АҚПАРАТ ИМПЕРИЯСЫ
АҚПАРАТ ИМПЕРИЯСЫ
Бiле түскен сайын көңiлiң қалай түседi. Ақпарат көбейдi. Арнасынан асып төгiлiп жатыр десе де болады. Көбiсi атыс-шабыс, жарылыс. Жұртты елең еткiзуге есеп жасалады. Қандай тәрбие берiп жатқанының тұңғиығына бойлай алмайсың.
Осындай жағдайда өтiп жатқан үдерiстердiң айқын бет-бейнесiн көрсетер кiм бар? Оны кiм мойнына алады? Әлемдiк үрдiстердi кiм реттейдi?! Адамзаттың болашақтағы өзгерiстерi қалай болады, олардың әлем туралы түсiнiгi қалай өрбидi және оның салдары қайда алып барады?
Биологиялық және әлеуметтiк тұрғыдан алғанда адамның өзi кiм едi, кiм болып барады?
Сұрақ көп.
2003-тiң 11 қыркүйегi көп адамдардың төбесiне жай түсiргендей тосын оқиға болғанымен, оның да заңдылыққа бағынатын тұстары көп. Тағдыр бiздiң қоғамымызды солай қарай бағыттап бара жатқан едi…
Нақ сол күн капитализмнiң күйреуiнiң басы емес пе екен?! Жаңа қоғам енiп келе жатқан жоқ па өмiрге?
Бiрiккен Ұлттар Ұйымы деген халықаралық ұйым осыдан жарты ғасыр бұрын құрметпен ғана аталатын. Қазiр ше? Иракқа қарсы АҚШ тарапынан болған озбырлықтың кезiнде қол қусырып қарап қалған БҰҰ-ның бетiне қара дақ түстi. Мүмкiн бұл ұлттық мемлекеттердiң күйреуiнiң басы шығар? Кiм бiлсiн…
Капитализмдi алмастырар жаңа парадигма қайсы? Осыны талдап көрелiкшi…
Бәрiмiз ұмтылып жүрген демократиялық қоғам деген ұғымның өзiне селкеу түсе бастаған ба, қалай?.. Бiреулер демократияның күнi бiтуге таяу, ол тиiмдi саяси шешiм қабылдау құралы болатын күндер өттi және қаншама ұстап қаламыз десек те қайтып оралмайды дейдi.
Әуел баста ештеңе болмаған, содан кейiн сөз болған, артынан жазу пайда болды, кейiн кiтап басып шығаруды ойлап тапты, одан дыбыс пен көзбен көру арқылы (радио, магнитофон, теледидар және бейнетаспа) түйсiну болды. Ендi ақпарат алмасудың түйiндi кезеңi – Жүйеге көше бастадық. Әлемдiк шырмауық жүйесi.
Жазуды феодалдар ұстанды, капиталистер кiтап пен бастапқы электрондық ақпарат құралдарына сендi, ал Жүйе нетократтар деп аталатын жаңа билеушi тапқа қызмет етпек.
Оның капиталистерден айырмасы неде?
Нетократқа ақша керек емес, ақша модадан шығып келедi. Олардың орнына нетократтарға бiлiмге қол жеткiзу бақыты бұйырады.
Сонымен қазiргi ақпараттың iшiндегi ең болашағы бары – бүкiләлемдiк шырмауық деп аталатын интернет жүйесi. Ол бүгiнде шынымен-ақ бүкiл әлемдi шырмап алған. Не iздесең барлығын табасың. Ақпараттың 67 пайызы ағылшын тiлiнде. Ағылшынша қарауға бiлiмi жететiндер бiзде аз. Орыс тiлiнде бар болғаны 3 пайыздың төңiрегiнде. Соның өзiнде – теңiздей мол, қарап тауысу мүмкiн емес. Керек нәрсеңдi әп-сәтте тауып аласың. Кемшiлiгi – қазақ ұлтына, оның тарихына, тiлiне, дiлiне, дәстүрiне, кiсiлiк бет-бейнесiне қатысты мәлiметтер аз, тiптен жоқтың қасы. Бұл орайда жетiле алмай жатқанымыз рас.
Соғыс бiткеннен ондаған жылдар өткен соң Азияның ит тұмсығы батпайтын қалың орманында адасып жүрген жапон солдаты табылған. Оған берiлген әскери тапсырма тоқтатылып не өзгертiлмеген соң, солдат байқұс жалғыз жүрiп әскери тапсырманы орындауды жалғастыра берiптi. Сол тапсырманы орындау жолында ұзақ жылдар көзден таса жүре берген. Онысын Отанға берiлгендiк деуге де болар, бiрақ соғыс бiтiп, бейбiтшiлiк орнағанын да бiлмей қалғаны мақұлдауға лайық емес.
Бұл сарбазға күлуге де болмайды. Оныкi дұрыс емес те болар, бiрақ кiм қателеспейдi дейсiз. Бiз де солаймыз. Оның ақпараты аз болған ғой. Кейде керiсiнше ақпараттың молдығы мен әр түрлiлiгi, олардың бiрiн-бiрi жоққа шығаратын кереғарлығынан қайсысына сенерiмiздi бiлмей қиналамыз. Бiз өзiмiз бiлетiн ақпарат төңiрегiнде ғана ой толғап, шешiм қабылдай аламыз. Бiз өзiмiздiң кiшкене ғана әлемiмiздiң iшiнен шыға алмаймыз. Сондықтан бiз де жапон солдатының кебiн киетiн кезiмiз көп.
Бiздiң ойларымыз алған ақпаратымызға байланысты өрбидi. Жапон солдатының тарихы тұтас елдердiң, тiптен, өркениеттiң басында бар. Ойлар мен iс-әрекеттер – бар ақпараттың көрiнiсi. Сайып келгенде өркениеттердi ақпараттар құрайды. Алынған ақпарат жетiлген сайын, әлем туралы бұрыннан қалыптасқан түсiнiктер жарамсыздана бастайды, оларды қайта қарауға мәжбүрлiк туады. Мұны технологиялық төңкерiс деймiз, ол жаңа тарихи парадигманың пайда болуына әкеп соғады.
Бiздiң ежелгi бабаларымыздың сөйлей алмайтын ең соңғылары – приматтар – бiлiп алуға ұмтылысы өте дамыған жануарлар. Бiрақ бiз оларды сөйлеуге үйрете алмаған болар едiк. Өйткенi, олардың тыныс органдарды әлi дыбыс аппараты ролiн атқаратындай жетiлмеген болатын. Приматтар тiл жағынан жетiлмегенiмен қоса бейнелеу тiлiн де түсiнбеген. Шимпанзе кейбiр символдарды ғана сәл-сәл ажырата алады: не керек екенiн, оны кiм жасауы керек екенiн ғана түсiндiре алуы мүмкiн, бiрақ тәжiрибе алмасып, өмiрдiң мағынасы жайлы сыр шертiсу оның қолынан келмейдi. Демек, олардың қолынан ақпарат алмасу да келмейдi. Приматтар мен адамдардың арасын 5 миллион жыл бөлiп тұр. Сол жылдар iшiнде адамға тiл бiтiп, адамша сөйлеуге жеттi. Бастапқыда адамдарда да тыныс органдарының бейiмделмеуiнен сөйлеп кетуi қазiргiдей жетiлген түрде болған жоқ. Тiл ұстарту үшiн мыңдаған жылдар қажет болды, өйткенi эволюция дегенiмiз жай жүретiн процесс. Ешкiм сөйлеу тiлiнiң қашан пайда болғанын дәл болжап айтып бере алмайды. Қазiргi заманғы зерттеушiлер оны осыдан 150-200 мың жылдай бұрын қалыптасса керек дейдi. Ол мерзiм адамзат баласында мидың даму мерзiмiне сәйкес келедi, демек адам анатомиясындағы өзгерiс олардың сөйлеуiне алып келдi десе болады.
Тiл бiздi жануардан өзгешелеп тұр. Тiл бiздiң әлеуметтiк дамуымызға жол ашты, ол тұрақты ұжымдасуға, адамдардың басқа адамдармен өзара қарым-қатынас жасауына мүмкiндiк бердi. Коммуникацияның дамуымен қоғамдық өмiр бiрте-бiрте күрделене түстi. Тiл инновациялық ойлауды қамтамасыз етiп, шексiз шығармашылық мүмкiндiктерге жол ашты. Тiл арқылы қоғамдастықтың барлық мүшелерiне ақпарат тарады. Бұл ақпараттар бiртiндеп барынша көп адамдарды қамтыды, ұрпақтан ұрпаққа жалғасты. Жұрт өзгелердiң қателiктерiнен қорытынды шығаруды, бiреулердiң озық тәжiрибесiн қабылдап, үлгi алуды үйрендi. Осылай адамзат баласында зерде пайда болды, ол бiлiмдi жетiлдiре түсуге итермеледi. Дегенмен ауызша таратылған сөздiң мүмкiндiгi шектеулi едi, ол ақпарат таралу барысында бұрмаланатын әрi көп ақпаратты есте сақтаудың мүмкiндiгi аз едi.
Жазу пайда болған кезде оны жай адамның да пайдалана алуы мүмкiн-ау деген ой ешкiмнiң қиялына кiрiп-шықпаған. Жазба тiл бастапқыда адамдарды одан әрi құл ете түсу үшiн пайдаланылған, оны француз антропологы Клод Леви-Стросстың зерттеулерi көрсеттi. Бiрақ кез-келген санада төңкерiс туғызатын iс уақыт өте келе басқа бағыт алып кететiнi секiлдi, жазба тiл де жалпы халыққа бiрдей қызмет ете бастаған кез кейiнiрек келдi.
Сонымен құлақты көз алмастырды. Бейнесiн экраннан көрiп отырып-ақ сезiнетiн, бiреудiң ұзақтан жазған хабарын алып, түрлi сезiмге бөленетiн болдық. Жазба тiл жаңа енген кезде де бүгiнгi интернет арқылы бiр-бiрiнiң дидарын көрiп отырып сөйлесу секiлдi керемет көрiнген. Жазба тiлдi үйреткен Египет құдайы Тот бар сиқырдың құдайындай танылды. Жазу мен оқу әлемдi және ол туралы ұғымды өзгерттi. Жазба тiл пайда болғаннан берi империя түсiнiгi пайда болды. Өйткенi бағындыру жеңiлдедi, ұзақ қашықтықтарға және көп тараптарға бiр мезгiлде ақпарат, нұсқаулар, бұйрық жiберу мүмкiн болды. Ол рулардан құралған, не болмаса әр қалалардағы жеке-жеке кiшiгiрiм мемлекеттердi ыдыратты. Билiк бұрынғыдан бетер орталықтандырыла бастады, сөйтiп жеке билiк салтанат құрды. Бағындыру жеңiлдегендiктен билiкке құмарлық артты. Билiкке ие болғандардың ықпалы мен табысы еселеп өстi. Бара-бара өкiмет басындағылар шексiз байлықты иелену мүмкiндiгiне қол жеткiздi.
Рим империясының ыдырауына папирус өндiрiсiнiң төмендеуi себеп болды деушiлер бар. Иоганн Гутенберг баспа станогын ойлап тапқан он бесiншi ғасырдың ортасы ақпараттың жаңа дәуiрге жетелеген төңкерiсi ретiнде танылды. Баспа станогы адамзат қоғамы дамуының, индустрияланудың, тiптi жаһанданудың маңызды алғышарты болды. Баспада басылған кiтаптар астроном Николай Коперниктiң жаңалығының ашылу көзi болды. Өйтпеген күнде Коперниктiң жаңалығы монастырьдың шаң басқан архивтерiнiң бiрiнде қалып қояр ма едi?! Нақ сол баспа машинасының көмегiмен оның «De Revolutionibus» деген еңбегiндегi «Жер Күндi айналып қозғалыста болады» деген тұжырымы әлемге жылдам тарады. Сол кездерден бастап бұрынғы аксиома саналып келген нәрселердiң көбесi сөгiлдi.
Үдерiс басталды және жылдам алға жылжыды, оны ешкiм де тоқтата алмады. Баспа станогы арқылы кәсiпкерлер заттарын өздерiнiң қиялына да келмеген көлемде шығаруға және қиналыссыз сатуға мүмкiндiк алды. Мұның бәрi ғылымның алға жылжуына септiгiн тигiздi, себебi жаңадан ойлап табылған озық заттардың өмiрге енуi тездедi. Христофор Колумб Марко Полоның басынан кешкендерiн оқып, содан шабыт алды. Ғылыми-техникалық әдебиеттер Еуропаны кезiп кеттi, ол ақпараттық менеджменттiң дамуына алып келдi, содан ғылымның барлық саласы дами бастады. Сағат, оқ дәрi, компас пен телескоптар осы кездерi пайда болды. Сол даму бүгiнге дейiн жалғасуда.
Ақпарат менеджментiнiң нәтижесiнде бiлiмдi Еуропа мен қараңғы Американың 1532 жылғы тарихи кездесуiнiң қалай аяқталғаны бiзге белгiлi: Перу үстiртiндегi Кахамарка қаласының маңында Франциско Писарро бар болғаны 168 сарбазымен инктердiң патшасы Атахуальпудың 80000 әскерiн жеңiп, өзiн тұтқынға алған. Олай ойсырай жеңiлуге себеп болған нәрсе ақпараттың жетiспеушiлiгi едi: испандықтар қарсыласы жөнiнде толық хабардар болды, ал инктердiң көсемi шақырылмаған қонақтар туралы ештеңе бiлмейтiн едi. Атахуальпу келiмсектердiң Орталық Американы тұтастай жаулап алуға келгенiн, ұлы үндiстер өркениетiнiң көбi оларға мойынсұнып қойғанын қайдан бiлсiн?! Ол ақпараттың аздығынан запа шектi. Писарро өзi сауатсыз бола тұра, сауатты ақпаратқа қол жеткiзгенiне байланысты жеңдi. Оның ерлiк iстерi Еуропаға жеттi. 1534 жылы Кахамаркадағы оқиғаларға арналған кiтап шықты, ол арқылы ерлiк iс бүкiл әлемге тарады. Бұл кiтап алғашқы бестселлерлердiң бiрi болса керек. Ақпаратқа қажеттiлiк күн санап өстi, оны иеленгендердiң басымдылығы айқын бола бердi.
Сағатты мысал етiп көрелiк. Секундтар мен минуттарды санап тұратын осы бiр тынымсыз машина ойлап табылғалы берi бiздiң уақыт туралы түсiнiгiмiзге түбегейлi өзгерiс кiрдi. Сағаттың алғашқы нұсқаларын бенединктiк монахтар XII-XIII ғасырларда монастырлық тұрмысты тәртiпке келтiру, күнiне жетi сағат құлшылық етудi белгiлеп отыру үшiн ойлап тапқан едi. Сағаттың механикасы Құдайға құлшылық етушiлердiң тiршiлiгiн реттедi, бiрақ ол онымен тоқтап қалмай, монастырдың сыртында да қарапайым адамдардың күнделiктi тыныс-тiршiлiгiн реттеудi және бақылауды бастады. Сағаттың арқасында күнделiктi жұмысты сағатқа бөлу реттелдi. Сөйтiп, сағат капитализмнiң бiр тұғыры болып қалыптасты. Христке арналған iстердi реттеу үшiн ойлап табылған құрал осылайша өз жеке өмiрiн жалғастырып әкеттi.
Баспа машинасымен де нақ осылай болды. Абырой iздеген католик Гутенберг өзiнiң ойлап тапқан құралы Рим папасының билiгiне қол сұғатынын қайдан бiлсiн. Тәураттың таралуы әркiмнiң Құдай сөзiн өзiнше талдауына мүмкiндiк бердi. Ақпарат алудың жеңiлдеуi бұрын ақиқат саналып жүрген нәрселердiң көбiне күмәнмен қарауды үйреттi. 1700 жылдардан бастап сауатты адамдардың көбеюiмен бiрге рационализм де өстi, бұған тасқа басылған сөз барынша ықпал еттi. Мақсат – адамзатты дiни сенiмдерден, алдыңғы кезекте дiн мен монархиядан арылту едi. Жалпы, жұрт өмiр бойы дiн мен монархияның жетегiнде кетуден қашумен жүр!
Сталиннiң заманында оған өздерiнен артық сенетiн ұрпақ қалыптасты, солардың қалдығы әлi де бар. Осы ұрпақта көзге ұрып тұратын, қазiрге дейiн қалмай келе жатқан – өзi өмiр сүрiп отырған қоғамның билiк басындағы көсемдерiне шексiз, шүбәсiз сенуi және ондай тұлғалар қайсыбiр жағдайда да қателесуi мүмкiн емес деген ойдан ажырамауы таң қаларлықтай. Осы сезiмдi халыққа мықтап сiңiрген нәрсе – ақпарат. Бiздiң ұлтымыздың жағдайында әлi күнге дейiн қалмай келе жатқан бұл сенiм мемлекеттiлiгiмiз қалыптасқалы бергi бiздердiң кең байтақ жерiмiзге көзiн сатқан көршiлерiмiзден талай соққы көрiп, соның нәтижесiнде жалтақтық, жарамсақтық мiнездердi бойымызға сiңiрiп алғанымызды, соны бойымыздан арылта алмай жүргенiмiздi көрсетедi.
Осыны жақсы бағамдаған өкiметке қызмет етушi масс-медиа билiкке табындыруды бұрынғыдан тез әрi жеңiл жүзеге асыра алатын болып алды, оған осы күнгi халыққа ықпал ету құралдарын пайдаланудың жеңiлдегенi де әсер етуде.
Қай нәрсе болсын, оның өмiрге толық енуiне уақыт керек болады. Ештеңе де бiрден орныға қалмайды. Кез келген технологияның өмiрге енуi үшiн инкубациялық мерзiм керек. Баспа станогының ойлап табылуының соңғы нәтижесi 300 жылдай уақыт өткен соң ғана барып, әлеуметтiк құрылымның негiздерiн шайқалтқан жаңа парадигма – капитализм дүниеге келген соң ғана толықтай көрiндi. Баспа өнiмi адамдардың үлкен тобына әсер етуi үшiн сауаттылық кең тарап, көп адам хабардар боларлық уақыт керек болды. Тек XIX ғасырда, Ағарту дәуiрiнде ғана қоғамдық сана өзгердi, ақпарат алмасу тездедi, ал техникалық жаңалықтар келе жатқан индустрализацияның символына айнала алатындай маңызды бола бастады.
XVII ғасырда сауаттылық Солтүстiк Еуропада тарады, бiрақ сауаттылықтың тез тарауы жүз жылдардан кейiн протестанизмнiң дәуiрлеуi мен Библияның бiрнеше тiлдерге аударылған кезiнде байқалды. Осылай қоғамдық өмiрдiң жаңа стилi үшiн алғышарттар жасалды, оған жаңа бағыттағы газеттердегi мақалалар әсер еттi. Англиядағы The Spectator (Бақылаушы) секiлдi газеттер сауатты және космополиттiк көзқарастағы орта тапқа есеп жасайтын. Мұндай газеттердiң мақсаты оқырманын қоғамдағы жаңа леп жайлы ақпараттандыру мен олардың жарыссөзге қызығушылығын ояту болатын. Францияда «салон» ұғымы аристократтар мен орта тап өкiлдерiнiң сұхбаттасып, маңызды проблемаларды талқылауынан пайда болған едi. Бiрте-бiрте ол ұғым әйгiлi бола бастады, сөйтiп, бүкiл Еуропаға тарап кеттi. Кейiнiрек бұл «клуб» сөзiне алмастырылды. Клуб болғанда жиналыстар мен кештер өткiзетiн жалпыға арналған орын емес, мүдделестер, тiлеулестер, бiр идеяға сенгендер жиналып, сұхбат құратын, ойын-сауық өткiзетiн орын болды.
Өмiрге енген кез-келген жаңалықтың тамыры өткеннен таралады. Тiптi, жаңалық дегенiмiз – кешендi ұғым: көптеген кiшкене жаңалықтар бiр арнаға құйылып, қуатты бiр комбинация жасайды, оның тиiмдiлiгi көп кiшi жаңалықтардың тиiмдiлiгiнен асып түседi. 1000-1700 жылдар аралығында өте көп жаңалықтар ашылған, олардың әрқайсысы өз алдына бiр-бiр белес болған, бiрақ олардың бiр-бiрiмен байланысы болмаған. Тек 1950 жылдарға қарай осы көп жаңалықтар бiр бағытта жұмыс iстей бастап, оның нәтижесi кең көлемдегi индустриализацияға алып келдi.
Парадигмалардың ауысуы бiрден бола қалмайды. Феодализмнен капитализмге көшер кезде феодалдық жер құндылығын капитализмге тән капитал құндылығы алмастырған. Жер тауарға айналғалы бiрер ғасыр болып қалды, жақын мерзiмнен берi бiзде де солай болды. Жер сатып алу-сату объектiсiне айналды.
Дарвин iлiмiнде «мем» деген түсiнiк бар едi, оны негiз деп атасақ та болады. Феодализмнiң «мемi« – монархтар институты, капитализмдiкi – сауда, яғни, банктер мен қор рыноктары. Капиталистiк билiктiң «мемi» – сайлау демократиясы. Осылай талдап келгенде қисынға салсақ, ақпараттық қоғамның «мемi» – портал билiгi, яғни, Әлемдiк Шырмауықтың нетократиялық жүйесi. Мемдердiң адамдардың барынша көп бөлiгiн қамтығандары ұзағырақ өмiр сүредi. Ежелгi Римдегi көп дiндердiң iшiнде христиандық пен иудаизм ғана сақталып қалғаны осының дәлелi бола алады, олардың өмiршеңдiгi адамдарды өз идеяларына иландырғанынан. Қалған көп дiндер ұмыт болды, оны бүгiнгi көзбен жасампаздық жолындағы қирау десе болады. Жаңа заманға бейiмделе бiлетiн және өзiн-өзi заман ағымына қарай қайта құра алатын мемдер аман қалады. Мемдердiң сақталып қалуына олардың төңiрегiне адамдардың барынша көп шоғырлануы да әсер етедi. Мәселен, бүгiнгi заманның ең байы Билл Гейтс Калифорнияның тез өрлеп келе жатқан өндiрiс аудандарына жақын Сиэтлде туғандықтан Майкрософт туралы мемдi дамытып, иемденген. Егер ол XVI ғасырдағы Мадагаскардың шаруасы болғанда, Майкрософт туралы естiместен өмiрден өтiп кетер ме едi?! Капитализм өзiнiң өрлеуiн бастамас бұрын киелi саналып келген аристократтар әулетi банктер мен қалалық базарлардан аулағырақ жүргендiктен және жаңа парадигма келе жатқанын болжай бiлмегеннен өрлеу көшiне iлесе алмай қалып қойды. Керек кезде керек жерден табылу деп осыны айтады. Нақ осы секiлденiп, бәрiн бұрынғыша реттеймiн, өз дегенiмдi күштеп таңамын, өз БАҚ-тарым арқылы пiкiрiмдi солай қабылдауға мәжбүр етемiн дегендер көштен қалады.
Капитализм парадигмасында индивидуум – Құдай, ғылым – уағыз, қай ұлтқа жату – жұмақ, капитал – билiктiң киелi құралы болды. Осы құндылықтар буржуазияны билiкке, тарихқа, тiлге, тiптен ойдың өзiне монополияны қорғау құралы ролiн атқарды. Жаңа Жүйе парадигмасы – шексiз ашық Ақпарат – адамның өз санасы жеткен деңгейiнде таңдау мүмкiндiгiн бередi.
Бiрдеңенi ойлап табу үшiн оған қажеттiлiк тууы керек. Сонда ғана құлшыныс болады. Бүгiн де қоғамдағы ұдайы бағыну мен бақылауда ұстағысы келетiндерге ашық немесе iштей наразылық жаңа ақпараттық жүйенiң өмiрге енуiн тездедетiн түрi бар.
Орта таптың қоғамның негiзгi қозғаушы күшi болатыны – олар өзгерiстерге бейiмделгiш. Және олар өзгерiстерден барынша өз пайдаларын алып қалады. Сондықтан да орта тап капитализм дәуiрiнен бастап, негiзгi күшке айналды.
Капитализмнiң бүгiнгi сатысында тасқа басылған сөзге қоса радио мен магнитофон, олардың дамыған түрi – бейненi қоса көрсете отырып ақпарат беретiн – теледидар мен бейнелi ақпаратты жазып алып, кез келген уақытта көрсете алатын бейнетаспа шықты. Бұлардың бiртiндеп ене бастағанына да бiр жарым ғасырдың шамасы болып қалды.
Бүгiнгi электрондық байланыс құралдары барлық ақпараттық төңкерiстердiң iшiндегi ең ұлысының бастапқы бiр бөлшегi. Ал радио, теледидар мен бейнежазбалар болса баспа өнiмдерi мен Жаңа жүйенiң ортасындағы баспалдақ iспеттi. Гутенбергке дейiн де жазу болған: Күлтегiн тасқа, римдiктер папирус қағазына хаттар мен пайымдаулар жазған. Бүгiндерi жаңа технология саналып жүрген телебейне көрсетiлiмдердi Жаңа Жүйеге баспалдақ санайтынымыз осы қисынға сүйенедi.
Осынау электрондық ақпарат құралдарының өмiрге енуi билiктiң массаны бағындыруға құштарлығын арттыра түстi және қай жағдайда да өз дегенiн жүзеге асыруы жеңiлдедi. Ол бiздiң елдегi соңғы саяси iс-шараларда айқын көрiнiс бердi.
Интернет болса – тiптен жаңа құбылыс. Аз ғана уақытта, аз-кем қаржыға мың күншiлiк жерлерден керек ақпарат алу мүмкiндiгi осыдан отыз жыл бұрын ешбiр ақылға сыймайтын iс едi. Жай ақпарат қана емес, слайдтармен, музыкамен көркемделген, бет-бейненi қоса көрсететiн ақпаратты оп-оңай-ақ алған кезде көңiлiңдi шаттық кернейдi, оны жасағандардың алдында басыңды игiң келедi. Бұл Жүйеде бiз жасаушы, тұтынушы, бейнелер мен дыбыстарды қабылдаушы боламыз. Бұдан құдiреттi не бар?! Жүйеде бiз әрi автормыз, әрi шығарушымыз, әрi продюсермiз. Бiздiң өзiмiздi-өзiмiз көрсете алу еркiндiгiмiз орасан, ал аудиториямыз қиял жетпейтiндей кең. Бiр ғана нүктенi жәй ғана басып қалғанда бiздiң алдымызға кез-келген талап еткен ақпаратымыз келе қалады және өзiмiз де ақпарат жiбере аламыз.
Интернет жүйесi өткен ғасырдың 60-ы жылдары өмiрге ене бастаған. Оны алдымен АҚШ әскери өндiрiсiнiң түрлi ұйымдары, бiр-бiрiнен алыс жатқан терминалдар арасында ақпараттар алмасуды жеңiлдету үшiн өмiрге енгiзген. Оның мақсаты Кеңес Одағымен болады деп күтiлген ядролық соғыстың терiс салдарын төмендету болатын.
Осыдан соң-ақ түрлi зерттеу жобаларында, америкалық және еуропалық университеттерде осындай жүйенi өмiрге енгiзу басталды.
Бiрақ 1980 жылдардың соңына қарай ғана жеке компьютерлер технологиясының күрт дамуына орай интернет әскери және ғылыми ортадан шығып, бүкiлхалықтық жүйеге айналды. Тiптен 1990 жылдардың басында да интернет жүйесi туралы онша көп адам бiлген жоқ. Тек 1995 жылдың желтоқсанында Microsoft фирмасының басшысы Билл Гейтс өз компаниясының жүйелiк коммуникацияны дамытуда бiрсыпыра жаңалықтар енгiзгенiн хабарлағаннан соң ғана интернет жүйесiнiң таралуы аса тездiкпен өрбiдi. Жүйеге жалғанған копьютерлер саны сағат санап емес, секунд санап өсуде. Бiр ғажабы, бүгiнде осынша жеке компьютер интернетке қосылды деп хабарлап болғанша ол ақпарат ескiретiн жағдайға жеттiк.
Скептиктер: «өзгерiп жатқан ештеңе де жоқ, әлем бұрын қандай болса, сол күйiнде» деп жүр. «Бiз бұрынғыша шеге жасап шығарамыз, резеңке галош киетiндер әлi де бар, банктер ақшаны бұрынғыша несиеге берiп жатыр, аз ғана болмаса, өзгерiс шамалы. Рас, кейбiр адамдар хатшы қыз бен диктофонның орнына iскерлiк хаттарын интернет арқылы жазуға машықтанып жатыр. Одан не өзгере қояр дейсiң»,– дейдi олар.
Оларға қарсы жақ мұны көрсоқырлық дейдi. Олар интернеттi барлық проблемалардың шешiлу көзi санайды.
Өндiрiстiк революцияның мәнi мынада: онда машиналар адамның қуат мүмкiндiгiн көп есе арттырып жiбердi. Ал алдағы күтiлетiн сандық ақпарат адамның миының мүмкiндiгiн электрондық коммуникация жүйесiмен интеграциялану арқылы шексiз арттырады. Бiрақ бiз ол жағдайға әлi жете алмай жатырмыз, себебi оның алғышарттары әлi толық құрылған жоқ. Бәлкiм, технологиялар қиял жетпестей-ақ тездiкпен дамып жатқан болар, алайда адам баласы асықпайды. Үйренiскен дiни және идеологиялық тыйымдар да дамуға керi әсерiн тигiзедi. Дегенмен бiз қалыпты ұғымдарымыздың жүйесiн қирату үстiнде тұрмыз. Үдерiс бiздiң бақылауымыздан шығып кеткен және оны өзгерте алмаймыз. Технология өзi үшiн тырысып жатыр.
Технологияның өмiрге енуi арқылы адамдар әлемге де, өздерiне де жаңа көзбен қарай бастады. Жаңа ақпараттық технология бәрiн де өзгертуi мүмкiн. Оның iшiнде тiлдi де. өйткенi жаңа технологияға жаңа терминология керек болады. Ескi сөздер құрып кетпейдi, олар жаңа мағынаға ие болады. Тiлдiң өзгеруiмен ойлау қалпы да өзгередi. Жаңа технология бiлiм мен ақиқат секiлдi базалық түсiнiктерге жаңа анықтама бередi. Не маңызды я маңызсыз, не мүмкiн және мүмкiн емес және, ең бастысы, нақтылық деген не екенi жөнiндегi ұғым қайта өзгередi. Яғни, қоғам «экологиялық» өзгерiстерге ұшырайды. Технология балалардың калейдескопы секiлденiп бiздiң санамызды сiлкидi, сөйтiп, идеялар мен мүмкiндiктердiң күтпеген жаңа әлемi пайда болады. Бiз жаңа мәдени және экономикалық дәуiрге аяқ басамыз. Уақыт рухы бiздiң ойларымызды айқындайды.
Коперник «Жер Күндi айналып жүредi» деп алғаш айтқанда, жұрт оның есi ауып кеткен болар деп ойлаған-ды. Онысы үшiн Коперниктiң сол кездегi сынаушыларының сөзi дұрыс емес едi деуге бола ма?! Осындай жағдай Ньютонның физикасынан Эйнштейннiң физикасына көшкен кезде де болған. Көп адамдар салыстырмалылық теориясын қабылдай алмай, қарсы шыққан. Ньютонның көптен бергi қолданыста жүрген теориясынан бiрден бас тарта қою қайдан оңай болсын? Осылай екi парадигма бiр-бiрiмен қатарлас өмiр сүрiп барып, ақыры бiреуi үстемдiкке ие болған.
Бiрақ адам бiр бiрiне қарама-қарсы екi көзқарасты қабылдамайды ғой. Сондықтан адамдар бiр-бiрлеп немесе топ-тобымен бiр парадигмадан екiншiсiне ауыса бастайды. Олардың ауысуына жеткiлiктi түсiндiре алар ақпарат жәрдем бередi.
Қазiргi күнде проблема – ақпараттың жоқтығында емес, молдығында. Жаңа ақпарат немесе жаңа идея деп жүргенiмiздi барлап қарасақ, кешегi болған, көнерген оқиға секiлденiп қалады, тiптен кейде ақылға симайтын бiрдеңе болып шығады. Жетiстiктiң рецепттерi тез ескiредi. Адам баласы өткен кездерде өзiнiң тиiмдiлiгiн дәлелдеген стратегиямен әрi қарай пайдалана бергiсi келедi, онымен қош айтысуы қиын. Бұрын пайда әкелген ескiден бас тартып, бәрiн басынан бастауға бару қайдан оп-оңай болсын?!
Ал қазiр жүрiп жатқан үдерiс жаңалығының өзi осы. Өткен парадигмада бiршама уақыт қиналыс пен бұлғақ болып, артынан тұрақтылық келетiн болса, бiз қиындықтың уақытша екенiне, бәрi де тынышталып, қалпына келетiнiне сенетiн болсақ, болашақта, кейбiреулердiң болжауынша, бұрын норма болып саналатын әлеуметтiк және экономикалық тұрақтылық iрiп-шiрудiң белгiсi болып кететiн кезi болады. Құр ойлау аз және өзгеше ойлау да аз. Бұдан былай ылғи да идеяларды санада қайта қарап, оларды өзiмiзден аластап тастап отыруға мәжбүр боламыз. Шығармашылық қирату демалыссыз жүредi.
Бұдан былай жалбыр шаш, жыртық жейде жасөспiрiмдер бизнеспен айналысып, акционерлердiң ойына да келмейтiн орасан қаражатты оп-оңай-ақ тауып жатқанының куәсi бола түсемiз.
Қазiр бiзде өлiара мезгiл туып тұрған сияқты: баспа жүйесi өзiнiң мүмкiндiктерiн сарқып келедi, жаңа жүйе әлi орныққан жоқ. Бұрын да ескi жүйенiң ыдырауы оны алмастыратын жүйе келмей жатып-ақ басталып кететiн. Бiр жүйенi бiр жүйе алмастырған кездiң бәрiнде де – сөздi – жазу, жазуды – баспа өнiмi алмастырғанда осылай болған, ендi баспаны Әлемдiк шырмауық – Интернет алмастыра бастағанда да солай болып жатыр! Бiрақ одан бұрынғы жетiстiктер тiптен жойылып кетедi деген пiкiр тумасқа керек, сөз – сұхбат құралы ретiнде әлi бар, бола да бередi. Тасқа басылған сөздер де солай – өз құндылықтарын жоймаса керек, тек кейiнiрек ысырылып Жаңа Жүйеге жол бередi.
Болашақ туралы жаза қою қиын, өйткенi ол әлi жоқ. Бiз тек болжай аламыз, шамалаймыз, қисынға сүйенемiз. Сандық жүйе қызметiнiң өсу қарқынын түсiнетiн әрбiрiмiздiң бiлетiнiмiз – ақпараттық технология басым рольге ие болып, электрондық жүйе үдемелi даму үстiнде екендiгi.
Осы көрiнiстер бiзге тағдырға үнсiз мойынсұнумен әуре болатындар барлық игiлiктерден – байлықтан да, билiктен де айырылатынынан хабар бередi. Үнсiз бағыну жетiстiкке алып келмейдi. Қай кезде болсын, билiкке де, даңққа да еңбекқор мен табандылар, өзгерiстерге бейiмделгiш, оны жылдам қабылдайтындар жеткен. Әр жаңа дәуiрдiң өз жеңiмпаздары мен жеңiлушiлерi болады.
Байқап қарасақ, мырза еш уақытта өзiнiң құлынан тәуелсiз өмiр сүре алмайды, құл да солай – мырзасына тәуелдi. Құлдың бағыныштылығы мырзаны мырза етiп тұр және екеуi де өздерiн мойындату деген мәңгiлiк күрестiң iшiнде жүр. Осыны XIX ғасырдың ұлы философы Гегель бүкiл тарихи үдерiстiң қозғаушы күшi деп таниды. Гегельдiң пiкiрiнше, осылай басқа бiреудiң оны бағалауы мен мойындауы әуел бастан-ақ әлеуметтiк топтардағы билiк үшiн күрестiң себебi болған. Бұл күрес өмiр бақи жалғаса бередi және ол қоғамды ұдайы қозғалыста болуға жетелейдi, себебi олар «бiздi мойындау аз, бiз биiгiрек қоғамдық статусқа лайықпыз» деп санайды.
«Көп адамдар Құдай идеясы бүгiнгi парадигмаға сай келмейтiнiн түсiнбейдi» дейдi осынау жаңа парадигманың насихатшылары. Бұл, бiздiң көңiлiмiзше, қатiгездiк көрiнедi. Бiрақ, феодалдық қоғамда Құдай константа ретiнде, яғни, ешбiр күмән келтiруге болмайтын ақиқат саналса, капитализмге өткеннен кейiн Құдай түсiнiгiн мықты ұстап тұрған құрылымға сына түстi, яғни Құдайдың ұлылығы салыстырмалы болып қалды, оған күмәнмен, күмәнмен болмаса да сыни көзбен қараушылар пайда болды. Христиандар күнi бүгiнге дейiн бұл күдiктен арыла алмай келедi. Монархия мен шiркеудiң ұлылығына селкеу түстi. Сол кездерден берi билiктiң өзi үшiн ылғи тынышсыздануы басталды.
Осы орайда: еуропалануға бейiм мұсылман елдерi патшаларының көбiсiнiң кейбiр мұсылман мерекелерiнде телеарналарда «әумин» деп бет сипауы дiндарлықтан емес, мәжбүрлiктен екенiн байқап қаламыз. Бiрақ ол ойымызды ашық айтпаймыз, айта алмаймыз, айтпауға мәжбүрмiз, «Патшаның суретi бар қағазды баспа» деген Құран сөзiн ұстанамыз. Жаңа Жүйеде халықты бұлайша ешкiм алдай алмайды. өйткенi халық кiмнiң де болса айтқан сөзi мен жасаған қимылына қарап емес, жан-жақты жақсысы мен жаманын салыстыра қарайды, ол, әсiресе, өкiметтiң iс-әрекетiне байланысты солай болады, оларды тексерiс пен реттеуге, пiкiрдi күштеп таңуға жатпайтын еркiн ақпараттың мәлiметiмен бағалайтын болады. Мәселен, бұрын ауырмаған бiр мүшеңiз ауырғанда жаңа дәрiгер iздер болсаңыз, қолыңыздағы сымсыз қалта телефонмен интернеттi ашып, сол кеселдi емдейтiн бiр қалада тұратын дәрiгерлерден бастап iздей бастайсыз. Ол дәрiгерге жазылған түрлi мiнездемелердi көресiз. Егер бiр күн бұрын сол дәрiгерге барып қаранған бiреу сiз таңдағалы тұрған дәрiгерiңiздi бiлiм емес, диплом иесi ғана екенiн оның интернеттегi сайтына жазып қойған болса, сiз ол адамды көңiлiңiздегi тiзiмнен бiрден сызып тастайсыз да басқасын iздейсiз. Барлық салада да керек маманды таңдау немесе кеңесшiлiк-сарапшылық қызмет керек болғанда осылай етесiз. Интернеттегi жазбаларды ешкiм өшiре алмайды және өз пайдасына өзгерте алмайды, тек ақталу я ақтау, немесе өзгеше пiкiр жазуы ғана мүмкiн. Қалта телефонымен дүкеннен үйге әкелiп беретiн заттың ақшасын, автомобилiңiздiң түнгi тұрағын, айыппұлдарды, т.с.с. төлей салатын боласыз. Қалта телефоны сiздiң есiңiзге қай уақытта тұрудан бастап, кiммен кездесуiңiз керек едi, кiмге қанша қарызсыз деген сияқты күнделiктi тiрлiктiң бәрiн мойнына толық ала бастады.
Әрине интернеттегi ақпараттардың бәрi шыншыл, «еркiн ақпарат» болуы бiрден қалыптаса салмайды. Бәсекелестiк, көре алмаушылық, озықтарға қарадан қарап тұрып өштесетiн ұсақ мiнез бiрден қала қойсын ба, мұнда да өз дегенiн iстеп бағады. Жалған я жасанды қаралаушылар пайда болады, ол бастапқы кезде бiздiң социализм кезеңiнде өткен «иесi жоқ» арыздар секiлденiп аты жасырын күйде пiкiр айтудан тартынбайтындар кездеседi. Бiрақ айды қолмен жабуға болмайтыны сияқты дерек пен дәйек бәрiбiр нақтылыққа мойынсұнатын кез келедi.
Жалғасы бар.