ҚАЗАҚТIЛДI БАЛАБАҚША НЕГЕ АЗ?
ҚАЗАҚТIЛДI БАЛАБАҚША НЕГЕ АЗ?
Тәрбиенiң негiзгi көзi – балабақша. Бүгiнде мемлекеттiк деңгейдегi қазақтiлдi балабақшалар мүлдем аз. Соған қарамастан, бағасы да қымбат. Ата-ана баласын балабақшаға берiп, жұмысқа орналасайын десе, артық ауыс орынның жоқтығынан немесе төлейтiн соманы қалтасы көтермейтiндiктен үйде ұзақ отыруға мәжбүр. Мұндайда ақшасы бары үйiне бала тәрбиешiсiн алып, айына 25-30 мың теңгеден төлеп отырады. Ал жоғы, бiр кезектiң келуiн ғана күтедi. Басқа шара жоқ…
Бала тәрбиесi отбасынан басталып, балабақшада жалғасын табады. Бүгiнгi қалалық баланың тәрбие алатын ошағы – балабақша. Қалада тұрған соң, ерiнбей еңбек етуге бел буған ата-ана баласының қолы аузына жетер-жетпес күйбең тiршiлiктiң қамын жасап бағады. Бұл кезде әрине, балабақшаға ғана арқа сүйейдi. Оның үстiне қазiргiнiң ата-әжесi бұрынғыдай немерелерiн маңайына жинап, ертегi айтып, бағып-қағып отырмайды. Олардың да ойы мен бойы жаһандану заманына үйренген. Есесiне, ата-ана бар-жоғы бiр-екi баласының басын қайда сұғарын бiлмей, дал болады. Немере сүйген ата-әженiң қылығы анау болса, балабақша кезбегеннен басқа лаж жоқ. Бiрақ орын бар ма? Ата-ананың шағатын мұңы осы. Бiр Алматы қаласында ғана емес, елiмiздiң басқа қалаларында да балабақшаның жетiспеушiлiгi басты мәселеге айналғандай.
Жақында Үкiмет үйiнде тiлге қатысты өткен дөңгелек үстелде Тiл комитетiнiң төрағасы Ерден Қажыбек мырза елiмiздегi 1283 балабақшаның тек 395-iнде ғана қазақша тәрбие беретiндiгiн айтып, жиналғандардың назарын аударды. Тәуелсiздiгiмiзге аттай 15 жыл толып отырса да, әлi де өз елдiгiмiздi, мемлекеттiгiмiздi бағалай алмай жүргенiмiз бар. Осы күнге дейiн қазақтiлдi емес, орыстiлдi балабақша санының көптiгiне не себеп?! Бiз орыстiлдi балабақшаға тәуелдiмiз бе? Жоқ. Керiсiнше, өзге тiлдi отбасы қазiр баласын қазақтiлдi балабақшаға беруге құштар. Ендi ғана ес жиып, мемлекеттiк тiлге билiктен бастап мойын бұра бастағанда, олар да тiлдi үйренудiң қажеттiлiгiн түсiнген. Бiрақ, айналып келгенде қазақтiлдi балабақша жоқтың қасы әрi қымбат. Қателеспесем, «Балабақшада орын жоқ!» деп, былтыр Тараз қаласының тұрғындары дүрлiккен болса, Алматыда да ата-аналар тарапынан дәл сондай ұсыныс-талап айтылып жатты. Мәселен, қаржы, мәдениет орталығы – Алматының өзiнде 156 балабақшаның тек 34-i ғана қазақтiлдi, 50-i аралас екен (мұнда 203 қазақ тобы бар). Алматы қалалық бiлiм департаментiнiң мектепке дейiнгi және интернат мекемелерiнiң бөлiм бастығы Людмила Сейiловаға осы мәселе жөнiнде хабарласқанымызда төмендегi жәйттердi баса айтты.
– Шынында, Алматыда балабақша жетiспеушiлiгi бар. Бұл уақыт талабы. Бiрақ бiз бұл мәселемен күнi бүгiн ғана айналысып отырған жоқпыз. Қалаға әкiм болып Иманғали Нұрғалиұлы келгелi берi тұралап қалған мектеп, балабақша тамырына қан жүгiре бастағандай. Әкiмнiң арнайы тапсырмасы бойынша бiр кездерi жалға өтiп кеткен балабақша ғимараттары өз иесi – бүлдiршiндерге қайтарыла бастады. Мәселен, былтыр осындай 12 балабақшадағы жалға алушыларды шығарып, 29 топта баланың тiлi былдырласа, биыл 7 балабақшадан 13 топ қайтарылып, бүлдiршiндердiң қуанышына бөленбек. Ал екi балабақша толығымен алынды. Құдай қаласа, 2010 жылға дейiн Алматы қаласында 21 балабақша салынады деген жоспар бар. Бұл «Шаңырақ», «Құлагер», «Мамыр», «Думан» секiлдi ықшам аудандардағы балғындардың көзайымына айналмақ.
1997 жылы «Жекешелендiру мен қайта құрылымдау» республикамыздың мәдени, рухани саласына төңкерiс алып келдi. Оның дамуына айтарлықтай кедергi жасады. Бұл жөнiнде талай мiнберлерден «тiл» деп шырылдап келе жатқан депутат М.Шаханов мәселе көтерiп, депутаттық сауал да тастаған болатын. Елiмiздiң көптеген мәдениет ошақтары мен балабақшалары қалталы адамдарға түкке тұрғысыз ақшаға сатылып кеткендiгiн айтып, халықтың мүлкiн қайтарып алу керектiгiн де бiрнеше рет ортаға салды. 1997 жылы елiмiзде тек қазақ тiлiнде тәрбиелейтiн 1100 балабақша болса, соның 200-ден астамы ғана бүгiнге жеткен. Сол кездерi тек Алматының өзiнде 64 балабақша жекешелендiрiлiп, бәзбiреулердiң қарын мен қалта игiлiгiне қызмет еттi. Демек, талан-таражға түскен балалар ғимараттарын сот қайта қарап, мұқият тексерудiң арқасында келеңсiз iстер ашылып, өз қожайындарына қайтарылар едi. Алайда, бiз бұл мәселеге ендi ғана көңiл бөлудемiз. Өткен жылы Елбасы баспасөзге берген сұхбатында «…1000-нан астам балабақша аласапырандау тұста негiзгi бағытын сақтамай жекешеленiп кеткен. «Мемлекеттiк тiл» қозғалысының бастамасымен 300-дiң үстiнде заңсыз жекешеленген балабақша қайтарылды. Бұл игiлiктi iс қазiр барлық облыстарда жалғасып жатыр. Мемлекеттiң қолдауымен барлық балабақша бюджет есебiнен қаржыландыруға көштi» дей келе, «Жергiлiктi ұлт өкiлдерi басым тұратын өңiрлерде ата-ананың сұранысына қарай балабақша санын тиiсiнше көбейту керек» деген болатын. Осы мәселе жайында жуырда жаңа Премьер әр министрлiкке жеке-жеке тапсырма жүктедi. Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаев бастаған топқа мемлекеттiк тiлдi дамытудың жаңа бағдарламасын жасақтау және мектеп жасына дейiнгi ошақтарды көбейту керектiгiн айтқан-ды. Демек, «Баланы жастан» деген нақылға сүйенген Премьер тiл үйренудi балабақшадан бастау қажеттiгiне тоқталды. Айтылған сөз iзiн суытпай орындалып жатса, қанеки!
Сондай-ақ, балабақшаның жетiспеушiлiк тудырып отырғандығы бағасының да қымбаттауына әкеп соқты. Екi-үш баласы бар, әлеуметтiк тұрмысы төмен отбасы тамақ жей ме, пәтерге төлей ме, әлде баласын балабақшаға бере ме? Ата-ананың сөзiне құлақ түрсек, балабақшаға баласын орналастыру үшiн оның меңгерушiсiне алдын-ала азын-аулақ ақша төлеуi керек екен. Онсыз сенiң балаңды кезектен тыс алмайды. Бұл жөнiнде Людмила Төлешқызы: «Балабақшаға баратын 5 жасқа дейiнгi бүлдiршiн айына 10 мың 900 теңге, ал одан жасы үлкендерi ары кетсе 4 мың ғана төлейдi. Бұған жағдайы келмегендер баласын түске дейiн мектепалды сыныпқа апаруына болады. Ал ата-ана алдын-ала балабақша меңгерушiсiне ақша төлейдi дегендi естiген жоқпын. Бұл жай сөз. Мүмкiн анау-мынау керек құрал-жабдықтарға көмек сұрайтын шығар» дегендi айтады. Десе де, 11 мың теңгенiң көлемiндегi ақшаны бiреу қиналып, бiреу қиналмай төлер. Кейбiр қалталы отбасыларды ай сайын төлейтiн құны мен баласының қай тiлде тәрбие алатындығы қызықтырмайды да. Қанша десе де, тап қазiр тауып беруге дайын. Сорлағанда, қалтасы жұқалтаңдар сорлайды.
Ата-ана «баланы балабақшаға орналастыру үшiн ол жарық дүниеге келгеннен бастап тiзiмге жазылу керек-ау» деген пайымға келiптi. Әбден ашынғаннан айтқаны ғой дей салуға болады-ақ. Бiрақ… «Бiз балабақшаға жолдаманы жазда ғана беремiз де қыркүйекке дейiн қабылдаймыз. Одан кейiн балабақшаға жолдама берiлмейдi. Бұдан қалса, тек кезекке тұрады. Бала басқа балабақшаға ауысып немесе мектепке кеткенде, орын бос болады, сол кезде орналаса алады»,– дейдi Людмила Сейiлова. Ал халқы тығыз қоныстанған Әуезов ауданындағы 35 балабақшаның 9-ы қазақтiлдi, 17-i орыс, қалғаны аралас екен. Аудандағы Бiлiм бөлiмiнiң бас маманы Бақыт Тәженова көп ата-ана орын жоқ деп жүре бергенше осы бөлiмге келiп тiзiмге iлiксiн. Қазiр баланы балабақшаға орналастыру әр аудандғы бөлiм арқылы жүзеге асатындығын ескерте айтады.
Сонымен, елiмiзде өмiрге келiп жатқан қарадомалақтарға балабақша жеткiлiктi ме? Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаевтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда қазақ тiлiнде жұмыс iстейтiн балабақшалар саны 92-ге, 2000 жылға қарағанда 207-ге көбейген. Алайда, қай қаланы алсаңыз да, қазақтiлдi балабақша аз. Мәселен, Талдықорған қаласында 9 балабақшаның тек бiреуi ғана қазақтiлдi екен. Ал Ұлы Абайдың кiндiк қаны тамған Семейде бiрде-бiр қазақтiлдi балабақша жоқ екендiгiне сенесiз бе?! Шығыс Қазақстан облысындағы 39 мың тұрғыны бар Күршiм ауданында үш тiлде тәрбиелейтiн 2 балабақша бар болса, Ақтау қаласындағы 66 балабақшаның 19-ы ғана жұмыс iстейдi. Қалғаны өтпелi кезеңде түрлi мекеменiң қарамағына өтiп кетiп, 14 ықшам ауданындағы 6 балабақшаның бiреуi ғана қалған. Қысқасы, қай облыс пен қалада болсын, қазақтiлдi балабақшаның жағдайы мәз емес. Оған қарағанда, аралас балабақшаның өмiршеңдiгi басым. Тоқетерiн айтсақ, осы аралас балабақшаның бәрiн бiр тiлдiлiкке бағыттап, қазақтiлдi балабақшаларды көптеп салу қажет. Сонда ғана балғын күлкiсiнiң сыңғыры көмескi емес, ашық естiлiп, қазақ тiлiнiң мәртебесi биiк боп, елiмiздiң елдiгi асқақтайды!
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ