ДОМБЫРАНЫҢ ХАС ШЕБЕРI

ДОМБЫРАНЫҢ ХАС ШЕБЕРI

ДОМБЫРАНЫҢ ХАС ШЕБЕРI
ашық дереккөзі
422

22 жыл бойы домбырашы-шебер, Мәдениет қайраткерi Жолаушы Тұрдығұлов ұлт-аспаптарын жасау кәсiбiмен айналысып келедi. Осы күнге дейiн хас шебер 1500 домбыра, 100-ге жуық қобыз және 20 шақты жетiген аспабын жасап үлгерген.

Жасыратын несi бар, Кеңес Одағы тұсында халық аспаптары, оның iшiнде домбыра да көбiне жиһаз жасау фабрикаларында жасалынып келiптi. Мұндай домбыралардың басты кемшiлiгi – құлаққа түрпiдей тиетiн таңқыл дыбыстар едi. Ежелден ата-бабаларымыздың ұлт-аспаптарын жасауда өз тәсiл-амалдары болғандықтан, көне домбыралардың акустикалық қасиетiнiң ерекше болғаны тағы да рас. Жас кезiнен мұражайларда үкiлеп сақталынған көне домбыраларға әуес болып, зерттеп өскен хас шебер әр домбыраның тумысынан өзiне тән үнi мен шертер күйi болатынына сенiмдi. Шебер әрбiр домбыраның үнiн ағашты жонып, аспап қалпына келтiрiп жатқан тұста iштей түйсiнiп, аспаптың «тiлiн» шығарады. Жолаушы Тұрдығұловтың айтуынша, дыбыстың дұрыс шығуы көбiне аспап бетiнiң дұрыс жабылып, акустикалық деңгейi жоғары ағаш түрiнiң пайдаланылуына да байланысты. Домбырашы-шебер: «Негiзiнен шырша – акустикалық қасиетi ең жоғары ағаш. Сондықтан домбыраның бетiн көбiне осы ағаш түрiмен жабады. Домбыраның дыбысы қатты болуы үшiн аспаптың бетi жұқарақ болуы керек те, бел ағашы мықты болуы шарт. Ал, домбыра дыбысы жұмсақ келуi үшiн беттiң тербелiсi жеңiл болуы керек» – дейдi. Дегенмен, дыбыстың жақсы болуы қос шектiң үндестiгi мен домбыра мойнының шебер қолынан дұрыс түлеп шығуына да байланысты болса керек. Дыбысты реттейтiн белағаштың пайдаланылуы да маңызды.

Шебер жастайынан ғасырлармен халықтың мұң-мұқтажы мен қуанышының сыршысы болып келе жатқан аспаптың қоңыр үнiнiң iзiмен келедi. Шебердi небiр ойлар мен толғаныстарға, тың идеяларға қоңыр күй жетелейдi. Себебi аспап шеберi, ең алдымен, домбырашы, күйшi болуы шарт. Әу бастан Шығыс Қазақстан облыстық Марқакөл аудандық халық аспаптар оркестрiнде өнер жолын бастаған домбырашы аспаптың нағыз үнiн iздеп, зерделеуге бел байлаған. Әйтеуiр, жиһаз жасайтын фабрикалардан шыққан домбыралардың үнiн айшықтау үшiн өнерпаз аспаптың iшiн ашып, бел ағашын түртiп, аспаптың дыбысын ашуға тырысатын. Қазiрде шебер өмiрлiк тәжiрибелерi мен iзденiстерiнiң арқасында домбыра жасаудың екi тәсiлiн пайдаланады. Бұл тәсiлдердiң ұтымды шыққанын шебер домбыраларына деген сұраныс та айқындай түседi емес пе?!

Бүгiнде талай iзденiстер мен қажырлы жұмыстың арқасында дүниеге келген шебердiң бiртума аспаптары елдiң ерекше назарына iлiгiп отыр. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары өткiзiлген халықаралық «Үкiлi домбыра» байқауына да шебер ерекше ынта-ықыласпен дайындалған едi. Қарағай ағашынан жасалынған қара домбыра шебердiң қанжығасына алғашқы жүлденi байлатты. Екiншi байқауға қызыл ағаштан жасалынған домбырасын ұсынып, бiрiншi орынға қол жеткiзедi. Ал, 1996 жылы Жолаушы Тұрдығұловтың қызыл ағаштан ойылып, бетi Тянь-Шань шыршасымен жабылған қара домбырасы «Алтын домбыра» байқауының Бас жүлдесiн жеңiп алды.

Ғасырлармен домбыра жасаудың қыр-сырлары атадан балаға, ұстаздан шәкiртке берiлiп келгенi рас. Әйтеуiр, бұл әлемде бiр әдемi ұрпақтар сабақтастығы мен дәстүрлер үндестiгi бар. Бабалар өсиетiн есте сақтап келе жатқан шебер Жолаушы Тұрдығұлов бүгiнде шәкiрт тәрбиелеу мәселесiмен де айналысып келедi. Ұстаздың қуанатыны – жастар арасында кәсiби деңгейде домбыра жасауды үйренгiсi келетiндердiң барлығы. Домбырашы-шебер өзiнiң талантты шәкiрттерiн мақтан тұтады. «Менен де асып жатқан шәкiрттерiм бар ғой» – деп мақтанып қояды.

Қазiрдiң өзiнде елiмiздiң ең белдi-белдi домбырашы-күйшiлерi Жолаушы Тұрдығұловтың қолынан түлеп ұшқан аспаптарда өнер көрсетiп, халықтың ерекше ықыласына бөленiп келедi. Асылбек Еңсепов, «Ұлытау» тобының домбыралары да шебердiң қолынан шыққан.

Шебер қандай да бiр ұлт аспабында ойнауды бастамас бұрын домбыра тартып үйрену керек деген пiкiрде. Себебi домбыра өзге де ұлт аспаптарына жетелейтiн жолдың кiлтi болса керек. Кiшкентайынан домбыра тартып үйренген бала өзге аспаптарды оңай меңгеретiн көрiнедi. Әйтеуiр қазақтың өзiмен бiте қайнасып кеткен аспаптың қыр-сырлары әлi де көп болса керек. Бiз бүгiн домбыраның хас шеберiнен аспаптың кейбiр құпияларын ғана естiп-бiлдiк.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары