ЛАТЫН ӘЛIПБИIНЕ КӨШУГЕ НЕ КЕДЕРГI?

ЛАТЫН ӘЛIПБИIНЕ КӨШУГЕ НЕ КЕДЕРГI?

ЛАТЫН ӘЛIПБИIНЕ КӨШУГЕ НЕ КЕДЕРГI?
ашық дереккөзі
295

Кейiнгi кезде латын қарпiне көшуге байланысты пiкiрталастар қызу жүрiп жатыр. Мемлекеттiк тiлге қатысты қандай да бiр басқосу болмасын, латын әлiпбиiне көшудi тездету жөнiнде ұсыныстар айтылады. Ал «ерте ме, кеш пе?» деген сұраққа жауап iздеген тiл жанашырлары екiұдай пiкiр айтумен келедi. Неге десеңiз, сонау өткен ғасырда алаш арыстарының арасында өрбiген латын қарпiне көшу мәселесi әлi де бiр тоқтамға келе алмауда. Мәселен, сол кезде Мiржақып Дулатов: «Латын әрпiн алуға ерте, алдымен одан басқа керектерiмiздi орындауымыз керек» десе, ғалым Нәзiр Төреқұлов: «Неге ерте, неге кеш емес?» деген екен («Түркiстан»,№5, 2007 жыл). Мiне, бүгiнгi ғалымдардың да сан алуан пiкiрi осыған саятындай. Бiрi — қарсы, екiншiсi – қуана қоштайды. Кеңес заманында қазақ латын әрпiне көшсе, саяси шиеленiс пайда болады деп қорыққан. Яғни, араб тiлiнде дәрiс беретiн молдалар бұл iсiмiзге қарсы шығады деген ойда болды. Оның үстiне араб тiлi дiнмен тығыз байланысты, осы тiлден айрылсақ, дiнiмiзден де бiржола қол үземiз дейтiндер де аракiдiк табылды. Ал қазiр ше?! Бүгiнде мәселе арқауына айналып отырған латын әлiпбиiне көшу жайында тiл мамандары ойын сан-саққа жүгiртедi. Содан кейiн өзара жiк-жiкке бөлiнiп, «Бiз мына әлiпбидi ұстансақ, баяғыда-ақ тiл мәселесi түбегейлi шешiлер едi» деп, әлiпбидi «тырна», «бақа», «шортан» секiлдi өздi-өзiне қарай тартып әуре. Мiне, бұлар мынадай топ: бiрiншiсi — кириллица таңбасында қалуды жөн көретiндер, екiншiсi — латын қарпiне көшудi ұсынушылар, үшiншiсi — ағартушы, ғалым Ахмет Байтұрсынов құрастырған төте жазуды қолдайтындар, төртiншi — көне түркi жазуды дұрыс деп санайтындар болып бөлiнiп жүр. Кез келген тiлге қатысты отырыс пен басқосуда тiл жанашыры деген бiрнеше зиялы өз ұстанымын айтып, соны дәлелдеп бағады. Мәселен, «31-арнадағы» «Кiм?» атты бағдарламаның кезектi саны осы латын әлiппбиiне көшу мәселесiн талқыға салды. Қазақ тiлiнiң майын iшкен ғалымдар мен «мемлекеттiк тiл» деп отқа да, суға да түсiп жүрген мамандар жиналған. Тағы да жеке ой, ғылыми ұстаным, өзара талас-тартыс, сөз жарысы. Былай қарағанда, көне түркi руна жазбасына көшудi кез келген аудиторияда жағы талмай айтып келе жатқан зерттеушi-ғалым Аманқос Мектептегiден басқасының пiкiрi ерте ме, кеш пе бiр арнаға тоғысатын сияқты. Алматы қаласы Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Кенжехан Матыжанов пен ғалым Эрнест Төреханов, тағы басқалары латын әлiпбиiне тезiрек көшудi толығымен құптайды. Латын әлiпбиi – ғылым мен бiлiмнiң терең тұңғиығына үңiлетiн, оның беймәлiм жағын ашуға бағытталған жол. Бiз неғұрлым тез көшсек, өзiмiздiң төлдiк дыбыстарымызды қайта түлетiп, орыс тiлiнiң бұғауынан тез шығуға мүмкiндiк аламыз, – дейдi олар. Шынында да, жазуға жеңiл әрi оңай латын әрпiне түркiтiлдес халықтар, тiптi, посткеңестiк елдердiң көшуi кездейсоқтық емес қой. Бүгiннiң өзiнде кейбiр мемлекет, айталық, түрiктер, түркiмендер мен әзiрбайжандар латын қарпiн рухани, мәдени саласына орнықты етiп енгiзiп те үлгердi. Тiптi, алысқа бармай-ақ, мемлекеттiк тiл – өзбек тiлiн аса құрметтейтiн көршi ел тiл тұғырында өзiндiк ерлiк жасап, латын қарпiне көшiп алды.

Қазiр мұндағы бiлiм ұялары мен мәдени ошақтары таза өзбек тiлiнде бiлiм берiп, санасына бiртiндеп сiңдiрiп жатыр. Өзбектендiру процесiнiң нәтижесiнде жергiлiктi жердегi қандас-бауырларымыз мұның зардабын тартып жатқанға ұқсайды. Өйткенi, латын әрпiне көшiп алған Өзбекстан мен Қарақалпақстан халқы бұдан былай ана тiлiнде ғана сөйлеп, екiншi тiлдi ысырып тастауға толығымен кiрiсiп жатқанда, қазақтың қарадомалақтары не өзбек, не қарақалпақ тiлiнде оқуға лажсыз мәжбүр. Себебi, қазақ мектептерiнiң басына бұлт үйiрiлiп, жылдан-жылға жабылып, орнына жергiлiктi ұлттың бiлiм ұялары қанат жайып келедi. Шынында, бұл мемлекеттiк тiлдiң болашағын ерте түсiнген елдiң батыл қадамы. Ал бiздiң ел әлi күнге дейiн латын әлiпбиiне көшу мәселесiне келгенде, табандылық емес, қорқақтық танытатындай. Неге десеңiз, латын әрпiне көшу оңай шаруа емес, уақыты келгенде көшетiн шығармыз дейтiн сыңаржақ пiкiрдегiлер көп арамызда. Айналып келгенде, қанымыз бен тiлiмiзге әбден батпандап сiңiсiп алған кириллицадан айрылып қаламыз деген үрку басым. Бiз – қазақпыз. Түбi бiр түркi тiлдес елдермен сабақтасып жатқан тұсымыз жеткiлiктi. Елiмiздiң елдiгiн, тiлiн, жарқын келешегiн сараласақ, латын әлiпбиiне дәл бүгiн болмаса да, түбiнде көшетiнiмiз айдан анық. Елбасы Н.Ә.Назарбаев та Халықтар ассамблеясының ХII сессиясында сөйлеген сөзiнде: «Қазақ әлiпбиiн латынға көшiру жөнiндегi мәселеге қайта оралу керек. Бiр кездерi бiз оны кейiнге қалдырған едiк. Латын қарпi коммуникациялық кеңiстiкте басымдыққа ие. Мамандар жарты жылдың iшiнде мәселенi зерделеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиiс» деген-дi. Ендеше, бiз ненi күтемiз? Тек Елбасы айтқан мiндеттiлiктен кейiн ғана зиялы қауым, ғалымдар алашапқындап, бiр шешiмге келу үшiн жан-жақты жиған iзденiстерi мен пайымдамасын ортаға салып жатыр.

1992 жылы ғалым Әбдуәли Қайдар мырза Елбасыға латын әрпiне көшу туралы ойын айтып, 34 таңбадан тұратын латынша қазақ әлiпбиiнiң жобасын ұсынды. Мiне, сол кездiң өзiнде Елбасы «Осы мәселе жөнiнде қоғамдық пiкiрдi зерттеп, халық қолдаса, бұл мәселенi қарастырайық» деп қоштағанын бiлдiрген. Содан берi 15 жылға аяқ бастық! Ал бұл уақытта әлi латын әрпiне көшпеген елдер түптеп келгенде, осы жолды таңдады. Бiздiң ел тiзгiнiн ұстағандардың сенiмсiздiк пен самарқаулықтың құрсауынан шыға алмай жүргенi өкiнiштi. Дегенмен, тiл мамандарының жасап жатқан шаруасы аз емес. Қазiр Тiл комитетiнде латын әлiпбиiне көшудiң жүзден аса автор дайындаған 70 шақты нұсқасы бар екен. Мұның бәрiн ә дегеннен-ақ бiрауыздан дұрыс деп қабылдап, шешiм шығару ертерек. Өйткенi, жоба арасында әлi 42 әрiптiк кириллицаның қол астынан шығуға асықпайтын үлгiлердiң кездесiп жатқандығы құлдық психологиялық санадан ысылып шықпағанымызды аңғартатын секiлдi.

Жақында «Аллажар-қолдау» қоғамдық қоры «Латын графикасына тек қазақ ұлты көше ме, әлде бүкiл Қазақстан халқы көше ме?» атты тақырып аясында дөңгелек үстел өткiзiп, латын әлiпбиiне көшу мәселесiн күн тәртiбiне қойды. «Қазақ елi әлiпбиiн латын әлiпбиiне көшiру мәселесi жөнiнде қазақтiлдi БАҚ-дың көпшiлiгiнде қызу пiкiр-талас жүруде. Ал орыстiлдi БАҚ-да аталмыш мәселе жөнiнде үн жоқ», – дейдi олар. Марат Бөтеев бастаған қоғамдық қор мүшелерi мемлекеттiк әлiпбидi бiрегейлеу жайында, осы сұрақты бiрнеше билiк тармағына қоймақ болып, 50-ге жуық хат жолдапты. Олардың көбiнен жауап келiп түстi. Әр құзырлы мекеменiң пiкiрi әр түрлi. Хаттарға көз жүгiртiп, сараласақ, билiк басындағылардың қазақ тiлiнiң болашағына қалай қарайтынын пайымдауға болады екен. Қалай десек те, латын әлiпбиiне «бүкiл Қазақстан халқы көшсiн!» деп мәжбүрлеу ағаттық. Елбасының өзi де «латынға қазақ тiлi өтсiн!» дедi. Егер латыншаға алдымен расында қазақтiлдiлер өтсе, бiрте-бiрте басқалар да оған iлесуi әбден мүмкiн ғой.

Сонымен, жауаптарға кезек берелiк. Мәселен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгiне қарасты Тiл комитетi төрағаның мiндетiн атқарушы М.Нұртазин: «Бүгiнде латын әрпi негiзiнде жаңа қазақ әлiпбиiне көшу қажет немесе экономикалық жағдайымызға байланысты бұл iстi атқару әлi ерте деген ұсыныстар мен дәлелдемелердiң әрқайсысының өзiндiк шындығы бар. Алайда, бүгiнгi ТМД елдерiнде отыздан астам түркi халықтары мен ұлыстары негiзiнен осы әлiпбиге ден қойып отыр. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына орай тиiстi министрлiктерге Түркия, Өзбекстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан және басқа да елдердiң латын әлiпбиiне көшу тәжiрибелерiн зерделей отырып, ғылыми зерттеулердi жүргiзудi қамтамасыз ету, осы мәселе бойынша Үкiмет қарауына ұсыныстар енгiзу жөнiнде мiндеттер қойылды. Алайда бұл процесс асығыстыққа салынбай, тiлiмiзге нұқсан келтiрiлмей, жүйелi, сапалы зерттеу арқылы жүргiзiлуi тиiс. Өйткенi, кириллицаны енгiзгендегi қателердiң тағы да қайталанып және соның нәтижесiнде ана тiлiмiздiң табиғи ережелерiнiң одан әрi бұзылмауын ойлау қажет»,— десе, Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi жоғарыдағы мақсат пен шараны жүзеге асыруға 2007 жылға арналған республикалық бюджетте 23 126 мың теңге қаралғандығын айтып баққан. Сол сияқты Алматы қаласы Тiлдердi дамыту басқармасы бастығы К.Матыжанов бұл мәселе бойынша нәтиженi қорытындылау 2006 жылғы 28 қазанда ҚР Үкiметiнiң «Мемлекеттiк тiл саясатын одан әрi жетiлдiру жөнiндегi» 1025 қаулысына сәйкес арнайы құрылған комиссияның құзыретiнде екендiгiн жеткiзедi. Ал ҚР Парламентiнiң сенаты комитет хатшысы Т.Абайдiлдиннiң пiкiрi: «…Бiрi көшiрудi қолдаса, ендi бiрi қарсы пiкiрде. Әрине, әрбiр iстi бастарда оны толық зерттеп-зерделеу керек. Әлеми ақпарат кеңiстiгiне шығудың бiрден-бiр төте жолы латын жазуы екендiгiнде ешкiмнiң таласы жоқ. Бiрақ бiздер осы күнге дейiн орыс (кирилл) әлiпбиi жазуымен жазылып келген құнды-құнды еңбектерiмiзден айрылып қалу қаупi бар екендiгiн ескеру керек шығар. Латын графикасын толық ендiру күрделi реформаны талап етедi және бұл бiрнеше жылға созылатын, сондай-ақ қажеттi қаражаттың бөлiнуiн талап ететiн процесс. Жазу саласында көпжылдық реформаны өткiзу қазiргi уақытта шешiмiн табатын мемлекетiмiздiң негiзгi ұлттық идеясы болып табылады» дегенге саяды. Денсаулық сақтау министрлiгiнiң вице-министрi Қ.Омаров болса, қай графикаға көшсек те, ол әлiпби Қазақстан халқына ортақ, бiрегей мемлекеттiк әлiпби болуы тиiс. Медицина саласы өз бастауын латын тiлiнен алады. Сондықтан медицина саласы мен қызметкерлерiне латын қарпi жат емес. Егер Қазақстан латын қарпiне көшiп жатса, ол iс-шараны қолдаймыз деген тоқтамға келген. Сондай-ақ, Жер ресурстарын басқару агенттiгi де Қазақстан халқына ортақ бiрегей мемлекеттiк әлiпби керек дей келе, қазақ тiлiн басқа ұлттардың меңгеруiне ыңғайлы болуын ескерген абзал дейдi. Және де жерге орналастыру, геодезия мен картография саласында латын графикасына көшу қиыншылық әкелмеуi тиiс. Яғни, бұл ретте қажеттi қаражат мамандарды үйрету мен географиялық атауды жаңа әлiпби графикасына сәйкестендiруге қатысты болуы мүмкiн».

ҚР Президентiнiң әкiмшiлiгi Әлеуметтiк-саяси бөлiмiнiң меңгерушiсi А.Досжан: «Орыстiлдi басылымдарда үн жоқ дегенге қосылу қиын. Әсiресе, интернетте латын әлiпбиiне көшу туралы ой-пiкiр, дәл қазақ басылымдарындағыдай болмаса да, жарық көрiп жатады. Ал «Латын графикасына қазақ ұлты ғана көше ме, әлде бүкiл Қазақстан халқы көше ме?» деген сұраққа келсек, бұл арада мәселе қазақ әлiпбиiнiң латын қарпiне көшуi туралы екенiн еске салғым келедi. Ал орыс әлiпбиiн латыншаға көшiруге бiздiң ешқандай құқымыз жоқ. Орыс графикасының тағдыры тек Ресейде ғана шешiледi. Егер жұртшылық мақұлдап, бұл мәселе оң шешiмiн табатын болса, бүкiл Қазақстанда қазақ әлiпбиi латынға көшуге тиiстi. Және оның ұлттық өзгешелiкке ешқандай қатысы жоқ деп ойлаймыз» деп жауап берiптi. Ал Ауыл шаруашылығы министрлiгi мен Қорғаныс министрлiгiнiң «Қазақстанда латын графикасын енгiзуге байланысты мәселе бiздiң құзыретте емес» деп немқұрайлылық танытқандығы ненi меңзейдi?

Қарап тұрсаңыз, нақты ұсыныс, нақты пiкiр жоқ. Екiжақты. Бiрақ бәрi түбiнде латын әлiпбиiне көшетiнiн түсiнiп қалды. Өйткенi, латын әрпiне көшу арқылы ұрпақ заманауи технологияны игеруге мол мүмкiндiк алатыны рас. Әрине, алғашқы кезде қиындықтар тууы мүмкiн. Демек, алдағы 5, 10 жыл iшiнде жедел түрде қам-қарекет жасамасақ, алдыңғы көштен кеш қалып қоюымыз ықтимал.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары