«ҚАЗАҚСТАН» ТРК: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГIН

«ҚАЗАҚСТАН» ТРК: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГIН

«ҚАЗАҚСТАН» ТРК: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГIН
ашық дереккөзі
245

«Қазақстан» ТРК-ның төңiрегiнде әңгiме көп. ТРК болғанда, ол әңгiмелердiң көбi, әсiресе «Қазақстан» телеарнасына байланысты жиiрек айтылады. Бұл әңгiмелер, негiзiнен, осыдан тұп-тура бiр жыл бұрын «Қазақстан» ТРК басшылығына Нұртiлеу Иманғалидың келуiнен басталған. Оның себебi, бұрынғы басшылықтың ауысуына байланысты, ТРК-ның сол кездегi қызметкерлерi наразылық акциясын бастаған болатын. Наразылықтың басы әуелде аталмыш телеарнаны «әлдекiмдер (оның арасында еуразиялық топтың да аттары жүрген) сатып алайын деп жатыр екен» деген әңгiмеден шыққан. Әрi «қазақстандықтардың» көңiлiнде қазақтiлдi бағдарламаларға қауiп төне ме деген қорқыныш та бар едi. Бүкiл республикаға белгiлi болған наразылықтың соңы министрдi, яғни Е.Ертiсбаевты сотқа беруiмен аяқталған едi. Сот шағым берушiлердiң арызын қанағаттандырмай тастағандықтан, сол даудың ақыры «жабулы қазан» күйiнде қалды. Бiрақ, әңгiме мұнымен тоқтаған жоқ. Әлi де жалғасын тауып келе жатқан пiкiрталастың бiрi – бүгiнгi телеарна бағдарламаларының, оның iшiнде қазақтiлдi бағдарламаларының сапасына байланысты болса, ендi бiрi – телеарнаның сатылуына тiреледi. Ендi арнаны сатып алушылардың қатарында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен «Самұрық» холдингiнiң аты атала бастапты. Жалпы, көпшiлiктiң арасына сатып алу мен сатылу жайындағы жел сөздердiң қайдан шығатынын кiм бiлсiн, әйтеуiр, «сатылыпты-мыс» немесе «сатылады-мыстың» тегiнде тез арада тарайтыны тағы рас. Қаншалықты бұл әңгiме шындыққа жанасады? Бiз де мұның сырын бiлгiмiз келген.

Жалпы, «Қазақстан» ТРК-да басталған даурықпа әңгiме неден туындап едi?! Өткенге тағы бiр көз жүгiртiп көрейiкшi. Сонымен, кеше, яғни кешегi басшылық кезiнде, расында да қазақ тiлiндегi бағдарламалардың саны сексен пайызға жеткен екен. Көрермен көзайымы болған «Шынның жүзi», «Мезгiл» сараптамалық бағдарламасы, «Күлтөбе», «Алтын қақпа», «Ақжүнiс», «Қыз қуу» сияқты бағдарламаларымен қатар, қазақтың «Мәңгiлiк мұрасын» жинақтау қолға алынған едi. Мұның бәрi ұлттың рухани қазынасын елге қайтарсақ деген игiлiктен туындаған болатын. Осындай рухани құндылықтарға, ұлттық дүниелерге жасаған еңбектерiне қарамастан басшылық қызметiнен кеттi. Әрине, өз еркiмен емес. Жүз пайыз акциясын үкiмет иемденетiн мекеме басшыларының ауыс-түйiс те болуы заңдылық та едi. Бiрақ, соған қарамастан, басшылық қызметiнен кеткен күнi, бiр топ телеарна жүргiзушiлерi өз ерiктерiмен наразылық шеруiн бастады. Бейбiт шеру иелерi басшылықтың, яғни Ғалым Доскеннiң қызметтен алынуының себепсiз екендiгiн алға тарта отырып, оның астарында «Қазақстан» ТРК-ны сату мәселесi жатқандығын да тiлге тиек еткен. Бiрнеше апта бойы елдi елеңдеткен осынау оқиғаның соңы «ит жығыспен» аяқталды. Наразылыққа шыққан «қазақстандықтардың» «жанайқайын» ешкiмнiң естiгiсi келмедi ме, әлде естiсе де қолдарынан келер дәрмен болмады ма, әйтеуiр соңы наразылық иелерiнiң өз еркiмен жұмыстан кетуiмен аяқталған. Сөйтiп, сол кездегi «қазақстандықтар» ұсынған бағдарламалар да олармен бiрге ұмытылып кете барды…

Бiр топ қызметкерлерiнен айрылғанымен, «Қазақстан» ТРК жабылып қалған жоқ. Бұрынғы бағдарламаның орнына жаңа бағдарламалар дүниеге келдi. Бүгiн «Қазақстан» телеарнасы әдеттегiдей көңiл сүйсiнерлiгi бар, көңiлге қоныңқырамайтыны бар, қазақ тiлiндегi болсын, орыс тiлдi болсын, өз бағдарламаларын ұсынып, көрерменiмен қауышып келедi. Рас, наразылық туындаған сәттерде, Нұртiлеу Иманғалиұлы көрерменiне берген уәдесiнен тайқып кетпедi. Жаңа басшы «қазақтiлдi бағдарламалардың қатары көбеймесе, азаймайтынын айтып, көпшiлiктiң алдында уәде берген. Сол уәденiң арқасында күздiң алғашқы күндерiнде «Қазақстан» телеарнасы «Күздiң он түрлi жаңалығын» көрерменiне ұсына бастады. Бұрынғы бағдарламаларға қарағанда түр-түсi де өзгеше жаңа дүниелердiң көрерменге жол тартқанына да көп бола қойған жоқ. Бiрақ, соған қарамастан, көпшiлiктiң арасында «кешегiсi дұрыс едi, бүгiнгi бағдарламалар көңiлге қоныңқырамайды, қазақшасынан орысшасы көбiрек» немесе «кешегiден гөрi бүгiн тәуiрлеу» деген сияқты алуан-алуан пiкiрлер айтыла бастады. Әрине, «бес саусақ бiрдей емес». Бәрiне төрешi көрерменнiң өзi. Бiз жақсы-жаман дегенмен, бiзге ұнамағаны бiреулерге ұнайтын шығар, ал, бiз ұнатқан нәрсенiң бiреуге ұнамайтыны да мүмкiн ғой. Сондықтан, бiз әдiл төрелiктi көрерменнiң өзi айтсын деп, көпшiлiктiң арасында статистикалық зерттеу жүргiзiп көрген едiк.

«Орысша-қазақша араласқан алабажақ дүние бүгiнгi қоғамымыздың көрiнiсi емес пе?»

Ең қызығы, бiз диктафон тосқан жандардың көпшiлiгi, «Қазақстан» телеарнасын, оның iшiнде қазақтiлдi бағдарламаларды көрмейтiн болып шықты. Тағы бiр қызығы, олар жалғыз «Қазақстан» телеарнасын емес, көптеген арналарымыздың қандай бағдарламалар көрсетiп жатқанынан да бейхабар. Ал, бiреулер тек қана жаңалықтар көрумен шектелетiн жеткiзсе, ендi бiреулер уақыттарының көбiн сериалдарға арнайды екен. Ендi бiреулер орыс тiлiндегi бағдарламалардың қызығырақ екендiгiн алға тосты. Бiз сауал жүргiзген топтың қырық-елу пайызға дейiнгiлерi қазақша бағдарламалар көрмек түгiлiғ телеарналардың қандай бағдарламалар ұсынатындығын да ашып айтып бере алмады. Және кешегiсiнен де хабарсыз. Бұл әрине, оңтүстiк астана жұртшылығына ғана тән нәрсе. Негiзiнен республикалық телеарналардың көрермендерiнiң көбi ауылда. Ауылдағы көпшiлiктiң пiкiрi жайлы бiрдеңе деу тағы қиын. Ал, оңтүстiк астана тұрғындарының арасындағы қазақтiлiдi бағдарламаларды, телеарналарды көретiндердiң пiкiрi де сан алуан. Бiреулер үшiн «Айтыс чемпионатының» орны ерекше болса, ендi бiреулерге бүгiнгi «он жаңалықтың» көбi көңiлге қона бермейдi екен.

«Шынымды айтсам, кешегi мен бүгiннiң арасында түк те айырмашылық жоқ. «Қазақстан» телеарнасы ғана емес, жалпы, телеарналардың ешқайсысына да көңiлiм толмайды. Басшылық ауысқан кезде үлкен жаңалық күткенбiз. «Күздiң он жаңалығы» деп, айғайлатқан кезде, жақсы бiр жаңалық болады-ау деп ойлағам. Ондай айғайлататындай ештеңе көрiп отырғам жоқ. Сол баяғы сарын. Өзге арналарға қарағанда «Қазақстан» телеарнасы ұлтты көбiрек ойлайды ғой дейсiң. Бiрақ, керемет ешнәрсе боп жатқан жоқ», – дейдi көрермендердiң бiрi. Есiмiн айтқысы келмеген тағы бiр көрерменнiң жауабы қызығырақ шықты. Оның ойынша, «Кеше, яғни Ғалым Доскен басқарған кезде, көп нәрсенi жасырып бақты. Яғни, қоғамдағы көрiнiстерден гөрi, ұлттық дүниелерге көбiрек назар аудартатын. Қазiргi бағдарламалардың бәрi бүгiнгi бiздiң бет пердемiздi ашып тұр. Орысша-қазақша араласқан алабажақ бағдарламалар бүгiнгi бiздiң қоғамымыздың көрiнiсi емес пе? Жеңiл-желпi дүние», – дедi.

Ал, айтыс десе, делебесi қозатын қазақтар үшiн «Айтыс чемпионатының» орны ерекше екен. Әр апта сайын берiлiп жүрген аталмыш бағдарламаны асыға күтетiндер де көп. Рас, «Айтыс чемпионатының» көркемдiк безендiрiлуi, студияның әсемдiгi көз тартатынын мойындауымыз қажет. Бұрын-соңды дәл мұндай студия болған емес. Оны көрермендер де жоққа шығарып отырған жоқ. Жалпы, студиялық ерекшелiк жағынан, қазiргi «қазақстандықтар» көш бойы алда келедi. Бiр бағдарламаға студия әзiрлеу, жалғыз адамның қолынан келетiн нәрсе емес. Ол қыруар адамның көмегiмен iске асады. Сондықтан, бұл жағынан «Қазақстан» телеарнасының ұтып отырғандығын да ескеруiмiз қажет.

Сауал жүргiзiп жүргенде тағы бiр байқағанымыз, кейбiр көрермендерiмiздi бұрынғы «қазақстандықтардың» қайда жүргендiгi де қызықтырады екен. Талантты журналистер көзден таса болғанымен, көңiлден кете қоюшы ма едi. Сүйiктi жүргiзушiлерiн iздеп, сұрап жатқан кейбiр көрерменге бiздiң де iшiмiз жылып қалды. Өз ерiктерiмен қызметтерiнен кеткен «қазақстандықтардың» қайда жүргенiн бiз де бiле бермеймiз? Тек, бар бiлерiмiз, өздерi бастаған игiлiктi iстерiн аяқсыз қалдырмайық деген ниетпен, «Ел» продюсерлiк орталығы құрылғанын, сол орталықтың ұйымдастыруымен «Iнжу-маржан», «Сағыныш», «Ән мен әншi» сияқты кештердiң жүзеге асып жатқандығы. Соған қарағанда, бiразы әлi де жұмыссыз жүрген сияқты.

«Кешегi мен бүгiнгiнi салыстырудың қажетi жоқ»

Әзiрге бейтарап көрерменнiң пiкiрi осылай. Кешегi «қазақстандықтардың» наразылығын қолдамағандардың бiрi – тәуелсiз журналистер Ораз Әлiмбек пен Бақытжан Қосбармақов болатын. Бiздiң сауалымызға Ораз Әлiмбек:

– Жалпы, бүгiнгi «Қазақстанды» кешегi «Қазақстанмен» салыстыруға болмайды. Солардың орнына келген бүгiнгi басшылықтың жасап жатқан дүниесiне келсек, олар да бiр-ақ хабар бар. Ол – «Айтыс чемпионаты». Айтыстың өзiнiң жанрына қарай, оның телевизиялық формасын жасады. «Бiздiң ұлттық өнерiмiздi шоу қылып жiбердi», — деп кейбiреулерге ұнамайтын шығар. Телевизиялық стандарт тұрғысынан қарасақ, бұл бүгiнгi «Қазақстан» телеарнасындағы сәттi шыққан бiрден-бiр хабар. Қалғандарының бәрi телевизиядан ауытқып кеткен. Қазiр бiзде өткен телевидение жоқ. Жасағандарының барлығы археизм. Бүгiнгi телевидение тiптен басқа. Бүгiнгi телевидениенiң стандарттарын түсiнбей отыр. Ең бастысы, осы мәселенi түсiнбесе, ол жерде ешнәрсе жасалмайды.

– Есiңiзде ме, наразылық кезiнде, олар қазақ тiлiндегi бағдарламалардың елу пайызға дейiн қысқаратынын айтқан едi. Дәл сонысы тура келген сияқты.

– Бұл мәселе, жалғыз «Қазақстан» телеарнасына қатысты емес. Бұл – бүкiл телеарналарға байланысты. Бүгiнгi жүргiзiлiп отырған саясатыңыз да осы. Мысалы, «қазақ тiлiнiң аясын кеңейтуге ақша көп бөлiнiп жатыр» дейдi ғой. Ақша көп бөлiне берсiн. Мәселе, ақшаның бөлiнгенiне байланысты емес. Бiздiң рынокты қарасаңыз, орыстану процесi жүрiп жатыр. Бiздiң рынок қайтадан орыстанды. Осы тұрғыдан алғанда, барлық телеарналарда осындай процесс жүрiп жатыр. Мәселен, 31-арнада да дәл осындай болып жатыр. Қазақ тiлiндегi бағдарламаларды азайту процесi КТК-да да жүрiп жатыр. Арзан, ешкiм көрмейтiн бағдарламаларды, яғни екi адамның сұхбаты түрiндегi дүниелердi жасап жатыр. Мұны телевизия деп айтуға келмейдi. Бұл жоғарыдан келiп жатқан саясат. Өткен жылдан бастап,қазақ тiлiндегi хабарларды қысқарту процесi жүрiп жатыр. Бұрын «Қазақстан» телеарнасы қазақша сөйлейтiн едi, бүгiн орыстанып кеттi дегендей ешқандай құбылысты көрiп тұрғам жоқ», – деп жауап бердi.

«Қазақстан» ТРК басшылығына Нұртiлеу Иманғалиұлы қызметке келген тұста, телеарнаның тағдырына алаңдағандардың бiрi – депутат Нұрбақ Рүстемов болатын. Содан берi бiр жылға жуық уақыт өтiптi. Мүмкiн, бүгiнгi күнi депутаттың аталмыш арнаға деген пiкiрi өзгерген шығар деген ниетпен, ол кiсiнiң пiкiрiн бiлгiмiз келген. Нұрбақ аға ә дегеннен-ақ, аталмыш арнаны көрмейтiндiгiн айтты.

– Мен «Қазақстан» телеарнасын көп көре бермеймiн. Бiрақ, кейде сайлаушылармен кездескенде естiп жатам. Олардың пiкiрiне қарағанда, қазiр ол арнаның бағдарламалары ұнай қоймайтын сияқты. Қарапайым халыққа ұлттық дүниелердiң көбiрек болғаны ұнайды ғой.

– Сiздiң ол телеарнаны көрмеуiңiздiң өзiндiк себебi бар ма?

– Жалпы, мен қазақстандық телеарналарды қарамаймын.

– Неге, сiзге ұнамай ма?

– Өйткенi, ешқайсысы қызық емес.

– Қызық болу үшiн, не iстеуiмiз керек?

– Бағдарламаларды өздерi ойлап таппайды. Шет елдiк болсын, Ресейдiң арналары болсын, бағдарламаларын қарап отырамыз ғой. Бiздiң арналар соның көшiрмесiн жасайды. Бiздiң сана-сезiмiмiзге, бiздiң менталитетiмiзге бұл жат нәрселер. Оларды қабылдай алмаймыз. Кешегi, Қасым Аманжолов жүргiзген «Шынның жүзi» қандай едi?! Қайда сол Қасым Аманжолов?! «Шынның жүзiне» барған кез-келген азамат абдырап, асып-сасып қалатынбыз. «Қандай сұрақ қояды екен» – деп, жүрегiмiз дiр ете қалатын. Сондай журналистер бар ма? Жалпы, бiрнәрсе жасауға тырысу керек. Жақсы бiр дүниелердiң өмiрге келгенiне қуанбайды емес, қуанамыз, – дедi Нұрбақ аға.

Сонымен, қазақтiлдi бағдарламалар жөнiндегi көпшiлiктiң пiкiрi осындай. Әркiм өзiнiң шыққан тауын биiк болсын дейдi ғой. Кеше «Қазақстан» телеарнасы дайындаған бағдарламалар сол кездегi қызметкерлер үшiн биiк болса, бүгiнгi еңбек етiп жатқан топтың да өздерiнiң биiктен көрiнгiсi келетiнi ғажап емес. Сондықтан, «кеше жақсы болып едi, бүгiн нашар» немесе «кеше нашар едi, бүгiн тәуiр екен» деп бiржақты пiкiр айтудан аулақпыз. Бiздiкi, бүгiнгi кез келген ақпараттық кеңiстiк қазақша сөйлеп, қазақша ойласа деген арман ғана. Ал, сатылу жағына келсек, әлi де бұл мәселе дүдәмал сияқты. Бастысы «Қазақстан» телеарнасы әлдебiр бай-манап магнаттардың ойыншығына айналмай, ұлттық дүниенi ғана жасайтын, ұлттың сүйiктi арнасы болып қалса деймiз.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары