi тiлмен айтқанда алғашқы ақпаратты есiңiзге түсiрiп көрiңiзшi?

Әл-М.: Шыңғыстағы Абай елi мен Қарқаралыдағы бiздiң ағайындардың араласуы Құнекең заманында басталған ғой. Құнанбай, сiз бiлесiз, Шыңғыстың тұқымы Жамантай төренiң кезiнде екеуiнiң аға сұлтандыққа таласып жүрген кезi емес пе едi ол кез? Бiрi сайлауда дуан басы Жамантай болса, келесi сайлауда билiк Құнанбай қолына көшiп жататын-ды. Сол кезде, Құнекең Қарақаралыға келiп мешiт салдырған. Сол мешiттi салған кезеңде араласып, бiздiң үлкен бабамыз Машан Құнекеңмен дос-замандас болған. Ал, Машекең өз кезегiнде Жамантайдың белдi биiнiң бiрi ғой. Сол ретте, өзiң бiтiрген факультеттi тамамдаған жазушы Iлияс Есенберлиннiң «Қаһар» романында Жамантай ханнның белдi биiнiң бiрi Машан туралы айтылады. Ол бұл фактiнi архивтен алған ғой. Жазушы тек бiр әрпiн өзгертiп Масан деп бергенi болмаса, тарихи шындықты айтқан сол бiздiң бабамыз Машан едi. Атамыз Ағыбай батырмен дос-замандас, силас болыпты. Шешемiз айтады: келiн болып түскеннен кейiн бiр жылдан соң Ағыбай батырды көрдiк, атамыздың мейманы болған дейтiн.

Ш. А.: Сiздiң әкеңiз Жақсыбек Машанның кенжесi ме?

Әл-М.: Мен әкейдiң кiшiсiмiн. Ал,әкем Машанның кенжесi. Машанның ұрымбұтағы өскен тұқым. Бiздiң әкемiз Машанның екiншi бәйбiшесiнен туады.

Ш. А.: Аға, ендi сiз Абай туралы айтыңызшы. Оның атын естiгенде нешеде едiңiз?

Әл-М.: Бiздiң ауылдағылардың, соның бiрi мына менiң де Абайдың атын ести бастағаным Қоянды жәрмеңкесiмен тығыз байланысты болды ғой деймiн. Қояндыға бiздiң әкелерiмiз барып тұратын. Олар менiң әкем Жақсыбек, оның немере ағасы Нөгербек. Нөгербек өнерге құмар, ақын жанды адам едi. Ол әрi қарай оқуын жалғастыра алмады. Әйтпесе, Ә.Бөкейхановпен гимназияда бiрге оқыған, озық оқыған. Бұл кiсiнiң бiраз қолжазбаларын академияға тапсырғанмын…

Ш. А.: Нөгербек Ә.Бөкейхановпен қандай гимназияда оқыған?

Әл-М.: Олар Қарқаралыдан 20 шақырымдай жердегi Ақтеректе. Ахмет Байтұрсын сабақ берген медресе бар деп едiм ғой, есiңде ме?! Олар сол медресенi бiрге бiтiрген.

Ш. А.: Түсiндiм.

Әл-М.: Нөгербек ағамыз Қояндыға барған сайын Шәкәрiм қажымен кездесiп жүрген. Жас шамалары тұстас, ақындығы мен қоса олардың жарасымды сыйластығы және бар. Және де о кiсiнiң, әрi менiң әкемнiң нағашысы Тобықты болатын. Олардың араларында нағашы-жиендерге жарасымды әзiл-қалжыңы қоса жүредi екен. Шәкәрiм қажымен Қояндыда жиi кездесудiң мәнi осында жатса керек.

Ш. А.: Шәкәрiм о кезде қажы емес шығар?

Әл-М.: Жоқ, Шәкәрiмнiң қажыға баруы, жаңылыспасам 1905 жыл едi ғой. Бiздiң Шәкәрiм есiмiн естуiмiз сол Қоянды жәрмеңкесi кезiнде. Бұл Шәкәрiм қажының азаматтық кемелденген кезi болатын-ды. Әкелерiм, Нөгербек жыл сайын Шәкәрiммен кездесе жүрiп өлеңдерiн жазып алып, ауылға әкелетiн. Шәкәрiмнiң өлеңдерi мынау, Абайдiкi мынау деп отыратын, бiз қолма-қол көшiрiп алып, жаттайтынбыз. Ауыл жастары ойын-тойда, қызойнақта Абай, Шәкәрiм өлеңдерiн әнге қосып айтып жүретiн. Мәселен, Татьянаның әнiн қотанның шетiнде, алтыбақан да ылғи айтылатын едi. Менiң Абай есiмiмен қоса өлеңiн жаттауым да осы кезде болды ғой деймiн…

Осылайша Абай өлеңдерi бойымызға сiңе бердi. Ал, Шәкәрiм қажының өлеңдерiн түгелдей жаттап алуға тырысатынмын. Бала кезiмнен Қажы өлеңдерi бойыма сiңiптi. Кейбiр елге таныс өлеңдерiн жаттап айтатынмын.

Ш. А.: Бала кезiңде көргенiң мен естiгенiң де ғұмыр бойы есте сақталады дейдi ғой. Шәкәрiм Қажының сол кезде жаттаған өлеңдерiнiң бiрiн айтып бере аласыз ба?

Әл-М.: Кезiнде Шәкәрiм қажының өлеңдерiн дауыстап айтпасам да, ойыма тiзбектелiп келе берушi едi. Кейiн ол ақталып, жинағы шыққанда сол өлеңдердiң онша өзгерiсi жоқ екендiгiне көзiм жеттi.

Ш. А.: Кәне, соның бiреуiн айтып көрiңiзшi!…

Әл-М.: Қажының «Ынсап» деген өлеңi болды. Соны айтып көрейiн.

Мен ағадан жазып алған өлең мәтiнiн кейiн Шәкәрiмнiң («Жазықсыз жала» Жалын, 1928 ж.) жинағындағы «Ашу мен ынсап» атымен жариялаған. 200 жолдық өлеңiн түгел тақпақтап айтылмаса да, салыстырғанымда да жолдан қосылған жерi болған жоқ. (Ендi Ақжан ағаның жадында 70 жылдай жатталып қалған «Ынсаптың» нағыз ғибадаттық жолдарына назар салайық).

Бiлгенiмдi жазушы ем,

Бекем буып белiмдi,

Мiнiн айтып қазушы ем,

Түзетпек боп елiмдi.

Бұлдарлық ой менде жоқ

Бұған шыққан терiмдi,

Ұқтырарлық пенде жоқ

Қате басқан жерiмдi.

Күнi-түнi ойланып,

Жазудан да жалықтым.

Газет, кiтап қолға алып,

Оқудан да талықтым.

Ел тiлiме көнбедi,

Жыладым да қамықтым.

Үмiтсiздiк дендедi,

Зорықтым да шалықтым.

Айла таппай адастым,

Қайғы артылып мойныма.

Ақылымнан шатастым,

Жас төгiлдi қойныма…

Ш.Ә.: Шәкәрiм қажыны көрдiңiз бе?

Әл-М.: 1928 жылы әкеммен ерiп Қоянды жәрмеңкесiне барған жолы: «Әне Шәкәрiм қажы», – деп нұсқаған жаққа қарағанымда бiр топ аттылы кiсiлер арасында қауға сақал кiсi көзiме бiрден түстi. Бiз ол кезде баламыз ғой оқып жүрген. Сәлем беретiндей жақын келген сәт болған жоқ…

Ш. А.: Абайды өлеңi арқылы есiтiп бiлдiңiз. Балалық көңiлiңiзде Абай Заңғар тұлға болып елес берген де болар…

Әл-М.: Баланың арман қиялында Қобыланды, Алпамыс тәрiздi батырлардың тиген жебесi төбенi де төңкерiп кететiндей болып елестейтiнi табиғи. Өйткенi ол эпос, жыр. Ал, Абай да, Шәкәрiм де ауыл арасы алыс болып бiзбен күнбе- күн жүздеспегенiмен Шыңғыстауда тұратын фани дүниедегi адамдар ғой… яғни олар балаң көңiлдi елестетiндей мифтiк адамдар емес-тiн. Осы ретте әкемiздiң мына бiр сөзi көңiлде зерделенiп қалса керек. Сiрә, әкемнiң мендегi намыс атын тұтатқысы келдi ме, талаптансын дедi ме, бiрде Нөгербек ағай әкелген Абай өлеңдерiн жаттап, жарыса айтып отырған бiздi тоқтатты да: «Абайдың да, Шәкәрiмнiң де өлеңдерi нәрлi. Оларды ашық мақтамағаным даттағаным емес… Олар — Тобықтының жақсысы, бүгiнде бетке ұстар азаматтары. Бiрақ есiңде сақта, олардың әкесi Құнанбай кешегi сенiң бабаң-атаң Машаннан артылған жоқ. Бiз терезесi тең ел болдық. Сен де солардан кем қалмауың керек» денген-дi. «Түптеп келсең Абайдың Абай болуы Тобықты болғандығынан емес шығар. Абайдың нағашысы бiзден, сен өзiңдi, тегiңдi кем бағалама… Үйрен, бiрақ өзiңдi кем санап төмендеме, сен де солардай болуға тиiстiсiң» дегенi бар-ды. Ендi бажайлап қарасам ұмтыл, талаптан, еңбек ет, iзденуден жалықпа. Абай дананың сөзiмен айтқанда ғалым көрсең «ондай болмақ қайда» деп ылғи енжарлыққа барма», – дегенi екен. Әкей марқұмның бұнысы адамдар адам үшiн, әдiлет үшiн, өнер үшiн әркiм алдымен өз мүмкiншiлiгiн сарқа пайдалануға тиiстi деген ғибраты деп бiлемiн. Бұл менiң өз тәжiрбиемнен түйгенiм.

Ш.Ә.: Аға, әңгiмелесе жүре менiң бiр аңғарғаным сiздiң адами көзқарасыңызға ерекше ықпал еткен, әрқилы оқиғалар болды ғой деймiн. Сол кездегi аумалы-төкпелi заманның тар кезеңiне де кезiктiңiз. Ол Абралыдан соң Семейге келiп, облыстық оқу бөлiмiнде, жетiм балалармен айналыстыңыз да. Осы туралы не айтар едiңiз?

Әл-М.: Адамға деген қатыгездiкке куә болған екi бiрдей жаман жағдайды бастан кешiрдiм, оның куәгерi болдым. Бiрiншiден, мен оқу бiтiргенде Абралыға бардым дедiм ғой. Келесi 1930 жылдары үкiмет халықтың малын түгел алып қойды. Ет даярлау жоспарын орындау үшiн соғым еттерiне дейiн жинап әкеттi. Ел арасында ашаршылық басталды. Ауыл, ауылдан: бәрiбiр бiр өлiм деп ашынғандар үкiметке қарсы көтерiлдi. Абралыға қаптап келген ашынған көтерiлiсшiлердi көрдiм. Олар ауданды талай қойған жоқ, олармен мәмлеге барған адамдар ашу-ызаларын, өзi күйзелiп отырғандар елге тигiзбеуге шақырады, осыған көздерiн жеткiздi. Бiрақ жаз шыға ГПУ тексерушiлерi, солдаттар келiп 600-дей адамды абақтыға қамап, жауап ала бастады. Тергеу орысша өттi. Орыс тiлiн бiлетiндер жоқ десе де болғандай едi, менi хатшы-тiлмаш етiп алды. Мен 4-5 айдай сонда iстедiм. Тергеуге тартылғандардың түгелдей жазаланатына көзiм жеттi. Солай болды да, Қазақтың соры әлi ашылмағандығының куәсi болдым. Жазғы демалысымда желеу етiп, ол жерден бiржола кетiп тындым. Осыдан соң Семейге келiп облыстық оқу бөлiмiне инспектор болып орналастым.

Iздегенге сұраған дегендей, панасыз балалармен айналысатын украин жiгiтi Жойко жатып жабыссын маған. Жасымыз шамалас, зор болғанда бiрер жасы үлкен болар. Әлгi жiгiт мейiрiмдi екен. Қазақтың жетiмектерiнiң жағдайын айтып көзiне жас алды, өзiнiң тiл бiлмейтiгiнен көрген қорлығына өкiне отырып «сен осы жұмысқа ылайықсың»,- деп қуанышын да жасырмады. Менi қолымнан жетектеп сол күнi бастыққа бiр-ақ апарды. Өзi елiне кеттi.

Сол кезде Дзержинский тiрi едi. ГПУ-дiң панасыз балаларды қамқорлығына алу бiзге күш бердi. Бiр жылдай жетiмектерге тамақ алуға, оларды орналастыруға сол ОГПУ қатты көмектестi. Сол балалар әке-шешесi өлiп жетiм қалғандар немесе баға алмай балалар үйiне өткiзiлген тiрi жетiмектерден құралды.

Бiрде өзiм көрген Абралыдағы балалар үйiндегi 200 баланы астығы бар Бесқарағайға әкелiнедi делiнген жетiмектер тура Семейге әкелiп, бiзге кештетiп жеткiзiлген-дi. Маған телефон шалды осындайда осындай балалар өлiп жатыр дедi телефонмен. Жаңа Семейде тұрмыз. Азық-түлiктiң бәрi Ертiстiң арғы жағалауында. Не iстеу керек? Дереу ОГПУ-ға звондадым. Олар маған мәшине мен кiсi қосып бердi. Өзеннен ЗАТА деген 7 км жерден көпiрмен өтуге тиiспiн. Өтiп келсем ыңырсып жылап жатқан балалар. Күн суық күздiң қысқа ұласатын ызғырығы. Ойпырай, не iстеу керек? Жаңа Семейде ескi шiркеу бар-тын. Ол кезде Жаңа Семей бұрын «Алаштың» штабы орналасқандықтан, ол Алаш қаласы аталатын. Сол үйдi Кеңес үкiметi музей жасатқан. Бiз соның есiгiн аштырып суықтан әбден қалжыраған балаларды кiргiздiк. Ендi оларға тамақ, нан беруiмiз керек. Дүкендердiң бәрi жабылған. Қасымдағы екi жiгiтке дүкеншiлердi алдырып, жүз бөлкедей нан әкелiп тараттық. Сонда көргенiм көз алдымнан әлi де кетер емес: аштықтан әбден қарысып қалған жағын аша алмай қолындағы нанына қарап еңiреген балалар сай сүйегiмдi сырқыратты. Көзiмнен аққан жасқа ие бола алсамшы… Ертеңiнде әскери горнизонның моншасына түсiрiп, дизенфекция жасатып, бит-құртынан арылтып, тышқақтарына дәрi-дәрмек бергiзiп, балалар үйiне тараттық-ау! Мiне менiң өзiмнiң бастан кешiре жүрiп тiкелей куә болған екiншi бiр сұм заман зұлматының бiрi осындай едi. Келесi күнi сол кездегi облыстық ағарту бөлiмiнiң бастығы Камал Есенбаев деген кiсiге кiрiп iстi баяндап шықтым. Ол кiсi де Мағжан Жұмабаевтармен бiрге «Ғалия» медресесiнде оқыған едi. «Миллатың үшiн азаматтық iс атқарған екенсiң»,- деп ризалығын бiлдiрдi… Қайсыбiрiн айта берейiн, соры ашылмаған қазақтың сол бiр кезеңнiң шапағатынан гөрi қасiретi көп болды ғой…

Шәкәрiм қажының Шыңғыстауда оққа ұшқанын мен бұрынғы ұстазым Мәнаннан естiдiм. Ашаршылық кезi ғой, мен Абралыдан келгенде ол Қарқаралыдан келген. Семейдiң геология-барлау техникумы базасында ашылған қазақтың болашақ тұңғыш техникалық жоғарғы оқу орны Кен-металлургия институтының (ҚазГМИ) даярлау курсында қазақ тiлiнен сабақ бередi екен. Сол аумалы-төкпелi заманның құйтырқы қырсығынан сақтандырғысы келдi ме, ол менi сол курсқа түсуге көндiрдi.

Ш.Ә.: Сонда Сiз инспекторлық қызметте жүрiп оқыдыңыз ғой. Бұл қай жылы едi?

Әл-М.: Иә, даярлық курсты қызметiмде жүрiп оқыдым. Бұл 1933 жылы болатын. Келесi 1934 жылы ҚазКМ ашылып, оның алғашқы студенттерi қатарында Алматыға келдiм.

Ш.Ә.: Аға, сол кезде мамандық таңдау деген ой болды ма сiзде?

Әл-М.: Ол кезде кiм болсам екен деген ой қаперiмiзге кiрiп те шыққан жоқ. Әйтеуiр бiлiм алу мақсат болатын. Оның бер жағында анау анандай дейтiндей институт түгiл даярлық курстар да болмайтын. «Инженер болсаң кем болмайсың»,- деген Мәнан ұстазымның сөзiн берiк ұстандым. Мақтағаным емес, инженерлiк оқу менi үрейлендiре қойған жоқ. Педтехникумды үздiк бiтiрдiм. Математикаға тәуiрмiн дегендей. Институтты да қызыл дипломмен бiтiрдiм.

Ш.Ә.: Институт ашылған кезде бiр ғана мамандық болды ғой. Ол геология-барлау факультетi.

Әл-М.: Дұрыс айтасың. Осы мамандықты орысы бар, қазағы бар солардың арасында қызыл дипломмен алғаш бiтiрген мен едiм. Кейiн ұстаздық ете жүрiп маркшейдра саласына, былайша, айтқанда жер геометрия саласына мамандандым.

Бұған институттың алғашқы аспиранттары санатында маркшейдрлiк iсiмен айналысуым себеп болды.

Шынтуайтына келсек, геология мен маркшейдрия – Жер ғылымының жаңа саласы- геомеханика iлiмiне негiз болған зерттеулер жүргiзуме ықпал етiп едi.

Ш.Ә.: Аспирантурада ғылыми жетекшiңiз кiм болды?

Әл-М.: Институт ұйымдастырылғанда арнайы шақыртумен келген москвалық ғалым, Петр Алеексеевич Рыжов деген кiсi «Макшейдiр iсi» кафедрасын басқарды. Ол кезде доцент едi, кейiн профессор атағын алды.

Соғыстың соңына таман ол ұстазы профессор Собалевскийдiң шақыруымен ол Москва кен институтына ауысып, кейiн ұстазы дүние салғанда соның орнын басты.

Ш.Ә.: Ендi маған бәрi түсiнiктi болды, аға. Жаңа ғылым-геомеханиканың негiзгi салушылар есiмi аталғанда сiздер үшеулерiңiздiң қатар ауызға алынатындығы осыдан екен ғой. Бұған қоса сiздi сол iлiмiнiң Қазақстандағы мектебiн құрушы ұстазы деп даралай атайды. Аға, сiз ғылыми атақты қай жылы қорғадыңыз?

Әл-М.: Мен 1943 жылы геология-минерология ғылымдарының кандидаттық атағын қорғап шықтым. Бұл кезде институтта ассистент болып жүрдiм. Және ол кезде Қаныш басқаратын КСРО- ҒА филиалында да ғылыми қызмет атқарып, жаз шыға геология-барлау экспедицияларына шығатынбыз. Қаныштың бiр ерекшелiгi өзiнiң мамандығына сай мамандарды маңына жинай бiлгендiгi дер едiм. Былайша айтқанда институтта сабақтан тыс уақытта сол филиалда ғылыми зерттеулермен айналыстым. Осындай экспедиция кезiнде Төленгiт деген елде Шұбартауда Ақбастау-Құсмұрасын кенiн аштым. Бұл 1939 жылы болатын.

Ш.Ә.: Ол қандай кен едi?

Әл-М.: Оны Колчадан-мыс деп айтады, бiрақ алтыны көп едi. Кендi ашушы мен болғандықтан қаншама «құпия» делiнсе де кенiштiң жылдық есебiне қарағанда жылына 1 тоннаға жуық бағалы металл беретiн-дi. Кенiш тереңдеп кеткеннен кейiн оны жапты. Тиiмдi жолы табылған жоқ. Өйткенi түсiмнен гөрi шығыны артып кеткендiктен әзiрге ол тиiмдi делiнбейдi.

Ш.Ә.: Бұдан соң ашқан басқа кен орындарыңыз болды ма деген сауалдың туындауы да заңды ғой.

Әл-М.: Сенiң ауылындағы – Қарағанды облысындағы Қайрақты, Жосалы кен орындарын барлағандардың тобында болдым. Сол кен орындарының болашағы туралы оң өз тұжырымды да айтқанмын. Сол оң пiкiрiм алғашқы барлау «Есептерiнде» де көрсетiлген. Сол сияқты 1950 жылы Жәйрем кенi туралы, оның болашағы жәйлi айтқан тұжырымым шындыққа айналды. Дегенмен, кендi ашушы иегерлiгiне жету үшiн бiрнеше жыл қатарынан онымен айналысу қажет: скважина бұрғылау, кеннiң ауқымын анықтауға мұрындық болу керек. Мен бұл iске түгелдей қатысума мүмкiмдiгiм болмады. Және кейбiр жағдайлардан оны қуып кете алмадым.

Бұдан басқа да Қаныш тобымен геологиялық iздеу-барлаудың бiрнеше маршруттарына қатынастым. Сондай iзденiстер өз нәтижесiн берiп жатты. Геология- барлау деген ұзаққа созылатын үрдiс.

Ш.Ә.: Аға, Қанышпен кездесуiңiздi айтыңызшы. Жалпы сол тұлға туралы алғаш қалыптасқан пiкiрiңiз?

Әл-М.: Ұлттық ғылым академиясын құру қаулысы бiр күнде шыға қойған жоқ. Алдымен Қазақстандағы КСРО-ҒА филиалы құрылды. Соның басшысы Қаныш болатын. Мен соңғы курстарда жүргенiмде жаз кезiнде осы филиал ұйымдастарған геология-барлау жұмыстарына қатысып жүрдiм. Филиалдың жиналыстарына, ғылыми кеңестерiнен қалмайтынмын. Сонда Қанышты көретiнмiн…

Соғыс басталған кезде Қаныштың маңайына Москвадан, Украинадан келген академиктер Вернадский, Обручев, Волькштейн, Вабилов, Архангельский тәрiздi iрi ғалымдар топтасты. Былайша айтқанда, сол кезде, Алматыда КСРО ҒА-ның президумы филиалында ҒА-ның жиналды деуге болар едi. Сондықтан ба филиал үйiнде Қаныш ғалымдар кеңесiн жиi өткiзiп тұрды. Қаралатын мәселе кезектегi iс, қазақтың болашақ ғылым академиясын құру, соғыс мәселесiне байланысты ғылыми iстерiн жүргiзу тәсiлi болатын. 1943 жылы осындай бiр мәжiлiсте бұрынғы Чехословакия академиясының президентi, математика тарихын терең зерттеген Кольманның баяндамасында: «Сонау орта ғасырда Еуропаға ғылымды әкелген ислам, Шығыс ғұламалары, оның жарық жұлдыздары Кiндiк Азиядан, Қазақстаннан шыққан ғалымдар едi дей тұрып, Әл-Хорезмидi, Әл-Беруниды, Абу Ғали ибн Сина, Ұлықбек, Ат-Тусилер қатарында Әл-Фараби есiмiн атай келiп, ендi бүгiн Гитлер соны ұмытып дүниежүзiне өз билiгiн жүргiзбекшi»,- деп ашына айтты. Менiң бұл әл-Фараби есiмiн бiрiншi естуiм болды. Бұрын ол өзбек ағайындар иемденiп алған әл-Хорезми, әл-Беруни сынды Тұран жұртының перзенттерi қатарында айтылмайтын. Сонда кiм ол, нендей мұра қалдырады, қай жерден шықты дегiзетiндей сансыз сұрақ тудырып елең еткiзiп едi. Егер ол Орта Азиядан шықса (солай деп отыр ғой!), мұндайда өздерiне имендену жөнiнде бас бәйге бермейтiн өзбек ағайындардың «атамыз» деп пiр тұтатын тұлғалар қатарында әл-Фараби есiмi неге айтылмайды. Бәлкiм… Қазақ болмасын… Әл-Фарабидi iздеуiм осылай басталды.

Ш.Ә.: Аға, алдымен Қанышты бiтiрiп алайық, әл-Фараби ендi сiзден қашып құтылмас!

Әл-М.: Қаныш, қазақтың өте бекзат тумасы едi ғой, марқұм…Халқын өте жақсы көрдi, мәденитi өте жоғары болатын. Егер Қаныштай қазақтың елдiгiн, әдет-ғұрпын етене бiлiп, жоғары бағалай бiлсек бiз қәзiр қандай деңгейге жетер едiк, шiркiн! Осы күнi бағзы бiр надандар орыстың, не болмаса еуропа елiнiң бiрер жетiстiгiн тiлiне тиек етiп мәдениеттенi бола қалды… Домбырамен әндi қалай салар едi ол. Мақал-мәтелдердiң мағынасын тебiрене отырып айтатын-ды.Ұлттық ғұрыптың тарихын тамырлап талдайтындығын айтсайшы? Қаныш бiрақ елiне деген сүйiспеншiлiгiн ашып айтуға келгенде жасқаншақтай беретiн. Сондай адамның да бойындағы құдай берген табиғи талантын толық аша алмай кеткендiгi өлшенбес өкiнiш туындатады…

Ол өне бойы өзiн қатыгез жезтырнақтың уысында тұрғандай сезiнiп жасқанумен жүрдi, өмiрiн үнемi үрейде өткiздi десем қателеспеймiн. О кiсi өзiн қоршағандардан жанында жүргендерден қорқатын едi.

Ағасы Әбiкей ұсталып кеттi, маңындағылардың денi Кенесарыны айтқаны үшiн «Халық жауы» болып кете барды. Әбiкейдiң баласы Ғалымтайды бала қылып алды. (Ол қәзiр Қаныш қорының президентi –Ш.Ә.) Сол кездегi үкiмет ашық айтпаса да «сенiң жағдайың бiзге мәлiм айтқанымызды атқарсын, көнесiң әйтпесе… «күнiң не болады»,- деген сияқты зiлдi үнемi аңғартатын-ды. Осы жағынан ол қымсынған, қорланған күйден жүрiп өзiн толық аша алмай кеттi ғой сабаз. Бiрақ ой түбiндегi шерiн оңашада бiзге сездiретiн-дi.

Мен бiрде қалжың ретiнде: ислам жөнiнде, Құран жөнiнде Әл-Фараби жәйлi сөз қозғағанда: «Сен исламды силайсың, құрметтейсiң түсiнесiң оның дұрыс. Бұл жақсы ғой, дегенде мен: «әкеңiз Имантай қажы емес пе едi. Сiздiң де намазға жығылғаныңыз дұрыс болар едi», – дедiм әзiлдеп. Күлдi: «Дұрыс қой оның Ақжан, бiрақ бiздiң жағдай көтермейдi», – дедi күрсiнiп.

Ш.Ә.: Сiзге ғылыми көпшiлiк және фантастика жанрға баруыңызға ана жылы ықпал еткендер кiм деп сұрағанымда сiз академиктер Ферсман мен Обручевтiң есiмiн атадыңыз. Олардың ғалымдық орны бiр төбе, жазуыңызға олардың ықпалы қандай дәрежеде болды.?

Әл-М.: Бұл мәселенiң түбiрi мынада. Айтсам сен де, мына мен де жер ғылымына тiкелей байланысты мамандық иелерiмiз. Жалпы алғанда ғылымның бастауы мен негiзi жер сырын, зерделеуге тiкелей байланысты. Яғни мұны ғылым кенiсiнде деуге әбден болар едi. Екiншiден, мен таза геологтiк бiр мамандықпен шектелгенiм жоқ. Бұған қоса маркшейдер, геодезиямен де айналыстым. Бұлар өлшеу ғылымы –жер өлшеу. Геодезия жер бетiн өлшесе, маркшейдрия жерастында бағыт берiп, өлшем жүргiзедi. Осы тұста Жер де планета аспан денесi. Менi бұл астрономияға апарды. Талай рет лабораторияларда болдым. Демек, саған мына мысалды келтiрейiн. Хожа Ахмет Иассауи кесенесiндегi Тайқазанды көрдiң ғой. Тайқазан үстiнде, яғни сол бөлмедегi күмбезге байыптап қарасаң сонау шырқау биiктiгi – күмбездiң нақ төбесiндегi оймақтай болып көрiнетiн тесiктен теңгедей көгiлдiр аспалды көзiң шалар едi. Бұл не?

Шығыстың сәулет өнерiнде күмбез ерекше орын алады. Ол аспан — аспан күмбезi. Барлық мұсылман елдерiнде күмбездiң аспан түсiмен көк бояумен, сырлануы да осында. Ал, Тайқазан ше? Бұл да күмбез бiрақ керiсiнше күмбез төбесi төменде. Былайша айтқанда екi күмбез беттесе қалса шар кескiнiн берер едi. Тайқазанды Жерге баласақ яғни бұл әсерлеп айтқанда оның тек қазан ғана емес, жерде аспан денесi Сайар — Аттар — Планета екендiгiнiң нышанын ұғар едiк. Тайқазанның жетi құлағының жетi түрлi мағданнан (металдардан) жасалуы оны жетi қабат жер екендiгiн меңзейтiндiгi дәлел. Ал аспан денелерiнiң табиғаты ортақ, өзара байланыста болуы керек емес пе?! Иә, солай. Оны қалай көре алар едiк? Ол үшiн жiңiшке жiптiң бiр ұшына салмақ байлап жоғарыдан – күмбез тесiгiнен қазанның тура түбiндегi нүктеге дәл келетiндей етiп түсiрер болсақ, оның өнебойы қозғалып тұратындығына көз жеткiзу қиын емес. Бұл не? Ол аспан денелерiнiң бәрi де, соның бiрi Жер планетасының да үнемi қозғалыста екендiгiнiң дәлелi. Парижде қойылған атақты маятник жұмысының принципi осы. Ендi салыстырып көр – Париждегi маятник пен Иассауи бабаға арнайы, салынған кесененiң мезгiлiне назар салып аспан тануда астрономия iлiмiне қосқан Әл-Фараби үлесiн осыдан-ақ бажайлауға болады деп бiлемiн? Рас, бұл туралы деректi сол мұрағаттан оқыдым деп жалған мәлiмет бере алмаймын. Менi осы ойға жетелеген маркшейдiрлiк бiлiмiм. Мәселен, тереңдiгi 500 м. асып кететiн шахта оқпанның түзу-қисықтығын тексерген кездерде өлшемге қажет түсiрiлетiн салмақтың қаншама тоқтатсаң да үнемi тербелiп тұратындығы баба кесенесiндегi тайқазанның нақ үстiндегi күмбездiң оймақтай тесiгiн көрген бетте аспан механикасына бабаларымыздың қаншама жетiк екендiгi қатты таңдандырып едi.

Мен академик Ферсманның да, Обручевтiң де еңбектерiн көп оқыдым. Олармен кездестiм де. Олар нағыз ғалым, әрi ғылымды насихаттауда да теңдесi жоқ ғалымдар. В.Обручевтың 2 томдық «Дала геологиясында» тасты қалай iздеуден, картаны қалай сызу тәрiздi мамандық әлпесiнен бастап, инженер-геологке тән барлық iске қалыптастырады десе де болғандай. Оқу кезiнде оның «Геология негiзiнен» Жер құрылысының тектоникасын сусындадық. Бұдан кейiн «Плутония», «Сальников жерi» тәрiздi фантастикалық романдарын оқып, осындай кiтапты қазақ жастары үшiн мен неге жазбаймын деген ойда туындаған-ды. Менiң «Таулар қалай пайда болды?», «Жер сыры» (1948), «Жер сiлкiнiсi», «Жердегi тiршiлiктiң пайда болуы» жәйлi кiтаптар жазуымның қозғаушы күшi сол Обручев екендiгiне мақтанамын. Мен саған Обручевпен қалай кездескенiмдi айтып берейiн.

Соғыстан кейiн Обручевтiң «Геология негiзi» оқулығын қазақ тiлiне аударғанда, кiтапта «қырғыз даласы» деген сөздiң баламасын қазақ атауымен ауыстыру және басқа да түсiнiктердi нақтылау қажет болып ол үшiн автордың келiсiмiн алуым керек едi. Москва бардым. Қалтамда ҒА-ның, Қаныш қол қойған жолдама хаты бар. Сондықтан болар, ғалым дереу қабылдап үйiне шақырды. Жасы 94-ке жетсе де қарттың қимылы ширақ, пысық екен. Желеу етiп келген шаруамды тез бiтiрдiм: Қырғыз деп бiзге байлаған қалжуырды-қазақ болуға тиiстi екендiгiне ол да күмәндан

Серіктес жаңалықтары