Себемхан ИМАШЕВА: МҰҚАҒАЛИДЫ АҚЫН ҚЫЛҒАН ТАРШЫЛЫҚ

Себемхан ИМАШЕВА: МҰҚАҒАЛИДЫ АҚЫН ҚЫЛҒАН ТАРШЫЛЫҚ

Себемхан ИМАШЕВА: МҰҚАҒАЛИДЫ АҚЫН ҚЫЛҒАН ТАРШЫЛЫҚ
ашық дереккөзі
432

Ертең ақиық ақын – Мұқағалидың туған күнi. Небәрi 45 жасында бақилық болған ақынның 75 жылдығы былтыр шама-шарқынша аталып өтiлдi. Ақын мұрасы мен шығармашылығына тағзым еткен қасиеттi бiр кешке Қарасаздан Мұқағалидың замандасы, тай құлындай тебiсiп, балалық шағын бiрге өткiзген парталас, сыныптас досы Себемхан апа да келiп, Мұқағали туралы көрген-бiлген естелiгiн жастарға үлгi ретiнде айтқан едi. Сөз патшасы, сөз сарасы – өлеңге етене жақын болған Мұқағали «Жақсы өлеңiм, жаны игi халқым үшiн!» деп, бар-жоғын тек ақ пейiлдi, дарқан көңiлдi халқына арнады. Қазақ халқының бiртуар перзентiнiң туған күнi қарсаңында ақиық ақынның парталас досы, өзi 78 жасты алқымдаса да, әлi де тың әрi шапшаң қозғалатын Себемхан апамен әңгiмелескен едiк.

– Бiз атыс-шабыс соғыс заманында, жұрт Қытай асып, колхоз құрылып, ел қарбалас болып жатқан кезде дүниеге келiппiз. Шын мәнiнде, Мұқағалидан 2 жас үлкенмiн. Өйткенi, әкемнiң тұңғыш баласы болғандықтан менi кемпiр мен шал бауырына басқан. Бiлуiмше, шешем 1928 жылы тұрмыс құрған, сонда мен 1929 жылғы болуым керек. Менiң артымда Уәли атты iнiм болыпты, бiрақ ол бетке қалың дақ түсiретiн «шешек» ауруынан өмiрден туыла салып озыпты. Сөйтiп, әкем құжатымды сол iнiмнiң туған жылына, яғни, 1931 жылы деп алған. Ол кезде құжатқа қол жеткiзу өте қиын. Ешкiм өз уақытында алмайды, бiреуiне жасын үлкейтiп немесе кiшiрейтiп жазып берiп жатады. Не деген де, Мұқағали менен нақ 2 жас кiшi. Осы жас алшақтығымызға қарамай екеумiз бiр сыныпқа түсiп қалғанбыз.

– Сонда қай сыныптан бастап бiрге оқыдыңыз?

– 4-сыныпқа дейiн Мұқағали Энгельс колхозында оқыды. Қасиеттi Қарасаз елдiң айтуынша екiге – iшкi Қарасаз, сыртқы Қарасаз деп бөлiнсе, мемлекеттiк атау бойынша сыртқы Қарасуды – Энгельс, ал iшкi Қарасуды – Социлистiк Қазақстан колхозы дейтiн. Мiне, сол Энгельстiң бастауыш сыныбын бiтiрiп, Мұқағали да бiздiң ауылдағы мектепке келiп оқыды. Әйтеуiр жан-жақтан, Калинин, Маркс, Елтай, т.б. колхоздағы бастауыш сыныптың балалары түгел осында келдi. Бiр қатарда 4 партадан 50 бала үлкен бiр сыныпта оқыдық. Ол кезде ауданда екi-ақ мектеп болды. Бiреуi – Нарынқолда, екiншiсi – осы бiздiң «Социалистiк Қазақстан» мектебiнде бiр жарым мыңдай бала бiлiм алды. Сонда Мұқағали 2 шақырым жерден жаяу келiп, оқитын.

Сол кездегi барлық қиыншылықтың тауқыметi бiздiң басымызға түстi. Мектепте 6 ай оқып, көктем шыға салысымен қалған уақыттың бәрiнде қырманда жұмыс iстедiк. Соқамен жер жыртып, төрт ат жеккен мәшинемен егiн жинадық. Заманға қарай түгел айтылғаны жастарға да артық болмас. Еш жерде жақсы қызмет iстемесем де, сол заманның саяси реформаларын бiр кiсiдей-ақ бiлем. Бiз соғыс басталған кезде әжептәуiр әжетке жарап қалғанбыз. Бәрiмiз жаз айларында бiр-бiрiмiзден көз жазып қаламыз. Себебi, қандай жұмыс болсын үлкен кiсiдей-ақ атқардық. Көктем шыға Мұқағали да Энгельсте жұмыс iстеп жүрдi.

– Мұқағалидың отбасы жайында айтып берiңiзшi…

– Әкесi Сүлеймендi бала кезiмде көрдiм. Кейiн соғысқа кетiп, қайта оралмады. Қапсағай денелi, жотасы еңкiш келген, дәу сары тон киiп алатын. Мұқағалидың дене бiтiмi тура әкесiнiң терiсiн қаптап қойғандай, оның ат жақты, кең маңдайлы, қызыл шырайлы келген бет-әлпетi шешесiне аумай тартқан. Әлi есiмде, үйiнде Тиiн және Нағима (ауылдың бәрi Нақаң дейтiн) деген екi әйел жүретiн. Әйтеуiр, қайсысы нақ шешесi екенiн бiлмеймiн, бiрақ, Нағима от ауызды, орақ тiлдi әйел едi. Мұқағалидың Қозы және Тоқтарбай деген екi iнiсi әкесiнен гөрi шешесiне келедi. Олар сол қиын заманда ағаштан қиып салған екi бөлмелi үйде тұрды. Сiрә, әлеуметтiк жағдайы, күн-көрiсi төмен болған сияқты.

– Туған шешесi қайсысы сонда?

– Жұрттың бәрi «Нақаңның баласы» дейтiн. Туған шешесiнiң атын ешкiм айтпайтын. Дегенмен, Нағима Мұқағали сияқты iрi, кесектi тұлға едi. Той-томалақта қара өлең айтып, сөз маржанын төгiп отыратын. «Ей, албасты, отыр!» дегенде ауыл адамдары кәдiмгiдей ығатын-ды. Бала-шаға, үлкен деп талғамай iрi сөйлеп, зекiп жiбергенi қай ортада болсын, өзiне жарасып тұрады. Мұқағалидың да өз жасында адам арасына тез үйренiсе алмағандығы шешесiнiң қаталдығынан-ау деймiн. Әйтеуiр, онша-мұнша ешкiммен араласпай, бiрдеңе болса, «Нақаң ұрсады…» деп үрейленiп жүретiн.

– Мұқағалидың өзiн де, көзiн де көрдiңiз. Сөзбен суреттеп берiңiзшi. Ол қандай едi?!

– Ол – адамзаттың сұлуы едi ғой. Өзiнiң күтiмiнiң болмағанына қарамастан, пәленбай баланың iшiнен жапырағын кеңге жайып шығар бүршiк едi. Ешкiмге ұқсамайтын ерекше табиғи мiнезi мен болмысы өзiне адам жанын анадайдан тартып тұрады. Бiр сұлулығы сол, қою қара шашын артқа қарай сiлкiп қалғанда, тура иығына келiп түсетiн. Бiз бәрiмiз қызығатынбыз. Қайда жүрсе де, қасынан көбiне көп өзiмен Энгельстен бiрге келген Әбдiке, Мәжит, Уәли секiлдiлер табылатын.

– Әсiресе, қызбалалардың көзi бiрден түскен-ақ шығар… Өзiңiз қандай сезiммен қарадыңыз? Достық пейiлмен бе, әлде?..

– Маған оны ұнатуға шариғаттың да, табиғаттың да заңы жоқ. Өйткенi, екеумiз де бiр рудың, Алжанның баласымыз. Бiрақ жанымдағы құрбыларымның аузынан аты ешқашан түскен емес. Оның көңiлiнiң таза, пәк, адамгершiлiгi жоғары екендiгiн сан рет айтса да, жағдайына қарап, ойларын өзгертiп әкететiн. Сонда Мұқағалидың арқасында аты шыққан Нақаңның баласына дұрыс қарамағаны менi де қынжылтады. Ол өзiнiң қара сөзге дес бермейтiндiгiн бала кезiнде-ақ көрсетiп жүрдi ғой. Неге оның көңiлiн бiр сәт аулап, ана ретiнде жанына дем, бойына дарыған өнерiне рух бермеген.

– Сiздiңше, Мұқағалидың ақындық жолында биiк шыңға талмай өрлеуiне тұрмыс жағдайының төмендiгi қатты әсер еттi ғой…

– Мәселен, бiздiң әке-шешемiз қойдың жүнiн қырқып алып, қалың пиманы шиге салып, басып беретiн әрi рауғашқа терiнi сап, белiн бүрiп тон да тiктi. Мiне, сол қыстың боранды, суық күнiнде Мұқағали бiр тесiк, жыртық шақай киiп жүрдi. Қойдың жүнiн таппай кимедi ме, ол жағын бiлмедiм. Әйтеуiр, сабаққа келген бетте үстiндегi киiмiмен жеңiн орап, оның ары-берi қобдыраған жүнiн шашыратып, аяғындағысын пештiң алдына кептiретiн. Өзi 5-сыныпта оқитын қаршадай бала әкесiнiң сары тонын салбыратып сабаққа киiп келедi де, соған оранып отырады. Әлi көз алдымда, әлгi тонның жеңiне тұмсығын тығып алып, еш шығармайтын. «Үф» деп жеңiне үрлеп қалғанда ыстық демi қайта шығып жатады. 4-5 жыл бiр партада қылықтарына мәз боп күлiп әрi аяп отыратынмын. Осы күнге дейiн таңқаламын. Неге шешесi аяғына шақтап бiр пима басып бермедi, неге сары тонды өзiне дәл етiп қысқартып бермедi екен деп. Маған жұмбақ.

– Сөйтiп жүргенде мектептi де тәмамдадыңыздар…

– Иә. Мұқағали жарты жолға дейiн бiздiң үйдiң кәрi биесiне мiнгесiп Кировтан түсiп қалып жүрдi. Бiр қызығы, екеумiз комсомол билетiн сол кездегi Нарынқол ауданының комсомол комитетiнiң хатшысы, қазақтың бiртуар жазушысы Бердiбек Соқпақбаевтың өз қолынан алдық. Сол кезде бала Мұқағали мен Бердiбек түбiнде екеуiнiң тоғысатын жерi әдебиет майданы екенiн бiлдi ме екен?!

Қошқар деген жердегi Қызыл отау мекемесiне барып, тiркеуге тұрдық. Шамамен 58 кiтабы бар болғанмен, тым болмаса шаң басқан газет- журналы да жоқ екен. Сонымен не керек, азын-аулақ кiтап оқып болған соң Мұқағали менiмен бiрге жарты жолға жетiп алып, ары қарай жаяулатып заулап кетедi. Адымдап жүргенде аяқ алысы тез, шапшаң. Кировке кеткен ол, бiр айға жуық келмей қойды. Бiр күнi бұл неге мұнда ат iзiн салмай қойды десем, ол жердiң кiтапханасы Қошқардiкiне қарағанда әлдеқайда тәуiр екен. Сол уақытта кiтапхананы – Қызыл отау деп атайтын. Кәдiмгiдей бiршама кiтабы, ақ тақтайдан жасаған сөресi бар, қысқасы Қошқардiкiмен салыстырғанда мәдениетi баршылық. Мектептен кеткеннен кейiн Лашынды сол ауылдан көрдiм. Өте салқын, селқос амандасты. Сөйтсем, ол Мұқағалиды жарты жолға дейiн мiнгестiрiп алып кететiнiмдi жақтырмапты. Ендi қайтем, оның еш көлiгi болмады. Қара жаяу. Ол:

«Бүгiн менiң туған күнiм, ой, пәлi-ай,

Мына жұртым неге жатыр тойламай

Бiр той жасап берер едiм өзiм-ақ,

Құдайдың бiр жарытпай-ақ қойғаны-ай», – деп бекер айтпады. Өлеңiнiң осы жолдары оның шын жүректен шыққан өкiнiшi. Мен басқасын бiлмесем де, осыны анық бiлем. Және менен басқа етене жақын адам болған жоқ оған. Менен кейiнгi досы Әбдiке, Сыдықтар болды. Былтыр мектепте оқушылармен болған кездесуде Сыдық деген досы: «Бiз айранды бөлiп iштiк…» деп қайдағыны айтып сапылдап отыр. Кейiн берi шыққан соң Сыдықтың желкесiнен бiр қойып: «Тегi, шал болғанда да, терiс аяқ шал бопсың ғой, сол көк қатықты әңгiме қылмай-ақ, Мұқағалидың жақсы қасиеттерi жоқ па?» деп ыза болдым.

– Мұқағалидың қара өлеңнiң қасиетiн түсiнетiндiгi, сөз қадiрiнiң парқын бiлетiндiгi мектепте жүргенде-ақ байқалған шығар…

– Ол көп нәрсеге қыстыгүнi аяғында жылы киiм болмағандықтан бара алмайды. Жаз болса, сиырдың бас терiсiнен бiр шақай киер едi. Айттым ғой, «Құдайдың бiр жарытпай-ақ қойғаны-ай…» дегенi оның 45 жыл ғұмырының зары. Жан дауысы. Бұл құрғыр жоқшылық оған балалық шағында өтiп кеттi.

Мұқағали 4-сыныпты бiтiрiп бiзге келген кезiнде Еркiн Iбiтанов екеуi қабырға газетiнiң өлеңдерiн жазатын. Бiз бар-жоғы 4,5-сыныпта болсақ та, Сәбит Мұқановтың «Адасқандарын» (кейiннен «Мөлдiр махаббат» болып шықты), Саттар Ерубаевтың «Менiң құрдастарым» романын бәрiмiз таласып-тармасып оқитын едiк. Әсiресе, әдеби кiтап пен өлең оқуға келгенде Мұқағали алдымен көзге түсетiн. Шынымды айтсам, сол тұста талантты балалардың көбiнiң қолын жоқшылық байлады. Бәрi де соғыстың кесiрi ғой. Тiптi, Мұқағали секiлдi ақиық ақын болмаса да, басқа сабақтан үздiк оқитын балалар баршылық едi. Мiне, осы қабырға газетiнiң шығуына Мұқағали ынты-шынтысымен ден қойып, берiле кiрiстi. Алғыр болмаса, қай бала 12-13 жасында ұйқастырып өлең жазады? Бойында туа бiткен дарыны болмаса, жалаңаяқ жар басып, қызылаяқ қар кешiп бiлiм ала ма? Кейде сабақ арасында өзiнiң бiрдi-екiлi шығарған өлеңiн оқып кеп жiбергенде, «Жарайсың!» деп бiр марқайтып тастайтынбыз. Негiзi ақынға керегi шабыт қой. Бiздiң қолпаштауымыздан кейiн кәдiмгiдей бойын қуаныш кернеп, ерекше бiр күй кешетiн.

– Басқа пәндерге, мәселен, есеп шығаруға қалай едi?

– Бiздiң сыныпта Рауан деген бала болды. Ол – математик. Бiз әлгiден есептi құртқа, етке сатып аламыз. Мұқағали да бiз секiлдi есептi көшiрiп алып жүретiн. Соған қарағанда, есеп-қисапқа жоқ болған шығар.

Бiз «Сөйлеп тұрған Левитан!» деп сарнап тұратын радионы тыңдауға тура сағат 6-да барамыз. Оның өзi бiр-ақ жерде. «Советтiк информ-бюро, Сөйлеп тұрған Москва!» деген журналистiң даусы шығады. «Бүгiн Совет әскерлерi мына жердi басып алды, ендi пәлен жерге жол тартады» деген қуанышты ақпарат таратады. Естiген жұрт дабырасып, үйлерiне мәз боп қайтады. Соның бәрiн бiз қағазға түртiп жазып алып, күнде 10 шақты үйге кiрiп, үгiт жүргiземiз. Кешке қарай сығырайып жанған шаммен соғыстан келген хатты оқып беремiз, жаңағы радиодан айтқандарды айтып, құлағдар етемiз. Кейде бiр уыс талқанын қызғанған үйлер кiргiзбей «Соғыс өз басыңа келсiн!» деп қуып шығады. Ал кiргiзген үйлерге жас болсақ та, бiр-екi ауыз жылы сөз айтып, көңiлдерiн көтерiп кететiнбiз. Ел басына қиын заман туғанда, көп адамдардың сауаты үгiттiң арқасында ерте ашылды деп ойлаймын. Мұқағали тура сағат 6-ға үлгерiп, әлгi радионы берiлiп тыңдайды. Қолындағы бiр жапырақ қағазына әлденелердi түртiп алып жатады. Қоғамдық жұмыстарға деген ықыласы өте жоғары, икемдi болды. Бiздiң үйiмiз жақын болса да, тура жау алатындай қымтанып аламыз, ал ол болса алыс жерден жыртық шақайы мен сары тонын сүйретiп келiп тыңдап кететiн.

– Сiз Лашын екеуiнiң қосылу тарихын бiлесiз бе?

– Бiз 9-сынып оқып жүргенде Лашын бiзге биология пәнiнен сабақ бердi. Соғыстан келгенiмен аман-есен қауышып, қалғанынан қара қағаз кеп, елдiң әбден әбiгерге түсiп, ендi ғана есiн жиған кезi едi бұл. Лашын алғаш сыныпқа кiргенде, «Мен Кировтен келдiм, сендерге тәтей боламын» деп өзiн таныстырды. Толық келген, мұрнының үстi қабыршықтанып тұратын. Бiрақ бар үйдiң баласы екендiгi бiлiнiп-ақ тұрды. Сонда 9-сыныптың оқушысы болсам да, неге екенi белгiсiз, онша ұнатпадым. Бiрде ол сыныпқа кiре салып, орындыққа отыра бергенде «Балалар!» дегендi айтар-айтпас талып қалды. Мұқағалидың бiзге қарағанда бiр бiлетiнi бар-ау, дереу тiсiнiң арасына қаламсап тығып қойып, аман алып қалды. Сөйтiп жүргенде, жеңгем болып шықты ғой. Содан не керек, Мұқағалидың есi өзiнен үлкен Лашынға ауды. Қосылды. Лашынның ағасы соғысқа бармай, шынжыр балақ, шұбар төс боп iнi-қарындасын оқытып, аяғынан тұрғызды. Сол уақытта олар ауылдың алды болды. Кiшiгiрiм той жасады. Барлық сыныптас достары бардық. Ол кезде бiз әлi бала едiк. Әйтеуiр, қойы сойылып, бата берiлдi. Бiз де аузымызға тиген бiр жапырақ ет пен бiр шыны шәйiн iштiк. Бәрi қызық. Мұқағали өзi шығарып салды.

– Мұқағали мектептi бiтiргенде-ақ ақын ретiнде танылды ма? Қай жерде жұмыс iстедi?

– Оның ақындығы 12-13 жасында әлгi айтқан қабырға газетiнен басталды. Ал негiзi ақиық ақын ретiнде 20 жасында-ақ жарқырап шыға келдi. Мектеп бiтiрген соң, Лашын екеуi Нарынқолға көшiп кеттi. Одан кейiнгiсiн «Советтiк шекара» кейiннен «Хан тәңiрi» деп аталған газетте бiрге жұмыс iстеген Ермеков Әлнұр бiледi. Осы газетке мақала, өлең жазып жүрдi. 1960 жылы кешке жақын Мұқағали, Бибатыр, Әбiлақын үшеуi бiздiкiне келiп қонды. Кiшкентай ғана екi бөлме үйiмiз бар. Төсек салып бердiм. Қыс айында Энгельске жете алмай қалса, бiздiң үйге қонып кететiн әдетi ғой. Сонда өмiрi қолынан қағаз көретiнмiн. Кейде суық өтiп кетпесiн деп, аяғын қағазбен орап алады екен. Әйел затының көзi әр нәрсеге қырағы болады емес пе? Кейде ащы суды жұтпай, сап-сау жүрсе, костюмiн орындықтың басына әдемi етiп iлiп қояды. Ауылдағы жiгiтсымақтың бәрi тұла бойына, дене бiтiмiне iштей қызыға әрi қызғана қарайтын. Өзi бiр құдды сурет дерсiң! Не кисе де жарасып тұрады. Әдемi қою қара шашы өзiне одан бетер көрiк бередi. Қолында бiреуге беретiн ештеңесi болмаса да, көңiлi бай, пейiлi дарқан боп өттi ғой, дүниеден.

– Мұқағали үйленiп, отбасы құрғаннан кейiн араластыңыз ба, әлде?..

– Лашын екеуi Нарынқолға кеткеннен кейiн арамыз алыстап кеттi. Қалай тұрғанын да, не iстегiнiн де бiлмедiм. Менiңше, «Майгүлге» арнаған өлеңiн жазғаннан бiр-екi жыл бұрын 1970 жылы Алматыға келсе керек. Бiр қап ұн алмасам да, мiндеттi түрде «Жұлдыз» журналына үзбей жазылатынмын. Қарасам, «Бармысың қырықтағылар» деген өлеңi жарияланыпты. Мiне, сол күнге дейiн байланысымыз үзiлген жоқ.

Жамбылға оқуға кеткен iнiм кенеттен қайтыс болды. Күндердiң күнiнде Нарынқолдан Шелекке келсем Мұқағали, Лашын, шешесi Нағима үшеуi асханада тамақтанып отыр екен. Мұқағали ұшып тұрып, амандасып маған көңiл айтайын дедi-ау деймiн, қабағымды көрiп аз-маз қипалақтап қалды. Себебi, iнiм қайтыс болған кезде оны Әбдiкенiң үйiнен көргенмiн. Үй арасында бiр-екi ғана үй. Кiмнiң кiрiп-шыққаны айдан анық көрiнiп тұрады. Ренжiгенiм сол, ол үйге кiрмей кеттi. Содан өкпем қара қазандай. «Бауыр тұтып жүргенде, ең болмаса өлiмге көңiл айтпады» деп жаман боп қалдым. Мiне, ол соны есiне түсiрiп, жанын қоярға жер таппай тұр. Нақаң: «Ей, қыз амансың ба, берi кел…» деп қасына шақырды. Лашын екi бетi қызыл шырайланып, әдемi маңғазданып, толып алған екен. «Айналайын, қызым, Мұқағалиды кешiрiп қойғын» дегенде, Мұқағали да бiрдеңе дей берiп едi, «Ешкiмiм де өлген жоқ, бар…» дедiм. Шешесi: «…Қиын-ақ болған екен. Қалдырмай қамшы салып, өлтiрмей өлең жамылдырып, арпа, талқанмен баққанда, iнiңнiң тiрi болмағаны саған ғана өтедi ғой…» деп басымнан сипап, көңiл айтқан-ды. Сонда шешесiнiң де ақындыққа бiртабан жақындығы бар-ау, сiрә. Содан кейiн көрмедiм. Көз алдымда қағазда қалған хаттай боп қалып қалды.

– Ақынмен бiрге жүргенде есiңiзде мәңгi сақталып қалған оқиға бар ма?

– 1944 жылы 7-сыныпта оқитын едiк. Соғыс уақытында бiзге орыс тiлiнен сабақ беруге ұлты немiс Сазонов деген мұғалiм келдi. «Адам туған жерiне» дегендей, әуелгi кезде сол бiздiң ауылға аса үйренiсе алмады. Колхоз ай сайын үш пұттан арпа бередi. Оны қайтiп қуырып жейтiнiн, отты қалай жағатынын да бiлмедi. Әлгi мұғалiмнiң Бронко деген бiзбен оқитын баласы болды. Кейiн судай ағып қазақша бiлiп кеттi. Бiр күнi ол маған қуырылған арпа берсең, орысша үйретемiн дедi. Неге үйренбеске деп, уәделестiм де, шiлкiлдетiп бiр келi арпаны түйiп, қуырып апарып бердiм. Бронко маған орысша үйретпек болып, бiр жапырақ қағазға:

«Кофта – кружева,

Юбка – кружева,

Я не буду неужели

Офицерева жена», – деп жазып берiптi. Оны мен ертесiне-ақ жаттап алдым. Таңертең сабаққа келсем, алдымнан жүгiрiп шығып, «кешегi жазып берген өлеңдi 15 минөттiк қоңырау кезiнде айт»,– дедi. Оның мағынасын қайдан бiлейiн, әйтеуiр мұғалiмдер бөлмесiнен бiр-ақ шықтым. Сонда Мұқағалидың маған: «Сен онсыз да 40-шы жiптiң зырылдауығындайсың ғой» дегенi әлi есiмде. Бүгiн ойлап, 7-сыныптың оқушысы осындай бейнелi сөздi қалай тауып айтты екен деп таңқаламын.

– Сiздiң де сөз саптауыңызда ақынжандылықтың белгiсi бар сияқты…

– Бәлкiм оқысам, бiрдеңе шығатын ба едi, кiм бiлсiн?! Анамнан 6 айлық сiңлiм қалды, артымда жетiм қалған iнiлерiм бар. Бәрiн өсiрiп есейттiм. Жас баласы бар ана секiлдi ауылда қалып қалдым да, менен басқасы бiлiм алуға Алматыға кетiп қалды.

Қазiр жаз шықса, көрпе құрап, тiгiн тiгемiн. Әлi күнге Қарасаздағы басымыздан өткен қызықтарды, сол кездегi адамдарды көз алдыма елестетiп отырамын. Өзiм бiраз нәрсенi күнделiк ретiнде түртiп жүретiнмiн жас кезiмнен. Кейде заманға сай қанатты сөз, мәтел де аяқ астынан тiл ұшына келiп қалады. Алға қойған мақсатым – бiр уақыт тауып, эссе ретiнде бiр азын-аулақ дүние жазып шықсам деп жүрмiн. Бәрi бiр Құдайдың қолында, әуелi күш пен қуатымыз азаймай, қайратымыз қажымасын!

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары