Байқоңырдағы қазақ мектептерi: «ОТАНЫМЫЗ – РЕСЕЙ, ПРЕЗИДЕНТIМIЗ – ВЛАДИМИР ПУТИН»
Байқоңырдағы қазақ мектептерi: «ОТАНЫМЫЗ – РЕСЕЙ, ПРЕЗИДЕНТIМIЗ – ВЛАДИМИР ПУТИН»
«50 жылда ел жаңа» дейтiн едi атам қазақ. Ресейге жалға берiлген қазақтың Байқоңыр ғарыш кентiн, шынымен-ақ елу жылдан кейiн танымай қалуымыз әбден мүмкiн. Олай дейтiнiмiз, Ресейге Байқоңыр ғарыш айлағынан бастап, онда тұратын 60 мың тұрғын мен қала нысандарына дейiн тәуелдi. Себебi заңнамалық тұрғыдан Байқоңыр – Ресей қаласы, бiрақ iс жүзiнде тұрғындардың денi – қазақ азаматтары. Үстiмiздегi жылдың 1 қыркүйегiнен бастап Байқоңырдағы бүкiл мектептер Ресейдiң бiлiм беру стандарттарына көшедi. Жаңа оқу жылы басталмай жатып-ақ орыс жағы қазақ тiлiнде бiлiм берiп жатқан мектептерге ресейлiк бiлiм стандарттарына сай аударылған оқулықтарды асығып-аптығып таратып жатыр.
Әрине, әлемде Халықаралық ғарыштық құқық мәселесi де бар. Сондықтан ғарыштық мәселелерге қатысты заңнамаларды ескеру қажет-ақ. Дегенмен, «Независимая газета» басылымының мәлiметiне сенсек, Ресей-Қазақстан арасындағы космодромды жалға беру туралы келiсiмiнде Ресей жағына барынша басымдық берiлген сыңайлы. Мақалада Байқоңырда орналасқан қазақтiлдi мектептердiң заңнамалық тұрғыдан бекiтiлгенiн айта келе басылым журналисi былай дейдi: «Дело в том, что упомянутый пункт арендного соглашения содержал условие, по которому обьекты финансируемые российской стороной, должны осуществлять деятельность по установленной российской же стороной правилам». «Баяғы жартас – сол жартас», бiр орталықтан басқаруға машықтанып қалған Мәскеу екi ел арасындағы келiсiмшартты да өз ыңғайына сай бекiттiрген сияқты. Ал, бiздiң жақ баяғыша Қазақстанның құқықтарын «ұлы көршiден» өз деңгейiнде талап ете алмай келедi. Тiптен, «Казақстан тудей» агенттiгiнiң хабарлауынша, ғарыш айлағы толыққанды Ресейдiң заңнамаларына сай жалға берiлiп отырғанға ұқсайды: «…поскольку космодром Байконур находится в аренде у Российской Федерации, то, согласно российскому законодательству, все, что оплачивает и содержит Россия, должно работать по внутренним правилам». Яғни, халықаралық ғарыштық құқық мәселесi мен жергiлiктi қазақ заңнамаларын ескеру дегеннiң исi де жоқ мұнда…
Осыдан бiраз уақыт бұрын Ресейдiң Бiлiм министрi Андрей Фурсенко мен Қазақстанның бұрынғы Бiлiм және ғылым министрi Бiрғаным Әйтiмова ортақ келiсiмге қол қойып, қазақтiлдi мектептердi «заңдастырған» сыңайлы едi. Яғни, Байқоңырдағы 14 мектептiң 6-уы қазақша бiлiм беретiн болды. Әйтеуiр, жағымды жаңалықты есiтiп, бөркiмiздi аспанға атқанымыз есiмiзде. Бiрақ бұл iстiң жергiлiктi қазақ ұлтшылдары көтерген наразылықтан кейiн қолға алынғанын несiне жасырайық. Мұны «НГ» басылымында жарияланған мақала да растайды: «На страницах казахстанских СМИ высказывалась критика, что в образовательной программе русских школ в Байконуре нет дисциплин «История Казахстана» и «Казахская литература».
Мәскеудiң күнi бүгiнге дейiн Байқоңыр мәселесiнде алға тартып келе жатқаны – ғарыш айлағының Ресейдiң арқасында өмiр сүрiп жатқаны мен жыл сайын қазаққа төлейтiн 115 млн. доллар қаражаты ғана… Орыс жағына сенсек, 115 млн. долларды олар жыл сайын дер кезiнде төлеп тұрады екен. Сондықтан да ресми Мәскеу қаладағы бiлiм беру жүйесiне де қолқа салып жүр. Байқоңырдағы қазақ мектептерi Қазақстанның мемлекеттiк тiлiнде бiлiм беретiн болса, балалар жергiлiктi бiлiм беру стандарттарына сай бiлiм алуы керек емес пе?! Кейбiр отандық ақпарат көздерiне сенсек, қазақ тiлi, әдебиетi, тарихы мен география пәндерi жергiлiктi бiлiм беру стандарттарына сай оқытылатын көрiнедi. Бұл орайда Ресей жағының қазақ тiлi мен әдебиетiн шет тiлдерi пәнiне айналдырғаны көңiлге қаяу түсiрерлiктей.
Дiттегенiне жетiп отырған Ресей Байқоңырдағы 6 мектепте қазақша бiлiм беруге «рұқсат» етсе де, идеологиялық тұрғыдан 12 мың мектеп жасындағы қаракөздердi уысынан шығармайтын сияқты. «Бiздiң Отанымыз – Ресей, бiздiң президент – Владимир Путин, бiздiң алғашқы ғалымымыз – Михайло Ломоносов, бiздiң Отанымыз Охотск теңiзiнiң жағалауларынан бастап Украина мен Беларусь елiне дейiн созылып жатыр, бiздiң заңы¬мыз – Ресей Федерациясының Конститу¬циясы», т.б. ұрандарды үндейтiн қазақша оқулықтар мектептер мен кiтапханаларға түсiп жатыр. Әйтеуiр, орысша оқулықтардан алынған мәлiметтер қазақшаға сөзбе-сөз аударылған. Сiрә, Ресей жағының орысша оқулықтарды қазақшаға аударуда шапшаңдық танытқаны қызық. Таяуда ғана екi елдiң бiлiм министрлерi қазақша мектептердi «заңдастыруға» қатысты келiсiмге қол қойған едi, ендi мiне, араға аз ғана уақыт салып, ресейлiк идеологияға сай қазақша оқулықтар Байқоңыр мектептерiне тарап-ақ кеттi. Ресейдiң қазақ балаларына деген «қамқорлығының» астарында не жатыр?! Қызылорда – қазақтың қаймағы қайнаған мекен. Қазақ көп шоғырланған. Онда азды-кемдi өзге ұлт өкiлдерi тұрса да, көбiне қазақша сөйлейдi. Ендi, мiне, Қызылорданың қақ төрiндегi Байқоңырдың жас ұрпағы ресейлiк тәрбие алмақ. Қазақстанның солтүстiк өңiрлерiндегi жағдай бәрiмiзге де белгiлi. Ресей жағы ендi Қазақстанның нағыз қазақы аймақтарына да көз сүзiп, Қазақстандағы орыс тiлiнiң аясын оңтүстiк-батыс жаққа дейiн кеңейте түспек пе?!
Кеңес Одағы тұсында Байқоңыр, шынымен-ақ, ресейлiк ғарыш айлағына айнала бастады. Онда Ресейден келген әскерилер отбасымен тұрақтады. Әрине, сол тұста сырттан келгендерге уақытша орысша мектептер мен өзге де қызмет көрсету орталықтарын ашу орынды болған шығар. Бiрақ, өткен жылдың 90-шы жылдарының басында Қазақстан тәуелсiздiгiне қол жеткiзген бойда Байқоңырда уақытша тұрақтаған өзге ұлт өкiлдерi елдерiне қайтты. Қазiргi күннiң шындығы сол, Байқоңыр тұрғындарының денi – қазақ азаматтары. Содан болар, тәуелсiздiк жылдарынан бастап күнi бүгiнге дейiн орта бiлiм беру ошақтарын бiтiрген түлектердiң барлығы ресейлiк университеттерге емес, қазақтың оқу ордаларына түседi екен. Бiрақ келесi жылдан бастап қалада Бiрыңғай Ұлттық тестiлеу жүйесi де алып тасталынбақ. Яғни, мектеп түлектерi Ресей оқу ордаларына түсуге мәжбүр болады. Себебi олар Қазақстанның бiлiм жүйесiнен тыс болған соң, отандық бiрыңғай тестiлеу жүйесiне қатыса алмайтын сыңайлы.
Қазiргi Байқоңырды Кеңес Одағы тұсындағы Байқоңырмен салыстыруға болмас. Әлемдегi халықаралық жағдай да өзгердi. Бiрақ Қазақстанның Ресейден ұтылған тұстарына қарағанда, екi ел арасындағы келiсiм қазiргi күннiң өлшешiмен емес, кеңестiк жүйенiң iзiмен жасалынған жоқ па дерсiз. Сол баяғы Кремльдiң «Айттым, болдысымен», бiздiң «құлдық ұрдым» деп аңтарылып жүргенiмiз емес пе?!… Қазақстан жағы Ресеймен арадағы келiсiмде бiр адым алға жылжыса да, екi адым артқа шегiнгендей. Шынтуайтына келсек, Қазақстан жағы Байқоңырды жалға беруде жергiлiктi тұрғындардың талап-ниеттерiн де ескерiп, Ресейдiң алдында талап ете бiлгенiнде… Бiрақ, амал нешiк…
Бiр қызығы, Байқоңырдағы қазақ мектептерiнiң мәселесiн жырлаған ресейлiк басылымдар у-шу. Бiрқатар басылымдар Қазақстанда орыс тiлiне қысым жасалып жатқанын жырлай келе, елiмiздiң «қызғылт-сары» ұлтшыл Ющенконың iзiмен кетiп бара жатқанын айтады. Орыс басылымдары Байқоңырда қазақша оқытатын мектептердiң заңдастырылғанына өте-мөте қарсы. «Материк» порталы былай дейдi: «Президент РФ Путин в свое время провозгласил, что отношение России к другим государствам будет определяться тем, как в этих странах относятся к русскому языку. Но на практике российские власти предпочитают не замечать этнократических тенденций, развивающихся в Казахстане» – дей келе, мақала авторы: «Вместо того чтобы последовательно отстаивать пространство русского языка и интересы соотечественников, Москва заранее соглашается с ущемлением прав русскоязычного населения в «дружественной» республике» – дейдi. Сiрә, «империалистiк ауру» деген маусым сайын адамды қысып тұратын дерт шығар… Қарапайым орыс журналистерi осылай жазса, Думада жүрген жириновскийшiлерден не күтуге болады?! Бұл аздай жоғарыда айтылған мақалада журналист Қазақстанда тұратын орыс жастарының жағдайына да алаңдаушылығын бiлдiредi: «Русская молодежь в Казахстане «стремительно глупеет». По итогам тестирования министерства образования РФ (2004-2006 гг.) только 8 процентов учеников казахстанских школ обладают «удовлетворительной грамотностью» по русскому языку» – дейдi. Содан болар, Ресейдiң тиiсiлi орындары Байқоңырдағы мектептерге тиiсiлi бiлiм беруге бiлек сыбана кiрiсiп кеткен сыңайлы.
Әзiмбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Мен орысшыл емеспiн, бiрақ Қазақстан ғарыштық державаға айналды. Бұл үлкен және маңызды мәселе. Екiншiден, Ресейде тағы да екi космодром бар. Сондықтан Қазақстанға Қазсат-1 мен ҚазСат-2-ден кейiн әрi жерден ғарышты аңдайтын комплекс салынғаннан кейiн бұл бағдарламаны жалғастыру керек. Әлемде мұндай дәрежеге 60 мемлекет жеткен. Бұл статусты сақтап қалған жөн. Себебi бұл үлкен мәртебе.
Әрине, бiзге оңай тимейдi. Десек те, бiз үшiншi мемлекеттердiң өкiлдерiн Байқоңыр арқылы ғарышқа жiберудi де жоспарлап отырмыз. Айталық, өзiмiздiң ғарыш айлағымыз салынды, ендi, өзiмiз де ғарышқа адамдар жiбере аламыз. Мүмкiн, ол Қытай, Үндiстан, Германия болар, қазiр келiсiмшарттар iздестiрiлiп жатыр. Төртiншiден, әлеуметтiк және мемлекетаралық мәселелер тағы да шешiлуi керек. Бiраз мәселелер, атап айтсақ, қала тұрғындарының статусы, Ресей азаматы еместердi жұмысқа тарту, қазақ мектептерiн ашу дегендей мәселелер шешiлдi. Тағы да көп мәселелер бар. Олар да бiртiндеп шешiлiп келе жатыр.
Ал, аренда мәселесiн айтсақ, бiз арендаға Петропавл темiржол торабын бердiк. Есесiне бiз «Локоть» торабын алдық. Ендi Өскемен мен Жарма темiржол байланысы бiткеннен кейiн бiз Петропавл темiржол торабын қайтарып аламыз. Сол сияқты бiзге үлкен тәжiрибе керек. Ал ар жағын көре жатармыз. Бiз кезiнде құнды ақшамен емес, бартермен, тауарлармен алып отырдық қой. Бартер жүрген жерде махинация болады. Ең дұрысы – ақыны қып-қызыл ақшамен алу. Сондықтан бартер¬мен ештеңе алмау керек.
– Заңнамалық тұрғыдан Байқоңыр Ресейдiң қаласы болып саналады. Десек те, Кеңес Одағы тұсындағы Байқоңыр мен қазiргi Байқоңырды салыстыруға болмас. Кеңес Одағы тұсында ол орыс офицерлерiнiң қаласы саналатын, сондықтан сол тұста оларға ресейлiк бiлiм беру жүйесi де, қызмет көрсету орталықтарын да қарастыру керек-тiн. Бiрақ қазiр Байқоңырдағы халықтың денi – қазақ азаматтары. Сондықтан мәселенi қазаққа тартып, бiр келiсiмшарт жасауға болмас па едi?
– Бiрiншiден, мұндай талаптарды келiсiмшартта ескерiп қою керек те шығар. Бiрақ Ресейдiң тағы екi космодромының бар екенiн ұмытпауымыз керек. Дәл қазiр Қазақстан Байқоңырды асырай алады. Бiрақ ғарыштық держава болу үшiн ҚазСат-2, ҚазСат-3 бар, жергiлiктi станциялар бар, әйтеуiр, Ресейдi «қусақ», мұның бәрi құлап та қалуы мүмкiн.
– Аға, ал қазақ мектептерiнiң ресейлiк рухта тәрбие алуы – бұл Ресейдiң халықаралық ғарыштық құқы ма, әлде империалистiк амбициясы ма?
– Менiң ойымша, кейбiр келiсiмшарттарда орыстар бiраз артқа шегiндi. Кезiнде олар тек қана өз азаматтарын жұмысқа алатын, ендi олар бiрте-бiрте Ресей азаматы еместердi де жұмысқа алатын болады. Сондықтан талаптарды кезең-кезеңiмен қойып отыру керек. Бiрден орындалмайтын талаптарды қоюға асықпауымыз керек. Олар да шамкез, «кетсек кетейiк» деп бұрылып кете салуы мүмкiн. Сондықтан оларды бiр жағынан Байқоңырға «байлап отырған» жөн. Ол – бiз үшiн сауынды сиыр. Оны «сойып» алуға да болады, айдап қуып жiберуге де болады. Бiрақ ол қазiр Қазақстанның инновация¬лық орталықтарының бiрi болып отыр. Ал, мектеп мәселесi бiрте-бiрте келетiн мәселе шығар. Мен орысшыл емеспiн, оны өзiм қолдап та тұрған жоқпын. Бiрақ дәл қазiр бiз, бiр жағынан, орыстар кетiп қалмайтындай, онда инвестиция жасайтындай жағдай жасасақ, екiншi жағынан, үшiншi мемлекеттердi тартып, орысқа қарап қалмайтындай жағдай тудыруымыз керек.
– Ал космодромды жалға беру мерзiмi бiткеннен соң, бiз қандай Байқоңырды қайтарып алуымыз мүмкiн?
– Менiң ойымша, бұл мәселе елу жылда емес, одан да ертерек шешiлiп қалуы мүмкiн. Он, он бес жылда… Тiптi, одан да ерте. Бiз ертеңгi жағдайды бiлмеймiз ғой. Елу жыл деген тым қашық. Оған дейiн көп өзен-су ағады. Бiрақ сол күнге дейiн бiз аяққа тұрып алуымыз керек. Ғарыштық держава ретiнде бiзге басқа мемлекеттермен келiсiмшарт жасау да қажет.
– Идеологияның қандай күштi қару екенiн өзiңiз де бiлерсiз. Байқоңырдың тұрғындары ресейлiк идеология бойынша тәрбиеленiп, өмiр сүрiп жатыр. Түптiң түбiнде Байқоңырдың Қазақстан құрамындағы жеке-дара айлақ болып қалуына қауiп жоқ па?
– Негiзi әсер етерлiктей рычагтар көп. Ол су, электр қуаты, т.б. Сол арқылы жергiлiктi ұстанымдарға мәжбүрлеу керек, бiрақ оларды «қуып» жiбермеуiмiз керек. Олар бiз үшiн – сауынды сиыр. Бiздi ғарышқа жiберiп отыр. Әйтпесе бiздiң ондай мүмкiндiгiмiз жоқ қой. Жалпы, ешкiмге де орыс жақсылық iстейiн деп отырған жоқ. Бiрақ, Назарбаевтың кереметтiлiгi сол, ол мұны пайдаланып отыр.
– Яғни, жалға беру уақыт мерзiмiн қысқартуға болады деген сенiмдесiз ғой…
– Кейiн «елу жылдық аренда» деген мәселе оларға да, бiзге де керек болмай қалуы мүмкiн. Елу жылда кiм бар, кiм жоқ?! Ғарышты игерудiң жаңа салалары, тiптi, одан да арзан түрлерi пайда болып, Байқоңыр керек емес болып қалуы мүмкiн.
Тоқтар ӘУБӘКIРОВ, ғарышкер, Парламент депутаты:
– Үстiмiздегi жылдан бастап Байқоңырдағы 6 қазақ мектебiнде ресейлiк стандарттар бойынша бiлiм берiледi екен. Яғни, қазақ балалары орыс идеологиясында сабақ оқиды. Бұл дұрыс па?
– Өкiнiшке қарай, бiз Байқоңырды Ресейге жалға бергенбiз. Бұл да жай емес. Жалға берген соң, ол жақта Ресейдiң заңдары жүрiп жатыр.
– Әу бастан Қазақстан мен Ресей арасындағы космодромды жалға беру туралы келiсiмшарт Ресейдiң заңдарына сай негiзделген дейдi. Бұл рас па? Қазақстанның заңдары да ескерiлдi ме?
– Өкiнiшке қарай, мұны терең ешкiм ойламаған екен. Мен де кезiнде қарсы шығып едiм, тыңдамады. Мiне, бүгiнгi уақытта сол әңгiменiң жалғасы болып жатыр.
– Ал, екiжақты келiсiмшартта халықаралық ғарыштық құқық мәселесi ескерiлдi деп ойлайсыз ба?
– Ол да көп зерттелмеген. Бiлмеймiн, бiреуге сол керек болды ма, әлде космодром бiзге ауырлық еттi ме, әйтеуiр, өзiмiз оны жай бере салған екенбiз.
– Жалға беру мерзiмiн қысқарту мүмкiн бе?
– Өкiнiшке қарай, заң қабылданған соң, оны артқа қайтаруға болмайды. Оны бұзуға да болмайды. Бұзса, «халықаралық төбелес» болады.
– Жергiлiктi тұрғындар екi ортада тұйықталып қалып қалғандай. Байқоңыр түлектерi жылда Қазақстан оқу ордаларына түссе де, биылдан бастап Бiрыңғай ұлттық тесттен де тыс қалмақ…
– Бұл мәселеде өте қатты өкiнiп, қайғыға түсiп кетуге болмайды. Неге десеңiз, 70 жыл бойы Ресейдiң қол астында болғанбыз. Қазақ тiлiн ұмытпайтындар оны ұмытпады. Қазақстан өз тәуелсiздiгiн алса да, ар жағында бiздiң азаматтарымыз орыстың азаматтығын алып жатыр. Себебi оларға жеңiлдiк берiлiп келедi. Жергiлiктi жағдайға қарағанда, олардың заңдары, зейнетақысы дұрыстау. Бұдан Байқоңырда тұратын бiздiң азаматтарымыз пайдасын көрiп жатыр. Саяси тұрғыдан қарасақ, әрине, бұл дұрыс емес шығар өзiмiздiң жерiмiздi берiп қою…
– Жеке мемлекет ретiнде Байқоңырды ел бюджетiнен қаржыландырып-баптауға болар ма едi? Мiндеттi түрде Ресей қаражатына тәуелдi болу керек пе?
– Айналайын, бұл дұрыс емес сұрақ. Байқоңырды бiз өзге де ғарышты игерiп жатқан мемлекеттермен бiрлесiп, олардың өкiлдерiн осында әкелiп, бiрге жұмыс iстесек, Байқоңырды игере алар ма едiк десеңiз, «Иә» игере алар едiк. Оны мен айтқам да, көрсеткем де. Келiсiмшарттар да түскен. Ол кезде бұған ешкiм қарағысы келмедi. Не себептi екенiн бiлмеймiн, Ресейден қорықты ма, бiрдеңенi жасырды ма, әйтеуiр, солай қарай басты бұрды да, бiз Байқоңырды жай бере салдық. Қазiр ендi өкiнбеуiмiз керек. Есесiне бiз «Байқоңырдағы қазақ халқының жағдайын түзету үшiн не iстеуiмiз керек» деп ойланғанымыз жөн. Олар: «Ойбай, Ресейдiң зейнетақысы жақсы екен, айлығы жақсы екен» деп, мойнын басқа жаққа бұрмауы үшiн жергiлiктi тұрғындарға екi есе көп қаражат бөлуiмiз керек. Онда тұратын халықтың санын көбейту керек. Орыс¬тар¬дың мамандықтарын да игерту керек. Жақсы бiлiм алу керек. Мiне, осыны ойлаған абзал. Болған iс болды, ендi оны қопара берудiң қажетi жоқ деп ойлаймын.
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА