САРБАЛА

САРБАЛА

САРБАЛА
ашық дереккөзі
180

Қазақтың рухы Бетховеннiң әуенiнен емес,

Бесiк жырынан басталады.

(Төлеген Қожамқұлов)

1969 жылдың көктемгi айында Мәскеуге жолым түсiп, СССР Ғылым Академиясының Шығыстану институтына келiп, Шығыс жазбалар ескерткiшi деп аталатын бөлiмге стажер-зерттеушi болып тiркелдiм. Бұл оқуға келуiме себепкер болған марқұм Мүсiлiм Базарбаев ағамыз едi. Сол кезде ол кiсi Қазақ ССР Ғылым Академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры едi.

Бiр күнi Мүсекең кабинетiне шақырып алды да: «Москваға, Шығыстану институтына оқуға барасың ба?» – дедi. Содан жолқапшығымды арқалап алдым да, мұнаралы Мәскеуден бiр-ақ шықтым.

Институтта өзбек, тәжiк, армян, грузин жастары бар екен. Қазақтан әзiрше өзiм ғана. Сөйтiп бiр жыл өте бере институтта бiр сары бала пайда болды. Көзi көк, шашы сары, қолында түйенiң қарнындай сары потрфелi бар, жұпыны киiнген қағiлез бозбала. Таныса кеттiк. Әбсәттар Дербiсәлиев деген жiгiт екен, ол да осында оқуға келiптi. Мен иран бөлiмiндемiн де, ол арабтану жағына келiп түсiптi. Қазақстаннан келген екеуiмiз шүпiрлесiп, жүдә жақсы болып қалдық. Коридорда, дәрiсте, кiтапхана залдарында түйiсiп қаламыз. Сыпайы сары баламен ә дегенде шүйiркелесiп кете алмадық, одан сегiз-он жастай үлкендiгiм болды, әрi сол уақытта жас ақын атанып, өлеңдер кiтабым жарық көрiп, Мәскеудiң журналдарында жырларым жарияланып, Мәскеу оқырмандарының алдында өлең оқып, кеудеме нан пiсiп жүрген кез едi. Қайран жастық-ай десеңшi, қай жағаға апарып соқтырмадың сен менi. Бас мүфтиiмiз, қажы, ғалым Әбсәттар Дербiсәлiнi теледидардан, мешiттен, газет-журнал беттерiнен көре қалсам бiрден сол жылдар есiме түседi.

Расында да озатын жүйрiкке дауа жоқ-ау. Ақанның Құлагерiн алғашқы көргендердiң iшiнде менсiнбей мұрын шүйiргендер де болған деседi. Ия, мұның алдында Әтекең екеуiмiз М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бiрер жылдай бiрге қызмет iстегенбiз, содан ол қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетiне ауысып кеткен-дi. Ендi Мәскеуге оқуға келiп тұрған бетi екен.

Менiң ғылыми жетекшiм филология ғылымының докторы, белгiлi ирантанушы, әзiрбайжан Газанфур Юсуфоглы Алиев болды. Әбсаттардың жетекшiсi, ұмытпасам, әйгiлi арабтанушы ғалым Юрий Николаевич Завадовский. Сөйтiп Шығыстану әлемiне бет алған бiрiншi соқпақ жолдарымыз басталып кеткен едi. Екеумiзге де оңай болған жоқ. Қазақстанның атынан келiп отырғасын ұлтыңды, ұяңды ұятқа қалдырғың келмейдi. Таңның атысы мен күн батқанға дейiн жүгiрiп жүресiң. Жанұшырып бiлiм iздей бастадық. Жатағымызға сүрiнiп, жығылып жетемiз.

Шығыстану институтының тәртiбi қатаң, мәдениетi өте жоғары, әр сағатың iске толып тұрады. Бiр залда зиялы қауымның ортасында бiреу диссертация қорғап жатса, екiншi залда Шығыс елдерiнiң тарихына, мәдениетiне, экономикасына, саясатына байланысты ғылыми конференциялар өтiп жатады. Шығыс елдерiнен келген делегация өкiлдерiмен әңгiме-дүкен жүредi. Батыс пен Шығыстың тiлдерi домбыраның қос iшегiндей күмбiрлеп күй тартып кетедi. Бiз оқып жүрген жылдары институт директоры, атақты академик, тәжiк Бобожон Ғафуров едi. Түсi шұбарлау келген, аяғын сылтып басатын қатаң кiсi. Көзiне түспеуге тырысатынбыз. Десем де бiр күнi коридормен қысыла өтiп келе жатқанымда тоқтатып алды да: «Бала, қайдан келдiң?» дедi. «Қазақстаннан келдiм», – дедiм. «Е, сенi Д.А.Қонаев оқуға жiберген екен ғой, ол менiң досым, ал сен үлкен кiсiнi, халқыңды ұятқа қалдырма», – дедi ол. Маңдайымды жыбырлаған тер басып кетiптi. Қуанған да, қорыққан да бiр деген рас-ау!

Бiрде үзiлiсте әңгiмелесiп тұрғанымызда жетекшiм Г.Ю.Алиев институттың ұзын коридорын көзбен шолып өттi де: «Сiз мына коридорда кiмдердiң iздерi қалғанын бiлесiз бе?» – дегенi бар. Мен бiлмейтiн едiм. «Мұнда Александр Пушкиннiң iздерi сайрап жатыр», – дедi ол масаттанып, темекiсiн сора түсiп: «Пушкиндi бiздiң Абай қазақша сөйлеткен ғой және қалай сөйлеткен десеңiзшi! Татьянаның тәттi әнi қырға тарап, қызғалдақ терiп кеткен ғой», – дедiм. «Пәлi, – дедi ұстазым, – «Евгений Онегин» поэмасы қазақтар арасына да кең тараған екен ғой».

«Сен жаралы жолбарыс ең,

Мен киiктiң лағы ем,

Өлмей тiрi қалдым әрең,

Қатты батты тырнағың», – деп, сайрай жөнелмесiм бар ма. Жетекшiм Абайды, Мұхтар Әуезовты жақсы бiледi екен, оның үстiне Мұқаңның қызы Ләйлә Мұхтарқызымен МГУ-дiң тарих факультетiнде бiрге оқыпты. Асқар Қонаевты да бiлетiн болып шықты. «Қазақстаннан жаңа бiр стажер-зерттеушi келдi, бiлесiз бе?» дедi. «Әрине бiлемiн, есiмi — Әбсаттар», – дедiм. «Ендеше екеуiң ынтымақпен бiрлесiп жұмыс iстеңдер, бiр-бiрiңе көмектесiп жүрiңдер, шет жерде жүргенде жерлестердiң жаны туысқаннан да жақын болады», – дедi Газанфар Юсуфоглы.

Бiр институтта оқысақ та Әбсаттарды көруiм сирек. Сарбалада тыным жоқ. Iзденiп, жүгiрiп жүрiп оқиды, тыңдағанын тез қағып алады, орысшасы да тәп-тәуiр. Кiтапхана залдарында көбiрек отырады.

Талаптың тебiнгiсiн терге малып, кейде мұңайса да майыспай мiндетiн атқаратын Әбсаттар iнiме iлтипатпен қарай бастадым. Әсiресе, менi оның еңбекке деген ерекше ықыласы қызықтырушы едi, бiр тақырыпты алып зерттесе де, соның арғын-бергiсiн тұлабойын түгел тексерiп, жердiң қыртысынан керектi дән iздегендей тыным таппайтын. Ғылымда қара жұмыс деген болады, ең алдымен белгiлi бiр нәрсенi қозғарда, қолға аларда сол тақырыптың үлкен бе, кiшi ме тарихын түбегейлi зерттеп барып кiрiспесе көңiл толтырып, таңдай тұшытатын дүние жасай алмайсың.

Әбсаттар алғашқы адымын араб тiлiн үйренуден бастап, оны тереңдетiп алғаннан кейiн араб әдебиетiнiң тарихына бас қойды. Ал, араб әдебиетiнiң әлемi деген бiр шалқып жатқан теңiз секiлдi, шет жағынан түсiп байқасаң асау толқындары көз ұшында ойнап, тулап жатады. Әлем әдебиетiне әйгiлi екi кiтапты; бiрi – қасиеттi «Құран Кәрiмдi», екiншiсi – «Мың бiр түндi» берген араб халқының талантына тағзым етпеске болмайды. Ұланғайыр жүйрiк қиялды, ойшыл, романтик араб ақындары сонау бесiншi, алтыншы, жетiншi ғасырларда жасап кеткен жырлары жаһанға таралды.

Кеше ғана Шымкенттен шыққан шымыр бала бүгiндерi Мәскеудiң мың бөлмелi кiтапханаларын, архивтерiн аралап, өз биiгiн iздейдi, талпынады, алға ұмтылады. Шаршадым немесе қаражатым таусылды деген сөздердi сол уақытта мен Әбекеңнiң аузынан есiтiп көрмеппiн. Айтатыны араб шайырлары, романшылары, Құран хадистерi, ғалымдары едi. Ғылыми жетекшiсi Ю.Н.Завадовский оны әжептәуiр ширатып, илеп, садақтай иiп араб тiлдi Марокко әдебиетiнiң тарихына алып барды. Ұстазы қатал кiсi едi, арабша ағызып, аңқытып сөйлегенде адамды аузына қарататын, тiптi арабтарыңның өзi таң қалатын.

Әбекең сондай саңлақ, сырбаз кiсiнiң қолына түскеннен кейiн қалыптан шыққан мiнсiз кiрпiштей жалт етiп шыға келетiн.

Сөйте-сөйте Сарбала стажер-зерттеушi, бiлiккерлiк сатыдан абыроймен аттап, әдемi есебiн берiп өттi де, аспирантураға қарай жол тартты. Ара-арасында жас зерттеушiлердiң, аспиранттардың ғылыми-теориялық конференцияларына қатысып, атын шығара бастады. Аракiдiк республикалық басылым беттерiнде ғылыми мақалалары, көркем әңгiмелерi жарияланып тұрады.

Мәскеуде оқып жүргенiмiзде институт ауылшаруашылық жұмыстарына жиi жұмсаушы едi. Мәскеу маңайының кәртошкiсiн Әбекең екеумiз талай тергенбiз.

Әбекең бiлiм жоғарылату мақсатымен 1976-1977 ж. Марокко Корольдiгiне тартып отырды. 1977 ж. «Араб тiлдi Марокко әдебиетiнiң даму дәуiрлерi» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын абыроймен қорғады. Ғылыми жетекшiсi, профессор Ю.Н.Завадовский сонда ортаазиялық және бiр шынайы шәкiрт тәрбиеледi. Қазақ баласы араб әдебиетiнiң дәуiрiн талдап, ғалымдарды таңқалдырғаны соншалықты сүйкiмдi көрiнiс едi.

Егерде Дiнбасымыз Әбсаттар қажының қазiр барған, сөйлеген жерлерiн, елдерiн картаға салып тiзсе, қызық суретке көзiмiз қанығар едi. Бас мүфтиiмiздiң бармаған елi азайып барады. Босния, Герцеговина астанасы Сараево, Кипр, Бағдад, Солтүстiк және Оңтүстiк Иемен, Марокко, Токио, Кашмир, Каир, Афины, Пешавар, Мадрид, Колумбия, Александрия, Берлин… мiне, солай кете бередi.

Қай жылы екенi есiме түспей отыр, шамасы 1996-1997 жж. шамасы болса керек Әбекең екеумiз Пәкiстанға бiрге барып қайттық. Пәкiстан университеттерi мен бiздiң әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университет арасындағы келiсiмшартқа қол қойдық. Мен ол кезде шығыстану факультетiнiң деканы едiм. Ол тiлдер және халықаралық байланыстар жөнiндегi проректор едi. Әбсаттар Дербiсәлiнiң бiрге жол жүргенде жайлы азамат екенiн сонда байқадым. Оның қызмет орны менен жоғарылау, ал жасы кiшi едi. Кiсi жолда танылады. Араға такаппарлық деген бәле тiкiрейiп кiрiп кетсе қиыны сол. Ал, пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) адам бойындағы қандай мiнездi жек көресiз дегенде: «Такаппарлықты, такаппарды ұнатпаймын, себебi ол табанының астындағыны көрмейдi», — деген ғой.

Ал, бiз Әбекең екеумiз ағалы-iнiдей әңгiмемiз жарасып, жарқыл қағып, жақындасып кеттiк. Зиялы, зейiндi iнiм баяу үнiмен ширата әңгiме айтып, шымыр ойларымен шыңға жетелегендей әсер қалдырды. Пәкiстан ғалымдарымен, университет ректорларымен сұхбат құрысып, өзiмiз де бiр дәрежеге өсiп қалдық. Студенттермен дидарластық, журналистерге сұхбат бердiк. Бiр апта бiр күндей зулап өте шықты. Сапарымыз нәтижелi болды. «Ағаштың жемiсi неғұрлым мол болған сайын соғұрлым иiлгiш келедi» деген мәндi сөздiң мәйегiн мен сол жолы Әбекеңнiң әр сөзiнен, қадамынан, ойларынан аңғардым. «Мың мамандық болса соның ең биiгi – ғалым» дейтiн қытай мәтелi есiме оралады. Әбекеңнiң Дiнбасылығынан гөрi маған ғалымдығы көбiрек ұнайды. Қазiр таразының екi басын тең ұстап келедi. Адам – гүл, қайда жүрсе сол жерден хош иiс аңқиды. Әбекең жүрген жерлерде iзгiлiк гүлдерi өсiп отыратыны сондықтан болса керек.

Ә.Дербiсәлiнiң шәкiрттерi ел iшiнде ғана емес, Шығыс елдерiнде мiндеттерiн үлгiлi атқарып жүр. Бiздегi арабтанудың тұңғыш ғылым докторы, академигi, Қазақстан Шығыстануын тұңғыш ұйымдастырушы болса, онда шәкiрттер көп болмағанда кiмде көп болады? Ұлты қазақ бола тұра араб тiлдi Марокко әдебиетiнiң тұтас тарихын жазып шықты. Туындыларын араб, парсы, шағатай тiлiнде жазған, Х-ХVIII ғ. ғұмыр кешкен даламыздың елуден астам данышпандарының еңбектерiн ғылыми айналымға енгiзгенi және бар. Бас мүфти Ә.Дербiсәлi жетекшiлiгiмен қаншама жастар кандидаттық, докторлық диссертациясын қорғап, бiлiм биiгiне өрмеледi. Қашғария, Пәкiстан, Индияға барып Мұхамад Хайдар Дулатидiң зиратын тапты, құлпытасының эпитафиясын шештi. «Жаһан наме» поэмасын шағатай тiлiнен аударып, баспаға әзiрледi, зерттеулерiн жазды. Сондай-ақ Дамаскiдегi Әбу Насыр әл-Фараби мен Сұлтан аз-Заһир Бейбарыс зираттарына Отырар топырағын жеткiзу сынды имандылық игi iстердiң жүзеге асуына мұрындық болды. Мұндай игiлiктi шараға әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетiмiздiң ректоры, академик Төлеген Әбдiсағиұлы Қожамқұлов та қатысып, үлкен сауапты иелендi. Әбсаттар қажы Дербiсәлi халықаралық «Араб тiлi» университеттерiнiң (Каир) академигi, республикамыздың тоғыз университеттерiнiң «Құрметтi профессоры» екен.

Құранды мәнерлеп оқу жарысы да осы Әбсаттар қажы келгесiн ғана қолға мықтап алынды. Бiздiң қарилар шет елдердегi жарыстарға да қатысып, абыроймен оралып жатыр. 2003 жылы қыркүйекте Астанада әлемдiк және дәстүрлi дiн лидерлерiнiң тұңғыш съезiн өткiзу кезiнде Бас мүфтидiң қосқан үлесi салмақты едi.

Шығыстанушы, ғалым ұстаздың елеулi еңбектерi 2002 ж. Египет Араб республикасының I-дәрежелi «Ғылым және өнер» орденiмен, Қазақстан мәдениетiне, әдебиетiне қосқан үлесi үшiн 2004 ж. «Парасат» орденiмен және т.б. медальдармен марапатталып жатса қалай қуанбайсыз. Араб әдебиетi мен қазақ әдебиетiне, ғылымына байланысты шыққан көркем, құнды шығармалары әлi де болса алынатын, бағынатын биiк шыңдардан хабар бередi.

2001 жылы сәуiрде екi ұлым – Арман және Бағлан демеушiлiк жасап, пайғамбар жасына келгенiмде Мекке-Мединеге қажылық сапарға барып қайтқан едiм. Сол сапарда қомақты топтың алдына шығып, мiнберден мәртебелi сөзiн сөйлеп, сәт сапар айтып шығарып салған Әбсаттар қажы Дербiсәлi едi. Бiрлiк бар жерде береке бар. Осы жылы Бас мүфти бастаған делегация Сауд Арабиясы Корольдiгiнде болып, қажылық мәселесiн бiрге талқыласты. Қажылыққа байланысты келiсiм шарттарға Бас мүфти қол қойды.

Ислам – ғылым мен iлiмнен құралған. Дiн жолы даңғыл емес бұралаң, дiндi көтеру көрiктi, көргенi барлардың, бiлiмдардың ғана қолынан келедi. Осыған орай Дiнбасымыз бiраз мәселелердiң бетiн ашты. Имам және иман, мешiттер, үмiткерлердi сараптау мәселесi, қасиеттi Құранды сауатты оқу, халыққа жеткiзу жайлары, Бас мүфтидiң тiкелей ұсынысы бойынша дiни басқарма жағынан имамдардың бiлiмiн жетiлдiру институтiнiң ашылуы мол да мерейлi iстердiң айдынын аңғартады.

Өтеген КҮМIСБАЕВ,

әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық

университетiнiң шығыстану факультетiнiң

ирантану және үндiтану кафедрасының

меңгерушiсi, профессор, академик

Серіктес жаңалықтары