ДЕМIККЕН ДЕМОГРАФИЯ САУЫҚТЫРУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАЙСЫ?

ДЕМIККЕН ДЕМОГРАФИЯ САУЫҚТЫРУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАЙСЫ?

ДЕМIККЕН ДЕМОГРАФИЯ САУЫҚТЫРУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАЙСЫ?
ашық дереккөзі
272

Соңғы мәлiметтерге қарағанда, Ресейде «Ана капиталы» атты жаңа заң дүниеге келгелi, перзентханаларға ағылған аналарда есеп жоқ сияқты. Қызығы, бұл заң өмiрге келгенiне көп уақыт бола да қойған жоқ, ал күшiне осы жылдың 1-қаңтарынан бастап енген. Соған қарамастан, екi айдың iшiндегi табиғи өсiм былтырғы жылдың осы уағымен салыстырғанда, анағұрлым көбейген.

Әңгiмемiз түсiнiктi болу үшiн аталған заң туралы түсiнiктеме бере кеткендi жөн көрдiк. Бұл заң бойынша, Ресейде әрбiр отбасында өмiрге келген екiншi немесе үшiншi (одан да көп) баланың қоржынына 250 мың рубль салынады. Әрине, бұл қаржыны баланың ата-анасы тек үш жылдан кейiн ғана пайдалана алады. Оған дейiн аталған сома ата-ананың арнайы есеп-шотында болмақ. Бала дүниеге келгеннен кейiн үш жылдан соң оның отбасында аман-есен тәрбиеленiп жатқанына көзiн жеткiзген Федеральдық үкiмет өмiрге келген баланың ата-анасына еш ойланбастан ақшасын санап, қолына ұстатады. Сөйтiп, Ресей ананы қолдау жағынан әлемде көшбасшы бес елдiң бiрiне, анығын айтқанда екiншiсiне айналып отыр. Мұндай елдердiң көшiн Италия бастап тұр екен. Италия әрбiр өмiрге келген баланың есеп-шотына 10 мың доллар салатын көрiнедi. Соңғы орындағы Исландияның өзi бала қоржынын 2,5 мың АҚШ долларымен толықтырады. Ал, Ресейдiң тағайындап отырған капиталының деңгейi де 10 мың АҚШ долларына жетiп жығылады. Осы мақсатқа Ресей 2010 жылға қарай 130 миллиард рубль бөлудi жоспарлап отыр.

2002 жылғы бүкiлхалықтық санақ бойынша, Ресейдегi халық саны 145,2 миллионның деңгейiнде болған. Одан бергi 5 жыл iшiнде бұл цифр анағұрлым өзгерiске ұшырай қоймағаны анық. Бұл 1,5 миллиард халқы бар Қытай мен 1 миллиардқа жетiп жығылатын Үндiстанның жан саны жағынан түкке тұрғысыз болса да, Еуропа елдерiмен салыстырғанда анағұрлым iлгерiлiктi танытады. Бiрақ, соңғы жылдары Ресей демографтары халқының қартайып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Дегенмен 100 миллион халықта 10 миллион жас қалай да бар болуы керек. Демек, Ресей демографиялық дағдарысқа әзiрге тап бола қойған жоқ. Соған қарамастан, тұрмыстың қиындығын көлденең тартып, бiрден артық бала сүюге құлықсыз ресейлiк аналардың қалтасын қампайтуды жөн деп тапқан Ресей президентi Путин былтырғы жылғы мамырдың 10-ындағы дәстүрлi халыққа Жолдауында халықтың санын көбейтудi басым бағыттардың бiрi ретiнде айқындаған. Президент тапсырмасын Федеральдық үкiмет аяқасты еткен жоқ. Бiрден iске кiрiстi. Сөйтiп, демографиялық тасқын жасаудың амалын ойлап тапты. Сонымен қатар, 2007 жылдың 1-қаңтарынан баланы бағып-қағуға арналған жәрдемақылар да өспек. Атап айтсақ, бала 1,5 жасқа жеткенге дейiнгi айлық жәрдемақының мөлшерi 700 рубльден 1500 рубльге, ал екiншi немесе одан кейiнгi балаларды бағу үшiн ай сайын 3000 рубль төленедi. Бала туғаны үшiн төленетiн бiржолғы жәрдемақының құны 8000 рубльге жетедi. Бұдан басқа да, ресейлiк көп балалы аналар бұрынғы Кеңес Одағы кезiндегi жеңiлдiктерiн қайтарып алатын сынды. Бұндай бастаманы көтерген Саратов облыстық әкiмшiлiгi көп балалы аналарға коммунальдық төлемдердi төлеуде жеңiлдiк жасайтын, автокөлiкте тегiн жүретiн, сондай-ақ, ай сайын 2000 рубль төлеп тұратын заң қабылдаған.

Оның үстiне, Ресей былтырдан бастап алыс-жақындағы қандастарын елге шақырып, олардың тарихи отанына оралуына да барлық жағдайды жасап бағуда. Ресейлiк сарапшылар алдағы үш жылдың iшiнде 9 миллион орыстың отанына оралатындығына сенiмдi. Ресейдiң демографияны бұлай қолына алуының өзiндiк себептерi де жоқ емес көрiнедi. Бұл соңғы жылдары заңсыз мигранттардың тасқынына төтеп бере алмай отырғандығы мен жұмыс күшiне зәрушiлiктiң салдарынан туындап отырған мәселе.

Ал, 2015 жылы халқының санын 20 миллионға жеткiзудi жоспарлап отырған Қазақстанда қандай шаралар қолға алынып жатыр? Ең алдымен Қазақстанның табиғи байлығы мен шексiз-шетсiз астығының өзi Ресей сияқты жомарттық танытуға жетiп артылады. Бiрақ, соған қарамастан, Қазақстанда ана мен балаға төленетiн жәрдемақылардың құны адам айтса нанғысыз, мардымсыз. Айталық, жаңа туған нәрестенi бағып-қағуға төленетiн жәрдемақы Ресейдегiдей 1,5 жасқа дейiн емес, 1 жасқа дейiн ғана төленедi, небәрi 3000 теңге. Ал, екiншi бала үшiн бұл сома – 3,5 мың, үшiншi бала үшiн – 4 мың, төртiншi бала үшiн – 4,5 мың теңгеге жетiп жығылады. Демек, Ресейдегiмен салыстырғанда, 3 есеге дейiн төмен. Сондай-ақ, бала туғаны үшiн төленетiн бiр жолғы жәрдемақы 100 доллардан аспайды. Ресейде бұл жәрдемақы бiздiкiнен 3 есеге жуық артық.

Сарапшылар, Қазақстандағы демографиялық ахуалды үш кезеңмен қарастырады. Бiрiншi кезең – демографиялық дағдарыс кезеңi (1993-1997 жылдар), дәл осы кезеңде республикадан 2 миллион адам өзге мемлекеттерге қоныс аударған; екiншi кезең – 1997-2000 жылдар аралығы, демографиялық ахуалдың бiршама тұрақтанған кезi; үшiншi кезең – 2000 жылдан бүгiнге дейiн, демографияның алға жылжыған кезi. Бұл жылдары елiмiзден сыртқа кетушiлерден келушiлер саны молайып, дүниеге келген нәрестелер саны артқан. Ал, 2004 жылы халқымыздың саны 15 миллионға жеткен. Былтырғы есепке көз жiберсек, елiмiзде жаңа өмiр есiгiн ашқан сәбилердiң саны 300 мыңнан асқан екен. Егер, табиғи өсiм осы қалыппен жүретiн болса халықтың саны 20 миллионға ендi 35 жылдан кейiн жетедi дейдi сарапшылар. Белгiлi демограф ғалым Мақаш Тәтiмов халықтың саны 2025 жылы ғана 20 миллионға жетуi мүмкiн деген болжам айтты.

Қазақстан сияқты алып территориялы мемлекет үшiн 15 миллион халық тым аздық ететiндiгi жайында бiз бұған дейiнгi мақалаларымызда сөз еткен болатынбыз. Алып елдi игеру үшiн адам саны сөзсiз қажет. Бiрақ, бiз жан санын көбейтудiң бар мүмкiндiктерiн жасай алмай отырмыз. Ең бастысы, әлеуметтiк жәрдемақылардан бастап, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жаңа туған сәбидiң есеп-шотын ашу сияқты кешендi бағдарлама бiзде әлi жасалынған жоқ. Президенттiң тапсырмасын қолдап-қолпаштап әкеткен бiрде-бiр атқарушы билiк өкiлiн кездестiрмедiк. Ресей президентiнiң аузынан шыққан леп жерге түспей орындалып жатыр. Ал, бiздiң Елбасы халық санын 20 миллионға жеткiзу туралы 2004 жылғы Жолдауында сөз еткенi мәлiм. Содан берi құзырлы органдардың тырп еткенiн көрген жоқпыз.

Халықтың санын көбейтудiң екi жолы бар. Бiрi – табиғи өсiм. Бұл үшiн аналарға жасалатын көмек, медициналық жәрдем және әлеуметтiк жәрдемақылар өсуi керек едi. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Қарағұсова ханым: «Елде кедейлер жоқ!» деген мәлiмдеме жасады да, тұрмысы төмен отбасыларға төленетiн мардымсыз атаулы көмектi бермеудiң жолдарын қарастырып бағуда. Ал, көп балалы отбасылардың көбiнiң тұрмысы төмен болатындығы мәлiм. Олар жоғарыда айтқан мардымсыз жәрдемақыға телмiрiп күнiн көруде. Оның өзi өткен жылдан бастап қана төлене бастаған жоқ па? Мардымсыз қаржы инфляцияның құрығына iлiндi, сөйтiп көп бала тапқаны үшiн қуанудың орнына ата-ана күрсiнетiн деңгейдемiз. Жақында ғана ауылдан келген жеңгем үшiншi баласына босанғаннан кейiн, нәрестелi болғаны үшiн төленетiн жәрдемақысын алуға ауылдық ауруханаға барса, бас дәрiгер келесi баланы туудан сақтандыратын спираль салғаны туралы анықтама әкелмесе бермейтiндiгiн айтып шығарып салған. Жеңгем бас дәрiгердiң шырмауына түспейдi, бiрден ауданға шағыныпты. Егер, аудандық мамандар дер кезiнде ара түспегенде, ауылдық дәрiгер үшiншi баладан кейiн балалы болуына тиым салатын түрi бар. Мұндай жағдайдың басқа да өңiрлерде орын алмай жатпағанына кiм кепiл?!. Талай момынды басынған жергiлiктi шенеунiктер азын-аулақ қаржыны аяп, бала санын көбейтушiлердiң жолына кесе көлденең тұрып жатса, Елбасы тапсырмасының аяқасты болғаны емей немене?

Екiншiсi – шетте жүрген қандастарымызды отанға оралту. Бұл салада да iстелiнiп жатқан жұмыс жоқтың қасы. Жыл сайын 5000 отбасын мемлекеттiк көшi-қон квотасы бойынша қабылдаймыз. Бұл көшi-қон саласындағы сыбайлас жемқорлықты өршiткеннен басқа пайда бермей отыр. Көшi-қон квотасы негiзiнен шетелдiк жұмыс күшiне белгiленуi керек едi. Бiз керiсiнше отанына оралуға ниет бiлдiрген қандастарымыздың келуiн санмен шектеп жүрмiз. Ресей отандастарын елiне шақырғанда оларға арнайы квота жариялаған жоқ. Қанша отбасы келсе де, бас тартпайтындығын жария еттi. Ал, бiзде Қазақстанға келiп ап, көшi-қон квотасына ене алмай сандалып жүргендер қаншама. Соған қарамастан, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетi жыл сайын оралмандарға бөлiнген қаржының қомақтысын игере алмай жатады. Бұл не? Кәдiмгi шенеунiктiк керенаулық па, жоқ, әдейi жасалған қысастық па? Оны нақты айту қиын. Тек жүйелi iстiң жоқтығының салдарынан деймiз де!

ТҮЙIН: Ресей — неден де болса тастүйiн отырған, мемлекеттiлiгi мығым, болашағы айқын мемлекет. Ал, Қазақстан тәуелсiздiгiне небәрi 15 жыл толған жас ел. Сондықтан, дәл мұндай мәселелерде Ресейден бұрын Қазақстанның дабыл қағып, алдыға түсетiн жөнi бар едi. Бiрақ, амал нешiк, Ресей кәрiтақыстығын танытты. Демографиялық апаттың оңдырмайтындығын түсiндi. Алысқа бармай-ақ, бүгiннiң өзiнде Ресей базарларын басып алған келiмсектердiң Ресейдiң оларға қатысты қатал заң қабылдағанына қарамай, кетуге асықпай отыруы көршiмiздiң етек-жеңiн жиюына түрткi болған сынды. Оның үстiне жетiспей жатқан жұмыс күшiн қосыңыз. Бұның бәрi ертеңiн ертеден болжайтын Ресейдiң бас ауруына айналды. Өйткенi, Ресей жарылқамайтын жаттан, өзегiн талдырмайтын өзi артық екенiн бiледi. Сондай-ақ, нарық заманында адамның да тiрi капиталға айналатынын сезiнедi. Демек, адамның қадiрiн бiлетiн көршiмiз халық санын заңсыз мигранттар есебiнен емес, алыс-жуыққа ауып кеткен немесе қалып қойған отандастары мен табиғи өсiм арқылы көбейтудi жөн санайды. Жарты әлемге «ұлттар лабораториясымыз» деп жар салған Қазақстан Хрущев заманынан берi келiмсектерге ашқан есiгiн жабуға асығар емес. Тың игеру кезеңiнен берi 50 жыл өтсе де, қазақ топырағын жерсiнгенмен, тiлiн менсiнбеген, мәдениетiнен жерiген жат жұрттықтар әлi де бiр идеяға жұмыла алмай жатқанда тағы да миллион келiмсектi заңдастырдық. Бүгiн олар заңды түрде еңбек етуге жолдама алса, ертең тым солқылдақ азаматтық туралы заңымызды пайдаланып, азамат атануға мүмкiндiк алады. Сөйтiп, сол «ұлт лабораториясы» атынан танбай, ұлттық идеологияны аяқасты ететiн тағы да бiр буын қалыптасады. Бұның соңы 1,5 миллиардтан асқан Қытай мен 150 миллионға жеткен орыстың жемiне айналдырмаса неғылсын.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары