ҚАРАЙЛАП АЛДЫ-АРТЫНА ҒҰМЫР КЕШКЕН...

ҚАРАЙЛАП АЛДЫ-АРТЫНА ҒҰМЫР КЕШКЕН...

ҚАРАЙЛАП АЛДЫ-АРТЫНА ҒҰМЫР КЕШКЕН...
ашық дереккөзі
199

Асқақ Алатаудың аса құпия қасиетi бар. Алыстай түскен сайын бөктерiндегi Алматының ұзын көктеректерi де, зәулiм ғимараттары да, ұшарлығы мамырлаған бұлттардың бауырын түрткен биiк мұнаралары да бұлдыраған мұнарға сiңiп жоғалып, аппақ мұзарттар ғана асқақтап, бiрте-бiрте көкжиектi тұтаса көлегейлейдi. Алыстамайды, қайта жан-жүрегiңдi әлдеқандай мұң, нәзiк iңкәрлiк пен жұмбақ сағынышқа толтырып менмұндалайды.

Өмiрден озғанына таяу арада он жыл толатын аяулы Өзбекәлi Жәнiбеков те сондай жан – жыл өткен сайын оның асыл бейнесi биiктеп барады, қадiрлi бола түсуде. Сол асыл азамат, халқын сүйген бiртуар кiсiнiң арамызда жоқтығы әр күн сайын асқан өкiнiшпен анық аңғарыла түседi. Ұлттық, мемлекеттiк идеологиямыз берiк қалыптаспай, ең бастысы, қазақ тiлiнiң тағдыры әлi күнге таразыға түсiп отырған қазiргi бейуақта, аз атаның ұрпағы, жұрәт-жұрағаты ғана емес, жалпы қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын жандар саусақпен санарлық боп қалған алмағайып кезеңде Өзағадай шынайы ұлтжанды, өресi биiк адамның арамызда болмауы да тағдырдың тәлкегi шығар. Үлкендердiң көбiнен қадiр-қасиет, кiшiлерден кемеңгерлiк табылмай отырған күрделi шақта әрбiр iсiмiзге әдiл баға берер, адамдығы, табандылығы, қажымас күрескерлiгiн әркез үлгi етер, Инсан биiгiне көтерiлген, рухани ұстаз болар тұлғаның тапшылығы өкiнiш, айықпас аза.

Марқұм Өзбекәлi Жәнiбеков сынды жайсаң жанды бiлмейтiн, атын естiмеген қазақ арамызда жоқ шығар. Егер расымен бiлмейтiн болса, әй, сол шiркiн шынымен қазақ па екен?!

2006 жылы «Қазақстан» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясымен жарық көрген Еркiнбай Әкiмқұловтың «Өзбекәлi Жәнiбеков» атты кiтабының нобайы мемлекет, қоғам қайраткерi, қазақ ұлтының мәдениетi мен өнерiне өлшеусiз үлес қосқан бiртуар тұлға – Өзаға өмiрден озысымен-ақ қолға алынған көрiнедi. Бiр шындық бар, қазақ мәдениетi кейiнгi 80-90 жылдық тарихында екi-ақ рет бiлiмдi, дүниетанымы кең, парасатты министрге жарыған. Бiрi– Iлияс Омаров, екiншiсi – осы Өзбекәлi Жәнiбеков! Өзгелер де қадри-хал қызмет атқарған шығар-ау, бiрақ кресло көрiнгенмен, кiсiлiк, көшелiлiк байқалмайды.

Айтпақшы, бiр қуанарлығы сол, аталмыш кiтапты қазiргi Мәдениет және ақпарат министрлiгi әлеуметтiк маңызды әдебиеттер тiзiмiне енгiзген екен. Құдайға шүкiр, бұл да болса аталмыш құзырлы министрлiктiң соңғы жылдарда атқарған санаулы жөнi дұрыс, қисыны бар iсiнiң бiрi шығар.

Өзбекәлi Жәнiбеков сынды күрделi, қайшылықты, ғұмыры ғибратты тұлға туралы оқырмандар неғұрлым көбiрек бiлуге құқылы. Әсiресе, өскелең жас ұрпақ! Сол кездегi билiктегiлер мен биiктегiлердiң көбi «уақыт, заман солай едi ғой», – деп «заманға күйлеп» (Абай) уақыттың ығына құрақтай жығылып жүргенде қазақтың қоңыр аулынан шыққан қарапайым азаматтың барша жұрттың жүрегiн жаулап алуы қандай құдiрет? Бар ғұмырын коммунистiк идеялардың салтанат құруына арнаған адамның сол аса ауыр уақытта да ұлтын сүюi, азаматтық позициясынан бiр елi табан тайдырмауы, тайсалмай күресе бiлуiнiң астарында қандай сыр, мәнi терең құпия жатыр. Өмiр жолы кез келген пенденiң өлшемiне сия бермейтiн тартысы мен тауқыметi, күнгейi мен көлеңкесi, қасiретi мен қасиетi, табысы мен тоқырауы, қат-қабат қиыншылықтардан тұратын жан өз ұлтын, қазақ халқын шексiз сүюге қалай қол жеткiздi? Иә, ата-анасы ерте қайтыс болған Өзбекәлi Жәнiбеков қаршадай күнiнде көрген қиындықтардан соң адамдарды мейлiнше жек көруге қақылы едi.

Тағдыр қатал, ал адамдар одан өткен қатыгез. Әсiресе, Алаш жұрты! Күштiнiң алдында қоғадай жапырылатын имансыздардың әлсiзге қиянатында шек жоқ. Ең сұмдығы сол, титтей жазығы жоқ бола тұра әке-шешесi ерте өлген күнәсiз сәбидi «Әке-шешесiн жалмаған жалмауыз!» деп мүйiздеуге бейiм жұртпыз.

«Құран оқылып, бата қылғаннан кейiн жұрт ауылға қайтты. Келсек, мұндағылар апамның киiм-кешегiн, көрпе-төсегiн өртеп, ыдыс-аяғын жерге көмiп жатыр екен. Апам мен әкеп берген қауыннан үнемi қақ тiлiп, керегенiң көзiне iлiп кептiретiн. Сол бейшараның «Спаным келсе, тойға жаратамыз» деп өрiп қойған қақтарын да лақтырып жiберiптi.

Ол сонша, не алапеспен ауырыпты ма? Ең болмаса, осындай «құлақ естiп, көз көрмеген» сұмдықты маған көрсетпей-ақ iстесе қайтер едi? Оның үстiне сарыппен (ревматизм) науқастанып, жүрек ауруына шалдыққан сорлы анамды, ауруханаға салып емдетпегенi былай тұрсын, әскерге кеткен баласынан қалған бес-алты қойын, бұзаулы сиырын, баспағын жаратып, дәстүрлi «жетiсiн», «қырқын», «жылын» да өткiзбедi. Анамнан айрылған сол бiр қаралы күнгi ағайын-туғанның зұлымдығы мен екiжүздiлiгi естен кетпес қайғылы қасiрет болып, жүрегiмде мәңгiлiк қалып қойды», (30-бет)– деп еске алған екен Өзағаң ұзақ жылдардан соң. О, сұм тағдыр, сол бiр қаралы күндерде қаршадай сәби айналадағы адамдардан мейiрiм, жүрек жылуын күттi ғой, таба алмай, тұла бойы азаға тұнып аңырап жылады-ау.

Иә, тағдыр тауқыметiн көп тартқан жанның өсе келе ашкөз, эгоист, тойымсыз келетiнi қалыпты құбылыс, адам табиғатына тән нәрсе. Бiрақ Өзбекәлi Жәнiбеков адамдарды шексiз сүйдi, өзi де ұлтының сүйiктi ұлына айналды. Осы кiтапта Қазақстан Ұлттық академиясының академигi Өмiрзақ Айтбайұлының: «Өмiрдiң еншiсiне тиген соқпақтарын ол әу бастан-ақ күреспен, өзiндiк, Өзбекәлiлiк iс-әрекетпен өткiзуге тырысты. Сондағы оның ұстанған темiрқазығы, мұраты қазақ халқына, Қазақстанға барынша адал қызмет ету болатын», (207-бет) – деуiнде де үлкен мән жатыр.

Адамның кеудесiнде жұртқа өкпе, ыза емес, мейiрiм, өмiрге, жаңаға, жақсыға құштарлықтың ұя салуы оның азаматтығын айқындаушы күшке айналады. Өмiр қара бояудан ғана емес, ақтан да, жауыздық пен жақсылық, зұлымдық пен адалдық, қараңғы мен жарықтың мәңгiлiк айқасынан құралатынын әрi жақсы жандар айналада көп екендiгiне қапысыз сенуден тұрады. Балалық шақта жүрекке ұялаған шынайы сенiм адамның өмiрдегi шамшырағына айналары да осы тұс. Өйткенi, өмiрде Құрман қария сынды адамдар көп.

«…Кейiн оң-солымды танып, Алматыдағы оқуға аттанғанымда, Құрман атам есегiне мiнiп, Сырдың қайығының аузына дейiн шығарып салып:

– Қайтейiн, қарағым, саған беретiн қаражат болмады. Сүтiне шәй ақтап отырған жалғыз ешкiнi сатайын десем, жақын жерде базар да жоқ, – деп езiле сөйлеп, «атаңның саған батасынан басқа берерi болмады» деп қолын жайды.

Мен де қолымды жайып, батасын алдым. Ата-анамнан ерте айрылып, кiсi есiгiнде көрген зұлымдық пен қорлыққа бой ұсынбай ер жеткенiме сүйсiндi ме, әйтеуiр көнекөз атамның жаны тебiренiп, көзiнен аққан жасы сақалын жуа бастағанда шыдай алмай, мойнынан құшақтап, бетiнен сүйiп, кете бердiм…», – (27-бет) деп тағы да еске алады Өзекең. Бәлкiм, бөлмесiнде жалғыз рояль мен кушетка ғана бар пианист Лев Семенович Бруктың ықпалы да iз-түзсiз кетпеген шығар: «…пианист Лев Семенович Бруктың менiң даусымды орнықтыра қоямын деп көп әлек болғанын қалай ұмытарсың. «Сiз менен опера әншiсiн жасамақшысыз ба?» дегенiмде, ол кiсiнiң: «Қымбаттым менiң, болашақ мұғалiмнiң дауысы болмаса, онан ұстаз шыға қоймайды» дегенi есiмде қалыпты» (41-бет).

Иә, қазiр де кейбiр құзырлы қызметтегi мырзалар мен бiрқатар еркетотай келiншектер табиғат бермеген дауысты қолдан жасай қоям деп әуре-сарсаң болып, ақшаны судай шашып жүргенi белгiлi, бiрақ Крыловтың әйгiлi мысалындағыдай әрекет немесе «Бiреу тоңып, бiреу тойып секiредiнiң» керi да.

Соғыс жылдарында Креманчугтан (Украина) көшiп келiп, осында тұрақтап қалған қарт еврейлердiң отбасын Өзекең қимастықпен еске алуы ағайын-туғаннан сирек көрген жақсылықты жат жандардан көбiрек көруiнен шығар-ау. Ұзағырақ мысал келтiруге мәжбүрмiз.

«Қосымша төсек қоятын орын табылмағандықтан, бала кереуетiне жайғасып, оған сыя қоймайтын аяғы құрғырдың астына орындық қойып ұйықтайтын едiм. Айына 100 сом төлеп тұруға келiсiлген бұрышқа қаражат таба алмай жүргенiмде бес айға жуық уақыт өттi. Өздерi жоқшылықтың тауқыметiн тартып отырған байғұстар сыр бiлдiрмедi. Менiң тарығып жүргенiмдi көрiп, таңертең дастарқанға отыруға шақырса, әдеп сақтап, бармаймын. Жан қиналып бара жатқан соң елдегi Бибай деген немере әпкеме хат жолдап, көмек сұрауға тура келдi. Онан 500 сом телеграфпен келе қойды. Үйдiң қожасының қолына ұстатсам, жарықтық, жатқан жерiң торқа болғыр, алмады.

– Қарағым, сенiң тарығып жүргенiңдi көрiп отырмыз, Құдайға шүкiр, аштан өлейiк деп жатқан жоқпыз. Қызым жәрдем берiп тұрады. Сенiң қол ұшын беретiн туысқаның жоқ екен. Өзiңе жаратсаңшы, – дегендi айтты.

Мен де оның ырқына көне қойған жоқпын. Қайта-қайта тықпалап жүрiп, 200 сомын кемпiрдiң қолына әзер ұстаттым. Ол болса: «Қалғанына бiр шалбар, көйлек, трусы, майка алсаңшы. Ертең оқу бiтiргенде чемодан да керек болар» дедi.Қазiргiлер болса ғой, мұндай «бейбас» студенттi бұрышқа ақысын алдын ала төлеп қоймадың деп-ақ үйiнен қуып шығар едi. Қандай адамгершiлiк десеңшi!» (47-бет).

Расында, қазiргiдей емес, қиын шақта адамдар бiр-бiрiне мейiрiмдi бола түседi екен ғой.

Ғұмырнамалық деректi кiтап жазу оңай емес. Қазiр қазақ әдебиетiнде өрескел, аса келеңсiз жағдай қалыптасып отырғаны аян. Ғұмырнамалық кiтап жазушылардың көбi өз кейiпкерлерiнiң тамақ жегенiн, арақ iшкенiн, қыз-қырқынға қырғидай тигенiн тiзбелеуден аса алмай, жер бауырлайды. Тым құрығанда француз, орыс әдебиетiндегi естелiк жанрының озық үлгiлерiнен үлгi алуға да құлықсыз. «Шындық толық айтылуға тиiс» деген жеңiл ұстанымды желеу етiп, ұсақ-түйектi қазбалап, шылбыры қысқа шобырдай шыр айналады,есесiне, кейiпкердiң жан-дүниесiндегi талас-тартыс, күйiнiшi мен сүйiнiшi көбiне назардан тыс қалады.

Белгiлi жазушы, ұзақ жылдарын журналистикаға арнаған қарымды қалам иесi Еркiнбай Әкiмқұловтың «Өзбекәлi Жәнiбеков» атты кiтабы әлгiндей сұрғылт жинақтардың ағыны арасында өзiндiк ерекшелiгi, биiк парасаттылығымен, шыншылдығымен ерекшеленедi.

Өз тағдырын қоғам тағдырымен байланыстырған, тiршiлiк-тынысын туған халқының тiршiлiгiмен ұштастырған адамның уақыт алдындағы парызы, жауапкершiлiгi өлшеусiз зор болатыны белгiлi. Туған халқы боданда болған қиын, мейлiнше күрделi уақытта қоғам, мемлекет қайраткерi дәрежесiне көтерiлген, туған елiне қалтқысыз қызмет еткен партия қызметкерiнен биiк парасатты, адалдық пен кiсiлiктi талап етедi. Уақыт пен ұрпақ алдындағы ұлағатты парызын адал атқарған Өзбекәлi ағаның өз қаламынан «Тағдыр тағлымы» атты мемуарлық қос томдық, «Уақыт керуенi», «Жолайрықта», «Алды-артыма қарайлап өмiр кештiм» атты сүбелi шығармалар, сондай-ақ, орыс тiлiнде «Қазақтың қолөнер мәдениетi», «Жаңғырық» атты кiтаптар туғаны мәлiм. Және осындай адам туралы жазу жайдағыдан қиындай түсетiнi және бар. Сөйте тұра, Еркiнбай Әкiмқұлов үлкен еңбек атқарғанын айта кету керек. Аталмыш кiтап он тараудан және Өзекеңнiң өз естелiктерi, сондай-ақ, «Ел-жұрты есiне алады» айдарымен студенттiк шақтары бiрге өткен белгiлi ғалым Ауданбек Көбесов, ақын-жазушылар Қалаубек Тұрсынқұлов, Шерхан Мұртаза, Мархабат Байғұт, Тұманбай Молдағалиев, Нұрлан Оразалин, тағы басқа үзеңгiлес жүрген әрiптестердiң жадындағылар мiнсiз қамшының өрiмiндей кезектесiп отырады. «Алды-артына қарайлау» – өмiрдiң ығытына бейiм жарамсақ, жалтақ адамдардың екi қарап, бiр шоқып өмiр сүруi емес, алдағыны болжап, өткенге құрметпен қарайтын кемеңгердiң қасиетi. Қазақта «Өткенге кесек лақтырсаң, болашақ саған тас лақтырады» деген мағынасы терең ғибрат бар. Өзбекәлi Жәнiбеков те қазақтың тарихы, мәдениетi мен өнерiне шексiз құрмет танытқан жандардың бiрi. Және осы жинаққа ол кiсiнiң өсиетi ойлары – қазақ халқының тағдыры, тарихы, мәдениетi, өнерi, бүгiнi мен келешегi, отаншылдық туралы кемел толғаныстары берiлуi өте ұтымды шыққан. «Соңғы жылдары бiз тағы бiр қасiретке тап болдық. Бұл қазiр белең ала бастаған хандарды да, билердi де, батырларды да бiр-бiрiне қарсы қойып, ата-атаға, ру-руға, тайпаға бөлiп, жiктестiре бастаған сырқатпен байланысты. Мысалы алсақ, Абылай сияқты аса көрнектi мемлекет қайраткерiнiң 280 жылдығы Көкшетауда кеңiнен атап өтiлдi де, оның туған, тiптен дүние салған жерiнде, ежелгi Түркiстанда немесе ескi Шымкентте ескерусiз қалды. Шамасы мәселе Абылайханда емес, оның Орта жүздiң ресми ханы болғандығында шығар. Әйтпесе,Тәукеханға облыс орталығының ең үлкен даңғылының атын бергенде, Абылайды да ұмытуға болмайтын едi…»– деп күйзеле жазған Өзбекәлi Жәнiбеков қазiргi қалыптасқан келеңсiз жағдайды осыдан он-он бес жыл бұрын-ақ дәп басқан секiлдi. Мiне, қайтыс болғанына он жылдай болып қалған Өзбекәлi Жәнiбеков сынды қазақтың бiртуар арысына өркендеп, гүлденуiне бар саналы ғұмырын арнаған Алматы қаласында жiбi түзу көше, мектеп, жоғары оқу орындарының бiрiнiң аты берiлмей отыруының өзi сол кеселдiң айқын көрiнiсi. Кемеңгерлерiн құрметтей бiлмейтiн жұрттың келешегi де бұлдыр-ау.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары