РЕСЕЙГЕ ТЕК ЖҰМЫС IСТЕЙТIНДЕР ҒАНА КЕЛСIН!

РЕСЕЙГЕ ТЕК ЖҰМЫС IСТЕЙТIНДЕР ҒАНА КЕЛСIН!

РЕСЕЙГЕ ТЕК ЖҰМЫС IСТЕЙТIНДЕР ҒАНА КЕЛСIН!
ашық дереккөзі
265

Әр ел өз ұлтымен ғана зайырлы мемлекет. Сондықтан болар, әр ұлттың құрамдас бөлiгiнен тұратын Ресей федерациясы кейiнгi кезде жер-жердегi отандастарын шақыруға мықтап кiрiстi. Тiптi, алдын ала кесiп-пiшкен нақты болжамына қарағанда, елiне оралған отандастарын «ұжмақтың күнiн кешетiндей» бiр жарылқап тастамақ. Бұл хақында Ресей Президентi Путиннiң «Шет елде тұратын отандастарды Ресейге көшiруге өз еркiмен көмек көрсету жөнiндегi» жарлығы да шықты. Бiрақ бұларға iрi қала – Мәскеу мен Петербор сияқты тiршiлiгi бар аймақтық мегаполистiң қақ төрiнен берiле салатын жер немесе баспана жоқ көрiнедi.

Бiр айта кетерлiгi, соңғы кезде Ресейге жұмыс күшiнiң жетiспеушiлiгi де қатты батып отыр. Сондықтан алып көршiмiз биылдан бастап отандастарының өз еркiмен елге қайтуларына қалай болғанда да, ықпал етпек. Қалай? Дәл осы мақсатты жүзеге асыру үшiн арнайы бағдарлама қабылданып, бюджет қазанынан оған 4,6 млрд. рубль қаржы бөлiнiптi. Бұл ретте қоныс аударушы көштiң алғашқы легiн елдiң 12 өңiрi – оның iшiнде Красноярск өлкесi, Калуга, Калининград, Түмен, Липецк облыстары құшақ жая қуана-қуана қарсы алмақ. Кейбiр ресейлiк сарапшылардың пiкiрiнше, жаңа бағдарламаға сәйкес елге оралуға көбiне-көп зейнеткерлiк жастағылардың құлшынысы жоғары сияқты. Бұл туралы Федеральды көшi-қон қызметi жанындағы отандастар iсi жөнiндегi басқарма бастығы Евгений Маняткин отандық баспасөз өкiлдерi жиналған басқосуда нақты болмаса да, астарлы түрде айтқан-ды. Оның айтуынша, бүгiннiң өзiнде-ақ Ресейге шамамен 6 миллион отандас көшiп келуге құштар екен. Алайда, оның сөзiнен қалай болған күнде де, «кәрi құртаңдардың» аса қажет еместiгiн жымысқы емеурiнмен-ақ байқатты. Бiрақ бұл деген сөз жасы егде тартқан қарттарға Ресейге жол жоқ дегендi аңғартпайды, олар да өзiнiң балаларымен, туған-туысымен оралуына болады деп жуып шайса да, бәрi соқырға таяқ ұстатқандай көзге көрiнiп тұрғандай. Десе де, аталған бағдарлама ең алдымен Ресейде ерiнбей еңбек ететiндерге арналғанын еш жасырмайды. Сондай-ақ, Маняткин мигранттар мемлекет есебiнен өз мүлкiн аударуға, келгенi үшiн компенсация әрi күн көру үшiн көмек ретiнде 100 мың рубль алуына, сол сияқты 7 күннiң iшiнде уақытша тұрақтау үшiн құжат рәсiмдеуге болатынын айтады. Мiне, содан кейiн ғана қалаған жұмысқа орналасып, әлгi алған құжаттармен баспана сатып алуына да жағдай жасалатыны жайлы жырақтағы отандастарын құлағдар еттi. Егер айтылған сөз iс жүзiнде орындалып жатса, бар-жоғы жарты жылдың көлемiнде олар Ресей азаматтығын алуына әбден болады екен. Әрине, әлгiндей нақты жағдай мен айтулы көмектi игiлiгiне жұмсаған қоныс аударушы немесе отандас өзi келiп тұрақтанған аймағын 2 жыл бойы ешқайда тастап кетуiне болмайды. Мұндай жағдайда, барлығы заң жүзiнде тиесiлi мекемеге қайтарылуы тиiс.

Қазақстанның да Ресей секiлдi демографиялық дағдарысты басынан кешiп отырғаны бүгiн емес. Өз ұлтының жылдан жылға азайып бара жатқандығы алып көршi мемлекет үшiн кәдiмгiдей үрей тудырып, аталмыш бағдарламаны қабылдауға түрткi болды. Осы iспеттес елiмiзде де «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2005-2007 жылдарға арналған» бағдарламасы бекiтiлген-дi. Мұның нәтижесiнде алдағы 3-4 жылдың iшiнде Қазақстанға жылына кем дегенде 15-20 мың оралман отбасы келедi деп жоспарланған едi. Алайда, бұл мәселенiң төңiрегiнде де сыбайлас жемқорлықтың дендеуiнен көптеген қандасымыз жапа шегуде. Бiреуi құжат алу үшiн табанын тоздырса, ендiгiсi түтiн түтететiн ұлтарақтай жерге зар боп жүр. Бар болғаны 700 долларлық жәрдемақысын қайда жеткiзетiнiн бiлмей, өз елiнде келiмсектiң күйiн кешiп жүрген де солар. «100 ұлттың лабораториясына» айналған Қазақстан әлi де болса шет елдегi қандастарына аса көңiл бөлiп отырған жоқ. Әйтеуiр, аталған бағдарлама бойынша Отанының бiр уыс топырағын иiскеу бақытына қолы жеткен қандастардың көңiлi су сепкендей басылып жатады. Себебi, «бүйтемiз, сөйтемiз» деп сөзбен жарылқауды ғана естiген оларға әлi де толыққанды жағдай жасалмаған. «2015 жылға дейiн 20 миллонға жетемiз» деп жар салып жатқан бiздiң ел бұл арманға шет елдегi қандастар арқылы ғана жететiнiмiздi бiлсе де, бiлмегенсидi. Ал көршi Ресей бұл жағын түсiндi. Дереу қозғалысқа кiрiстi. Ресейлiк отандастарға бағдарлама бойынша, жергiлiктi жердегi Ресей елшiлiгiне немесе федеральды көшi-қон қызметiне хабарласып мән-жайды бiлуiне жол ашылған. Бүгiнде қызметтiң бұл саласы қызу қарқынмен 5 мемлекетте, Латвия, Қырғызстан, Тәжiкстан, Түркiменстан және Арменияда жұмыс iстеуде. Дәл осындай өкiлеттiлiк Украина мен Өзбекстанда, Қазақстан мен Грузияда, Германия мен Израилде алдағы уақытта есiгiн айқара ашпақшы. Өйткенi, ресейлiк қандастардың 30 миллионы шет елде тұрады. Ресей Сыртқы iстер министрлiгiнiң мәлiметiнше, 20 миллион ресейлiк ТМД елдерiн мекендесе, 10 миллионы алыс шетелдерде қоныс тепкен. Сондықтан орыс диаспорасы саны жағынан әлемде үшiншi, төртiншi орында көрiнедi. Егер осы жырақта өмiр сүрiп жатқан отандастар елге оралатын болса, Ресей халқының саны 175 миллион адамға көбейетiнiн де жасырмайды, қуанышпен айтады. Сөйтiп, Ресей алдағы үш жылда шет елден 300 мыңдай отандастарды қарсы алмақшы.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары