ШЕБЕРЛIК ПЕН АДАЛДЫҚ

ШЕБЕРЛIК ПЕН АДАЛДЫҚ

ШЕБЕРЛIК ПЕН АДАЛДЫҚ
ашық дереккөзі
372

(Суретшi Әнуар Игембаев туралы сыр)

"Шiркiн-ай, суретшiлер жанға жайлы әсер ететiн, имандылық пен адамгершiлiктi ұлықтайтын композициялар жаза берсе ғой", — деп, тiлеймiз кейде қылқалам шеберлерiн көзiмiз шалса. Бiрақ, жарық пен қараңғыдан, күн мен түннен тұратын бiртұтас дүние мұндай суреттерден толымсыз күйде ғана көрiнедi.

Қара немесе сұр түстi бояуға қылқаламын батырғысы келмеген суретшi әдiлдiктiң қара жамылып, өңi сұп-сұр болған сәтiн сала алмайтыны анық. Демек, барлық түстiң қадыр-қасиетiн жазбай танитын, әрқайсын өз орнында қолданып, өнердегi адалдығын, өмiрдегi шыншылдығын паш ететiн, бiрегей қылқалам шеберлерiнiң арамызда жүргенiне тәубе деуiмiз керек.

Әнуар Игембаев — Ертiстiң Кереку өңiрiнiң тумасы (1954 ж.), Гоголь атындағы көркемсурет училищесiнiң түлегi (1977 ж), А.А. Аканаев, М.К. Хатахунов, Б.П. Пак тәрiздi әйгiлi суретшiлердiң шәкiртi, КСРО Суретшiлер одағының мүшесi (1981 ж.). Шығармалары облыстық, аймақаралық, республикалық және бүкiлодақтық көрмелерге қойылды, Ә. Қастеев атындағы мемлекеттiк бейнелеу мұражайында (Алматы), КСРО Суретшiлер одағы көрме дирекциясында (Мәскеу), Қазақстан Республикасының бiрқатар облыс орталықтарының музейлерiнде сақталуда. Сондай-ақ, Түркiстандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесiнде көрнекi орынға қойылған, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Германия, Англия, АҚШ, Канада, Оңтүстiк Корея, Мысыр елдерiндегi өнерсүйгiш азаматтардың жеке коллекцияларында құндылыққа айналған.

Әнуар республикадағы таңдаулы портретшi әрi жанрлық суреттердiң озық шеберi. Ғ. Мұстафин (1992 ж.), Ғ. Мүсiрепов (1992 ж.), С. Торайғыров (1993 ж.), Қ. Сәтбаев (1993 ж.), Естай Беркiмбайұлы (1993 ж.), Абай, Едiге би Төлеубайұлы, Шоң би, Шорман би, Торайғыр би, Мәди Бәпиұлы (2000 ж.) тәрiздi даңқты тарихи тұлғалармен қатар, есiмi жұртшылыққа белгiлi-белгiсiз замандастарының портреттерiн, "Мәңгiлiк", "Айқас", "Ел қорғаны" (2001 ж.) сияқты философиялық, бейнелi символдық серияларды жазды.

Ә. Игембаев өзiндiк композициялық мәнер — ұлттық ою-өрнектерге ұқсас пластикалық сызықтар мен ырғақтар қолдану арқылы дүниеге әкелген "Қазақ даласының әуендерi" сериясында (1998-2001 ж.ж.) қазақ халқының болмыс-бiтiмi, дүниетанымы көркем шешiмiн тапқан.

Қабырғасы азып-тозып, жарылған, терезесi күңгiрт, шатырында қызыл жалау iлiнген "Жалғыз үй" (1991 ж.) — кеңестiк қоғамдық құрылыстың құлау алдындағы жағдайын көрсететiн саяси астарлы мәнге ие шығарма. "Тастағы таңбалар", "Қазақтың таңбалары" (2005 ж.), "Қимақ елi", "Қалмаққырылған тауы" (2006 ж.) композицияларында ұлттық мәдениетiмiз бен халқымыздың ұлы күреске толы тарихы баяндалған.

Әнуар Игембаевтың оқиғаның орны мен болған уақытын көркем сюжеттерге жинақтаған жаңа полотнолары жайында жазылған жарияланымдарды оқу бiр басқа да, олардың түпнұсқасын көзбен көру, дұрысы көкiрек көзiмен қабылдау бiр басқа. Өйткенi, қас суреткердiң жан дүниесiндегi, санасындағы аспани образдар, жерлiк сюжеттер, бақилық һәм фәнилiк ғұмырлардың мәнi, шындық пен жалғандықтың, әдiлдiк пен қараниеттiлiктiң шайқасы кенеп бетiне көшiп, бояулар арқылы бiртұтас ғажайып әлем болып көрiнуi бiздiң суреттеуiмiзге көнбейдi. Оның үстiне, көркемөнердiң озық үлгiсi ретiнде танылатын әлгiндей туындыларды сезiмтал адам, еш боямасыз айтқанда, жанды сурет деп қабылдайды. Отаршылдық зардабын тартқан экология мен этномәдениеттiң жай-күйiнен сыр шертетiн "Полигонға жол" (1990 ж.), "Төбедегi текелер" (1997 ж.) т.б. шығармалары көрерменнiң көңiлiн құлазытып, жайсыз әсер ететiнi сондықтан. Керiсiнше, аспан мен қазақ жерiнiң, яғни, Тәңiр мен ұлттық рухтың өзара байланысын ұқтыратын "Жер Ана", "Дала", "Отбасы", "Бас мешiт" тәрiздi поэзиялық туындыларының қарсы алдындағы адамға шапағатты қуат себездеуiнiң себебi осы. Демек, суреткер-туынды-көрермен арасында қуаттық байланыс барын және оның Тәңiрдiң қалауынсыз орнамайтынын бiз түйсiне бiлсек, бiр ғанибет қой.

Шiркiн-ай, қызыл-жасыл бояулары мол, ашық түстi туындылардың дүниеге келуiне негiз боларлық шат-шадыман күндерiмiз көп бола берсе екен деп тiлейiк ендi. Қаптаған түрлi-түстi бояулардың арасынан көзге жылы ұшырап, көңiлге жайлы әсер ететiн ақ түс тәрiздi ақ тiлегiмiз — осы болсын бiздiң. Ал ақын ретiнде суретшi Ануарға айтарым мынау:

Жыраулардың iзiмен аңызға ерiп,

Зерлi сырын заманның сан iздедiк.

Қақ төрiңде "Тастағы таңбалар" тұр,

Туған жердiң тұмары тәрiзденiп.

Жұлдыз нұры жұтаған кей түндерi

Сайқал бақтың күлкiсi сыйқырлы едi.

Кәрi жартас төсiнен сәуле шашар

Баба сурет Күн құдай кейпiндегi.

Ай маңдайы малынған шуаққа ерек,

Ұқсайды екен "Жер Ана" жұмаққа тек.

Керекудiң ақтарсаң жылнамасын,

Түркi әуенi тұрады құлаққа кеп.

Тiршiлiгiн мыңжылдық бұл қаланың

Тiлеп ағар Ертiсте бұрқақ ағын.

"Қимақ елiн" тарихтың қойнауынан

Аршып алды өзiңнiң қылқаламың.

Сапырылған заманның шарасында

Бояуыңа жұрт бей-жай қарасын ба?

Бiр суретiң уақытты керiп әне,

Тұр iлiнiп Көк пен Жер арасында!

Арман ҚАНИ, ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесi.

Серіктес жаңалықтары