ЕЛIМIЗДЕ АЯҚ КИIМ ӨНДIРIСI НЕГЕ ДАМЫМАЙ ОТЫР?

ЕЛIМIЗДЕ АЯҚ КИIМ ӨНДIРIСI НЕГЕ ДАМЫМАЙ ОТЫР?

ЕЛIМIЗДЕ АЯҚ КИIМ ӨНДIРIСI НЕГЕ ДАМЫМАЙ ОТЫР?
ашық дереккөзі
331

Аяқ киiм сатып алмай жүре алмайсың. Ең бiрiншi адамға керегi де аяқ киiм. Аяғыңдағы шұлығың жыртылса, бiрден аяқ киiм iздеп базарға жүгiретiнiң де рас. Ал, өзге қалаларды айтпай-ақ қояйын, бiр Алматының өзiнде қаптаған базарлар мен сауда дүкендерiнен қай жақтың аяқ киiмiн табасың?! Әрине, Қытайдың немесе Түркияның, Италияның бұйымдары. Соңғы екi елдiң бұйымдарын сирек кездестiруiңiз де мүмкiн. Есесiне сыртына "Италияда жасалған" деп жазылып қойылған Қытайдың кооперативтерiнен шыққан аяқ киiмдер самсап тұр.

Кейбiр деректерге сүйенсек, Қазақстандағы аяқ киiм өндiрiсi Кеңес үкiметi тарағалы берi тiптен азайып кетiптi. Бiр кездерi жұмыс iстеген кәсiпорындардың қазiр санаулысы ғана қалған. Оның iшiнде "Жетiсу" фабрикасы бар. Рас, кезiнде "Жетiсу" фабрикасы аяқ киiм жасаушы фабрикалардың алыбы болып саналатын. Олардың қазiргi күйiн, сөзбен айтып жеткiзе алмайсың. Оның үстiне, олардың мемлекеттiк тапсырыспен тiгiп, арнайы шығарған тауарлары қала базарларындағы шет елдiк тауарлардың жанында жiп есе алмай жүр. Оның себебi, арзан, әрi көп шет елдiк тауарлардың қасында бiздiң отандық өнiмдерiмiздiң тұтынушының көңiлiнен шыға алмайтыны тағы бар.

Шындығында да, кейбiр мәлiметтерге қарағанда, елiмiзде күнiне шамамен 200 мыңға жуық аяқ киiм сатылады екен. Демек, жыл сайын бiз миллиардтаған ақшаға сырттан аяқкиiм сатып аламыз деген сөз. Бұрынырақта, мәселен, 1991 жылдары 56 мың жұп аяқ киiм өндiрген елiмiз, сол кездiң өзiнде 40 пайызға жуық аяқ киiмдi сырт елдерден импорттаған екен. Ал, қазiр мүлдем басқаша. Тiптi, 100 пайыз демей-ақ, қояйық, 99 пайызы шет елдiк аяқ киiмдер екен. Ал, ол аяқ киiмдердiң сапасын өзiңiз бiлесiз, бiр маусымнан аспайды. Ертеректе әке-шешелерiмiз сатып әперетiн "Жетiсу" фабрикасының аяқ киiмдерi үлкенiмiзден кiшiмiзге ауысып жүре берушi едi. Қазiр, бiр аяқ киiмдi екiншiмiз кимек түгiлi, өзiмiзден артылмай жатады. Мәселе, оның арзан-қымбаттығында емес. Орташа есеппен алғанда, 3-4 мың теңгенiң көлемiнен, 20-мың теңгеге дейiнгi аралықтағы аяқ киiмдерiңiздiң сапасы бiрдей. Бәрi де сол маусымдық дүние. Мұның сыры, шетелдiктердiң де сапалы дүниелерiн емес, арзан кооперативтiк өнiмдерiн алып келуiнде жатқан шығар.

Шет елдiк аяқ киiмдердiң сапасына байланысты, тағы бiр үлкен мәселе, былғарыдан жасалған аяқ киiмдердiң адамның денсаулығына керi әсерiн тигiзуi.Таза былғарыдан жасап жатыр ма, жоқ әлде арзанқол дүниелерден тiге ме, бiлмеймiн, соңғы уақытта балаларға арналған аяқ киiмдердiң көбi олардың денсаулығына зиянын тигiзiп жатыр. Жыл өткен сайын жасөспiрiмдердiң арасында майтабандардың көбейе түсуi де осының салдарынан болса керек.

Айтпақшы, "Жетiсу" фабрикасының бұйымдары бүгiнгiлер үшiн аңызға айналған. Естиярлар болмаса, соңғы буын өкiлдерi "Жетiсудiң" аяқ киiмiн кимек түгiлi, аталмыш фабриканың атын да естiмеген. Солай бола тұра, "Жетiсу" фабрикасы бүгiнге дейiн iлдалдамен өмiр сүрiп келе жатыр. Ол да мемлекеттiк тапсырыстың арқасы. Осыдан бiраз бұрын аталмыш фабрика жеңiл , күнделiктi аяқ киiм тiгу тендерiн ұтып алып, соның арқасында бiраз табыстарға ие болған екен. Кейiнрек, қайта қалыпқа түсiптi. Отандық өнiмнен гөрi, шет елдiң арзанқол дүниелерiнен көбiрек пайда түсiрудi көздейтiн саудагерлер аяқ киiмнiң сапасына мән берiп жатқан жоқ. Бiр қарағанда, бiздiң тұтынушыларымыз, шет елдiк өндiрiс ошақтарының пайдасы үшiн қызмет атқарып жатқан сияқты. Соның салдарынан, отандық өндiрiс ошақтары шет елдiк алпауыттармен бәсекеге түсу қабiлетiнен де айрылып отыр.

Кейбiр мамандардың айтуынша, мұндай алып фабрикаларды бүгiнгiдей нарық заманында ұстап тұрудың өзi тиiмсiз көрiнедi. Оның есесiне, шағын аяқ киiм фабрикаларын дамыту, әлдеқайда ұтымды сияқты. Оның себебi, бүгiнгi таңда аяқ киiмге жеке тапсырыс берушiлердiң саны артып тұр екен. Оның өзiнде, сәнқой қыз-келiншектердiң тапсырысының арқасында күнiн көрiп отыр. Яғни, олар аяқ киiм, белбеу, сөмке тiктiруге бейiм болып отыр. Оның өзi он пайызға жетпейдi. Олардың арасында ерекше көзге түсiп жүргенi "Икар" Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi ғана. Қазiр фабрика қайта құрылу кезеңiнен өтiп жатқан сыңайлы. Балаларға арналған аяқ киiм тiгудi ақтаулық "Ақбөбек" ААҚ қолға алыпты.

БҰҒАН БIЗДIҢ ТҰТЫНУШЫЛАРЫМЫЗ НЕ ДЕЙДI?

Майра есiмдi медбике:

— Шындығында да, бiздiң қазiргi сатып алып жүрген аяқ киiмдерiмiздiң барлығы дерлiк, шет елдiң өнiмi. Оның өзiнде сапалы емес. Қазiр "кейбiр аяқ киiмдердi кигiзуге болмайды, балалардың жүрек ауруына ұшырауына зиянын тигiзедi" деп жатыр ғой. Тiптi, балалардың арасында майтабандықтың көбеюi де сапасыз аяқ кiимдi кигендiктен болып отыр. Ал, қымбат аяқ киiмдi кигiзуге кез келгеннiң қалтасы көтере бермеуi мүмкiн. Менiң де қалтам көтермейдi. Сондықтан, "көрпемiзге қарай көсiлемiз" де, қайтемiз?!

Бақыт, кәсiпкер:

— Бiзде аяқ киiм өндiретiн өндiрiс ошақтары көбейiп, өнiм шығара бастаса, мен оны қуана-қуана сатып алар едiм. Әсiресе, балалардың киiмдерiн көптеп шығарса екен деп ойлаймын. Жеке өзiмiздiң аяқ киiм өндiрiсiн ашуға шамамыз келмейдi. Банктерден несие алғанмен, оны қайтара аламыз ба, алмаймыз ба, ол жағы тағы бар. Сондықтан, амал жоқ, көтерме саудамен базардағы Қытайдың арзанқол аяқ киiмдерiн сатып алып, оған үстеме баға қосып сатып жүрмiз.

Жәнiбек, шофер:

— Қытайдың аяқ киiмдерi өте нашар. Одан басқа аяқ киiм болмаған соң, соны кимегенде қайтемiз?!

Оқырмандарымыздың пiкiрi алуан-алуан. Кейбiрi отандық өнiмдi тұтынғысы келгенiмен, ондай дүниелердi таба алмай жүргендiгiн алға тартса, ендi бiрi — Қытайдың арзанқол кооператив аяқ киiмдерiнен жалыққанын айтады. Бүгiнгiдей нарық заманында маусым сайын аяқ киiм сатып ала беру кез келгеннiң қалтасын көтере бермейтiнi тағы бар. Тiптi, бүгiнгi аяқ киiмдердiң сапасының төмендiгi соншалық, жамауға да келмейдi. Жалаң аяқ жүргеннен гөрi, қырық жамау аяқ киiмдi киiп барудан арланбас едi-ау. Көкейiмiздi мазалаған сауал көп, жауап жоқ. Бұл мәселеге Мәжiлiс депутаттарының пiкiрi қалай екендiгiн бiлгiмiз келген.

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Мәжiлiс депутаты:

— Бiзде отандық өндiрiс мүлдем жолға қойылмаған. Оның басты себебi, нақты осы бағытқа бағытталған бағдарлама немесе жобалар жоқтың қасы. Өйткенi, көбi алып-сатумен айналысып жүр. Оларға өзiмiздiң отандық өнiмдi дамытқанша, арзан, сапасы төмен аяқ киiмдi сату, әлдеқайда тиiмдiрек. Сосын бұрынғы "Жетiсу" аяқ киiм фабрикасын өздерiңiз бiлесiздер, Кеңес Одағында дүркiреп тұрған фабрика болатын. Сол фабриканы дәл солай ары қарай жалғастыра беруiмiз керек едi. Талан-таражға түстi де, бәрi сатылып кеттi. Сондықтан бiзде отандық өндiрiстi, жаңа технологиямен жабдықтау арқылы дамытатын бағдарламалар жоқ. Бiзде банктер ақша бередi. Ол банк ақшаны берсе, он бес-жиырма пайыз арасында бередi. Онымен, бiздiң өндiрiс ешқашан да дамымайды. Өйткенi, ақшаны ала салып, бiрден дами жөнелмейсiз ғой. Алдымен, сiзге жер керек. Сосын жылжымайтын мүлiк керек, жаңа технология, жаңа құрал-жабдық керек. Бiз оны банк берген несиемен алатын болсақ, оны ешқашан да қайтару мүмкiн емес. Оның үстiне, шығарған өнiмiңдi алатын адам, яғни тұтынушы болуы керек. Тағы бiр себеп, Қытайдан келетiн тауарларда ешқандай кеден салығынсыз, КамАзға тиелiп өте шығады. Оны ешкiм тексерiп жатқан жоқ. Оның iшiнде аяқ киiм бар ма, басқа нәрсе ме, бiлiп жатқан жан жоқ. Соларға тосқауыл қойылып, өзiмiздiң өндiрiсiмiздi дамытуды қолға алуымыз керек. ДСҰ-ға кiремiз деп жатырмыз ғой, онда бiз сол Қытайдың сапасыз аяқ киiмiне қарап қаламыз. Сондықтан, қазiргi кезден бастап, өндiрiстерiн Мемлекет қолға алу керек. Сапасы жақсы, елге қажеттi өнiмдi ұсынуымыз керек. Әсiресе, балалардың аяқ киiмiн шығаруды жолға қоюымыз қажет. Өйткенi, балалардың киетiнi, Қытайдың сапасы төмен аяқ киiмдерi. Олардың денсаулығына зиян екендiгiн ешкiм жоққа шығара алмайды. Елдiң келешегiн ойлаған қоғам, оның денсаулығын да ойлауы керек.

P.S. Шындығында да, бiр кездерi 50 миллион жұп аяқ киiмге дейiн шығаратын фабрикалар қазiр бiр миллионға да жете алмай қалыпты. Сонда жыл сайын, аяқ киiм шығаратын фабрикалардың саны қысқарып келедi деген сөз. Демек, бiзде әлi күнге дейiн аяқ киiм өндiрiсi дамымай отыр. Отандық өнiмдi өзге елдерге насихаттаудың күнi әлi алыс сияқты. Кеңестер елiн аяқ киiмiмен таң қалдырған фабрикалардың күнi неге төмендеп кеттi. Неге бiз отандық өнiмнiң дамуына көп көңiл бөлмеймiз?!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары