872
ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ МӘҢГҮРТТЕНДI?!
ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ МӘҢГҮРТТЕНДI?!
Қазақтың жазу әлiппесiн өзгерту сырына мен аспирантурада оқып жүрген кезiмде мән бере бастадым. Өйткенi, ғылыми жетекшiм, академик Қажым Жұмалиев менiң кандидаттық диссертациямның тақырыбына «Абай Құнанбаев әдеби мұрасының зерттелу жайы» (1889-1961 ж.) деп анықтама берген едi. Бұл тақырыпқа қажеттi дерек көздерi арабтың қадимше, төтенше жазу таңбасы мен 1930 жылдан бастап латын жазу таңбасымен жазылған әдебиеттерде жататын. Араб, латын жазу таңбасын бiлмейiнше дерек көздерiне кiру мүмкiн емес. Лаж жоқтықтан ол жазу таңбаларын өз бетiммен үйрене бастадым. Үйрене жүрiп ой келдi. Бұл жазу таңбалары не себептi өзгердi, кiмдер өзгерттi, қандай мақсатпен өзгертiлдi деген сұрақ ойымнан кетпедi.
Неде болса ойымды қағазға түсiрiп, құпия сақтайын деген мақсатпен, «Әрiптер неге өзгердi» деген шала-шарпы мақаламды жазып тастадым. Уақыт өте бердi, Өзбекстаннан Қазақстанға қызметке ауыстым. Тағдыр менi М.Әуезовтiң музей үйiне әкелдi. Мұхтар Әуезов абайтанудың негiзiн салушы деген тақырыппен айналысып, жазушының жеке архивiн армансыз ақтарып, ой-таным сырларына бойладым. Тағы да алдымнан ұлы жазушының орыс миссионерлерiнiң қазақты шоқындыру, орыстандыру туралы тума ойларының тасқа сiңiп таралған алтынның белгiсiндей келер ұрпаққа автоцензура тәсiлiмен табыстап кеткен ойларының жұмбақ көмбесiне кезiктiм. Бұл менiң жан дүниемдегi бүркеулi жатқан ұлттық намысыма ұшқын тастап жiбергендей өрттей лаулап жана жөнелдiм. Бұл сезiм менi «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген кiтабымды жазуға алып келдi. Ресей патшалығы мен кеңестiк империяның қазақтарды орыстандырып, бiр саяси организмге айналдырып жiберу, егер бұған көнбесе, жер бетiнен сыпырып тастау туралы құпия сырдың саяси мақсатына шамам жеткенше қаныға түстiм. Мұны жете танып бiлуiме орыстың миссионер ғалымдарының зерттеу еңбектерi мен Кеңес үкiметiнiң архив сөресiнде жасырын жатқан құпия құжаттары да көмектестi. Бұл дерттен тәуелсiздiк заманында да құтыла алмай әрi коммунизм iлiмiнiң оқуы өтiп кеткендер сезiне алмай дүбәра кезеңде тұрмыз. Әрине, батпаңдап кiрген мәңгүрттiк дертiнен мысқалдап шығатын рухани жолмен ғана арылмақпыз. Қазақ жазу әлiппесiн өзгерту саясатының қатпарлы қабаттары да болған едi. Не себептi әуелi латын жазу таңбасын алудан бастадық? Мұндағы саясаттың бiр қыры – бiрден орыс жазу таңбасына өтер болса, орысқа қарсылықтың күшейiп кету қаупiнде жатты. Өйткенi, ол кезде орталық жүргiзiп отырған саясаттың астарын бiрден танып бiле қоятын зиялы қауымның қатары бұзылмаған едi. Оларды латын жазу таңбасын алу арқылы бiр-бiрiне айдап салып, қарама қарсы жiкке бөлiп жiберiп, келешекте бiрiн бiрiнiң көзiн жоюға пайдалану жағы да есепке алынды. Екiншiден, алдымен латын жазуын, артынша орыс жазу таңбасын қабылдау арқылы халықты бiрнеше жылдар бойы сауатсыздандыра түсу жағымен ұтса, бiр жағынан келешек жас ұрпақтың өткенiн танып бiлу жағы күрделенiп, қиындай түсу жағы да есепте болды. Саяси маневр жасау арқылы орыс жазу таңбасын қабылдатудың жолы жеңiлдене түсетiн мүмкiншiлiктi пайдалану жағы да ескерiлдi. 1937 жылдың қызыл қырғынынан кейiн балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен жағдайда орыс жазу таңбасын қабылдау у-шусыз, еш бiр қарсылықсыз жүзеге асқанын көремiз. Алтыншыдан, әдебиет пен мәдениетте, ұлттық өнерде ежелгi, өткендегi тарихи тақырып пен рухани құндылықтар көзiне баруға тиым салынды. Өйткенi, өткендi тiрiлту, тарихи сананы жаңғырту ұлттық сананы оятып жiберетiнi себептi, ол тақырыптар қатаң бақылауға алынды. Қазақстан Компартиясы ОК-нiң әдебиет, ұлттық өнер туралы арнаулы қаулыларының бәрi де бастан аяқ орталықтың осы талабын асыра орындаумен шектелдi. Ақын-жазушы, өнер адамдарынан тек қана бүгiнгi тақырыпты жырлауы қажеттiлiкке айналдырылды. Кеңестiк тұрмысты социалистiк реализм тұрғысынан жырлаушылардың «бағы» жанды да, тарихи туынды жазғандар негiзiнен қудаланып, сынның астында қалды. Мысалы, М.Әуезов, I.Есенберлин т.б. Орталыққа керегi майда ұлттардың қолдан жасалып жатқан кеңестiк жасанды жаңа адамның (орыстанудың) қалпына түсуiнде жатты. Мұның нәтижесi ССРО-ның 1926 жылғы есебiндегi 194 ұлттың, 101-i қалып, 93-i түгелдей орыстанып, өзiнiң ұлттық рухани болмысынан айрылумен тынды да, қалғандары келешекте осы тағдырды күтiп отырды. Ассимиляцияға ұшырап, өзiнiң ұлттық болмысынан қол үзiп, мәңгүрттене бастаған халықтардың рухани болмысындағы өзгерiстерге назар аударсақ мынадай ортақ белгiлердi көремiз: 1. Ұлттық жазу таңбасынан айрылып, латынды, соңынан кириллицаны қабылдап, өткендегi тарихын оқи алмай мәңгүрттену; 2. Жеке ұлттардың халықтық жадын ұмытып, өткендегi ұлттық тарихи санасынан көз жазып қалу; 3. Дiнiнен яғни рухани тiрегiнен мүлде айрылуға бет алу; 4. Ұлттық менталитетiнен яғни дiлiнен ажырауы; 5. Табиғи тiл байлығынан қол үзiп, тарихи ой-санасының кедейленуi; 6. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-санасынан көз жазып, рухсыздануы; 7. Отбасы тәрбиесi мәйегiнен тыс қалып, жаттануы; 8. Ұлттық өнер туындыларының уызына жарымай, тiптi, ұғына да алмай, бөгде ұлт өнерiнiң ығына санасыздықпен жығылуы; 9. Түрiктiк ортақ рухани тұтастықтан алыстай беруi; 10. Ұлттық антропонимдер бояуының солғын тартып, алашұбарлануға бет алуы; 11. Орыс тiлi мен емлесiнiң ықпалына түсуi себептi, ана тiлiнiң дыбыстық табиғи бояуының солғын тартып, орфоэпиялық дағдарысқа ұшырауы; 12. Екi тiлдi қалыпқа түсiп, сөйлеу тiлiнiң шұбарлануы; 13. Шала қазақ пен ада қазақтардың нигилистiк, космополиттiк қалыпқа түсiп, рухани жағынан азғындауға бағыт алуы; 14. Мiнез-құлық этикетi мен киiну жағынан сырттан енген модалық көрiнiске ойсыз, қамсыз ерудiң себебi де А.Байтұрсынов атап көрсеткендей: «…тiл мен дiлiнен айрылған қазақ неге көрсеқызар болмасынның » өзi болып шығуы; 15. Дүниетаным жағынан евроцентристiк танымның тұтқынында қалуы. Мiне, мәңгүрттенудiң бұлар басты көзге ұрар ортақ белгiлерi ғана, оның көрiнбейтiн iшкi рухани әлемiмiздегi өзгерiс белгiлерi бiр Аллаға ғана аян. Қазақ халқының бүгiнгi болмысы осы айтылған ортақ белгiлерден алыс жатқан жоқ. Бұлардан, яғни мәңгүрттiк рухани қасiретiмiзден қайтсек арыламыз? Бұдан құтылудың, түбiрiмен тазарудың жолы бар ма? Бар! Алыс та болса жақын жолы бар. Ол – ұлттық идея мен ұлттық идеологияны қалпына келтiрiп, рухани болмысымызды жаңғыртуда жатыр. Ұлттық идея – уақыт демiне, заман ағымына қарай өзгерiске түсiп, анықталып, толысып, дамып отыратын құбылыс. Отарланған түрiк халықтары бiр кездерде жадидизмдi ұлттық идея ретiнде ұстанды. Алаш партиясы қазақтар үшiн Ресей құрамындағы ұлттық автономия құруды ұлттық идеяға айналдырды. Кеңестiк кезеңде мемлекет түрiн малдандық. Ұлттық идеямыз және оның тiрегiне айналар мызғымас тұғыры – ұлттық мемлекетiмiздi қалыптастырып, мейлiнше дамытып өркендетуде жатса керек. Егер ұлттық мемлекетiмiз толысып өркен жайса, барлық мәселе сол арқылы әдiлеттi шешiмiн тауып, жүйелi желiсiмен жалғасын тауып кете бермек. Ал, ұлттық идеологиямыз жайында ойласар, пiкiр алысып, талас тудырар әр қилы бұралаң жақтары да көрiнiс берiп жатады. Бүгiнгi күнде әлем мемлекеттерi ұстанып отырған идеологияның түрлерi де сан алуан. Ол әрбiр мемлекеттiң ұлттық жағдайына, өткен тарихы мен ұстанған салт-санасына, көздеген мақсатына қарай анықталады. Бiздiң де ұстанған ұлттық идеямызға сай ұлттық идеологиямыздың болуы мiндеттi құбылыс. Осы тұрғыдан қарағанда: 1. мемлекеттiк идеология, 2. дiни идеология, 3. ұлттық идеология, 4. жарнамалық идеология, 5. миссионерлiк идеология және 6. шет елдердiң сырттан таңатын, тiптi, қысым жасайтын, бiзге жат әр қилы идеология түрлерi де болмақ. Қазақстан Конституциясы бойынша бiз – зайырлы мемлекетпiз. Осы себептi бiзде ислам дiнiнiң орнығып, өрiс жая бастауы қарқынды болса да, дiни идеологияны шешушi орынға қоя алмаймыз. Зайырлы мемлекеттiң болмысы ол идеологияны жақтаса да, шешушi идеологиялық орынға қоя алмасы мәлiм. Бiздiң халқымыз тәуелсiз мемлекетiн құрып, әлемдiк өркениет жолына түскенiмен, отаршылдықтың аяусыз қанауына түсiп рухани қорлығы еттен өтiп сүйегiне жеткендiктен, шешушi орынға ұлттық идеологияны қоймай тұра алмайтынымыз да заңды құбылыс. Мұның үстiне бiз түрлi саяси-әлеуметтiк жағдайлар мен көршi державалардың ұстанар пиғылына қарай отарсыздандыру саясатын тiкелей тiзеге басып, Прибалтика елдерi тәрiздi бiрден жүзеге асыра алмадық. Осы себептi де осы саясатты өз орнына қоймаса да, оның орнын толтыра алатын ұлттық идеологияны шешушi орынға қойып, оған сүйенбей тұра алмаймыз. Мәселенiң бұл жағымен де есептеспей кете алмайтын тұстарымыз баршылық. Осы өткiншi жағдайларды назарда ұстай отырып, ендi бұрынғы бұйығы самарқау қалыппен жүре беру дағдысынан арылып, заман ағысынан қалмау үшiн, ұлттық идеологиямызды жаңа деңгейге қоюдың зәру мiндетi алдымызға қойылуда. Бұл өзектi мәселенi қоғамымыздың әрбiр адал азаматы сезiнуi қажет. Өйткенi қазақ қауымы, жалған намыстанудың қажетi жоқ, тұтас мәңгүрттенген қауым. Зорлау саясаты бiздi осындай мәңгүрттiк жағдайға алып келдi. Тiптi, бұл қауымның iшiне тәуелсiздiк жылдарында туған жаңа буын жас ұрпақ та кiредi. Өйткенi, мәңгүрттенген отбасынан мәңгүрттенген ұрпақ шығатынын күнде көрiп жүрмiз. Сондықтан да бұл қауымды сырттан таңылған рухани дерттен сауықтырып, отаршылдық қысым ендiрген құлдық санадан арылту жолын жаңа рельске қойылған ұлттық идеология ғана атқара алмақ! Қазақстандық патриотизм ұғымы да осы негiзде қалыптасса ғана өмiршең болмақ. Бiздiң қауымның, тiптi, оның iшiнде зиялы тобының ой-санасы, дүниетанымы евроцентристiк көзқарастың тұтқынынан арыла алмай келедi. Бұл дерт, әсiресе, шала қазақтар мен ада қазақтардың арасында үстем болып тұр. Осы дертке шалынып евроцентристердiң ой-санадағы шапанын жамылып жүргендердiң ұл мен қыздары ауылдан келген қазақ балалары мен қыздарын «мамбет, мамбетка» деп мазақтап, өздерiн жоғары санайтыны аз да болса өмiрден орын алып келедi. Бұл дертке орыс қауымы да ХVIII ғасырда шалынып орыс патриоттарының ұзақ та табанды күресiнiң арқасында арылып, бүгiнгi қалпына түскен едi. Орыс дворяндары мен кулактарының ұл-қыздары Франция мен Германияда оқып, орыс болып туғанына намыстанып, орыс тiлiнде сөйлеудi ар тұтқан замандар өткен. Олар өздерiне петиметри, кокетка деген ат алып, мәдениеттiң ұшар басына қолы жеткенiмсiп, өз қандастарын қорлайтын нигилистiк дерттi бойына жұқтырған едi. Осындай жүгенсiздiктi қазiргi орыстанып кеткен бiздiң шала қазақтар мен ада қазақтардың ұл-қыздарының оспадарсыз нигилистiк қылығы көрсетiп жүр. Бiрақ бұл құбылыс өткiншi, қазiрдiң өзiнде олар саналы, ойлы жастардың сайқымазағына ұшырап, күн өткен сайын қазақ тiлiнiң жанданып күшеюiне байланысты шегiнiп, бiртiндеп шөгiп бара жатқан қалпын танытады. Айрықша мән беретiн мәселенiң бiрi – қазiргi европалықтардың мiнез-құлқы мен рухани болмысына елiктеу мен солықтау жағынан бiздiң қазақ жастары бәйгенiң алдын берер емес. Әсiресе, ұлы Абай «Арсыз болмай мал қайда, айлакер болмай бақ қайда?» – деп таңбалап айтқанындай ада қазақтар мен шала қазақтардың қоғам байлығын «заңды жолмен» талап алып, бойына сiңiрiп қалу үшiн азаматтық қоғам деген модельге бас ұрып, насихаттап жатуы жәй нәрсе емес. Бұл танымға ұлтсызданған тоғышар пиғылдағы ұлттық буржуазия мен осы пиғылды iштей жақтаушы кейбiр саяси билiктегiлердiң мүддесi жақын тұрғандай сезiледi. Бiздегi ұлтсызданған буржуазияның американдық азаматтық қоғам үлгiсiне құлша табынып армандауына – бiздегi мәңгүрттенген көнбiс тобыр ғана көнедi. Бұл ниеттегiлердiң және олардың қолтығына су бүркетiн сыртқы идеологтардың бәрi де ұлттық мемлекет дегеннен зәре құты қалмайды. Осы құбылысты сырттан бақылап отырған ойшыл жазушы Ш.Айтматовтың Мұхтар Шахановқа жазған пiкiрiнде: «…В.В.Путин орыс тiлiн бiлмеген адамның Ресей азаматы бола алмайтынын кесiп айтты… Өздерiңде қойылып отырған «қазақстандық ұлт» идеясы, негiзiнен, американдық бағытқа жақындау, қателеспесем, тiкелей ұлтсыздануға бастайтын жол сияқты» деп қауiптенуiнiң негiзi бар жанды пiкiр. АҚШ-тың қоғамдық болмысы бiзге мүлде жат құбылыс. Европадан байлық көзiн iздеушiлер 12 млн.үндiстердiң көзiн жойып, солардың сүйегiнiң үстiне орнатқан азаматтық мемлекет – ұлтсызданған мемлекетке айналып, американдықпыз деген танымды орнықтырды. Бiздегi «қазақстандық ұлт» деген идея осы американдықпыз дегеннiң қазақстандық баламасы болып жүрмесiне кiм кепiлдiк бере алады. АҚШ мемлекетiнiң болмысы мүлде басқа космополиттiк қалыптағы өзгеше қоғам. Ал, бiздiң болмысымыз көшпелi өркениет негiзiнде рухани құндылықты ар тұтқан, өзiндiк қайталанбас ерекшелiгi бар мүлдем басқа қоғам. Евроцентристiк қалыптан шыға алмау Қазақстандағы педагогика ғылымы саласында анық байқалады. Бiздер оқытып, тәрбие құралына айналған педагогика ғылымының моделi европалық халықтардың тұрмысы мен қоғамдық болмысы негiзiнде жасалған. Қазiргi барлық оқу орындарындағы тәлiм-тәрбие осы ғылымның негiзiнде жүргiзiлiп келедi. Ал, түрiк халықтарының көшпелi болмысы өзiне сай қайталанбас ерекшелiгi бар өркениеттi тудырды. Бiздiң халықтық педагогикалық танымымыз осы өркениет негiзiнде жасалып, ғасырлар бойы қолданыста болып толысқан едi. Осы себептi оның ғылыми моделi ұлттық, халықтық танымның негiзiнде жасалмағаны керек едi. Қазiрдiң өзiнде қалыптасып, толысты деген қазақ тiл ғылымының өзiндiк ұлттық моделiн жасап, сол негiзде дамудың жаңа жолына түсу талабы қойыла бастады. Бүкiл ТМД-ны жайлаған түрiк халқының ой-санасында орныққан бiр жалған таным бар. Ол бiздiң ой-санамызға сiңiсiп, стереотиптiк ұғым ретiнде қалыптасып кеткен. Аталмыш халықтардың Ресей империясына қосылуы прогрессивтi құбылыс ретiнде бағаланатын жалған танымда жатыр. Бұл ойдың басында марксизмнiң классиктерi тұр. Бұл танымның арғы төркiнi евроцентристiк кертартпа дүниетаным әлемiмен ұштасады. Халықтарды мәңгiлiк құлдықта ұстап тұру үшiн, олардың дүниетаным, ой-санасын да табындырудың кiлтi евроцентристiк танымда жатқанын олар терең сезiндi. Маркс Ресейдiң күншығысындағы елдерге әсерiн оң бағалайтын пiкiрiнiң евроцентристiк таным шеңберiнен шыға алмауы әрi В.И.Лениннiң түркiстандықтарды «жабайы, жартылай тағы» халықтарға жатқызуы осының айғағы болатын. Түркiстан өлкесiнiң, оның iшiнде қазақ елiнiң Ресейге «өз еркiмен қосылуы» прогрессивтi құбылыс болды деп 1981 жылы оның 250 жылдығы тойлануы осы танымның шеңберiнде өтiп жатты. Осы евроцентристiк танымға түрiк халықтарының арасында ең алғаш қарсы пiкiр айтқан проф. Қ.Жұбанов тезисi оның 1937 жылы халық жауы деген жаламен атылуына себеп болған едi. Өйткенi, ол Индияны отарлаған ағылшындар мен қазақ елiн отарлаған Ресей отаршылдарының қанды әрекеттерiн салыстыра отырып, Қазақстанның Ресейге қосылуы кертартпа құбылыс деп бағалап, айғақты дәлелiн де айтқан болатын. Ресей патшалығы түрiк халықтарын жаулағанда отаршылдықтың ең сорақы түрi скваттерлық тәсiлдi ұстанған едi. Отарлаудың бұл түрi тартып алынған жерге метрополиядан әкелiнген келiмсектерге әлеуметтiк жеңiлдiктер жасап, мәңгiлiкке қоныстандыру мақсатын жүзеге асыруға барын салды. Бұл әрекеттiң де кеңестiк заманда шешушi саясат ретiнде ұсталғаны КПСС ОК басхатшысы Н.С.Хрущевтың Жалтыр станциясында тың игерушiлерге қарата айтқан сөзiнде: «Бұл жердiң иесi сендерсiңдер!» деп қадай айтуында көп сыр жатыр. Ресейдiң қазақ жерiне водворение саясатын ендiрудiң себебi де, осы скваттерлық саясатты жүргiзумен тiкелей байланыста жатқан құбылыс. Қазақ елi Ресейге «өз еркiмен» қосылғанда халықтың тiлi, дiлi, дiнi және ұлттық салт-санасы тұтас, тұрмыстық мәйегi уыз қалпымен енген едi. Ресей отаршылдары қазақ елiнiң осындай бiр бүтiн тұтастық қалпына айрықша жауығып, миссионерлiк саясатын қарсы қойды. Мемлекеттiң басты мақсаты – қазақтарды шоқындырып, орыстандыру iсiне шешушi мән бердi. Бұл саясат қазақтардың ұлт ретiнде рухани жағынан азып-тозып, ұлттық санасы мен халықтық тарихи жадынан айрылып, тұтас мәңгүрттенуiне алып келдi. Ағылшындар жаулаған үндiлердiң ұлттық санасы жоққа тән болуы себептi, олардың бәрi де шөкiмдей жердiң шылауында қалып, адам төзгiсiз ұлттық езгiге түсуi мен рухани жағынан қорлануынан туындаған стихиялы күресi олардың ұлттық санасының оянуына алып келдi. Ол елде ағылшындар қаншама университет пен оқу орындарын ашуына қарамай тәуелсiздiк жолындағы күресте үндiлер жеңiп шықты. Ал Ресей отаршылдары жаулаған қазақтардың рухани әлемi мен ұлттық санасы жаншылып, ел билеу жүйесiнде жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтырудың болыстық жүйесi халық психологиясын, мiнез-құлқы мен тұрмыстық салтын бұзып, ұлттық құндылықтарымыздан жаппай айырыла бастадық. Сонда бiздiң Ресейге «өз еркiмiзбен» қосылғандағы ұтысымыздан ұтылуымыз басым түсiп, ұлт ретiнде жұтылып кетуге бiржола бағыт алсақ, бұл несiмен прогрессивтi құбылыс болмақ? Демографиялық жағдайымыз Ұлы Отан соғысы алдында 6 миллионнан 2 миллионға түсiп кетсек те, мәңгүрттенген зиялыларымыздың бiразы ескi стереотиптiк қате ұғымынан арыла алмай келедi. Ресей империясының ұсақ ұлттарға деген нәсiлшiл шовинистiк ұстанымын төңкерiстен кейiн большевиктер бiрде ашық, бiрде жасырын түрде жалғастырып келдi. Бiрақ бұл әрекетiн халықтар достығы ұранымен ұсақ ұлттарды алдаусыратып, оларды орыстандыру мен мәңгүрттендiру саясатын толассыз жүзеге асырып жатты. Бұл саясаттың айғақты нәтижесi 194 ұлт пен ұлыстың алпыс жылдан астам уақыт iшiнде 93-i жұтылып кетуiнде жатыр. Бүгiнгi Ресей Федерациясы қаласын қаламасын осы нәсiлшiл шовинистiк саясатты ұстанып, ұлттық округтарды жоюға бағыт алуын мемлекеттiк Думаның депутаты Алексей Митрофановтың: «Идея упразднения национальных республик давно овладела умами отдельных политиков. «Пионером» считается В.Жириновский, предлагавший оставить в стране не то 15, не то 30 губерний – и никакого большевистского «национально-территориального деления», – деген пiкiрi айқындайды. Ресей Федерациясы адам құқығын аяққа басу, ұсақ ұлттардың тiлi мен мәдениетiне қысым жасап, ассимиляцияға түсiру, жастарының неофашистiк пиғылға берiлу қылығын халықаралық қоғамдық ұйымдардың қатты сынға алуы шөптiң басы жел тұрмаса қимылдамайды деген ұғымға меңзеп тұр. Бұл пиғылдың жазылмайтын дерт екенiн бiр кезде Қазақстанды басқаруға келген Колбиннiң депутат Мұхтар Шахановпен iштей сырласқанда: «Ендi айтайын.Сiздер қанша тырыссаңыздар да қазақ тiлiн мемлекет тiлi жасай алмайсыздар… 250 жыл бойына Ресейдiң қол астында келесiздер ғой. Қашан ұлт ретiнде жойылып, өздерiңiз түгел орысқа айналып кеткенше, осылай қаласыздар. Құрсаудан шығуға ұлы орыстық шовинизм жiбермесi айдан анық. Өйткенi Сiздер орыстарға өте тиiмдiсiздер… Ендi ана тiлiн жеке басында немесе отбасында жойып алған, әр салада билiк басында жүрген қазақтарыңыздың өзi-ақ Сiздерге ана тiлдерiңiздi мемлекеттiк тiл жасауға жол бермейдi», – деп «ағынан жарылуының» өзi-ақ бар мәселенiң құпияланып келген саяси сырының астарын ашып берiп отыр. («Қазақ әдебиетi», 08.12.2006 ж.). Мiне, осыдан кейiн де кеще болып кетпесе, әр қазақтың намысы оянып, түбiн ойланып әрекет етер заманы келдi емес пе?!
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
профессор