ҰЛТТЫҢ ҰРАНЫНА АЙНАЛҒАН ҰЛАН

ҰЛТТЫҢ ҰРАНЫНА АЙНАЛҒАН ҰЛАН

ҰЛТТЫҢ ҰРАНЫНА АЙНАЛҒАН ҰЛАН
ашық дереккөзі
262

«Бекзат» фотоальбомы. Алматы, «Қазығұрт» баспасы, 2006 ж.

«Бекзат! Бек-зат!..» Есiмi жазғы қалың нөсер алдындағы отты найзағайдың шарт еткенiндей қысқа да қуатты естiлер өрiмдей ұланның атын осыдан жетi жыл бұрын барша алаш жұрты аспандатып әкеткен. Өз ғұмырындай ғана қысқа сәтте. 2000 жылғы Сидней Олимпиадасы – әлемнiң ең таңдаулы, саңлақ сайыпқырандары жиналған спорт мерекесiнiң қазақтарға айрықша ыстық, қымбат болғаны, бұл Олимпиадаға елiмiздiң спортшылары өз тарихында екiншi рет толыққанды Тәуелсiз мемлекет – Қазақстан атынан қатысқан. Бұрыннан даңқы төрткүл әлемге кең жайылған қазақ боксына қойылар талап бұрынғыдан жоғары болатын: барша жұрт боксшылардың әрбiрiнен тек жеңiс қана күткен, толқи мазасызданған едi.

«Менiң жеңiсiм – қазақтың жеңiсi!..» Әлемнiң ең таңдаулы, ылғи «сен тұр, мен атайын» дейтiн айбозым спортшылары төрт жылда бiр рет бас қосатын осынау ұлы дүбiрлi жарыста осындай астарлы, аталы сөздi айтар атадан асып туған аруақты ердi қинала күткен сол бiр сәттер арада өткен жылдарға қарамастан, әрбiр жанкүйердiң жүрегiнде әлi жазулы жатқаны сөзсiз.

«Менiң жеңiсiм – қазақтың жеңiсi!..» Елдiк мұратпен тыныстап, ұлттық намыстың қайрағына жанылған, өз армандары мен мақсатын ұлттық мүдде мен мұратқа қылаусыз бағыштаған арда азаматтың атойлап шығар тұсын тосып ширыққан едi жалпы алаш…

Өткен жылдың аяғында «Қазығұрт» баспасынан әсем безендiрiлiп жарық көрген «Бекзат» фотоальбомын қолға алған сайын сол бiр ұмытылмас күндер көз алдыға қайта оралып, көгiлдiр экранға кiрпiк қақпай үңiлген сәттер санада тағы да жаңғырды. Бокс жарысының финалы едi. Түн ортасы әлдеқашан ауған. Алматы, жоқ, бүткiл Қазақстан жанкүйерлерi көгiлдiр мұхиттың ар жағынан алақайлап, бөрiктi аспанға атар жеңiс күтiп отырды.

Олимпиадада бокстан жалынды жарыс жоқ. Алғашқы оты тұтанған сәттен бастап, өзiнiң финалына жеткенше ол лаулап жанады, қызуына қызу қосады. Алауы биiктей бередi, жанкүйерлердiң жанындағы отты өршiтiп лапылдайды. Ал финалда АҚШ боксеры Рикардо Хуареспен күш сынасқан балғын Бекзат Саттархановтың жеңiсiн сайын даланың арда жұрты – қазақтар шексiз үмiтпен тосты. Басқа басқа, ал кәсiби бокстың отанына айналған, сол арқылы бокс әлемiнде айтқаны жүрiп тұрған АҚШ таңдаулысын талқандай ұту өзге жеңiстен де қымбат, талай ұрпақ айта жүретiн аңыз болмақ. «Бекзат» фотоальбомында осынау iштей арпалысқа толы, үмiтпен сенiм алма кезек ауысқан күрделi сәт туралы: «Есеп 21:14, 22:14…Бiттi! Чемпион! Олимпиада чемпионы! Анадан арда туған, атадан дара жаралған, халықтың қуаныш, бағына туған дара Бекзат елiнiң туын аспанға көтерiп, Әнұранын орындатып, бүкiл әлемге Қазақ Республикасы, Қазақстан халқы, қазақ ұлты бар екенiн паш еттi! Бiр ата-ананың баласы емес, бүкiл ел баласы болудың мәңгiлiк үлгiсi осы болар, ағайын?! Алла тағалаға осы бiр ұлы сыйы үшiн де бас иейiк, халқым!» – дептi мәтiнiн жазғандар.

Қазақ спортшылары туралы көркем, кәсiби тұрғыдан жоғары деңгейдегi аса мағыналы, түрлi-түстi осындай сапалы фотоальбом бұдан бұрын шығарылғаны жадымызда жоқ. Бар деген күннiң өзiнде саусақпен санарлық.

«Спорт – жеке тұлғаның, санаулы спортшының шеберлiгi сынға түсетiн, бiрлi-жарым адамның атын шығаратын күш сынасу»,– деп өзiмiздi алдаусыратамыз ғой жайшылықта. Ал шындығына келсек, көп ретте елiнiң, туған Отанының аты жеңiмпаз спортшы есiмiмен астасып, байланысты боп кетер тұсы да көп. Сол Сидней Олимпиадасында Қазақстан аты Бекзат Саттарханов жеңiсiмен бiрге әлемнiң шартарабына тарады. Бұдан былай Бекзат пен Қазақстанды, қазақтарды бөлiп-жаруға болмайтын. Жиырма жасар бозбаланың бойындағы отаншылдық, ұлттық намыс, қазақтың қасиеттерiн, әкесi Сейiлхан мен аяулы анасы Сырлыкүл жайында осы фотоальбомдағы аз ғана мәтiнге көп жайтты сыйғыза бiлген белгiлi спорт журналисi, жазушы Несiп Жүнiсбаев пен марқұм Есжан Айнабеков көп тер төккенi бiрден аңғарылады әрi ой-толғаулары оқырманды ерiксiз баурап алады.

Iшкi беттегi бiр қолына гүл, бiр қолына Олимпиаданың алтын алқасын ұстап сәл жымия күлiп тұрған ақсары жүздi Бекзаттың тал бесiктен жер бесiкке дейiнгi найзағайдай жарқылдаған жеңiстi сәттерi жүздеген фотосуреттер арқылы оқырманның жүрегiнен орын алған. «Австралияға аттанарда Түркiстандағы өзiм оқыған мектептiң директоры Құран кiтабын тарту еттi. Сол кiтап Сиднейде жатсам да, тұрсам да жанымда болды», – деп ағынан жарылған Бекзаттың өз аузынан жазылған естелiктерi оқырмандар үшiн әрқашан қымбат. Кiтап «Бала Бекзат», «Дара Бекзат», «Мәңгiлiк Бекзат» атты үш бөлiмнен тұрады.

Қазақ үшiн көзайым ескерткiшке, аса бағалы мұраға айналған «Бекзат» фотоальбомына демеушiлiк жасап, қаржылай көмек көрсеткен «Кентау трансформатор заводы» акцинерлiк қоғамының ұжымы, аталмыш мекемедегi ұлтжанды, туған халқын, оның әрбiр азаматын сүйетiндiгiн анық аңғартқан азаматтардың өнегелi iсi өзге де кәсiпкерлерге үлгi болса құба-құп.

«Бекзат» фотоальбомының жалпы құрылымы, iшкi мағынасы үмiтсiздiк, дауасы жоқ қайғы-шердi емес, қайта қысқа, небары жиырма жасында ұлттың ұранына айналған ұланның жарқын өмiрi өскелең жастарға үлгi болсын деген қасиеттi ұғымды асқақтатады.

Фотоальбом сонымен құнды, сонысымен қымбат.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары