АРАЛАС НЕКЕДЕН ТУFАН БАЛА КIМ БОЛАДЫ?
АРАЛАС НЕКЕДЕН ТУFАН БАЛА КIМ БОЛАДЫ?
Жыл сайын некеге отыратындардың алпыс пайызы аралас неке көрiнедi. Жақын шет ел саналатын қырғыз, өзбек, қарақалпақ ұлтына 73 қызды ұзатсақ, одан бөлек, Америка, Германия, Жапония, Түркия, Францияға, Оңтүстiк Кореяға кеткен бойжеткендерiмiздiң саны қаншама. Олардың көпшiлiгi дерлiк орталық неке сарайында тiркеледi екен. Соңғы мәлiметтерге қарағанда, аралас некеге қыздарымыз көбiрек баруда. Тiптi олардың арасында бiр рет қана емес, бiрнеше рет тiркелгендерi де бар көрiнедi.
Аралас неке туралы әңгiме қозғағанда, өткен тарихқа көз жүгiртпеуге тағы болмас. ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көпшiлiгi өзге ұлттың қыздарына үйленген екен. Оның сырын, ғасыр басында қазақта оқыған, бiлiмдi, көзi ашық қазақ қыздарының көп болмауынан iздейдi. Шындығында да, оқыған, бiлiмдi қазақ зиялысының екiсiнiң бiрiнiң әйелi татар, башқұрт, орыс қыздары болған. Олардың арасында қазақтың ұлылары Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Жанша Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов, Iлияс Жансүгiров, Мұхаметжан Тынышбаев сияқты алыптар тұр. Қазақ жiгiттерiнiң өзге ұлт өкiлдерiне үйленуiнiң арқасында дүние есiгiн ашқан сәбилер қаны қазақ болғанымен, жаны қазақ бола алды ма? Болса да, үштен бiрi ғана. Отбасындағы екi жанның бiрi – қазақ, бiрi – өзге ұлт өкiлi болған соң, оның түсiнiгi, дүниенi түйсiнуi, мiнезi, екi дiни көзқарас, баланың өмiрге қалыптасуына да кедергi келтiрмей ме?Шын мәнiнде аралас некенiң бастауы өткен ғасырда жатыр. Ол кездерi аралас некенiң үлесi 23 пайызға жеткен екен. Кейiндеу бұл көрсеткiш төмендеп, 9,7 пайызға дейiн құлдырапты. Сонау кескiлескен ұрыс алаңында, жоңғардың, қалмақтың қыздарын тұтқынға түсiрiп, әйелдiкке алған жаугершiлiк заманның өзiнде дүниеге көзi көк, сары баланың келуi, одан қала бердi, революциядан кейiн, тiлi орысша, түсiнiгi де, дүниепайымы да орысша жетiлген кеңестiк тәрбиедегi отбасынан шыққан балалар, одан кейiн тәуелсiздiк алған жылдан берi қарай, жаһандануға бет алған дәуiрдегi американдық отбасы немесе еуропалық баланың дүниеге келуi, бүгiнгi «көп ұлтты, көп дiндi» қазақ мемлекетiнде сәнге айналмай барады.
Қазақ жiгiтiнiң өзге ұлттан әйел алуын былай қойғанда, қазақ қыздарының өзге ұлт өкiлдерiне тұрмысқа шығуы жылдан жылға жиiлеп барады. Мұның себебiн зерттеп жүрген мамандардың пiкiрiне қарасаңыз, кәмелеттiк жасқа толып, тұрмыс құруға дайын қыздардың саны жiгiттерге қарағанда бiрнеше есе көп. Екiншiден, Қазақстанға келiп еңбек етiп жатқан шетелдiк жұмысшылардың саны жыл өткен сайын арта түсуде. Сонымен қатар, шет елге барып оқыған қазақ қыздарының сол елде қалып, тұрмысқа шығып жатқандары да жиi кездеседi. Тағы бiр себеп, бiрнеше тiлдi меңгерген қыздардың сол елде қалып, жұмыс iстеп қалып қоюына мүмкiндiк көп. Сосын, бүгiнгi қазақ қыздарының жiгiттерге қарағанда белсендiлiгi артып келедi. Мұның бiр ұшы гендерлiк саясатта жатса керек. Олар өзiмен тең келетiн бiлiмдi жiгiттi қазақтың арасынан емес, өзге ұлттан көбiрек iздейтiн сияқты. Тiзе берсеңiз, мұндай себептердiң мыңын табуға болады. Ең бастысы, орысқа, түрiкке, тiптi еуропалыққа шығып жатқан қазақ қызынан туған бала кiм болады?! Оның қазаққа жаны аши ма? Оның күнi ертең қазаққа қарсы шықпауына кiм кепiлдiк бередi?Былай қарасаңыз, аралас некенiң себебi, ұлттар арасындағы достықты дәрiптеудiң бiр көрiнiсi сияқты көрiнедi де тұрады. Тiптi, елiмiздi басқаруға келген Г.Колбиннiң кезiнде бұл ұлттар достығының әдемi үлгiсi етiп көрсетiлдi де. Шын мәнiнде, «сезiмге» де саясат араласа бастады. Қызмет қуып, бiр саты болса да жоғарылауды көздеген азаматтарымыз өзге ұлттан әйел алу арқылы «шың» басына шықты.
Бiрде.. дәл қай газет екенi есiмде жоқ, аралас некеге байланысты бiр мақала оқығам. Ол мақаладан үзiндiнi күнделiгiме жазып алыппын. «Неге екенiн қайдам, соңғы кездерi бойымда бiр әдеттiң орныққанын байқадым. Бет бейнесi қазаққа келiңкiремейтiн, бiрақ қазақтың қанына қатысы бар-ау деген адам көрсем, бiртүрлi боламын. Екi ұлттың өкiлiнен туған жандарды «метистер» деп атайды екен. Қызық көрiп, осы сөздiң қазақша дәл баламасын iздестiрдiм. 2005 жылы «Дайк пресс» баспасынан жарық көрген «Орысша-қазақша сөздiктiң» өңделiп, толықтырылып шығарылған үшiншi басылымында бұл сөздi «будан» деп аударыпты. Кiм бiлсiн… Екi ұлт өкiлiнiң бiрiккен жемiсiн «будан» деп атау аса бiр сәттi шыға қоймаса да, шындығы сол болып тұр ғой» деп жазылған мақаланы оқығаным бар. Расында автордың бұл пiкiрiнде шындыққа жанасатын тұстары өте көп. Аралас некеден туған балалардың бiр қызығы, қазақтан гөрi, өзге ұлттың өкiлiнiң қасиеттерiн көбiрек бойына жапсыратындығына таң қаласыз. Түр-тұлғасын былай қойғанның өзiнде, оның таным түйсiгi, әдет-ғұрыпты бойына сiңiруi, мүлдем басқаша. Бұл қазақ жiгiтiнен туған балаға да немесе қазақ қызынан туған сәбиге де қатысы бар. Кейбiрiнде ғана болмаса, көбiнде дерлiк, өзге ұлттың қасиеттерi де басымдау болып жатады. Аралас некенiң көбеюiнiң тағы бiр себебi, «Неке және отбасы туралы» Заңның шикiлiгiнде жатса керек. Бiр Атыраудың өзiнде биылғы жылы 55 қыз шет елдiктерге тұрмысқа шығып кетiптi. Бұлардың арасында америкалықтар да, ағылшындар да, түрiктер де бар көрiнедi. Ал, Алматы қалалық көшi қон полициясының деректерiне сүйенсек, қытайлықтардың көбiнiң қазақ қыздарының жүрегiн жаулауға ұмтылып тұратындары тағы бар. Оның да себебi бар. Бiрде Қытай елшiлiгiне барып, баспасөз атташесiмен сұхбат жүргiзбек болғаным бар ды. Таңертеңгiлiк сағат тоғызда кездесемiз деп келiскенбiз. Тiлшi болған соң, екi аяққа сенiп, жүгiре жөнелетiн баяғыдан әдетiмiз. Тоғызға жиырма минут қалғанда, жетiп барыппын. Уақыт болса әлi ерте. Есiктiң алдында баспасөз атташенi күтiп, бiраз тұруыма тура келдi. Есiктiң алдында тұрған күзетшi екi жiгiт алғашында менiң келгенiмдi жақтырмай, баспасөз атташенiң келмегенiн айтып, есiктiң сыртында күте тұруымды айтып, күткiзiп қойды. Екеуi де бiртүрлi қарап қояды. Бiр кезде бiреу шыдай алмады ғой деймiн: «Қарындасым, таң атпай мұнда не iстеп жүрсiң?» дегенi. Өзiмнiң журналист екенiмдi айтып, сұхбаттасуға келгенiмдi бiлдiрiп едiм, әлгi екi жiгiттiң де қабағы ашылып, жадырап қоя бердi. «Бiз сенi қытайлық бiреуден алданып қалды ма екен деп жақтырмай қалып едiк. Айналайын, қарындасым, осы бiр қытайлық дегендерден аулақ жүрiңдершi. Қазақтың жiгiттерi көп қой, Құдайға шүкiр!» деп қояды. Сөйтсем, мұнда алданып қалған қазақтың қыздары көп келедi екен. Соны көрiп, бiлiп жүрген соң, менi де сондай жағдайға ұрынып қалды ма деп, қауiптенiп жатқанын айтады. Тiптi, бiреуi: «осылармен сұхбаттаспай-ақ қойшы. Сұхбат алатын өзге адам таппай қалдың ба?» деп ренжiп те қалды. «Күнiне сонда қанша адам келедi?» деп ауыз жимастан, қасымызға жап-жас өрiмдей қызын ерткен бiр ана келiп, күзетшi жiгiттерден мән-жайды сұрай бастады. Дәл сол кезде iштен шақырту келiп, iшке енiп кеттiм. Сұхбаттасып қайта шыққанымда ананы да, қызды да сол маңнан көре алмадым. Кезекшi жiгiттер де ауысып, орындарына басқалар жайғасыпты. Бiрақ, әлгi жiгiттердiң айтқан сөздерi де, ботақандай көздерi жәудiреген әлгi қыздың бейнесi де көз алдымда қалып қойыпты. Одан берi де төрт-бес жыл өттi.«Махаббатта шек жоқ, бақытын тапса, қыз барсын» деген интернационалистiк үрдiс белең алып бара жатқан бүгiнгi қоғамда, өзге ұлт өкiлiне шығып жатқан қазақ қызының аралас некеге тұруының басты себебi махаббат па? Махаббаттың өзiнiң бiр шегi бар емес пе? Және солардың махаббаттары шынында да шынайы ма? Шынайы болса, шетелдiктердiң көбiнiң қызды батыс аудандардан таңдауының сыры неде? Әлде әлгi махаббаттың астарында бiр үлкен саясат жатқан жоқ па екен?! Жапонияда өзге ұлттың өкiлiне қыз бермейдi екен. Егер қыз өзге ұлт өкiлiне күйеуге шығатын болса, онда екеуiн де елден аластайтын көрiнедi. Бiзде, мүлдем керiсiнше.. «Татулықтың ұйытқысын берiк сақтаймыз» деп, қалыңмалын төлеп, қызды да қолдан ұзатып жатырмыз…
Бiр кездерi қазақтың қызды ұзатқаны да, қыз таңдауы да үлкен саясатпен орындалатын. Қанның тазалығын, ұрпағының тәрбиесiн қатаң бақылауға алатын бабаларымыз қыздарын да сыртқа көп ұзата бермейдi екен. Тiптi, тарих беттерiнен белгiлi, бiздiң бабаларымыз пәтуалы сөзге тоқтау үшiн дұшпанымен қыз алысып, қыз берiскен екен. Оның өзiнде, көрегендiкпен әрекет етiптi. «Болашақта осы қыздан туған бала әкесi моңғол болса да қазақтың намысын қорғап, сойылын соғады»деген ұстаныммен әрекет ететiн олар дұшпанына сұңғыла қызды мақсатты түрде аттандырыпты. Шынында да қазақ қызынан туған балалардың нағашыларына қалай көмектескенiн тарихтан жақсы бiлемiз. Ал дұшпаны сыйлаған әйел үшiн қазекем тiптi бас ауыртпаған. Өйткенi, ол қыз қанша жерден данышпан, қанша жерден көрiктi болса да бәрiбiр бәйбiше бола алмайды. Бәйбiшенiң тәрбиесiнен өтетiн ол әйел, әрбiрден соң, өз баласының тәрбиесiне де бәлендей әсер ете алмайды. Ал бүгiнгiдей, аралас-құралас заманда бiз осы тәрбиемiзден алшақтап кеттiк. Бiзге бабаларымыздың осы бiр сұңғыла саясаты жетпей жатқандай көрiнедi. Қазақтың қайраткер қызы Ақұштап Бақтыгереева бiрде: «Алма ағашынан өрiк өспейдi. Әркiм өзi болып қалуы керек. Шет елдiң қарттар үйi де ұлтың басқа деп алмай қоюы мүмкiн» дегендi айтып едi. Мiне, осы сөздiң жаны бар-ау. Қазақтың қызына да, қазақтың жiгiтiне де қазақы тәрбиеден алыстамай, қазақтың өзi болып қалудан артық не қажет екен?! Грузиндерде ұзатқан қыздың жасауына Шота Руставеллидiң «Жолбарыс терiсiн жамылған батыр» атты кiтабын қосатын жақсы бiр дәстүр бар. Демек, грузин қызының өзiнiң ұлттық салт-дәстүрiнен, ұлттық бояуынан айрылып қалмаса деген үмiт жатыр. Бiзде ше? Қазақ қызының бойындағы ұлттық намыс, ұлттық бояу қайда қалды? Алашапқын, жаугершiлiк заманның өзiнде ұлттық салт-дәстүрiмiздi берiк сақтаған, намысқой қазақтың қызы емес пе едiк, әлде тұрмыс сананы билеп алды ма? Қалай десек те, бүгiнгi қоғамда қазақтың қызы мықты болмай, қоғамның мықты болмайтынын естен шығармайық. Қазақтың қызы – қазақтың болашақ анасы емес пе?! Ұлтымыздың болашағы да, аналарымыздың қолында.Гүлзина Бектасова