БАСШЫСЫЗ ТЕАТРДЫҢ БАҒЫТЫ
БАСШЫСЫЗ ТЕАТРДЫҢ БАҒЫТЫ
Солтүстiк Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы музыкалық драма театры – жастардан құрылған жас театр. Бұл өнер ұжымы Погодин атындағы орыс драма театрының ғимаратында 1999 жылдың 6 желтоқсанында алғашқы қадамын бастаған едi. Сәбит Мұқановтың жүз жылдық мерейтойына байланысты, жазушының "Аққан жұлдыз" романының сахналық жүйесiмен өзiнiң жеке шаңырағында шымылдығын ашқан.
Театр алғашқы баспалдағын аттағаннан бастап-ақ, репертуарында классика, тарихи және бүгiнгi өмiрiмiздi суреттейтiн шығармаларды назардан тыс қалдырған жоқ. П.Мерименiң "Кармен", Ғ.Мүсiреповтiң "Қозы Көрпеш — Баян сұлу", С.Жүнiсовтың "Елiм-ай", Д.Исабековтың "Тыныштық күзетшiсi" және т.б. қойылымдар осының куәсi.
Театрда кадрдың жетiспеуiне байланысты режиссер де, роль ойнаушылар да, гримдi т.б. сахналық шығармаға қажеттi ұсақ-түйектердi жасайтын олардың өздерi. Актерлер құрамында тек жастар болғандықтан пьесадағы егде жастағы (кемпiр, шал, т.б.) кейiпкерлердiң шынайы деңгейде бейнеленбейтiнi шындық.
Соңғы уақытта актерлiк мамандықты аяқтап, диплом алған соң әншiлiкпен айналысып немесе жеке шоуларда өнер көрсету үрдiске айналғаны рас. Көбiнде жастардың шалғай жатқан өңiрлерге барғысы келмейтiнi тағы бар. Жыл сайын арнайы оқу орнын режиссура, актерлiк шеберлiк, сценограф, гримдеушi, т.б. мамандықтар бойынша бiтiрiп жатқан мамандар осындай кадр жетiспейтiн облыстық театрларға жiберiлсе, өздерi де өнер жолында шыңдалып, әрi спектакльдердiң кәсiби тұрғыда көрiнуiне ат салысар едi.
Ең бастысы, бұл театрдың екi жылға жуық уақыт басшысыз жұмыс жасап келе жатқанынан көпшiлiк хабардар болар. Негiзiнен театрдың iшкi-сыртқы мәселелерiн шешу мен актерлердiң әлеуметтiк жағдайын қадағалауда бiлiктi басшының болғаны рас. Еңбек ақының аздығы мен тұрғын үйдiң жоқтығы (актерлерге берiлген қызмет үйлерi жекешеленбеген) — басты мәселе. Сонымен қатар, талантты актерлер мен талапты жастарды шығармашылық жолда тәрбиелеп, сахнада ашылуына ықпал ететiн тәжiрибелi режиссер бұл театрға өте қажет. Актерлер Бiржан Жалғасбаев (көркемдiк жетекшi), Батырбек Шамбетов, Мақсат Ақжоловтар кәсiби маманның жоқтығына қарамай, жоқтан бар жасап, спектакльдер қойып жатыр.
Алдағы күнде көптеген шынайы бейнелер сомдап, Қызылжар театрын көркейтетiн жас ұжымның арманы — жан-жақты қамтылған (жарық, музыка, грим, т.б.) театрға лайық жабдықталып, қала орталығына орналасқан ғимарат. Олар бiр кездегi екi жүз орындық энергетиктер сарайының тар сахнасында өнер көрсетiп жатыр. Бұл режиссер мен суретшiнiң сапалы көркем шығарма жасауы мен актерлердiң еркiн әрекет етуiне кедергi келтiруде.
Әрбiр театр ғимаратында грим жасайтын, актерлерге арнайы тiгiлген кейiпкерлер киiмiн, бутафория, т.б. сақтайтын бөлмелер, жарықпен, музыкамен әрлейтiн цехтар болады. Мұның барлығы қойылымдардың көркемдiк-эстетикалық сапасының шынайылығына қызмет ететiн орындар. Ал, бұл театрдағы ең қажеттi костюм қоятын бөлме өте тар, киiм қоятын жер жоқ, толып болған. Кеңейтуге бөлме жетiспейдi.
Жалпы, өнерге ерекше ден қоятын Солтүстiк өңiрдiң өнер ұжымы облыс әкiмдiгiмен, мәдениет департаментiмен және кiтапханалармен тығыз байланыста жұмыс жасап келедi. Алдағы уақытта да әкiмдiк пен департаменттiң театрдың шешiлуге тиiстi мәселелерiне (ғимарат, актерлердiң тұрмыстық жағдайы, еңбек ақы, т.б.) көмегiн тигiзетiнiне сенiмдiмiз.
өнертанушы