КӨЗ АЛДАУ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ ТIЛIНЕ КӨЗҚАРАС

КӨЗ АЛДАУ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ ТIЛIНЕ КӨЗҚАРАС

КӨЗ АЛДАУ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ ТIЛIНЕ КӨЗҚАРАС
ашық дереккөзі
236

Қазiргi кезде қазақ тiлiн менсiнбеу белең алып бара жатқан сияқты. Бұған қазақтардың қаны қайнағанымен iстер амалдары қалмады. Бәрiне көнiп келген көнбiс қазақ бұған да көндi. Көнбегенде қайтедi. Телеарналар (КТК, 31, Таң, Рахат, т.б.) алдымен қазақтарды түнiмен ұйықтамайтын үкi сияқты көредi ме, қазақ тiлiнде берiлетiн хабар-ошарларын жарты түннен бастап таң атқанға дейiн көрсетудi бiр доғармады. Оның өзiнде үзiп-жұлып, бiрiнiң басын, екiншiсiнiң аяғын көрсете бередi. Бiрақ түнi бойы берiлiп жүрген сол хабарлардың өзiн қаракөздерiмiз көрсе де 3–5 пайызы ғана көрер. Ал қалған 95 пайызы көре алмайды. Өйткенi орыстiлдiлер ойлап жүргендей емес, қазақтар да адам баласы, олардың да тыныққысы, ұйықтап, демалғысы келедi. Ендеше сол түнi бойы берiлетiн хабар-ошарларды көрсе де шайтандар ғана көрiп, тамашалайтын болар.

Жә, көнбiс қазақ өз жерiнде отырып, бейшаралық күй кешуде. Өйткенi қанаттары қырқылған. Қанаттары қырқылған соң өз жерiнде, өз елiнде жүрiп орыстiлдiлер ұшатын алыс қашықтыққа ұша алмайды. Тiлдерiнiң әлi күнге дейiн қолданысқа толық ене алмауының өзi бейшаралық емес пе? Сонда бұған кiм кiнәлi? Кiм кiнәлi екенiн әркiмнiң iшi бiледi. Бiлгенмен айта алмайды. Iштен тынады.

1 сәуiр күнгi Рахат телеарнасынан «Шаңырақ» атты қазақ киносын көрдiм де, ұнағасын таспаға жазып алғым келдi. Әдеттегiдей күндiзгi хабарларын түн ортасынан асқанда қайталап көрсететiн болған соң сағат қаншада берiлетiнiн бiлгiм келiп, телебағдарламаға қарасам, 2 сәуiр күнгi таңғы сағат 5.20-да қайталанады екен. Сонымен, таңғы сағат 5-те тұрып, Рахат телеарнасын қостым. «Ән көңiлдiң ажары» айдарымен Қапаш Құлышеваның концертi берiлiп жатты. Уақыт болса зымырап өтiп жатыр. Бiр уақытта тағатымды тауысып барып, сағат 6-ға 10 минут қалғанда мен күткен кино басталды да (бұл кезде сағат 6.40) оны аяқтамастан орта жолдан үзiп тастай салып, 6.30-да басталуға тиiстi ислам дiнiне арналған Нұрнама хабары (телебағдарлама бойынша 30 минутқа белгiленсе де) берiлiп, бұл бар-жоғы 10 минутке ғана созылды. Бұдан кейiн ауа-райы, содан соң тағы да «Ән көңiлдiң ажары» берiлдi де, телеарнада көрсетiлгендегiдей тұп-тура сағат 7.10-да христиан дiнiне арналған «Победоносный голос верующего» басталды. Бұл дәлдiкпен жарты сағатқа созылды.

Аталған арналар жекеменшiк арналар дейiк. Ал ұлттық телеарналарға не жорық. Күн сайын ертеңгiлiкте берiлiп жүрген «Көңiлашар» бағдарламасын көрген болсаңыз, онда да қазақшасына қарағанда орысшасы басымдау. Телеэкранның бас жағындағы ауық-ауық берiлiп тұратын ауа райы жайындағы электротаблодағы жүгiртпе жазу да Мемлекеттiк тiлде емес, орыс тiлiнде. Әлде орыс тiлiгде ғана берiлсiн деген жоғарыдан келген нұсқау бар ма? Бәлкiм солай да болар.

Бұдан шығатын қорытынды, орыстiлдiлердiң қазақ тiлiн, яғни Мемлекеттiк тiлдi менсiнбеу пиғылын көремiз. Көнбiс қазақ бұған да көнiп жүр. Олар қашанғы көне берер дейсiң.

Шаймерген ӘЛДИБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары