ТYЙМЕБАЕВ БIРДЕН IСКЕ КIРIСТI

ТYЙМЕБАЕВ БIРДЕН IСКЕ КIРIСТI

ТYЙМЕБАЕВ БIРДЕН IСКЕ КIРIСТI
ашық дереккөзі
224

Осы аптадағы еңбек күнiн Алматыдан бастаған Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев бiлiм-ғылым ошақтарын аралап, ондағы проблемалармен бетпе-бет келудi жөн деп тапқан көрiнедi. Дарынды балалардың Республикалық қазақ тiлiн тереңдетiп оқыту мектеп интернаты, Жәутiков атындағы физика-математика мектебi, Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеттерiн аралап, проблемаларымен танысып, Ұлттық Ғылым академиясында ғалымдармен кездескен министр Орталық Азия университетiнде қазақ тiлiн Алматыда және қалған 14 облыста тегiн оқыту орталығының тұсауын кестi.

Осы шара аясында аталған университетте «Мемлекеттiк тiлдiң дамуы – ұлтаралық тұрақтылық пен қоғам тұтастығының кепiлi» атты ғылыми-практикалық конференция өттi. Конференцияға Мәжiлiс төрағасының орынбасары, Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко, Парламент депутаттары Амангелдi Таспихов, Қуаныш Сұлтанов және бiрқатар қоғамдық ұйым басшылары қатысты. Қуанышымыз, бүгiнгi жиында сөз алғандардың бәрi – мемлекеттiк тiлдiң Қазақстан халықтарын бiрiктiрушi ең басты фактор екендiгiн сезiнгендiгi. Екiншiден, мемлекеттiк тiлдi төрге оздыру үшiн шын мәнiсiнде iс-шаралардың атқарылып жатқандығы. Ең бастысы конференцияда сөз алған өзге ұлт өкiлдерiнiң қазақша ана тiлiндей сайрауы. Әсiресе жұртты Қазақстан Республикасы Президент әкiмшiлiгiнiң, Қазақстан халықтары ассамблеясының бас сарапшысы Владимир Шнайдер таң қалдырды. Оның еш мүдiрiссiз сөйлегенiне риза болған зал қошаметiн аяған жоқ.

Қош, сонымен мәжiлiстiң өзiне көшелiк. Ең алдымен сөз алған Сергей Дьяченко Мәжiлiстегi тiл үшiн шырылдайтын азғана депутаттың қолдаушысы, мемлекеттiк тiлдiң жанашыры екендiгiн танытты. Сөзiнiң бiсмiлдасын қазақша бастаған ол әрiқарай ресми тiлде сабақтады. Дегенмен, Дьяченко орыс тiлi қазақ тiлiнiң көлеңкесiнде қалып қоймауын тiлей отырып, қазақстандықтардың болашақта үштiлдi болатындығына баса тоқталды.

Сергей ДЬЯЧЕНКО:

БIЗ БIРТҰТАС ХАЛЫҚПЫЗ

— Бiз бiртұтас халықпыз. Сондықтан әр азамат мемлекеттiк тiлдi бiлуi керек. Тiлдi оқыту арқылы қоғам бiрлiгiн, татулықты нығайтамыз. Мемлекеттiк тiл Қазақстан халықтарының ортақ тiлi болуы тиiс. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiк маңызға ие. Бұл ұлттық қауiпсiздiк, әлеуметтiк тұрақтылық, елiмiздiң интеллектуальдық дамуының мәселесi. Қазақстандықтар үштiлдi болуы керек. Мәжiлiс депутаттары заң жобасын мемлекеттiк тiлде жазуды, қазақ тiлiнде құжат дайындауды, қазақ мектептерiнiң санын молайтуды, орыс мектептерiнде қазақ тiлiнiң сағатын арттыруды қолға аламыз. Тiл комитетiнiң дәрежесiн өсiрiп, оны Тiл агенттiгi ретiнде қайта құруға атсалысамыз.

Бұдан кейiн мiнберге көтерiлген Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев бiздiң бұған дейiн жазып келген, алайда, алдыңғы министрдiң құлақ аспаған шараларын қолға алып жатқандығын мәлiм еттi. Мәселен, айталық ұлттық бiрыңғай тестiлеуде бiтiрген мектебiне қарамай түлектердiң барлығы бiрдей мемлекеттiк тiлден емтихан тапсыру талабын депутаттар қаншама жыл мәселе етiп қойғанымен, қолға алынбай келген едi. Жаңа министр мемлекеттiк тiлден емтихан алуды 9-сынып оқушыларына да, 11-сынып оқушыларына да енгiзетiндiгiн жеткiздi. Министрдiң 2007 жылғы 25 қаңтардағы бұйрығымен мемлекетаралық бақылауды орыс мектебiнiң 9-сынып түлектерiнен жыл сайын тұрақты түрде өткiзу жөнiнде шешiм қабылданды. Мектеп бiтiрушiлердiң қазақ тiлiнен бiлiм беру бағдарламасын меңгеру деңгейiн бақылау қазақ тiлiн оқыту мен оқушылар бiлiмiнiң сапасын арттыру мақсатында жаңадан дайындалып жатқан бiлiм туралы заң жобасының 5-бабына 2008 жылдан бастап, мемлекеттiк тiл пәнi ұлттық тестiлеу бағдарламасына мiндеттi пән ретiнде енгiзiлетiн болды.

Сондай-ақ, мемлекеттiк тiлдiң мектепте үйретiлу барысы 1-4 сыныптарда – аптасына 2 сағаттан, 5-9 сыныптарда – 4 сағаттан, 10-11 сыныптарда – 3 сағаттан болып келгенi белгiлi. Министрдiң бұйрығымен орыс мектептерiндегi қазақ тiлiнiң апталық жүгi 2 сағатқа көбейтiлiп, жоғары оқу орындарындағы орыс аудиторияларында қазақ тiлi бұрын 135 сағат болып келсе, ендi 270-ке жетпек. Әрине, министрдiң жаңа жарлығы көп нәрсенi өзгерте қоймайтыны анық. Өйткенi, өзгетiлдi мектептерде мемлекеттiк тiлдiң апталық жүгiнiң бар-жоғы 5-6 сағат болуы бөркiмiздi аспанға арттыра қоймас. Дегенмен, әрекетсiз отырғанмен бiрден iске кiрiсудiң арасында жер мен көктей айырма жатқан жоқ па? Сондай-ақ, министр мырза 2008 жылдан бастап жүзеге асатын 12 жылдық бiлiм беру жүйесi бойынша мемлекеттiк тiлдiң апталық жүктемесi тағы да 5-6 сағатқа көбейедi деп сендiрдi.

Тағы бiр қуанарлық мәселе – әлемдiк тәжiрибеге сүйене отырып, қазақ тiлiн оқытудың жаңа әдiстемесiнiң өмiрге келуi. Қазiргi кезде әлемдiк тәжiрибеде тiлдi үйретудiң TOEFL, DALF/DELF, IELTS т.б. бiрнеше жүйесi бар. Олардың iшiнде бүкiл әлемге тиiмдiлiгiмен танылғаны ағылшын тiлiн үйретудiң TOEFL жүйесi. Бiлiм және ғылым министрлiгi осы халықаралық әдiстемелерге сүйене отырып, TOEFL үлгiсiндегi қазақ тiлiн бiлу деңгейiн бағалаудың бiрыңғай жүйесiн жасап шығарған екен. Сонымен бiрге осы бағалау жүйесi негiзiнде енгiзiлетiн қазақ тiлiн оқыту әдiстемесiнiң алты деңгейлiк: қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары, жоғары және жетiк деңгейлерге арналған оқу-әдiстемелiк кешенi әзiрленiп, баспадан шығаруға дайындалып жатыр. Ендiгi алда тұрған үлкен мiндет — әлемдiк үлгiде жасалған қазақ тiлiн бiлу деңгейiн бағалау жүйесi мен оқыту әдiстемесiн сынақтан өткiзу және тәжiрибеге енгiзу. Ол үшiн республиканың барлық өңiрлерiнде қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде оқыту орталықтарын ашу қажет. Яғни, Үкiмет қоржынынан бөлiнiп жатқан қыруар қаржы осындай кешендi бағдарламаларды жүзеге асыру үшiн қажет болмақ. Министрдiң сөзiне сенсек, республика бойынша дәл осындай 16 орталық ашылып, жеткiлiктi қаржыландырылса, мемлекеттiк тiлдiң дамуына әжептәуiр септiгiн тигiзетiн болады. Бұл орталықтарда бiр жылда 25 мың адамды оқыту үшiн шамамен 700 миллионнан астам теңге қажет екен. Яғни, Орталық Азия университетiнде тұсауы кесiлген мемлекеттiк тiлдi тегiн үйрету орталығы осындай мақсаттың үдесiнен шығуы қажет. Бұған дейiн тiл үйрету курстары болып келгенiмен, дәл мұндай тiлдi үйретудiң кешендi бағдарламасы жасалынып, арнайы көңiл бөлiнбегенi белгiлi. Бұл орталықтардағы бағдарламаның басты көздегенi тiл үйренудi жеңiлдету. Ал, бұл үшiн Орта Азия университетiнiң таңдалынып алынған себебiн министр ең бiрiншi министрлiктiң бастамасын қолдап, үлгi көрсеткендiгiнен деп түсiндiрдi.

Бұған дейiн мемлекеттiк тiлге қарсылардың көбiнiң уәжi қазақ тiлiн үйретудiң нақты бағдарламасы мен методикасының жоқтығы жайында болып келген. Күнде интернет газеттерде жарық көрiп жатқан мақалалардың көпшiлiгiнiң әңгiме ауаны «мен үйренер едiм, бiрақ менi елiктiрiп әкетер әдiстемелiк құралдардың жоқтығы қолымды байлады» дегенге саяды. Нақты мысал келтiретiн болсақ, жақында «Zona. kz» интернет газетiнде Кенжеғали Нұрғалиев деген автордың «А почему я, казах, не изучал казахский язык?» деген мақаласы жарық көрдi. Автор кiнәнi өзiнен емес басқалардан, қазақ тiлiн үйретудiң әдiс-тәсiлдерiн ойлап таппаған, қаражатты дұрыс жұмсамаған Үкiметтен, нақтырақ айтқанда Тiлдер комитетiнен iздейдi: «Почему до сих пор нет широко распространенной методики наиболее оптимального изучения казахского языка? Кто знает, чем занимался комитет в 2005-м году? В 2004-м? В 2003-м? Какие результаты, помимо отчёта о мероприятиях, он может предъявить? Какие книги для желающих изучать казахский язык выпущены, в каком количестве? Доступны ли они во всех областных книжных магазинах? Где аудиокурсы на кассетах и компакт-дисках? Если так много денег нужно на производство, то почему бы не выставить их в Интернете, а кто захочет — сам скачает?».

Интернет демекшi, Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң тағы бiр қолға алған iсi – интернетте қазақ тiлiнде портал ашу. «Қазақ тiлiнде оқытатын бiлiм ұйымдарының оқушылары үшiн физика-математикалық, жаратылыстану ғылымдары, қоғамтану, қазақ тiлi, қазақ әдебиетi пәндiк салалары бойынша қазақ тiлiндегi портал жасау жоспарланып отыр. Осыған байланысты жоғарыда аталған 6 бiлiмдiк саладағы электрондық мультимедиялық оқыту бағдарламалары әзiрленiп, қазiргi кезде сараптамадан өткiзiлуде» дейдi министр.

Ал, министрдiң қолға алған ең үлкен шаруасы «Болашақ» стипендиясымен оқуға үмiткерлерден мемлекеттiк тiлдi бiлетiн-бiлмейтiндiгi жөнiнде емтихан қабылдау. Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан берi, шет мемлекеттерде бiлiм алып, шеберлiгiн шыңдап қайтқан түлектер арасында қазақтың мәдениетi мен әдебиетiнен, рухани құндылықтарынан, қала бердi тiлiнен мақұрымдар жетiп артылады. Тiптi, кейбiреулерiнiң ойланбай өзi оқып жүрген мемлекетте қалып қоюының өзi ұлттық патриоттығының кемдiгiнiң салдарынан болса керек. Ал, «Болашақ» стипендиаттарының көбi елге оралғаннан кейiн, мемлекеттiк қызметте қызмет атқарады. Осыдан он неше жыл бұрын Тоқаев Сыртқы iстер министрi қызметiн атқарып тұрған кезiнде болашақтықтардың өтiнiшi ретiнде, «қазақша бiлмейтiн «Болашақ» стипендиясымен оқитын студенттерге елге қайта оралсақ, онда мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiндерге мемлекеттiк қызметтен орын жоқ көрiнедi. Бiзге қатал қарамаса екен» деген тiлегiн айта отырып, Парламент депутаттарын осы мәселеде жұмсақтық танытуға шақырған. Одан берi бiр мүшелге таяу уақыт өтсе де өзгерген ештеңе жоқ. «Болашақ» стипендиаттарының көбi сол тiлi мен дiлiне қырын қарайтын, өзгетiлдiлер болып отыр. Демек, министрдiң «Болашақ» стипендиясы арқылы оқуға үмiткерлердiң бәрiнен бұрын мемлекеттiк тiлдi бiлу деңгейiн анықтау қажет дегенi аса құптарлық жағдай.

ТОҚПАҒЫ КҮШТI БОЛСА КИIЗ ҚАЗЫҚ ЖЕРГЕ КIРЕДI…

Бұған дейiн мемлекеттiк тiлдiң айналымға енуiне жан-тәнiмен қарсы болып келген Орыс-славян ұйымдарының да бетi берi қарапты. Бiз мұны Қазақстан халықтары ассамблеясының ХII сессиясында Елбасының сөйлеген сөзiнен кейiнгi нәтиже деп ұқтық. Өйткенi, елiмiздегi орыс-славян ұйымдары көп жағдайда орыс тiлiнiң екiншi мемлекеттiк тiл дәрежесi үшiн күресiп келген болатын. Конференцияға қатысқан Орыс-славян ұйымдарының жетекшiсi Юрий Бунаковпен тiлдескен едiк.

Юрий БУНАКОВ:

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДЕ ТОЛЫҚТАЙ IС ЖҮРГIЗУ ҮШIН ЕНДI 10 ЖЫЛ КЕРЕК

— Мен ешуақытта қазақ тiлiне қарсы сөйлеп көрген емеспiн. Мен бүгiн барлық орыс-славян ұйымдарының өкiлiмiн. Бiзде орыс-славян-казак ұйымдарының ұйымдастыру кеңесi құрылған. Бiз қазақ тiлiн үйрену, үйрету саясатын ең басты мақсаттарымыздың бiрi деп бiлемiз. Бiр айдан соң орыс және славян жастарына мемлекеттiк тiлдi үйрету Ережесiнiң тұсауын кесейiк деп отырмыз. Бiздiң мақсатымыз бұл арқылы ұлты басқа жастардың қазақ тiлiн үйренуге деген ынтасын ояту болып отыр.

— Сiз бiр кездерi қазақ тiлiнiң жаппай қолданысқа енуi орыс тiлiн ығыстырады деген едiңiз?

— Егер бұл iс өзiнiң ағымымен емес, жасанды түрде жүргiзiлетiн болса, әрине. Мәселен, мен 68-демiн. Менi қазақша сөйлеуге зорламау керек. Iс-қағаздарын қазақ тiлiне толықтай көшiруге алдағы 5 жылда асықпау керек. Онда халықтың тең жартысы билiктiң не деп жатқанын түсiнбейдi. Бұл өте қауiптi. Сол себептi де билiк iс-қағаздарын әзiрге екi тiлде жүргiзуi керек.

— Сонда бiз қашан толықтай мемлекеттiк тiлге көшетiн боламыз?

— Менiңше, 10 жылдан кейiн.

— Бұл тым кеш емес пе?

— Жоқ, бұл кеш емес. Өйткенi, бiздiң қоғам қазiр бiрден көшуге дайын емес. Бүгiн мысалы бес жастағы бала тiлдi үйрене бастаса, 10 жылдан кейiн халықтың бәрi қазақша бiлетiн және ол тiлде iс-қағаздарын жүргiзуге қарсы болмайтын болады. Бiз қазiр 15 жыл өтiп кеттi, мемлекеттiк тiлге көшетiн кез жеттi дегендi жиi айтамыз. Бiрақ, ол 15 жылда қоғам дайындалып үлгермедi. Қазақ тiлi қоғамда қазақша сөйлейтiн орта болмайынша, басымдыққа ие бола алмайды. Бүгiн ондай орта өте әлсiз.

ТҮЙIН: Қалай дегенмен де, жиынға қатысқан кез-келген адамның бойынан алдағы күнге деген сенiм, қазақ тiлiнiң болашағына үмiттiң басым екендiгiн аңғардық. Бiрақ, келушiлер арасынан бұл жиынға сенбейтiн, әлi де күдiктiлер табылды. Мысалы, белгiлi саясаттанушы, қоғам және мемлекет қайраткерi Болатхан Тайжан қатысушылардың көбiнiң Елбасының осыдан 15 жыл бұрынғы «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессiн» деген тезисiн қайталай берулерi дұрыс емес дейдi. Ол осыдан 15 бұрынғы ұран болатын. Ендiгi ұран «бүкiл халық мемлекеттiк тiлде сөйлесiн» болуы керек деген пiкiрде.

Ал, Мәдениет, ақпарат министрлiгi Тiлдер комитетiнiң төрағасы Ерден Қажыбек Тiлдер комитетiнiң жеке дәрежеге ие болатындығы жөнiнде әңгiменiң әлi естiлмей жатқандығын айтады.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары