АНТРОПОЛОГ ОРАЗАҚ СМАҒҰЛҰЛЫ

АНТРОПОЛОГ ОРАЗАҚ СМАҒҰЛҰЛЫ

АНТРОПОЛОГ ОРАЗАҚ СМАҒҰЛҰЛЫ
ашық дереккөзі
1193

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразақ Смағұлұлы республиканың тұңғыш антропологi. Ұзақ жылдардан берi елiмiзде ғылымның осы саласын қалыптастырып, дамытып келедi. Дегенмен оны ғылыми ортадан басқа былайғы қарапайым халық жетiк бiле бермейдi. Өйткенi ол туралы ұлттық басылымдарда өте сирек жазылған.

Дiнмұхамед Қонаев 1994 жылы «Санат» баспасынан шыққан «Ақиқаттан аттауға болмайды» кiтабында былай деп жазыпты. «…Колбин бет-аузы бүлк етпестен бiр жылдың iшiнде қазақ тiлiн үйренiп, баяндаманы жергiлiктi ұлт тiлiнде жасайтын боламын деп уәде бердi. Кейiн «Правда» газетiнде өткен дөңгелек столда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң пленумдарында баяндаманы қазақша жасап жүрмiн деп бөсiп те жiбердi. …Соған қарамастан бiрқатар қазақ зиялыларын жөнсiз сынап, кейбiреулерiнiң соңынан шырақ алып түстi. Өз саласындағы аса iрi мамандардан жоғары баға алған ғалым-антрополог О.Ысмағұлов бiрiншi хатшының беталды айтылған сынынан көп қуғын-сүргiн көрдi. Орталық Комитет бюросының көптеген қаулылары кезiнде асығыс және дәйексiз, електен өтпеген деректерге негiзделiп қабылданғандығын уақыт дәлелдеп бердi». (444-бет). Дуалы ауыздың осы бiр сөздердi бекерге жазбағаны анық. Оның үстiне бұл кiтап бiрнеше тiлдерге аударылды. Оқыған жанның көкейiне бiрден «Елдегi жалғыз антрополог Оразақ Смағұлұлын республика басшысы Колбин неге қудалаған?» деген сұрақ оралады. Мен де осы сұраққа жауап iздеп, Колбиннiң баяндамаларын сүзiп шықтым. 1988 жылы 5 маусымда «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң №132 санына «КПСС Орталық Комитетiнiң «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшiлерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөнiндегi жұмысы туралы» қаулысын орындау жөнiндегi республика партия ұйымдарының ұйымдық-саяси қызметi туралы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi бюросының баяндамасы» жарияланыпты. Баяндаманы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Г.В.Колбин 4 маусым күнi жасаған. Кейiндеу КПСС Орталық Комитетiнiң сол қаулысы ел арасында қысқаша «Қазақ ұлтшылдығы» атанып кеттi. Г.Колбин сол баяндамасының алғашқы бөлiгiнде-ақ елде руға, жүзге бөлушiлiк өрiс алған дей отырып: «…Осындай келеңсiз жағдайда, әлбетте жұмысшы табының ұлттық отрядтарын қалыптастыруға терiс көзқарас та қалыптасты. Оның есесiне рулық қарым-қатынастардың тарихы жөнiндегi жалған ғылыми жұмыстарға өзiндiк бiр «әлеуметтiк заказ» түстi. Сөйтiп «желдiң қайдан соғып тұрғанын…» тез сезе қойған жарамсақ, аңдығыш адамдар тағы да табыла кеттi. Мысалы, О.Ысмағұловтың «Қазақстанның этникалық антропологиясы» кiтабы жарық көрдi. Онда автор қаңлылар мен албандар, қоңыраттар мен наймандар, арғындар мен адайлар арасындағы айырмашылықтарды тұқым қуалаушылық деңгейде дерлiк айна қатесiз көрсетiп берген. Бiр сөзбен айтқанда бәрiн орын-орнына қойып бердi. Ал азамат соғысы жылдарында Совет өкiметiн қорғаған, 1941 жылы Москва түбiнде өлiспей-берiспеген, 1945 жылы Берлиндi алған қазақтар басқалармен – орыстармен, өзбектермен, украиндармен, тәжiктермен бiздiң көп ұлтты Одағымыздың барлық басқа халықтарымен бiрдей қан төккенiнде оның шаруасы жоқ. О.Ысмағұлов мұнда да әрине, «аса дәл ғылыми талдаулардың» негiзiнде бiздегiлердiң бәрiнiң қаны әртүрлi екенiн «дәлелдеуге» тырысты», – деп ғалымға бiр кәрiн төгiптi. Бейне бiр кiтапты өзi оқыған тәрiздi желдiре бөскен. Ол түшкiрiп қалса, «жәрейкiм Алла» деп елп ете қалатындарға осының өзi де жетедi. Кез келгендерге қамшыларын үйiрiп, атойлап, аттандап шыға келедi. Бұл кезде Оразақ Смағұлұлы Батыс Қазақстанда қаннен-қаперсiз экспедицияда жүрген. Көп жылдардан берi ойға алған iсiнiң орындалып жатқаны сол едi. Шет елдердегi ғылыми жиындарға барған сайын жүзi таныс әрiптестерi: «Сiздiң елдiң батысында бұрын қазақтар тұрмаған ба? Сiз неге олардың сүйектерiн зерттемегенсiз?» – деп сұрақ астына алатын. Ол: «Қаражат жоқ», – деп айтуға арланып: «Жер шалғай, баруға уақыт жетпей жатыр» – деп құтылып жүрдi. Смағұлұлы жетекшiлiк еткен экспедиция мүшелерi Темiр ауданы орталығынан алпыс шақырым жердегi иесiз қорымды қазып жатқандарына бiраз уақыт болған. Он шақты адамдардың сүйектерi тазаланып, түгенделiп, арнайы жәшiктерге салынған. Жалданған жұмыскерлер ыстық күннiң астында тыным таппайды. Бiр күнi ұлы сәскеде жұмыскердiң бiрi, шатыр iшiнде терлеп-тепшiп қағаз жазып отырған оған: «Аға, ұзын жолдан бiздiң жаққа қарай бiрнеше автомашина бұрылды» – дедi. Ол сыртқа шығып, сағым ойнаған күре жолға көз тастады. Соңынан селдiр шаң көтерген үш, төрт жеңiл көлiк осы жақты бетке алыпты. «Бейiттердi бiлетiндер болар. Өткен жолғыдай дау шығармаса жарар едi». Тiзбектелген көлiктер әне-мiне дегенше жетiп келдi. Есiктерi жарыса ашылып, бiраз бейтаныс кiсiлер түстi. Шырттай киiмдерiнен жәй кiсiлер емес екенi көрiнiп тұр. Обкомның, облаткомның, прокуратураның, аупарткомның, аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң ығай мен сығайлары екен. Обкомның өкiлi салған жерден: «Смағұлов жолдас, сiзге бейiттердi қазуға тыйым саламыз», – дедi. Ол: «Мен мұнда жасырынып, не тосыннан ұрын келiп, iске кiрiсiп жатқаным жоқ. Мiне, сiздер берген рұхсат қағаздар»,–деп облыс және ауданның тиiстi мекемелерiнен алған құжаттарды көрсеттi. Анау қағаздарға көз қырын тастады да қату үнмен: «Жағдай өзгердi. Ендi рұхсат етiлмейдi»,– дедi. Ол да тiк кеттi. «Әкесi өлгендi де естiртедi. Ойыңызды жұмбақтамай ашып айтыңыз». Өкiл тесiле қарап: «Сiздiң бұл iсiңiз партияның саясатына қайшы келедi екен. Колбин жолдас кешегi баяндамасында сiздi қатты сынапты»– деп шырт түкiрдi. Смағұлұлы күйiнiп: «Немене, Колбин антропологияның маманы ма едi? Бұл ғылыми жұмыс…» – дей бергенде, анау сөз тыңдағысы келмеген кейiп танытып, киiп кеттi. «24 сағаттың iшiнде облыс көлемiнен шығыңыз». – Сөзiн қысқа қайырып, сырт айналып, көлiгiне беттедi. Қосшылары ләм деп жақ ашпай соңынан ердi. Көлiктер артына шаң тастап, ұзай бердi. Оразақ Смағұлұлы да кiдiрген жоқ. Сол бойда жүк артатын көлiкке мiнiп, Орал қаласына тартты. Қазақстан Компартиясы ОК Ғылым және оқу орындары бөлiмiнiң меңгерушiсi Мұхитановқа телефон шалды. Ашу қысып, ашына сөйледi. «Бұларыңыз қалай? Менiң ғылыми жұмысымды атқаруға мұндағылар неге тыйым салады? Менi ғылыми көзқарасым үшiн осыдан он жыл бұрын жазалап, қудалап болмап па едiңдер? Әлде соның бәрi аз болғандай бүгiн қайта басталғаны ма? Екi рет жазалайтындай жазығым не? Ата-тектi танып бiлуге антропологиялық зерттеулер жүргiзгенiм бе?» Телефонның арғы жағындағы Мұхитанов: «Ореке, ашуыңызды басыңыз. Бiреу бiздiң бөлiмдi айналып өтiп, сiздi Колбиннiң баяндамасына қыстырып жiберiптi, – деп ақталды да. – Бергi Ақтөбе облысына келiп, ғылыми жұмысыңызды жалғастыра берiңiз. Сiз онда жеткенше бiз обком басшыларымен хабарласып, келiсiмiн алып қоямыз». Ол ызаға булығып: «Жоқ, оған әуре болмай-ақ қойыңыздар. Мен үшiн Қазақстанның бiр облысына рұхсат жоқ та, екiншi облысына бар екен деп ұшып-қонып жүрер жайым жоқ», – деп телефон тұтқасын орнына сылқ еткiздi. Көше бойында тұрған газет-журналдар дүңгiршегiнен «Казахстанская правданы» сатып алып, Колбиннiң баяндамасына көз жүгiрттi. Оның өзi туралы бұра тартқанына, антропология ғылымының мәнiн түсiнбегенiне, нақақтан-нақақ жала жапқанына iштей қатты күйiндi. «Апырай, ақырын жүрiп, анық бассам да бұлардың маза бермейтiнi қалай? Бастық боламын деп, партия мүшелiгiне өтiп, бiреудiң жолын кессем мақұл-ау. Ондай мансапқорлық менiң болмыс табиғатыма жат екенiн қызметтестерiм де жақсы бiледi. Ғылыми қызметтегi ең көтерiлген биiк сатым — зертхананың меңгерушiсi ғана. Соны да маған көп көргенi ме? Бұдан жоғары лауазымға өзiмнiң бейiмiм де, ықыласым да жоқ қой. Колбинге менi «ұлтшыл» етiп көрсетуi былай тұрсын, «расист» етуi қалай? Әлде ғылымнан бiржолата қуып, итжеккенге айдатайын дегенi ме? Сонда жазығым не? Тынымсыз еңбектенгенiм бе? Тасада тұрып, ту сыртымнан тас атып, жымысқы iсiн жүзеге асырған кiм болды екен? Кiм болса да осы еңбегiмдi көре алмаған өз iшiмiздегi бiреу болар сiрә». Жол бойы қайта-қайта күрсiнiп, iштегi шемен-шерiн шығарды. Экспедиция материалдары мен мүлiктерiн жинастырып, Алматыға оралды. Сол күнi Г.Колбиннiң атына хат жазды. Ол хатында өзiнiң антропология ғылымымен жиырма бес жылдан берi айналысатынын, бiрнеше ғылыми еңбектерi халықаралық жиындарда жоғары бағаланып жүргенiн, қазақ халқының өзгелерден ұлттық ерекшелiгi әу бастан-ақ үш жүзге бөлiнiп, бiрнеше рулардан құралғанын, антропология ғылымы оларды ру-руға бөлiп, жүздердiң жiгiн ажырату үшiн емес, нақты анықтау үшiн ғылыми тәсiл ретiнде пайдаланылатынын және сол тәсiлдiң партия саясатына ешқандай да қайшы келмейтiнiн, өзi жыл сайын есеп берiп отыратын Мәскеудегi орталықтың КПСС Орталық Комитетiнiң нұсқауларын әрдайым басшылыққа алып жұмыс iстейтiнiн, қазiргi атқарып жатқан iстерiнiң барлық бағдарламалары солар арқылы жүзеге асатынын айта келiп, таяудағы баяндамасында өзi жайлы асылық айтқанын ескертiп, Қазақстандағы антропологияның өзектi мәселелерiн шешiп алу үшiн қабылдауын өтiнген. Қырсыққанда Ғылым академиясының iс қағаздарын басатын мәшiнке басында отырғандар хаттың Колбиннiң баяндамасына наразылық тұрғыда жазылғанын байқап, оны басып беруден бас тартты. Мәшiнкiлердiң нөмiрлерi Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнде тiркеуде тұрғандықтан, сау бастарын саудаға салғысы келмедi. Ол қаладағы басқа да мекемелердiң есiгiн ашып, өтiнiш жасаған. Ондағылар да хаттың мәтiнiнен секемденiп, басудан тайсақтады. Смағұлұлы амалы таусылып, Вильнюстегi достарына телефон шалып, мән-жайды түсiндiрдi. Олар өз елiне шақырған соң ұшақпен сонда жеткен. Оны қадiрлi қонағындай күтiп алып, Жоғары партия мектебiнiң оңаша сәндi бөлмесiне жайғастырды. Смағұлұлы: – Бiздегi партия басшылары республикадағы жалғыз антропологтың соңынан шам алып қудалайды. Ал сiздер маған үлкен құрмет көрсетiп жатырсыздар, – деп ризашылығын бiлдiрдi. – Бiздегi партия бiздi жақсы түсiнiп, әрқашан қолдап отырады, – дедi олардың бiрi жымиып. Оразақ Смағұлұлы жанашыр әрiптестерiмен ақылдаса келiп, тек Колбиннiң атына жазылған хатпен шектелiп қана қоймай, сол кезде Мәскеуде жүрiп жатқан Бүкiлодақтық ХIХ партия конференциясына да арнайы хат жазуды ұйғарды. Үлкен форумға көлемi 6-7 беттей хатты сол күнi дайындап, ертеңiне екеуiн де мәшiңкеге бастырып, бас почтадан салып жiбердi. Партия конференциясынан жауап болмады. Ары күтiп, берi күтiп, ақыры күдерiн үздi. Г.Колбин де қабылдай қоймады. Алайда шақыру республика Орталық Комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы Өзбекәлi Жәнiбековтен келдi. Жәнiбеков кеңсесiнде жалғыз емес екен. Үлкен столдың қарсы бетiндегi орындықта түсi салқын бiр орыс қызметкер отыр. Ол бөлiм меңгерушiлерiнiң бiрi болар дер топшылады. – «Этникалық антропологияның» қорытындысы неге дұрыс жазылмаған? – Едiрейген орыс салған жерден оны тұқыртып алғысы келдi ме, бiрден солай дүрсе қоя бердi. Смағұлұлы саспады. – Сiздiңше несiмен дұрыс емес? – Қарсы қарап, қарсы сұрақ қойды. Анау мұны күтпесе керек. Тосылып барып: – Сiз оны партияның талап деңгейiнде жазбағансыз, – дедi. Өзбекәлi Жәнiбеков үнсiз. Әлiптiң артын баққандай екеуiне алма-кезек қарап, жақ ашпай отыр. Смағұлұлы дауысын көтере сөйледi. – Ал сiз оны қалай жазар едiңiз? – Оған тесiлiп сынай қарады да сөзiн сабақтады. – СССР Ғылым академиясының академигi А.Н.Окладников пен сол академияның мүше-корреспондентi В.П.Алексеев редакторлары болған кiтапқа қалай көңiлiңiз толмаған. Сiз осы саланың маманы ма едiңiз? Ғылыми басылымдарға қарсы пiкiрiңiздi айтып, мақала жазыңыз. Оқып, пiкiр таластырып көрейiк. Жәнiбеков әлдене айтпақшы болған қызметкерiне қабағын шытып: – Жә, жарайды! Маманмен сөз таластырудың қажетi жоқ, – деп аз-кем үнсiз отырды да. – Мен кезiнде Руденконың Батыс Қазақстан облысы бойынша жазғандарын оқығанмын. Антропологтардың тәсiлдерi сондай. Бос сөздi қояйық. – Әлгiнiң екпiнi басылып, қызара бөртiп, үнсiз қалды. Жәнiбеков назарын Смағұлұлына салып: – Осындағы Ғылым академиясына Мәскеудегiлер телефон соғып, сiздi мазаламауды өтiнiптi. Орталық Комитеттiң де сiзге артар кiнәсi жоқ. Алаңдамай жұмысыңызды iстей берiңiз, – дедi. Ол қоштасып орнынан тұрғанда. – Ертең «Социалистiк Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерiне сiз жөнiнде жiбi түзу мақала жарияланады, – деп ескерттi. Аталмыш басылымдардағы көлемi шағын мақалада антрополог О.Смағұлұлының ғылыми жұмыстарына жылы лебiз бiлдiрiлiп, үлкен сенiм арттырыпты. Кейiндеу оны Колбиннiң баяндамасына кiргiзiп жiберген жан да белгiлi болды. Академиядағы Ауман деген екен. Смағұлұлының еңбекқорлығын, шетел ғалымдарының берген жоғары бағасын қызғаныш көрген тәрiздi. Антрополог Оразақ Смағұлұлының көрген құқайы бұл бiр емес. Талай рет ұлттық антропология ғылымы үшiн тепiрiштiң суығына тоңып, ыстығына күйсе де төздi. Әсiресе, ана бiр жылғы ел аман, жұрт тыныштағы жазықсыз жазаланғаны жанына қатты батқан. Күнi бүгiнге дейiн ұмыта алар емес. 1977 жылы сәуiрде Алматыдағы «Ғылым» баспасынан «Қазақстанның этникалық геногеографиясы» атты кiтабы жарық көрген. Оның жауапты редакторы белгiлi ғалым О.А.Воронов болды. Жиырма бес жылдық ғылыми iзденiстерi бiр кiтапқа жинақталып шығып жатса, қалай қуанбасын. Бiрақ сол қуанышы көп ұзамай-ақ су сепкендей басылды. Оны сол жылдың маусымында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы Саттар Имашев шақыртты. – Кiтабыңызбен танысып шықтым. Өкiнiшке орай партияның талғам-талабына сай келмейдi екен. – Сәке, ғылым саясаттың ықпалымен жүре алмайды. – Сiз қазақтарды руға, жүзге бөлiп, ескiлiктi дәрiптепсiз. Ал бiздiң мақсат бiрiктiру. – Қазақтарды руға, жүзге мен бөлгенiм жоқ. Мен оларды тек ғылыми тәсiл ретiнде ғана пайдаландым. Антропология ғылымында жүйелi (комплексный) зерттеу деген бар. Олардың биологиялық қан құрамдарын анықтау арқылы, батыс пен шығыста, оңтүстiк пен солтүстiкте тұратындардың бiр-бiрiнен ешқандай айырмашылықтары жоқ екенiн, бұл жағынан бiртұтас халық екенiн дәлелдедiм. Яғни қан құрамдары бәрiнде бiрдей. – Оразақ, бiзге бұл уәжiңмен келiсу қиын, – дедi Имашев басын шайқап. – Кiтабыңды Мәскеудегi Одақтық Ғылым академиясының Президиумына жiберiп, жабық рецензия беруiн өтiнемiз. Содан соң қандай шара қолданатынымыз белгiлi болып қалар. – Жiберiңiздер, қарсылығым жоқ, – дедi ол. СССР Ғылым академиясы «Қазақстанның этникалық геногеографиясын» талдауды Жалпы генетика институтындағы биология ғылымдарының докторы Юрий Григорьевич Рычков жетекшiлiк еткен «Адам генетикасы» кафедрасына тапсырған. Бұл iске одан басқа да ғылыми институттар тартылды. Сол жылдың 18 тамызында Қазақ ССР Ғылым академиясы Президумының кезектi мәжiлiсi болды. Онда Оразақ Смағұлұлының «Қазақстанның этникалық геногеографиясы» кiтабы талқылауға түстi. Мәжiлiстi ҒА президентi Асқар Қонаев жүргiздi. Академик Ақай Нүсiпбеков: – Смағұлов жолдас, сiздiң кiтабыңыздағы ғылыми көзқарастарыңыз, партияның саясатымен үндеспейдi, – дедi. – Неге олай дейсiз, себебiн айтыңыз? – Қазақ халқын руға, жүзге бөлгенсiз. Совет халқының бәрi бiрдей. Ұлы Отан соғысында оны қанымен де, жанымен де дәлелдеген. – Ақа, антропология нақтылықты қалайтын ғылым екенiн жақсы бiлесiз. Барлық ұлттардың Отан қорғау соғысында мақсат мүддесi бiр болғаны рас. Ал оларды жеке биологиялық тұлға ретiнде қарағанда қан құрамдары, этникалық болмыстары әрқалай. Қазақтардың ру, жүздерiне қарап қан құрамдары да әрқалай ма деп антропологиялық жүйелi зерттеу жүргiзгенiмде бәрi бiрдей болып шықты. Мен ру мен жүз аттарын ғылыми дәлдiк үшiн ғана қолдандым. Бұдан партияның саясатына ешқандай да нұқсан келмейдi. Президиум мүшелерiнiң бiрi мiнберге жұлқына шығып: – Партия саясатына сай келмейтiн кiтапты мүлдем жою керек. Тiптен институтта бекiтiлген темасын да жоспардан шығарған жөн, – деп өзеуредi. Президент Асқар Қонаев: – Жолдастар, бұл мәселеге бiр жақты қарауға болмайды. Антропология да iргелi ғылым саласы. Тек Смағұлов осы ғылымда жалғыз. Бұл кiсiнiң жанында пiкiр алысып отыратын тағы басқа да мамандардың болғаны жөн едi. Антропологияға қатысты теманы жапқан дұрыс емес. Жел тұрмаса шөптiң басы қимылдамайды. О.Смағұлұлы бұл талқыға Орталық Комиеттiң идеология хатшысы түрткi болғанын iштей сездi. Түнеу күнi алдына барғанда «жаздым, жаңылдым» деп басын ие қоймады. Антропология ғылымының қатал заңын ұстанды. Жұрт дабыры басылған кезде О.Смағұлұлы: – Осыдан екi ай бұрын кiтапты Мәскеуге жабық рецензияға жiберген едiңiздер. Сондағы ғалымдардың пiкiрiн алсаңыздар, неге айтпайсыздар? Академик Ақай Нүсiпбеков: – Мәскеу бұл мәселенiң мәнiн жете түсiнбеген. Сiз де коммунист болмағандықтан саяси жауапкершiлiктi әлi сезiнiп тұрған жоқсыз. Сондықтан бұл кiтабыңызды жойған дұрыс. «Совет халқының бәрi бiрдей!» деп ұрандатқан коммунистiк партияның саясатына кiм қарсы шықсын. Мәжiлiске қатысушылар А.Нүсiпбековтiң ұсынысын қолдайтындарын байқатты. Қазақ ССР ҒА Президиумы О.Смағұловтың «Қазақстанның этникалық геногеографиясы» кiтабы жөнiнде №142 қаулысын шығарды. 1. О.Смағұловтың «Қазақстанның этникалық геногеографиясы» кiтабын идеялық жағынан пiсiп жетiлмеген, методологиялық сипаттауы негiзсiз деп танылсын және Қазақ ССР ҒА «РИСО» (Төлепбаев Б.А. жолдас) пен Қазақ ССР ҒА «Ғылым» баспасы (Нинбург Б.Я. жолдас) кiтап саудасы жүйесiндегi (1200 дана) кiтап санын толық қайта жинап алу үшiн тиiстi шараларды қарастыру тапсырылсын. 2. Қазақ ССР ҒА Тарих, археология және этнография институтының дирекциясына «Қазақстанның этникалық геногеографиясы» атты кiтапты баспаға дайындаған кезде талдауда, рецензиялауда, жазуға және бастыруға ұсынуда немқұрайлы қарағандары көрсетiлсiн. О.Смағұловтың кiтабындағы қателер бойынша институттың Ғылыми Кеңесiнде мәселе талқылансын. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының Ғылыми Кеңесi О.Смағұловтың «Қазақстанның этникалық геногеографиясы» кiтабын 23 қарашада талқыға салды. Сол мәжiлiсте Қазақ ССР ҒА академиктерi А.Н.Нүсiпбеков, С.Н.Покровский, ҒА мүше-корреспондентi Г.Ф.Дахшлейгер, бөлiм меңгерушiлерi Б.С.Сүлейменов, Х.Арғынбаев, Қ.А.Ақышев, Б.Е.Көмеков, Р.Б.Сүлейменов мiнберден өз пiкiрлерiн ашып айтты. Қысқасы олар бiрiн-бiрi қолдап, кiтаптың барлық санын жинап жоюды ұсынды. Тек академик Әлкей Марғұлан ғана олардың бiржақты пiкiрлерiне табандап қарсы тұрды. Ол: «О.Смағұловтың Қазақстан геногеографиясы жөнiндегi кiтабы алғаш жалпыға түсiнiктi генетикалық жоғары деңгейде орындалған өте сирек кездесетiн ғылыми жұмыс және бұл қазақ халқының этногенезiн оқып-тануда елеулi үлес қосады. Бiздiң республикада бұл кiтапты былайша айтқанда онша түсiнбейдi. Дегенмен Қазақстан Компартиясы ОК сұратқан жабық рецензиясына СССР ҒА Президиумының оң пiкiрi бар ғой. Оны неге ескермеске. Егер О.Смағұловтың бұл кiтабын бүгiн қорғап, сақтап қалмасақ, Совет цензурасының патша цензурасынан да бетер қатал болғаны», – дедi. Алайда төс қалтасында қызыл билетi барлар Марғұланның жанашыр пiкiрiнен гөрi, партияның саясатын жоғары қойды. Мәжiлiс соңында сөз алған О.Смағұлұлының орынды уәжiне де олар құлақ аспады. Ғылыми Кеңес мәжiлiсi көпшiлiк дауыспен кiтапты жою жөнiнде шешiм шығарды. Тек түсiнiксiз бiр жай, сол мәжiлiстiң №10 хаттамасында оған қатысқандар мен пiкiр айтқан ғалымдар тiзiмiнiң арасында жалғыз-ақ академик Әлкей Марғұланның аты-жөнi көрсетiлмептi. Сондай-ақ, СССР ҒА Жалпы генетика институтының «Адам генетикасы» кафедрасы, СССР ҒА Этнография институты жiберген жабық рецензиялар қаперге алынбаған. СССР ҒА Этнография институтының ғылыми қызметкерi, тарих ғылымдарының докторы В.П.Алексеевтiң де Қазақ ССР ҒА Президиумына арнайы жазған хаты бар. Ол О.Смағұловтың аталмыш кiтабына оң пiкiрiн былай жеткiзiптi: «…Менiңше, антропология бойынша қазақ халқының бұрынғы рулық жүйесiне сәйкес жиналған және жарияланған мәлiметтерi аса маңызды ғылыми тұжырымдарын қосымша бекiтiп әрi күшейте түсуге көмектеседi. Бұл О.Смағұловтың жетекшiлiгiмен Қазақстанда бұдан әрi антропологиялық зерттеулер жүргiзудiң болашағын жоғары бағалауға мүмкiндiк туғызады». Өкiнiшке орай бұл пiкiр де ескерiлмедi. Кiтап республикадағы сауда орындарынан, кiтапханалардан қайтарыла бастады. Бұл iске Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi де кiрiстi. – Өзiңiз қанша кiтап алдыңыз? Кiмдерге тараттыңыз? Солардың тiзiмiн жасап, қайтаруын талап етiңiз – дедi комитеттiң өкiлi. – АҚШ, Германия, Жапония секiлдi шет елдерге жiберiлгендерiн қайтару қиын болар. Ал осындағылардың тiзiмiн берейiн, өздерiңiз сұрау салыңыздар. – Мәскеудегi ғалымдармен қазiр хабарласыңыз. Ол Мәскеуге телефон шалды. Жданко: – Кiтабыңызды кiм сұраса да, кiм осында iздеп келсе де бере алмаймын. Зубов: – Кiтапты қайтармадың деп менi жауапқа тартып, түрмеге отырғыза қоймас. Алексеев: – Ғылым үшiн олар бiздiң тек Смағұловтың кiтабын ғана емес, Адольф Гитлердiң «Майне кафтын» да оқитынымызды бiлсiн. Трофимова: – Ғылымды саясатқа бағындыру асылық. Сiздiң бұл еңбегiңiз — бiз үшiн аса құнды. Кiтапты қайтарудан бас тартамын. Смағұлов комитет қызметкерiне қарап: – Кiтапты мәскеулiктердiң ешқайсысы да қайтарғысы келмейдi, – деп шарасыздық танытты. Жазалау онымен тынбады. Ұрандатудан басқаға ден қоймайтын партия қызметкерлерiн қойшы, атағы дардай ғалымдардың ғылыми еңбектерiне көпе-көрiнеу мән бермей кiтабын өртеткенiне iштей күйiнiп жүргенде, қатал тағдыр «жығылғанға жұдырықтың» керiн тағы келтiрдi. Алматы обкомының Ғылым және оқу орындары бөлiмi шұғыл шақыртып, пария мүшесi болмаса да партия жиналысының қайнап тұрған қазанына салды да жiбердi. Өңшең шолақ белсендiлердiң сөз тыңдар түрлерi жоқ. Қызыл көрген қасқырлардай жан-жағынан анталап, жөн-жосықсыз сөздерiмен төпелеп, дес бермедi. Ақыры: «Смағұловтың институттағы темасы да партия саясатына сай емес. Сондықтан жоспардан алынып тасталсын» деген шешiмдi бұрқ еткiздi. Бұл шешiм күшiне енсе, өзiнiң Ғылым академиясына қажетi де бола қоймасы анық. «Е, е бұлардың түпкi мақсаты осы екен ғой. Ендi менi «халық жауы» деп атаулары ғана қалды. Онда шаруам бiттi».– Ол өзiн ши бөрiлердей талап жатқандарға шошына қарады. – «Шiренген шiркiндерде, «Маңдайымызға бiткен жалғыз антрополог осы едi. Мұны жардан итерiп жоқ қылсақ, осы саланың көсегесiн кiм көгертедi» деген ой болсайшы. Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерi де қыр соңынан қалмай жүйкесiн әбден жұқартты. Көңiлiндегi күдiк күн өткен сайын күшейе түстi. «Осылай күй кешiп жүре берсем, бiр күнi қапыда қалармын. Ертерек қам жасап, қауiптiң алдын алғаным жөн шығар» деген оймен оныншы класта оқитын қызы Айнакүлге iшкi күдiгiн ашып айтқан. – Қызым, мыналардың түрi жаман. Менi жұмыстан босатып, «халық жауы» атап, түрмеге қамап қоюы да мүмкiн. Осы уақытқа дейiн қаншама ғылыми материалдарды тiрнектеп жинадым. Бәрi де иесiз, босқа қала ма деп қорқамын. Сен мектептi бiтiрген соң мед-институтқа түс. Әкеңнiң мол мұрасына сен сонда ғана ие болып, жолымды жалғайсың. – Папа, ҚазМУ-тiң Биология факультетiне түссем ше? Әкесi қызының бұл талабын қолдады. Келер жылы Айнакүл орта мектептi үздiк бiтiрiп, сол факультеттiң студентi атанды. Кейiндеу Мәскеудiң аспирантурасын да таусып, әке жолын қуды. Смағұлов ары ойланып, берi ойланып Новосiбiрдегi ҒА телефон шалды. Академик А.П.Окладниковқа мән-жайды қысқаша баяндап кеңестi. Академик: «Оразақ Смагулович, егер сiзге Қазақстанда жұмыс iстеуге мүмкiндiк бермейтiн болса, бiзге келiңiз. Сiздей антрополог бiзге өте қажет. Қуана қарсы аламыз. Академия қалашығында екi бөлмелi пәтерiңiз дайын. Осында Қазақстан, Сiбiр, Орта Азия халықтарының антропологиялық ерекшелiктерiмен айналысасыз», – деп ұсыныс жасады.Смағұлов келiсiмiн бердi. Алыс жолға жиналып қойғаны қашан. Неге екенi белгiсiз бiр тылсым күш жат жерге жiбергiсi келмейтiн секiлдi. Өз Отанында жоқтан бар жасап, антропология ғылымының негiзiн салып, әлемге танытты. «Ендi кiм оны ары қарай дамытады? Бәрiнен де жаның қалап бастаған iстi аяқсыз тастаған қиын екен-ау». Осы бiр ойлар жанын жеп, шырмауынан шыға алмай тағы бiраз күн жүрiп алды. Көптен көрмеген досы Мұрат Баймұқановқа кездейсоқ кездесiп қалмағанда қайтер едi. Ана бiр жылдары екеуi Мәскеудiң академиясында бiрге жүрiп, дәм-тұздас болғаны бар едi. Оңаша отырып, қал-жағдайларын сұрасты. Екi, үш күннен соң Баймұқанов оның жұмыс орнына келiп: «Ореке, Ғылым академиясының президентi Асқар Меңлiахметұлының қабылдауында болып, сiздiң жағдайыңызды да айттым. Оның сiз туралы пiкiрi жақсы екен. Темаңызды жоспардан алдырмайтын болды. «Смағұлов алаңсыз ғылыми жұмысын жалғастыра берсiн» деп жатыр, – дегенде барып, күптi көңiлi қуаныштан жадырады. Iске ерекше құлшыныспен кiрiстi. 1982 жылы СССР ҒА академиктерi А.П.Окладников пен В.П.Алексеевтiң редакторлықтарымен «Қазақтардың этникалық антропологиясы», 1989 жылы К.Б.Сиқымбаевамен бiрлесiп «Қазақстанның этникалық одонтологиясы» атты ғылыми еңбектерi кiтаптарға жинақталып шықты. Уақыттан жылдам не бар. Коммунистiк партия таратылып, билiк басынан кеттi. 1991 жылдың орта шенiнде Қазақ ССР ҒА Президиумының мәжiлiсiнде Оразақ Смағұлұлын «Қазақстанның этникалық геногеографиясы» кiтабының қолжазбасы қайта қаралып, Президиумның 1977 жылғы 18 тамыздағы қаулысының күшi жойылды. Президиум мүшелерi: «О.Смағұловтың бұл кiтабы кезiнде сыңаржақ пiкiрлердiң салдарынан жөнсiз жойылған. Кiтап қайта бастырылсын» дегеннен кейiн жаңа қаулы қабылданды. Ел тәуелсiздiгi жарияланғанда ол фамилиясын Смағұлұлы деп өзгерттi. Оразақ Смағұлұлы қабырға жақтағы сөрелерден бiр кiтапты алып: – Мiне, сол «Қазақстанның этникалық геногеографиясы» – деп қолыма ұстатты. – Антропология ғылымына жанашыр бiр жан сақтап қалыпты. Кiтаптың сарытаптанған парақтарын ақтарып жатып, неге қайта бастырмай жүргенiн сұрадым. Ол: – Қазiр антропология ғылымы алға дамып кеттi. Егер бұл кiтапты осы күйiнде баспадан бастырып шығарсам, менiң шет елдердегi әрiптестерiм: «Смағұлов осыдан жиырма бес жыл бұрынғы деңгейiнде қалып қойған екен ғой» деп мүсiркейдi. Менiң ондай сөздi естiгiм келмейдi. Мұны жаңа ғылыми көзқарастарыммен толықтырсам ба деймiн. Әзiрге басқа жұмыстардан қолым тимей жүр. Ал маған уақыт өте қымбат, – дедi. Антрополог ақсақалдың өз iсiне шынайы берiлгендiгi, ғылымға деген тазалығы осынау әңгiме барысында байқалып тұрды.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары