«ҚҰЛ БАЗАР» ҚЫЗ-ҚЫЗ ҚАЙНАУДА

«ҚҰЛ БАЗАР» ҚЫЗ-ҚЫЗ ҚАЙНАУДА

«ҚҰЛ БАЗАР» ҚЫЗ-ҚЫЗ ҚАЙНАУДА
ашық дереккөзі
318

Бүкiл әлем бойынша жыл сайын 600-800 мыңға жуық адам құл сату құрбанына айналады екен. Ал АҚШ мемлекеттiк департаментi таратқан деректерге сенсек, Қазақстан адам саудасын жүзеге асыратын және өзге елдерге асыратын транзиттiк ел болып табылады. Ең сорақысы, тағдыры тәлкекке ұшырағандар арасында бейкүнә балалар да бар. Оларды адам саудасымен айналысатын қылмыстық топ өкiлдерi кейбiр есерсоқ ересектерге төсек қызығын сыйлатуға, ауыр жұмыстар атқаруға мәжбүрлейдi екен…

БАЛАЛАР ДА ҚҰЛДЫҚҚА САТЫЛАДЫ

Негiзi құл базарға айналған Қазақстандағы адам саудасына алаңдаушылық танытқан Америка ғана емес, қазақстандық билiк пен отандық сарапшылар да. Есiрткi саудасымен қатар тұратын бұл қылмыстық нарықтың «тауар айналымы» жыл сайын 3-4 миллион долларға тең. Әрине, аталған көрсеткiш уақыт өткен сайын арта түсуде. Абайсызда алаяқтардың құрығына түсiп қалған Қазақстан азаматтары әсiресе, Түркия, Бiрiккен Араб әмiрлiктерi, Оңтүстiк Кипр, Оңтүстiк Корея, Израиль мен Ресейге көптеп тартылады екен. Әйелдердi сексуалдық қызмет көрсетуге, ал ер адамдарды күштеп ауыр жұмыстарға жегетiн қылмыскерлер ұрлап әкеткен жас балаларды да саудаға салып жiберуден еш шiмiрiкпейдi. Ең сорақысы, бейкүнә балалар ерiккен есерсоқ ересектерге төсек ләззатын сыйлауға да, қабырғасы қайысып жүрiп ауыр жұмыстар атқаруға да мәжбүр… Сондықтан әрбiр ата-ана ақкөңiл де сенгiш балаларды бейтаныс адамдармен шүйiркелесе кетуден сақтандыруға, мезгiлсiз жүргiзбеуге, қараусыз қалдырмауға дағдыланғаны жөн.

ҚР Қылмыстық кодексiнде азаматтарды құлдыққа сатқандарды жауапқа тарту қарастырылған. Мемлекеттiк органдар адам саудасымен айналысқандарға кесiлетiн жазаны ауырлатуға, құқықтары тапталған азаматтарды қорғауға қатысты бiрнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгiздi. Түрлi бағдарламалар жасады.

Қазақстанда кеңiнен етек алуына елдегi экономикалық және әлеуметтiк ахуалдың төмендiгi себеп. Яғни, республикамыздағы жұмыссыздық деңгейiнiң жоғарылығы, жалақының тым төмендiгi, өз мүмкiндiгiн пайдалануға келгенде «жомарттың қолын байлаған жоқтықтың» кедергi болуы. Дәл осы жағдайларды өз мүдделерiне тиiмдi пайдаланатын қылмыстық топтар «Ол жақта сенi жұмақ күтiп тұр» деп аңқау отандастарымызды (әсiресе, ауылды жерлерде тұратындарды) елiтуге тырысады. Ал кейбiрiн күштеп, зорлықпен мәжбүрлейдi. Әсiресе, буыны қатпаған балаларды. Ал өзге елдерден келетiндердi қызықтыратыны — Орталық Азия мемлекеттерi арасында Қазақстанның экономикалық және әлеуметтiк ахуалының жақсы болуы. Өкiнiшке қарай, қазақстандық құқық қорғау органдары арасында сыбайлас жемқорлықтың дендеуi Қазақстандағы «құл базарды» ауыздықтауға мүмкiндiк бермейдi.

МЕМЛЕКЕТТIК БЮДЖЕТ АЙТАРЛЫҚТАЙ ЗИЯН ШЕГЕДI

Адам саудасына қатысты тағы бiр мәселе — Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстан мен өзге де азиялық елдер азаматтарын Қазақстан арқылы басқа мемлекеттердегi «құл базарларға» асыру. Көлеңкелi бизнес көзiне айналған адам саудасы қылмыстық топтарды пайдаға шаш-етектен кенелтумен бiрге құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң арасында сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына себеп болады. Қазақстанда әсiресе, құрылыс және ауыл шаруашылығы саласында заңсыз жолмен нан тауып жүрген шетелдiк азаматтардың еңбекақысын бергiсi келмейтiн кей отандас жалданушы жұмысын бiтiргеннен кейiн полицияға тапсыратын жағдайлар да көптеп кездесетiн көрiнедi. Қазақ Үкiметiнiң елiмiздегi заңсыз мигранттарға рақымшылық жасау туралы шарасы адам саудасына тосқауыл қоюды көздеген әрекеттен туындағаны белгiлi. Алайда ҚР Ата заңын белшеден басып жүрген кейбiр шетелдiк, әсiресе, көршiлес жатқан мемлекеттердiң азаматтары құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң араласуымен елден аластатылса да, «ат айналып қазығын табадының» керiн келтiруге, яғни, Қазақстан табалдырығын қайтадан заңсыз аттауға әуес. Республикамыздағы «құл базардың» қыз-қыз қайнауына «атсалысатын» да солар. Өйткенi, шет ел аумағында заңсыз жүргендердi адам саудасымен айналысатын қылмыстық топ өкiлдерi торға оңай түсiредi. Ал заңсыз иммигранттарды елдерiне тегiн қайтаруға қаржы бөлiнетiнiн ескерсек, жыл сайын қырауар қаржы жұмсалынатын мемлекеттiк бюджет айтарлықтай зиян шегедi.

Кез келген қылмыстық әрекеттердi әшкерелеу үшiн бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты ақпаратпен қамтамасыз ету қажет. Осы орайда, 2004 жылы ҚР Үкiметi адам саудасына қарсы тұру шараларын арнайы сабақ ретiнде орта мектеп пен жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгiздi. Ал кейбiр көршiлес елдерде, мысалы, Өзбекстанда «Шет елге аттанбас бұрын бiзбен ақылдас», «Ол жақта сенi жұмақ емес, тозақ күтедi» деген тәрiздес плакаттар iлiнген. Мұндай шаралар қылмыс деңгейiнiң азаюына әсер етерi анық. Алайда, Қазақстанда жыл сайын қанша адамның адам саудасының құрбанына айналатыны туралы нақты деректi бiздiң билiк те, халықаралық сарапшылар да тап басып айта алмайды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары