РЕСЕЙДЕ ӘШКЕРЕЛЕНДI БIЗДЕ ШЕ?

РЕСЕЙДЕ ӘШКЕРЕЛЕНДI БIЗДЕ ШЕ?

РЕСЕЙДЕ ӘШКЕРЕЛЕНДI БIЗДЕ ШЕ?
ашық дереккөзі
231

Денсаулық саласындағы кейбiр "әттеген-айлар" iшiңдi удай ашытады

Iлкiде жұрттың қалтасы қазiргiмен салыстырғанда, едәуiр қалыңырақ едi. Бұған керiсiнше, күнделiктi тұрмысқа қажеттi заттың денi кәдiмгiдей тапшылық тудыратын. Қазiр ше?! Әмияның қампиып тұрса, не керектiң бәрi самсап тұр. Бiрақ қымбат. Әсiресе,сол тұста жазылуы ұзаққа созылатын ауру түрлерiне қарсы тұратын дәрi-дәрмектi ауыл тұрмақ, үлкен қала орталықтарынан да шарқ ұрып, iздеп таба алмайтынсың. Әйтеуiр, бала кезiмде үйдегi ауру әкем үнемi Алматыдағы туысқандарына хабарласып, елiмiзде сирек кездесетiн дәрi түрiн алдыртып жататын. Онда да олар арнайы дәрiханаға тапсырыс беру арқылы, бiрталай уақыт iшiнде қол жеткiзетiн-дi. Бүгiн мүлдем басқа. Тұтынушыға қажеттi зат жеткiлiктi болғанмен, қалта тесiк.

Денi саудың жаны сау. Ал басы ауырып, балтыры сыздаған науқас дереу дерттiң алдын алу үшiн дәрi-дәрмекке лажсыз арқа сүйейдi. Адамның жаны қай жерi ауырса, сол жерде емес пе?! Кейде дәрiгердiң рұқсатынсыз-ақ осыдан жазылып, айығып кетемiн-ау деп бiрнеше дәрiнi бiр мезетте сатып алып, бас салып iшетiнiмiз бар. Оның сапалы, сапасыз дәрi екендiгiн қарапайым тұтынушы айырып болмас.

Кез-келген дәрiханаға бас сұқсаңыз шет елден импортталатын дәрi-дәрмектiң мысы басып тұрады. Жаныңа батқан дертiңе шипа боларлықтай дәрiнiң бiр емес, бiрнеше түрi бар. Кейде қайсысы күштi, тез қойдырады немесе сапасына қарай қымбатын алсам ба екен деп ойланып қалатының рас. Мұндайда фармацевт-маман өзiмiздiң отандық өнiмдi емес, "қымбат болғанмен сапалы" деп шетелдiк дәрiнi жарнамалай кетедi. Өз денсаулығымнан ненi аяймын дейтiн тұтынушы соның ығына көнiп, дегенiн сатып алады. Алайда, шет елден импортталатын дәрiнiң бәрi сапалы ма? Жақында батпандап алған ауруына ем iздеп емхана мен дәрiхана есiгiн тоздырған құрбым қатты қапаланды. Бiр-бiрiне аттары ұқсас көп дәрiнiң iшiнен бiр-екеуiн удай ақшаға сатып алған ол бәрiбiр дертiнен айықпапты. Сөйтсе, әлгi дәрi "самопал" болып шыққан. Сонда елiмiзге экспортпен әкелiнетiн дәрiлерге министрлiк тарапынан арнайы бақылау жүргiзiлмейтiнi ғой. Министрлiк қол астындағы Фармацевтика комитетiнiң арқаны кеңге салған жайбарақаттығын пайдаланып жүрген фармацевт-мамандар қымбат әрi жұрттың көп қолданатын дәрiлерiн астыртын, ешбiр күмән туғызбайтындай етiп жасайды екен. Тiптi, тексеруден немесе тiркеуден өтпей сатыла беретiн дәрi де жоқ емес. Ол ол ма, мерзiмi өтiп кеткен дәрiлер де байқаусызда қолыңызға тиiп қалса, таңқалмаңыз. Мiне, қадағалау мен тәртiптiң жоқтығы бей-берекетсiздiк пен оспадарлыққа жол салып беруде. Бiр өкiнiштiсi, елiмiз шет елге жылына 400 миллион АҚШ доллары көлемiндегi дәрi-дәрмекке тапсырыс бередi екен. Бұл қаржының аз ғана бөлiгi отандық өнiмге, қалғаны, яғни, 92 пайызға жуығы импортталуға жұмсалатын көрiнедi. Ал фармацевт-ғалымдар осы желге ұшып жатқан қаржының едәуiр бөлiгiн өз елiмiздегi дәрi-дәрмек өндiретiн зауыт өндiрiсшiлерiне берсе, баяғыда-ақ отандық фармацевтика дамып кететiн едi дегендi алға тартады. Сөзiнiң жаны бар. Арнайы дәрi бизнесiмен айналысатын кәсiпкерлер елге сапасыз емес, сапалы дәрiнi тасымалдаса, әңгiме басқа. Өйткенi, дәл жаңағыдай жасанды әрi сапасы төмен дәрi-дәрмектер көбiнесе шет елден импортталады екен. Шетелдiк алпауыт зауыттардың қалтасын қампайтып, есесiне жарамсыз дәрiлердi қып-қызыл ақшаға экспорттап жатқан министрлiк қайда қарайды? Экс-министр Е.Досаев өзiнiң аты шулы реформасын әу баста жемiстi бастағанмен, аяғы ырду-дырдумен бiттi. Ол "ҚР медициналық және фармацевтикалық бiлiм берудi реформалаудың 2010 жылға дейiнгi тұжырымдамасы" бойынша әр жылға қаржы (2007 жылға 3,5 млрд.-тан астам, 2008 жылға 4,5 млрд. теңге қарастырылған) бөлгенмен, еңбек жолының ұзаққа бармауынан бастамасы аяқсыз қалды. Алайда, бұл қаражат көзiнiң денi тағы да шет елге кетiп жатқандығы көзге бiлiнiп-ақ тұрды.

Не десек те, республикалық бюджеттен медицина саласына қаржы мол бөлiнуде. Былай қарағанда, бұның барлық науқастарды тегiн дәрi-дәрмекпен қамтамасыз етуге қауқары да, күшi де жетерлiк. Ал, бiзде мемлекет есебiнен бөлiнген қаржы тек қатерлi деген бiрнеше ауру түрiне, екiқабат әйелге және бес жасқа дейiнгi балаларға, сондай-ақ, есепте тұрған жандарға ғана арналған. Оның өзiнде арзансымақтарын ғана тегiн берсе, кейбiр бағасы қымбат тұратындарын өз қалтаңнан сатып алуың қажет. Мәселен, екiқабат әйел баланы алдын-ала сақтап қалу үшiн потология бөлiмiне жатса, ол қандай дәрiнi тегiн қабылдауы керектiгiн бiлмейдi. Өйткенi, бюджеттен тегiн бөлiнген дәрi түрiн "құпия" дей ме, анықтама бұрышына жазып қоймайды. Содан кейiн антына адал емес ақ халаттылардың кейбiр қымбат дәрi-дәрмектi науқасқа тегiн бермей, оны сату арқылы өз жан қалтасына басатындығы жайлы да естiгенiмiз бар.

Мұндай бағдарлама көршi Ресейде де жүзеге асқаны мәлiм. Қосымша дәрi-дәрмек бағдарламасы нәтижесiнде 14 млн. тұрғын тегiн қамтамасыз етiлiптi. Тiптi, 2005 жылы тұрғындарға дәрi-дәрмек артығымен берiлгендiктен, бiр күндiк тамағын айырғысы келген жасы егде тартқан қарттар артығын сатқан. Осы "Қосымша дәрi-дәрмек бағдарламасы" (ДЛО) бойынша, 2006 жылға- 29,09 млрд. рубль бөлiнсе, 2007 жылға — 42 млрд. рубль көзделiптi. Өткен жылғы жағдай 2005 жылмен салыстырғанда күрт шиеленiстi. Яғни, 2006 жылға бөлiнген қаржы жыл аяғына жетпей-ақ, шiлде айында ұшты-күйлi жоқ болған. Жемқорлық дендеген. Жыл аяғында мәскеулiк құқық қорғаушылар ауқымды түрде тексерiс жүргiзiп, дәрi сақтайтын қоймадан жасанды дәрi-дәрмек түрлерiн, көбiне-көп қолданылатын антибиотик-дәрiлердi тәркiлеп алды. Сондай-ақ, дәрiхана сөресiндегi дәрiнiң 30 пайызы жасанды әрi тiркеуден өтпегендiгi де расталды. Тiптi, кейбiр дәрi қорабының iшiне бор салып қою фактiсi де тiркелдi. 2005 жылдың өзiнде көршi елде 48 түрлi және 1821 сериялы дәрi-дәрмектiң қолдан жасалғаны анықталып, сауда айналымынан алынып тасталса, бұл көрсеткiш былтырғы жылы одан ары үдей түсiптi. Денсаулық сақтау министрi Михаил Зурабовтың қолға алған жобасы — қосымша дәрi-дәрмек бағдарламасын жүзеге асыруда мiндеттi медициналық сақтандыру қоры (ФОМС) мен дистрибуторлық компаниялар арасында бюджеттiк қаржыны өз орнына жұмсамау және пара алу қылмысы анықталып, мұның арты дау-дамайға тiрелдi. Бастапқы кезде қылмыстық iстiң "Бюджеттен бөлiнген қаржы көзiн өз мақсатына қолданбау" туралы №285 бап бойынша iс қаралды. Ендi келiп бұл iс ФОМС-тың директоры Андрей Таранов пен оның орынбасары Дмитрий Усенко арасында өрбiп, оларға айып тағылуда. Қылмыстық iс тексерушiлер қордың мемлекеттiк бағдарламасын айналымға түсiретiн серiктес "Протек", "Биотэк" және "Аптека-холдинг" компанияларын да назарына алды. Қорытынды нәтижесiнде 2006 жылға бөлiнген 29,09 млрд. рубльдiң 37 пайызы "Протекте", 20 пайызы "Биотэк" пен СИА-да, 12 пайызы "Ростада", 3 пайызы "Империя фарма", 3 пайызы "Фармимэксте", ал 1 пайызы "Аптека-холдингтiң" еншiсiнде көрiнедi. Ал қалған 50 шақты компанияның бұл бағдарламаны орындаудағы үлесi 1 пайызға да жетпейдi. Алайда, бұл алып компаниялардың құжаттарын қарай келе, әзiрге ешқандай да бiр күмән туарлықтай дерек байқалмаған. Дегенмен, "Қосымша дәрi-дәрмек бағдарламаның" өзi осындай келеңсiздiктiң кесiрiнен құрдымға кеттi. Елде дәрi-дәрмектiң бағасы 70-80 пайызға бiрден өсiп кеткен. 2006 жылдың аяғында ФОМС әлгi айналымға тарататын компанияларға шамамен 25 млрд. рубль көлемiнде ақша қарыз боп қалғанға ұқсайды. Ендi олар өз қаражатына дәрi-дәрмек сатып алып әуре. Қарап тұрсаңыз, мұндай қылмыстық iске жол берушiлiк бiзде де бар. Бiрақ оны дер кезiнде ауыздықтап, ескерту берiп жатқан министрлiк әзiрге көрiнбейдi. Бiр Астана қаласында 400-ге таман дәрiхананың 84-iне әкiмшiлiк тарапынан қылмыстық iс ашылып, 720 мың теңге көлемiнде айыппұл салған. Тағы бiр айта кетерлiгi, жуырда Ресей басшылығы сауда-саттықпен нанын тауып, қарнын қампитып жүрген шетелдiктерге бағыттап қаулы енгiздi. Мәселен, шетелдiктердiң Ресей жерiнде дәрi мен арақ-шарап сатуына үзiлдi-кесiлдi тыйым салды. Бұл да болса сапасыз дәрi-дәрмектен сақтану үшiн жасалған бiр үрдiс. Әзiрге, қазақ тiлiнде тек "ақша" деген сөздi ғана бiлетiн жаңа министрлiктiң алға басқан iлгерi қадамын аңғара алмадық. Сол баяғы Досаевтың бағдарламасын жанға демеу етiп отырған қарапайым бұқараның мұң-мұқтажын ескерiп отырған жоқ. Әйтеуiр, Шымкенттегi шулы оқиғаны ғана басты назарда ұстап отырған Дерновой бастаған топ осы мәселенiң алдын-алу шараларын егжей-тегжейлi қадағалағанмен, ешқандай өзгерiс бiлiнбейдi. Ал iндет ошағы күннен-күнге көбейiп, жазықсыз, бейкүнә сәби мен олардың анасына ауыртпалық әкелуде. "Тас түскен жерiне ауыр" демей ме қазақ. Егер министрлiктiң сол ВИЧ-ке шалдыққан 91 балаға жаны ашыса, баяғыда қайда қалды? Облыстық қан орталығында орталық ашылғаннан берi қолданыста жүрген құрал-жабдықтар ескiрiп, тозығы жеткен. Бiр науқасқа қолданған катетердi бiр емес, бiрнеше адамға қолданудың салдарынан iндет көзiн ушықтырып алдық. Мiне, қаржыны осы сықылды сұранып тұрған мекемеге бөлмей, қайдағы шет елдiң сапасыз дәрi-дәрмегiне, яғни, шетелдiк өндiрiсшiлердiң қарнына құйып отыр. Не болмаса, Павлодардағы "Ромат", Шымкенттiң "Химфарм", Ақтөбенiң "Актюбрентген", "Екафарм" (қазақ-бельгия) сияқты зауыттарға сол қаражаттың бiр бөлiгiн белгiлi нәтиже шығаруын талап етiп, берiп отырса, кәдiмгiдей серпiлiс туар ма едi, кiм бiлсiн? Осы аталған зауыттар адам жанына керектi 2 мыңнан астам дәрiлiк заттың тек 6-7 пайызын ғана өндiредi. Әрине, олар бұл түрiмен халықты дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ете алмайтыны анық.

Оның үстiне кейiнгi кезде елiмiзде қан тапшылығы да кәдiмгiдей ойланарлық жайтқа айналды. Елдi дүрлiктiрген ВИЧ қоздырғышына байланысты донорлар да зәрезап болып, қан орталығын айналып өтетiн сияқты. Ал жол-жөнекей ақша тапқысы келгендер ақыны шамадан тыс, артығымен сұрайды екен. Ресейде жылына 5 мыңнан астам адам донорлық қан тапсырса, бұл көрсеткiш қазiр төмендеп кетiптi. Ал 2005 жылы қабылданған "Донорлар туралы" Заң бойынша тапсырушыларға арнайы жеңiлдiк қарастырылған. Мәселен, коммуналдық қызмет түрiне 50 пайыз, ал қоғамдық көлiктерде тегiн жүруiне жағдай жасалған. Ал бiзде бұл атымен жоқ. Соның нәтижесiнде дәл бүгiн қан өте-мөте тапшылық тудыруда.

Дерек көздерiне сүйенсек, 2005 жылы елiмiзде дәрiхананың саны 2 мың 388-ге жетсе, шамамен оның 2,5 мыңы Алматы қаласында қызмет көрсетедi. Ал кейбiр ауылдық аймақта дәрiхана пункттерi атымен жоқ. Осы күнге дейiн қалпына қайта келмей отырған дәрiхана нүктелерi қаңсырап бос тұр. Есесiне, дертi жанына шегедей батқан науқас үйiнде ұзақ жатып, ауруын асқындырып алады немесе қайда барарын бiлмей дал болады. Ал айы, күнi жетiп, толғақ қысқан ана болса, аудан орталығына барам дегенше өзi де бiржақты күй кешедi. Министрлiк жақын арада отандық фармацевтика саласына аса көңiл бөлiп, шетелден импортталатын дәрi-дәрмектiң сапасын қадағалап, бақылауға алмаса, сондай-ақ, мемлекет тарапынан тегiн дәрi-дәрмекке зәру жандарды есепке енгiзбесе, жағдай "баяғы жартас сол жартас" күйiнде қалмақ. Сол сияқты дәрiханада жасанды дәрi ойлап табумен шұғылданатын топтарға құзырлы мекеме құрық салмаса, дәл Ресейдегiдей әлгiндей "қаймақтарды сүттiң бетiне шығарып" әшкерелеу қажет. Онсыз бұл сала төңiрегiнде әлi де жемқорлықтың өршуiне, бейберекетсiздiктiң белең алуына тосқауыл жоқ.

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары