ЛИВИЯЛЫҚ СОТТЫҢ YКIМI ҚАТАҢ
ЛИВИЯЛЫҚ СОТТЫҢ YКIМI ҚАТАҢ
Оңтүстiк Қазақстан облысындағы ВИЧ iндетiн жұқтырған балалардың саны апта басында 89-ға жеттi. Өкiнiшке қарай, олардың сегiзi ендiгi бақилық болған. Адам тағдырын тәлкекке салған ақ халаттылар заң жүзiнде тиiстi жазасын ала ма, жоқ па? Бұл әзiрге белгiсiз. Есесiне, Ливияда «Балаларға СПИД-тi әдейi жұқтырды» деген айып тағылған болғарлық дәрiгерлердi сот ату жазасына кестi…
Бүршiк жармай жатып солған балғындардың ендiгi тағдыры не болары белгiсiз. Оларға берiлетiн мемлекеттiк қолдау мәселесi де бiрнеше рет дау болған. Парламент қабырғасында қызу пiкiрталас тудырған Қазақстанның кiшкентай азаматтарының тағдыры қыл үстiнде. Өйткенi, ауыр дертке шалдыққан 89 баланың сегiзi қайтыс болды. Қалғандарының денсаулығы қай деңгейде екендiгi де, өз қызметтерiне жауапкершiлiксiз қараған дәрiгерлерге соттың қандай үкiм шығаратыны да беймәлiм. Есесiне, ұлт болашағы мен мемлекет келешегi саналатын бүлдiршiндер тағдырына немқұрайды қараған 6 дәрiгердi ливиялық сот өлiм жазасына кестi. Осыдан 8 жыл бұрын Бенгази қаласында қолға түскен 5 болғарлық медбике мен 1 палестиналық дәрiгерге СПИД-ке қарсы дәрi ойлап табу үшiн 426 балаға (олардың 40-ы ендiгi қайтыс болған) ВИЧ iндетiн әдейi жұқтырды деген айып тағылған болатын. Есесiне, болғарлықтармен бiрге жұмыс iстеген 11 ливиялық дәрiгер сот пен оттан аман қалды. Өйткенi, оларға ауыр айып тағылған жоқ. Бұған дейiн ливиялық көсем Муаммар Кадафи: «Дәрiгерлер АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы мен израильдiк «Моссад» бақылау ұйымының тапсырмасы бойынша балаларға ауруды әдейi жұқтырды» деп мәлiмдеген. Алайда «халықаралық қастандық мәселесi» көп кешiкпей терiске шығарылды. Айыпталушылар жағы әп дегеннен-ақ өздерiнiң кiнәсiз екендiктерiн мәлiмдеген. Оқыс оқиғаға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргiзген сарапшылар «iндет ауруханадағы санитарлық-гигиеналық ахуалдың сын көтермеуiнiң салдарынан болған» деген қорытындыға келдi. Ұзаққа созылған сот процесi барысында өлiм жазасына кесiлген 6 дәрiгердiң бiреуiне кешiрiм берiлiп, ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ливиялық сот шешiмiне наразылық бiлдiрген Болгария үкiметi халықаралық қауымдастықтың көмегiне жүгiнген. Осы ел Парламентiнiң спикерi Герджиков соңғы 9 жылда өлiм жазасына мораторий жариялаған Ливияның дәрiгерлерге қатысты шығарылған сот шешiмiнен бас тартатындығына сенiм бiлдiрдi. Болгарияның үмiтi ақталды: халықаралық қауымдастық қойған қатаң талаптарды ескеруге мәжбүр болған ливиялықтар ату жазасын екiншi рет кейiнге шегердi. Ол аз десеңiз, егер қомақты көлемде өтемақы төлесе, медбикелердi босатуға мүдделi екендiктерiн бiлдiрдi. Айтпақшы, сот процесi аяқталмай жатып, 5 болғарлық дәрiгерге «Ливиялық полицияға жала жапты» деген айып тағылған болатын. Палестиналық дәрiгерге байланысты ешқандай тың дерек жоқ. Есесiне, болғарлықтардың үстiнен қайтадан қозғалған қылмыстық iске қатысты тергеу жұмыстары үстiмiздегi жылдың 11 ақпанында өтпек. Медбикелердiң психологиялық ахуалы өте ауыр жағдайда екендiгiн айтқан адвокаттар сот тыңдаулары кезiнде дәрiгерлерден токпен қинау арқылы жауап алынғанын, тiптi, тергеушiлердiң таяқпен ұрып, екi медбикенi зорлағанын айтып отыр. Алайда 2006 жылдың жазында дәрiгерлер тарапынан түскен арызды қараған ливиялық сот қылмысқа қатысы бар деген 9 полиция офицерi мен бiрнеше дәрiгердi кiнәлi деп таппаған.
Әлемдi дүр сiлкiндiрген дәрiгерлерге қатысты сот процесiне былтыр мүшелiкке өткен Еуропалық Одақ та араласуға мәжбүр болған. Өйткенi, апта басында Германия мен Францияның сыртқы iстер министрлерiмен кеңескенiн мәлiмдеген Муаммар Кадафидiң ұлы Саиф әл-Ислам болғарлық дәрiгерлердi өлтiруге әкесiнiң де, билiктiң де мүдделi еместiгiн, олардың өлiм жазасына кесiлмейтiндiгiн айтты: «Бiз барлық тараптың: отбасылардың, Ливияның, Болгария мен Еуроодақтың көңiлiнен шығатындай ұсыныс жасадық». Iндеттiң етек алуына қастандық жасау емес, жауапкершiлiксiздiктiң себеп болғанын көлденең тартқан Саиф әл-Ислам ресми Софияның балаларды емдеуге қажеттi қаржылық өтемақы төлеуге тиiстiгiн мәлiмдедi: «Болгарлық үкiмет пен Еуроодақ бiздiң талаптарымызды түсiнуi тиiс». Ливиялық ата-аналар Болгария үкiметiнен 426 баланың әрқайсысы үшiн 10 миллион еуро (барлығы 4,4 миллиард еуро) талап етiп отыр. Алайда халықаралық деңгейдегi «Ливиядағы балаларға көмек» қорына құрылтайшылық еткен София отбасыларға тiкелей ақша үлестiруден бас тартты. Сонымен ұзаққа созылған сот процесiнiң қашан аяқталатыны белгiсiз. Белгiлiсi: бастапқы ойынан айнып қалған ливиялықтар болғарлықтарды ату жазасынан гөрi олардан ақша талап етудi әлдеқайда тиiмдi деп шешiптi. Келiсiмге келудi көздеп отырған Кадафидiң ұлы: «О бастан-ақ бұл iс дұрыс бағытта жүргiзiлмеген. Жалған материалдарды көлденең тарту, қателiкке ұрыну жиi кездескен. Келiссөзге шақыруымыздың басты себебi де осы» деп ағынан жарылды.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ