ҚАЗАҚША ОЙЛАП, ҚАЗАҚША ТYС КӨРЕТIНДЕР

ҚАЗАҚША ОЙЛАП, ҚАЗАҚША ТYС КӨРЕТIНДЕР

ҚАЗАҚША ОЙЛАП, ҚАЗАҚША ТYС КӨРЕТIНДЕР
ашық дереккөзі
256

Билiк басына келгенде ғана қазақ проблемасы түбегейлi шешiлмек

Бiздiң билiктiң ұлттық мүдде тұрғысынан ұстанған бағыты – бұлыңғыр. Бiрақ қоғамда демократия орнатуға құлшынып отыр. Атам қазақтың ұлттық құндылықтардан құралған сан ғасырлық дала демократиясын жаңғырту емес, Қазақ елiндегi «азшылықты» жарылқаған жалпақшешей де дүбара демократияны…

ҰЛТЫҢДЫ ҰЛЫҚТА

Бiз жиi тамсанатын дамыған елдер азаматтары, әсiресе, кәрi құрлық өкiлдерi ұлт пен ұлттық мүдде мәселесiне келгенде демократияңыздың өзiн кейiнге ысырып қояды. Яғни, ұлттық мәселелерге келiп тiрелетiн тақырыптың барлығы да екiншi кезекте. Өйткенi, елдiк пен мемлекеттiк қауiпсiздiк ұлттық құндылықтардан бастау алады. Мысалы, Франция азаматы болып табылатын кез келген ұлт өкiлi, мейлi, француз, мейлi араб пен қара нәсiлдi, тiптi, қытайыңыз да – француз. Конституцияда айқын басымдық берiлген мемлекеттiк тiл – француз тiлiн бiлмейтiндерге француздар елiнен азаматтық бұйырмақ емес. Ол аз десеңiз, өзге ұлт өкiлдерiне мектептерге ұлттық киiм киiп келуге заң жүзiнде қатаң тыйым салынған. Күнi кеше ғана жалпы құны 300 миллион еуроға бағаланған, 70 мың мүмин сыйып кететiндей үлкен мешiттiң құрылысын бастауға Үкiмет рұхсат бермедi. Себебi, мешiт құрылысына демеушiлiк еткелi отырғандарды билiк Францияның ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төндiредi деп алаңдайды. Ол жақтағы мұсылман қауым бiздегi Алматының шетiндегi жерлердi заңсыз басып алып, билiкке де, қарапайым халыққа да доқ көрсеткен кришнаиттер сияқты аттандаған жоқ… Голландияда кезiнде тiл комиссиясы жұмыс iстеген. Комиссия мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiн әр азаматты мемлекеттiк қызметтiң маңайынан түре қуып, тiптi, оларға белгiлi бiр мөлшерде айыппұл салып отырған. Талайлар таңдай қағатын Германияда тек ұлты немiс азамат қана канцлерлiкке сайлана алатындығы осы мемлекеттiң Ата заңында тайға таңба басқандай, айқын көрсетiлген. Кезiндегi «жасыл дәлiз» қағидасы бойынша немiстер елiне топан судай қаптаған түрiктер де, күрдтер мен арабтар да Қазақстандағы орыстар секiлдi «Санымыз көп, бiздiң тiлiмiзге мемлекеттiк мәртебе бер», «канцлерлiкке өзге ұлт өкiлдерi де сайлансын» деген талапты қоя алмайды. Құқықтары жоқ. Егер қазақ қоғамындағы сияқты кейбiр қырсық пен қыңыр бұра тартуға әрекет етсе, заң алдында жауап бередi. Сонымен қатар Германия азаматтығын алғысы келетiн кез келген немiс туған тiлдi, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты бойына сiңiруге мiндеттi. Тағы бiр қызығы, қоғамға «тигiзетiн пайдасы аздау адамдарды» германиялық билiк елге қабылдауға құлықсыз. Осыдан екi жылдай уақыт бұрын Германияға жасаған сапар барысында Бундестагтың бiрқатар депутаттарымен кездескем. Сонда көшi-қон мәселесiмен айналысатын комитеттiң бiр депутаты бұрын КСРО құрамында болған елдерде тұратын жастары 60-тан асқан немiстердiң Атажұртқа керi қайтуы қиын екенiн, дәлiрегiнде, оларды билiк қабылдамайтынын айтты. Әрине, бiз қасымызды кердiк: «Неге?». «Өйткенi, олар – кеңестiк заман тәрбиесiн алған, немiстiң ұлттық тамырынан қол үзiп қалған ұрпақ өкiлдерi». «Бiрақ оған олар кiнәлi емес қой? Бұларыңыз әдiлетсiздiк емес пе?». «Әдiлетсiздiк емес. Бiз де ұлттық мәселелер тұрғысынан тиiмдi шешiмдер қабылдауға тырысамыз»…

«АЙРАНДАЙ ҰЙЫҒАН ЕЛ IРКIТТЕЙ IРIМЕСIН» ДЕСЕК…

Ұлттық мәселелерге келгенде, үлгi алатын, бiзге сабақ болатын жайттар көп. Алысқа бармай-ақ, халқының саны 80 миллионға жуықтап қалған бауырлас түрiк халқын алайық. Түрiк тiлiн менсiнбеушiлiк кезiнде оларда да болған. Бiрақ осыдан 250 жыл бұрын Мехмет атты бiр сұлтан Түркияда тұратын адамдардың барлығына тек түрiк тiлiнде сөйлеуге бұйрық берiптi. Сұлтан әмiрiне бас имегендер қатаң жазаланады екен. Атам қазақ: «Аюға намаз үйреткен – таяқ» деп бекер айтпаса керек, Мехмет сұлтанның арқасында түрiктер жерiндегi барша халық 250 жылдан астам уақыттан берi тек түрiк тiлiнде сайрап келедi. Ұлты мен ұлысына, дiлi мен дiнiне қарамастан! 70-тен астам телеарна таңның атысы, күннiң батысы тек түрiкше хабар таратады. Ғасырлар бойы бабадан балаға мирас болған салт-дәстүр мен әдет-ғұрып желiсiнiң үзiлмей келе жатуы да – түрiк тiлiнiң үстемдiгiнен. Түркияға әр барған сайын елге мұңайып қайтам. «Шiркiн, ҚАЗАҚ елiнде қашан ҚАЗАҚ тiлi үстемдiк құрар екен?» деп. Алаңдайтындай жөнiмiз бар, өйткенi, қылышынан қан тамған қызылдар дәуренi орнаған алғашқы жылдары, анығында, 1917 жылы ресми деректер бойынша, КСРО аумағында 200-ге жуық тiл болған. Бастапқыда 170-ке, кейiнiрек 130-ға дейiн азайған осы тiлдердiң 70-i Жер бетiнен мүлде жоғалып кеткен! Отбасылық қатынас құралына айналған шор, саха, хакас, нанай, Қырым татарлары мен тува халықтары тiлдерiнiң бүгiнгi халi тым мүшкiл. Бұл федеративтiк мемлекет саналатын Ресейдегi жағдай. Тек орыс тiлi ғана үстемдiк құрған Ресейде өзге ұлт өкiлдерi туған тiлдерiне мемлекеттiк мәртебе сұраған емес. Ал унитарлық ел – Қазақстанда бұра тартатындар көп. Айрандай ұйып отырған елдi iркiттей iрiтуге тырысатын, осы бағытта мақсатты түрде жұмыс жасайтын кейбiр пасықтарды заң жүзiнде жауапқа тартуға бiздiң билiктiң не мойны жар бермейдi, не құлдық психология құрсауынан шыға алмайды. Осыдан сәл уақыт бұрын Терещенко бастаған ат төбелiндей ғана топ қазақ билiгiне орыс пен ойратты көптеп тарту керек деп көкiген. Көп ұзамай қызметiнен босағанда ұлттың қамын ойлайтындар: «Шоқ, шоқ. Сауап болды» деп иықтарынан ауыр жүк түскендей бiр жеңiлдеп қалған едi. Көп ұзамай Президенттiң бiр ауыз сөзiн арқаланған бунаковтар «Қазақстан Парламентiнен елiмiздегi өзге ұлт өкiлдерiне квота арқылы орын бөлiну керек» деп «ұрандады». Шынына келгенде, бұл «ұранның» ҚР Конституциясына қайшы келетiнiн былай қойғанда, ақылға сыймайтын iс! Демек, Қазақстанда тұратын орыс пен ойрат тек өзге ұлт өкiлi болғаны үшiн ғана депутаттық мандатқа қол жеткiзбек… Қарап отырмай, «бүйректен сирақ шығарған» Бунаковқа шүйлiккен «Желтоқсан жаңғырығы» қозғалысының төрағасы Төлеген Әлжанов: «Бұл — Терещенко бастаған топтың әрекетi. Терещенко, Бунаков, Чесноков секiлдiлердi ұлт араздығын қоздырғаны үшiн қылмыстық жауапкершiлiкке тарту керек. Сосын елден аластау қажет» деп салған. Мұндайды күтпесе керек, Бунаков шоршып түстi: «Менi Терещенкомен шатастырмауды өтiнем»… Өкiнiшке қарай, квота бөлу мәселесi өткен аптада Астанада өткен Демократиялық реформалар бағдарламасын әзiрлеу және нақтылау жөнiндегi мемлекеттiк комиссияның кезектi отырысында тағы көтерiлдi. Өздерiне пайдалы сөз күтiп, Назарбаевтың аузын жиi аңдитындар бүгiнде алақандарын ысқылап отыр.

ЖАЛҒАН ДА ЖЫЛТЫР «ҰРАН» КIМГЕ ТИIМДI?

Бiзге түсiнiксiзi, экономикасы мен әлеуметтiк саласы дамыған, демократиялық қоғам орнаған елдерден неге үлгi алуға тырыспаймыз? Керiсiнше, ұланғайыр жердегi азғантай ғана халықты «сен – христиансың, шiркеуiңе бар», «еврейсiң ғой, синагогаңды салып ал», «ұлтың – пәленше, БАҚ-тан қалағаныңша ұлықта» деп «жалпақшешейлiкке» басамыз. Мұндайда тағы да адыра қалатын – ҚАЗАҚ мәселесi. Егер қазақтар болмаса, мемлекеттiң де болмайтыны, Қазақстанда 130 ұлт өкiлi емес, ҚАЗАҚ атты бiр ғана ұлттың барлығы, Қазақстан мемлекетiн құраушы негiзгi ұлт ҚАЗАҚ екендiгi биiк мiнберлерден айтылмайды. Анығында, астындағы жұмсақ «креслосы» сықыр ете қалса, селк ете түсетiн бiздiң шенеунiктер батпайды. Есесiне, «сан ұлтты, достығы жарасқан, гүлденген Қазақстан» туралы құлаш-құлаш баяндамалар даярлауға құмар. Өйткенi, мансап баспалдағына апаратын бiрден-бiр төте жол – өз жерiнде, өз елiнде соры қайнап жүрген қазақтың мәселесiн емес, қазақ еместердiң мәселесiн көбiрек көтерiп, солардың жағдайын жасау. Мүмкiн бiздiң билiк басында тiлi мен дiлiнен ажырап қалған, асфальтта өскен дүбара ұрпақ өкiлдерi мен кiндiк қаны қазақы ауыл топырағына тамса да, туған ұлтының мүддесiнен гөрi мансабы мен шенiн қымбат көретiн табанының бүрi жоқ ұлдар отырғандықтан шығар. Кейiнгi кездерi менiң санамда «Қазақ елiндегi билiк басына қазақша түс көрiп, қазақша ойлайтын, халқының бүгiнi мен келешегiне шынымен алаңдайтын ұлдар келмейiнше, қазақтың сорлағаны сорлаған» деген шарасыз ой жиi қылаң берiп жүр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары